Журналистика – мықтылардың таңдауы
Кейде айналама, өзімнің ортама қарап, «Мен өз орнымда отырмын ба?», «маған осы керек пе?», «таңдауым дұрыс па?» деген сан түрлі сұрақтың жауабын таба алмай, ойға батам. Әкем мен анам бұл таңдауымды құп көрмейтін. Үнемі «журналистика қыз балаға арналған мамандық емес. Көп сөз, жарыса сөйлеу жараспайды. Оның жүріс-тұрысы, киген киімі, өзін ұстауы - жігіт үшін, сырт көз үшін сайрап тұрған сөз» деп құлағыма құйып отыратын. Ал, ағам: «Зейнеп Ахметова, Күләш Ахметова әпкелеріміз сынды өз бойындғы тіл өнерін биязылықпен қолдана білсе, нәзік жандыларға тән ар мен ұятты, намысты көкбеттіліктен ажырата алса, дау-жанжалда бір қадам артқа шегінсе, неге қалаған мамандыққа оқымасқа? Меніңше, тек журналист емес, қандай маман иесі болса да, қыз баласы осы принциптерді ұстануы тиіс,» - деп маған жақтасты. Иә, қоғамда да журналистер туралы әзіл-сын, дөрекі пікірлер жиі айтылады: жағымсыздық, алдау, сенсацияға ұмтылу, коммерция, тағысын-тағылар. Бірақ бұл мамандықсыз ешқандай өркениетті заманның қалыптасуы мүмкін еместігін айтқым келеді. Осы орайда кафедрамыздың білікті ұстазы, профессор, ақын ағайым Қойлыбай Асанұлының мына бір сөздерін алға тартқанды жөн көрдім: «Журнаслистика – мықтылардың таңдауы. Бүгінгі «қазмедиадан» бастап, ел билігінде отырғандардың басым бөлігі де – осы таңдаудың иелері. Өз қабілетіңді шыңдай білсең, қара шаңырағымыз, ҚарМУ-дің дипломымен далада қалмасың анық».
Осындай пікірлерді ой елегінен өткізіп, өз таңдауымды жасап, студент атандым. Міне, қазір аталмыш мамандықтың оқу тәжірибесінен де өттім. Мені мамандығым бойынша тиімді даярлауда оқу-танысу тәжірибесінің рөлі зор болды. Тәжірибе бір апта көлемінде өткізілді.
Тәжірибе барысында мен бұқаралық ақпарат құралдарының құрылымымен, қызмет мазмұнымен танысып, құжаттаманы зерттеп және талдадым.
Бұл оқу тәжірибесінің бір ерекшелігі – менің БАҚ жұмыстың әртүрлі бағыттары туралы ақпарат алуым, қоғаммен жұмыс жасау дағдыларын игеруім болып табылады.
Білім беру практикасы «Журналистикаға кіріспе», «Қазақ журналистикасының тарихы», «Қазіргі журналистиканың жанрлық түрлері мен қызметі», «Корпоративтік журналистика» пәндері бойынша біздің бұрын алған білімімізге негізделген. Оқу тәжірибесінің мазмұны жоғарыда аталған пәндермен қисынды, ақпараттық және әдіснамалық түрде тығыз байланысты. Бұл ең алдымен біздің осы пәндерді оқу барысында алған теориялық білімді бекітуге және тереңдетуге септігін тигізді.
Тәжірибе кезеңінде карантин жағдайына қарамастан бізді практиканың топ жетекшісі тікелей басқарып отырды. Кураторымыз бізгше өзіндік іс-әрекет барысында әдістемелік көмек көрсетіп, практика бағдарламасының орындалуын талдау және бағалау мақсатында бақылауды жүзеге асырды. Тәжірибе барысында онлайн түрде жеке және топтық кеңестер өткізілді.
Оқу практикасында мен:
тәжірибе объектілері - қызметтердің, мекемелердің мазмұнымен және ерекшеліктерімен таныстым;
публицистикалық материал жасау әдістері мен технологияларын зерттедім;
практикалық іс-әрекеттің белгілі бір түрлерін жүзеге асырдым;
зерттеу дағдыларын игердім.
Практика барысында практика базасымен (қызмет, бөлімнің жұмысы, құжаттаманы талдау, жұмыс жоспарлары, материалдық-техникалық база) танысып және төмендегідей кәсіби қызметті орындадым:
тәжірибеден өту кезеңіне өз жұмыстарын жоспарладым;
олар журналистің этикасы туралы заңнамалық актілерді орындауды ұйымдастыру механизмі мен технологиясын зерттедім;
қажетті ғылыми және әдістемелік әдебиеттерді оқып-үйрендім;
басқару негіздерін үйрендім;
жалпы журналистердің, редакторлардың жұмысын талдадым;
ғылыми-зерттеу жұмысы аясында жеке тапсырмаларды орындадым.
Тәжірибе кезеңінде ғылыми-зерттеу жұмысын жаздым.
Бізге журналистика теориясын қолдануды ынталандыратын жеке тапсырмалар берілді.
Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдарының функцияларын тиімді жүзеге асыруға ықпал ететін журналистік қызмет әдістерін үйренедім.
Жалпы, бар-жоғы бір аптаға ғана созылған оқу тәжірибесінен біліп-түйгенім ұшан-теңіз. Бір жыл бұрын ғана бұл қадамды жасауға жүрексініп жүрген едім. Бүгінгі күні бала-қиял шынайылықпен ұштасып, журналист қызметіне қадам басудамын. Осы бір жылда бұл мамандық туралы түйгенімді айтайын:
Журналистика – шындықты айтатын, оқиғаны бұрмаламайтын, бүгінгі күннің ең маңызды дүниесін айтатын институт. Ал оның қалай жұмыс істеуі – әр елдің, әр басылымның, қала берді әр журналистің моральдық ұстанымына байланысты. Оқу ордамның табалдырығын аттағалы бірнеше мемлекеттің Журналистер кодексін қарап шықтым. Әрқайсысы әр түрлі, сөйтсе де бәріне ұқсас ұғымдар да жетерлік. Соның ішінде ең басты деген өлшемдер: жалған ақпарат таратпау, аудиторияны алдамау, тек қана сенімді дерек көздерінен ақпарат алу, көз жетпеген ақпарды сенсация қуып жарияламау, біреуге күйе, біреуге жала жаппау, намысына тимеу, әркімнің жеке басына, отбасына қатысты ақпаратты жарияламау. Бұндай өлшемдер көп. Яғни, журналистика адамшылық қағидаларынан аттамай, ақпарат таратумен айналысуы тиіс. Журналистиканы санаткерлікпен, тәрбиемен, үйретумен, насихатпен шатастыруға болмайды.
Журналист мамандығы қызықты әрі күтпеген кездесулермен, саяхатпен, ақпараттар теңізімен тығыз байланысты және бұл мамандықтың иесі бәрінен де бірінші хабардар болуы керек. Журналист болу – мақсаткер, талапшыл әрі бір уақытта тез тіл табысқыш, ықыласты, бауырмал болу деген сөз. Қоғамдағы құбылыстарды зерттеп-зерделеу жолында өзіңнің күшің мен уақытыңды аямайтын дәрежеге жеткенде, өзіңнің шын талантыңмен оқырманды баурап алатын шабытың шыңдалғанда ғана жақсы журналист бола аласың. Қаламың мен қағазың арқылы қорғансызға пана болып, әділеттік тапқанда, біреуге үміт ұялатқан сәтте осы мамандықтың құдіретін сезінуге болады. Журналистиканың нақты анықтамасы жоқ. Әркім оған өзінше анықтама беруге тырысады.
Журналистика – қиындығы мен қызығы қатар жүретін, көп ізденісті талап ететін сала. Бұл өткен дәуірде, қазіргі кезде, келешекте де өз құндылығын жоғалтпайтын мамандық.
Ойымды Дж.Петанның мына бір сөздімен қорытындылайын: «Саясаткерлер жарқын болашақ үшін, тарихшылар өткен күн үшін, ал журналистер бүгінгі күн үшін». Болашақ – «бүгіннен» басталады!