Жүз — орда, қазақ халқының үш рулық-тайпалық бірлестіктерінің ортақ атауы. Дәстүрлі қазақ қоғамы үш жүзден тұрады: Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз.
Қазақ жүздерінің мынандай ішкі белгілері бар
ішкі аумақтық тұтастық
этностық туыстық
шаруашылық-мәдени бірлік
саяси басқару ортақтастығы.
Әрбір қазақ жүзінің тарихи қалыптаскан аумағы бар. Мысалы, Ұлы жүздің таралған аймағы — Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан; Орта жүздікі — Орталық, Шығыс, Солтүстік Қазақстан; Кіші жүздікі — Батыс Қазақстан. Қазақтың бір жүзге кіретін тайпалары өзара туыстас, тіпті бір атадан тарадық деп есептейді. Белгілі бір географиялық ортада, аумақта өмір сүргендіктен, жүздің құрамына кіретін тайпалардың өз арасындағы шаруашылық-экономикалық байланыстар басқа жүздерге қарағанда күштірек болады. Осы ішкі байланыстардың пәрменділігінің нәтижесінде белгілі бір тілдік-диалектілік, тұрмыстық-ғұрыптық ішкі тұтастық, өзара жақындық қалыптасады. Жүздер сонымен қатар басқарылуы жағынан да ішкі тұтастығымен ерекшеленеді. Әр жүздің өз төбе билерінің болғанын білеміз. Хандық заманда әр жүз өз хандарын сайлап отырғаны белгілі.
Василий Владимирович Бартольд: "Қазақ жүздерінің пайда болуына географиялық фактор әсер етті, табиғи-географиялық жағдайға икемделу және аумақтық оқшаулану жүздердің мәдени-шаруашылық ерекшеліктерін қалыптастырды", — деп есептейді.
Михаил Порфирьевич Вяткин В.В.Бартольдпен келісе отырып: "Жүздердің құрылуына табиғи-географиялық себептермен қатар саяси оқиғалар әсер етті, жекелеген ордалар ерекше саяси одақтар ретінде XVI ғасырдың аяғында қалыптасты", — дейді.
Шығыстанушы Тұрсын Икрамұлы Сұлтанов жүздердің құрылуы жөнінде нақты деректердің тапшылығын айта келіп: "XVI ғасырдың екінші жартысында ұлыс жүйесі біртіндеп жүздерге ауысқан", — деген болжам айтады
М. С. Мұқановтың пайымдауынша, қазақтың жүздері этноәлеуметтік ағзаның жоғары санаттарының бірі. "Этноәлеуметтік организм" деп этностық, әлеуметтік, шаруашылық, саяси бірлестіктерді түсінеміз