2. Тілдің қоғамдық қызметі
Тіл және қоғам. Тіл – қоғамдық құбылыс. Ол қоғамның қажеттіліктерінен пайда болған және қоғамда пайдаланылатын құрал. Бұған тілдің келесі басты қызметі шығады. Яғни тіл – адамдар арасындағы қарым-қатынас құралы. Бұл кең түсінік: тіл арқылы хабарды жеткізуге , немесе хабарды алуға болады. Сонымен бірге қозғау салуға, бұйыруға, өтінуге т.б. болады. Бұлардың хабарлы, сұраулы, бұйрықты және лепті сөйлемдерге сәйкес келетінін байқауға болады. Келесі мәселе тілдің қоғамдағы жіктелістері. Ол тілдің қоғамдық дифференциялары деп аталады. Оның негізгілері:
1. Әлеуметтік дифференция әдеттегі кәсіби сөздерді, терминдерді, жаргондарды береді. Яғни тілде адамдардың әлеуметтік топтарына, мамандығына, шаруашылық кәсібіне байланысты жіктелулер бар. Терминдер, арнайы сөздер белгілі бір сала бойынша қолданылады. Оларды әдетте ғылыми терминдер, өнер терминдері және спорттық терминдер деп бөледі. Кәсіби сөздер, профессионализмдер әлеуметтік диалект деген татаумен де белгілі. Олар адамдардың, өлкенің шаруашылық кәсібіне байланысты, соған тән сөздер. Мысалы балық, егін, бақша өнімдері, мал шаруашылығы, құсбегілік, аңшылық немесе өндірістік аймақтардың сол шаруашылыққа байланысты ғана қолданылатын сөздері жатады. Ал жаргондар адамдардың әлеуметтік топтарына байланысты қолданылатын сөздер, бұл мағынасында әскерилердің жаргоны, студенттік жаргон, қылмыскерлердің жаргоны, компьютерлік жаргон деген ыңғаймен қолданыла береді, бұл ауызекі тілде молынан ұшырасады, әдеби тілге енбейді. Жасөспірімдердің тіліндегі сөйлеу ерекшеліктері сленг деп аталады. Бұлар тілдік «модаға, сәнге» байланысты өзгеріп отырады. Лингвистикада бұлардың бәрін жинақтап, әлеуметтік дифференция бойынша сөздердің түрлерін социолект деп атайды.
Бұл атаулар әдеби тілге енбейтіні болмаса, жағымсыз мағынада қолданылмайды. Шындығында, қазіргі әдеби тілде бір кездегі жаргондар сөздің ауыспалы мағынасы немесе, лексико-семантикалық варианты, тұрақты сөз тіркесі түрінде молынан ұшырасады.
2. Территориялық дифференция тілдегі диалектілерді, говорларды тілдің варианттарын береді. Мысалы ағылшын тілінің диалектілерімен қатар, америкалық, австралиялық, британиялық, жаңа зеландиялық, оңтүстік африкалық, канадалық деп аталатын нұсқалары бар. Ал диалектілер – жергілікті аймақтардың тілдік ерекшеліктері. Ол фонетикалық (сөздің айтылуындағы дыбыстық айырмалар), лексикалық (сол аймақта ғана қолданылатын сөздер) және грамматикалық (аймақтар бойынша сөз тұлғаларының айырмасы) диалектілер болып бөлінеді. Говорлар, сөйленістер – деген аймақтың ішіндегі сөйлеу ерешелігі бар шағын аудандар. Картаға түсіргенде диалект аймақтарының шекарасын изогластар бөліп тұрады. Бұл диалектология ғылымының зерттеу объектісі. Кейде диалект мен тілдердің айырмасын белгілеу қиын болады: бір тілдің екі диалектісі бір-бірін түсінбеуі де мүмкін, керісінше екі басқа тілде сөйлеушілер толық түсініседі. Бұл жағдайларда халықтың тілі деген түсінікке ғана қарайды.
Тіл өзінің бағытталуы бойынша монологті, диалогті, полилогті түрлерде жарық көреді. Монологті тіл кейінгі деп есептеледі. Себебі тіл, қарым-қатынас қажеттілігінен пайда болған.
Тіл және қоғам мәселелеріне тілдің мәртебелері, қолданылу аясы, мемлекеттік және ресми тіл, халықаралық қатынас тілі статустары, тілді дамыту мәселелері де жатады. Қазір әлемде шамамен 6000-ға жуық тірі тіл бар деп есептеледі. Олардың 70 пайызының жазба тілі жоқ және жойылып кетудің алдында тұр. “ Әлемдік тілдер” деген атауды негізінен БҰҰ-ның ресми жұмыс тілдеріне қолданылады. Олар қытай, ағылшын, испан, француз және орыс тілдері. Тілдің таралуын, көлемділігін сол тілде сөйлейтін адамдардың санымен есептейді: 10 млннан аса адам сөйлейтін тіл лингвистикалық өлшеммен ірі тіл болып саналады. Жер бетінде ондай тілдердің саны 100-ге жуық. Қазіргі ана тілі, қос тілділік (билингвизм), көп тілділік (полиглотизм) мәселелері де осыған енеді. Тіл халықтың және ұлттың, ұлттық мемлекеттіліктің басты белгілерінің бірі болып табылады. Сондықтан, мемлекеттер әрқашан тіл саясатын басты назарда ұстайды.
Тілдің пайда болуы, дамуы, әдеби тілдің қалыптасуы, стильдік тармақталуы туралы мәселелер де тіл және қоғам түсінігіне орайласады. Бұл бағыттағы барлық мәселелермен тіл білімінің қомақты саласы болып табылатын социолингвистика ғылымы айналысады.
Тілді қоғамдық құбылыстардың қатарына жатқызуға негіз болатын басты белгі оның қоғамға қызмет ету белгісі. Бірақ, тілдің қоғамға қызмет етуі басқа қоғамдық құбылыстардың, мысалы, базис пен қондырманың, қоғамға қызмет етуінен өзгеше болады. Базис қоғамға экономикалық жағынан қызмет етсе, қондырма қоғамға саяси, заңдық, эстетикалық және басқа идеялар арқылы қызмет етеді, қоғам үшін тиісті көзқарастардың нормаларын жасап береді. Демек, тілден басқа қоғамдық құбылыстар, мысалы, базис пен қондырма, қоғамға белгілі бір салада қызмет етеді. Ал тілдің басқа қоғамдық құбылыстардан айырмасын көрсететін айрықша ерекшелігі мынада: тіл қоғамға қызмет еткенде , адамдардың қатынас құралы, пікір алысу құралы, бірін-бірі түсінісу құралы ретінде адамдардың ісі мен әрекетінің барлық саласында: өндіріс пен экономикалық қатынастар саласында да, саясат пен мәдениет саласында да, қоғамдық өмір мен күнделікті тұрмыста да бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік беретін құрал ретінде қызмет етеді. Демек, тіл адамның ісі мен әрекетінің барлық саласын қамтиды, осыған орай, оның қимыл өрісі өте кең және әр жақты болады. Тілдің ерекшелігі оның ең басты қызметі – қатынас құралы болуынан келіп туады.
Қоғам мүшелерінің өзара пікір алысуы тіл арқылы іске асады. Адам өз ойын басқаларға тіл арқылы айтып, не жазып жеткізеді.Тыңдаушы да сөйлеушінің ойын тіл арқылы түсінеді. Ойдың жарыққа шығып, іске асуы, өмір сүруші үшін тілдік материалға негізделуі, сөздер мен сөз тіркестері және сөйлемдер түрінде айтылуы шарт. “Тіл дегеніміз – ойдың тікелей шындығы”(К.Маркс). Ой шындығы тіл арқылы, тілдегі сөздер мен сөйлемдер арқылы көрінеді. Демек, тіл – пікір алысу құралы, ойлаудың қаруы, ойды білдіру құралы.
Тіл мәдениетпен байланысты, бірақ онымен тепе-тең емес. Тілді қондырмамен теңестіру, бірдей деп есептеу қаншалықты қате болса , тілді мәдениетпен теңестіру, бірдей деп есептеу соншалықты қате болмақ.
Тілдік категориялардың қалыптасу, даму өзгешеліктерін зерделеген ғалым Н.Т.Сауранбаев, ең алдымен, тіл білімінің қоғамдық сипатына мән берді. Ғалым „Тіл ғылымы - әлеуметтік ғылымдардың бір көрнекті бөлігі...” дей отырып, „уақыт”, „жаратылыс”, „дәуір” ұғымдарын лингвистиканың құрылымдық мәселелерін анықтауға бағыттады, сол себепті оның еңбектерінде қоғамдық өзгерістер тілдік жаңарулармен яки толығулармен қатар беріліп талданды. Екі процестің даму динамикасын тығыз байланыста сұрыптаған автор тіл құрылысының сипатын уақыт тезінен өте қалыптасатын ерекшелік ретінде қарастырғандықтан, құрмалас сөйлемдер табиғатын „Неғұрлым қоғамның алыс уақыттағы дәуірлеріне терең бойлай берсек, тілдің құрылысының да соншалықты жабайы болатынын көреміз. Сол сияқты неғұрлым осы заманға жақындаған сайын, тіл құрылысының қиындағанын, жаңаланғанын көреміз” деген тұжырымды келтірді.
Ғалым М.Балақаев „Тіл - әлеуметтік құбылыс. Бала ана тілін қоғам мүшесі ретінде пайдалануды табиғи айналадан үйренеді” дей отырып, тілтанымның әлеуметтік заңдылықтарын сұрыптауда „адамның тіл жұмсау” әрекетін басшылыққа алды, оны адамның „қоғам мүддесіне лайық көптеген іс-әрекеттердің бір бөлігі” деп есептеді. Осыған орай, тілші „қоғамдық сананың” қалыптасу алғышарттарын тілдік дамудың, оның „жаңа сапалы тіл қажеттіліктерін атқаруының” салдары деп түсіндірді. Оған дәлел ретінде зерттеуші „Ешбір қоғамдық құбылыс дербес, дара, оқшау қалпында, басқа құбылыстармен байланыссыз өмір сүре алмайтынын” атап өтті. Сондай құбылыстар қатарында М.Балақаев тіл мен әлеуметтің бір-біріне әсер ету нормаларына ерекше зейін қойды, сондықтан „...қоғам ол [тілді] құралды шыңдай түсу қамын ойлайды. Өйткені қоғам өмірінің биік шыңға көтерілуі, адамдардың ой-өрісінің, сана-сезімінің, экономика, өнер-білім, ғылым, мәдениетінің біріне-бірі ілесе ілгері дамуы, сөз жоқ, оның тіліне де ықпалын тигізеді” деген қорытынды жасады.
Оның айқын айғағы ретінде тілші әдеби тілдің, оның стильдік тармақтарының даму үлгілерін сөз етті. Сөйтіп, „қоғам мүшелерінің қатысымен” дамитын және қоғамның „әр қилы орайындағы тілдік тәсілдердің белгілі бір мақсатқа жинақталуымен” жүзеге асатын бұл лингвистикалық ұғымдарды „қоғамдық категориялар” деп таныған ғалым тілтанымның әлеуметтік негіздерін қалыптастыруға ат салысып қана қойған жоқ, сонымен қатар оның ғылыми-теориялық дамуының да алғышарттарын ұсынды.
„Жалпы тіл білімінің теориялық топшылаулары мен қорытындыларын” дамытқан К.Аханов зерттеулері де тіл мен қоғамның қарым-қатынасын «екі жақты байланыс» үлгісінде қарастырған ғылыми ізденістер нәтижесін құрады.
Олай болса, қазақ тіл біліміндегі тілтанымның әлеуметтік негіздерін қоғам, қоғамдық сана мен ой-өріс, қоғамдық таным, әлеуметтік тыйым, әлеуметтік картина, заман, тұрмыс мәселелері, тәжірибе сынды ұғымдар құрайды, себебі ғалым Ә.Хасенов атап өткендей, «Қоғамсыз тіл болмайды, тілі жоқ қоғам – адамзаттың ешбір қауымы болмайды. Демек, қоғам үшін тіл керек; тілдің өмір сүруі үшін оның қоғамы болу керек. Бұл – ақиқат та тарихи шындық», яғни қоғамдық құрылыстың құрамды бөліктері тілтанымның универсалды әлеуметтік негіздерін анықтау үшін, ал тіл мен танымның ұғымдық бірліктері қоғамның даму сипатын айғақтау үшін аса қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |