К., Аубакирова С. С. М. Ж. КӨпеев, С. Торайғыров пен ж. Аймауытов шығармашылықтарындағы этикалық ЖӘне эстетикалық



бет38/49
Дата12.05.2022
өлшемі491,5 Kb.
#34159
1   ...   34   35   36   37   38   39   40   41   ...   49
Тақырып мазмұны
1. М. Ж. Көпеев, С. Торайғыров және Ж. Аймауытовтың шығармаларындағы тағдыр мәселесі.

2. Өлім – өмірдің табиғи үрдісі (М. Ж. Көпеев), өлім – зұлымдық, болмыс мәнін бағалау белгісі (С. Торайғыров), өлімге көзқарас өмірге көзқарасты көрсетеді (Ж. Аймауытов).

3. Қайырымдылық пен зұлымдық, олардың диалектикалық бірлігі.

Біздің пікірімізше, адамның табиғи сұлулығы жасанды сұлулықтан қайырымдылық пен зұлымдыққа қатынасы арқылы анықталады, яғни оның адамгершілік қасиеттерінен көрінеді. Осы аспектіге сүйене отырып, біз этикалық көзқарастан қазақ ойшылдарын толғандырған екі негізгі мәселені атап өтейік:

- Адам бойындағы адамгершілік қасиеттердің көздері .

- Адамның кемеліне жету тәсілдері мен мүмкіндіктері және тұлғаның адамгершілік қасиеттерінің қайта қалыптасуына қажетті жағдайлар.

Бұл кейіпкерлердің тағдырлары неліктен қайғылы болды, бұған олардың өздері кінәлі ме, әлде тағдыр тәлкегі ме деген сауал қоя отырып, қазақ ойшылдары тағдыр ұғымының мағынасын ашпақ болады. М. Ж. Көпеев «Жұлдыздардың бізді бағып-қағу реті» мақаласында аспан жарықтарының әр адамның тағдыры мен мінезіне әсер ететінін айтып өтеді. Оның пікірінше, адам бойындағы кейбір қасиеттер туғаннан пайда болады және өсе келе жаман немесе жақсы қылықтарға ауытқып кетеді. Әр адамның өз жұлдызы болады. Бақытты жұлдыз астында туған адам тамаша қасиеттерімен ерекшеленеді, ол талантты, табысты, жолы болғыш әрі қайырымды болады. Өмірді сезінбей қабылдайтын адам жағымсыз жұлдыз астында туғандар, бұндай адамдар туралы да жағымсыз пікірлер айтылады. Бірақ адам мінезін анықтау фактілері оның өзгеру мүмкіндігін жоққа шығармайды, себебі Көпеевтің пікірінше, әр адамның бойында зұлымдық пен қайырымдылыққа бейімділік болады. Бұдан әрі ойшының мұрасында зейін қоятын тағы да бір аспектінің бар екенін атап өткім келеді. Ойшылдың айтуынша, Алла адамды жаратып, еркіндік пен бостандық берген: «Жаратуын өзі жаратса да, билігін, ерік ықтиярын мақұлықтарына берді» [11, 24б.]. Бұл екі ой бір-біріне қайшы келмейді. Бұнда әрекет пен қылықтардың мәні олардың себебінде ғана емес, жауапкершілік пен оның ауырлығында жатқаны айтылады. Сондықтан адамның еркін таңдауын ерекше атап өтеді. Егер адамда еркін таңдау болса, ол бар жауапкершілікті өз мойнына алып, таңдау арқылы өз тағдырын өзгерте алады. Өмір адамға өзін жетілдіру үшін берілген. Дін адамды Құдайға бағыттап, көмектеседі.

Тағдыр жазуы туралы С. Торайғыров та айтып өткен. Бұл проблемаға оның көзқарасы өте қайғылы. Лирикалық кейіпкер өзінің бақытсыз тағдыры туралы ойға батып отырып, адам күштілігін жоққа шығарады, себебі оның өмірінің мағынасы бір сарынды, қиыншылықтардан құрылған. С. Торайғыров тағдырды адам өзі билік ете алмайтын жан дүниесінің ашылуы түрінде қарастырады. Бұл жерде С. Торайғыровтың тағдыр ұғымын түсіндіруін анықтауда ішкі қайшылық туындайды. Шынында, тағдыр кей кезде адамға қатал болады, адам жанын қинайды, бірақ ерік пен тілекті де, тасыған ақылды да тағдыр сыйға тартады ғой. Ендеше тағдыр сондай-ақ адамның қарсы тұру, қателесу, армандау сияқты қабілеттерін де болжайды. Шынайы өмір мен армандау, мақсат пен нәтиже арасындағы айырмашылықтар тағдырды, яғни өзіңді жаңа жақтарыңнан танып, ашу болып табылады. С. Торайғыровтың лирикалық кейіпкері өз жағдайын маңдайына жазған өмір заңы ретінде қабылдып, мойынсұнады. Бірақ ол өз-өзінен, өз ойынан қашып кете алмайды Өз-өзімен үнемі дауласып, пікірлесу шынайы өмірден алшақтап кеткендердің тағдыры болып саналады. Лирикалық кейіпкер іштен түңіліп, өз-өзін сақтаудың жолын табады. С.Торайғыров және оның кейіпкерлері уақыттың алдын алып, болашақ кезеңдердің жаңа бастамаларының негізі болады. Бірақ С.Торайғыровтың өмірден түңілуін көрсету дұрыс болмайды, себебі ақынның рухы биік болып, адам өмірінде кездесетін қиындықтарға қарсы тұра білген. Тұрмыс ауыртпашылықтарын көрсе де, адамгершілік қасиеттерін жоғалтпады. Ол адамдықты жоғары қойған. Оның бойында оптимистік сипат мол, өршілдік басым. Торайғыровтың айтуынша тағдыр адамды мүгедек етіп, кейде өлтіруі де мүмкін, бірақ оның адамгершілік қасиеттерін өзгертіп, өзіне қарсы қоюы мүмкін емес. Өйткені адамгершілік құлшынысты адам өзі таңдайды. Яғни тағдырға мойынсұну немесе өмір ағымына қарсы шығу шешімін адам өзі қабылдайды. Адамның ішкі жан дүниесі – тағдырға қарсы тұра алатын бостандық белгісі. Ж. Аймауытов тағдыр ұғымын басқаша қарастырады. Ол үшін Тағдыр дегеніміз – ар-намыспен қорғалатын бостандық, еркіндік сынағы. Ақбілек пен Қартқожаның ашынып-күйінуі олардың өжеттілігін, өзін-өзі бағалай алатындықтарын көрсетеді. Олар ауыртпашылыққа көніп, өмірден түңілген жоқ. Яғни олар таңдаған өмір ұстанымы қалыптасқан жағдайға сай келмеді. Сондықтан кейіпкерлер бұл жағдайға қарсы тұрып, өмірдің жаңа жолына түседі. Еркіндікті таңдап, өз жағдайын өзі шешеді немесе керісінше, тағдырды таңдап, еркін болу шешімін қабылдайды.

Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, М. Ж. Көпеев еркіндік пен бостандықты Тәңір сыйға тартқан деп санайды, алайда бұл екі ұғымды теңдестірмейді. Еркіндік тағдыр ішіндегі қайырымдылық немесе зұлымдықты таңдаудың рухани тұрғысында көрінеді. С. Торайғыров еркіндік құқығы болу керек деген көзқарасты тұжырымдаса да, тағдырдың жазғанын алдын ала болжау фактісін де атап өтеді. Еркіндік тағдырға қарсы қойылып, табиғи бастаманың кері шамасымен бағаланады. Қоғам заңы әділ болмаса, адам өз тағдырын өзгерте алмайды. Адамның жан дүниесі еркін болып, қоғамның бұл заңын өзгерте алмаса да, өзінің жеке тұлғасын қорғай алады. Бірақ адам осы еркіндіктің мағынасын түсіне ала ма. Ж. Аймауытов адамның онтологиялық бостандығы, адам тұрмысының табиғи әлемнен бостандық факторы арқылы анықталуы туралы мәселені қояды. Тағдыр мен еркіндік теңдестіріледі. Адам қалыптасқан жағдайларға байланысты өзі өзгере отырып немесе осы жағдайларды өзгерте отырып, тағдырын шешеді. Міне, адамның еркін әрекеті деген осы. Тағдыр мен еркіндік ұғымдарының түрлі мағынада қолданылуына қарамастан, барлық ойшылдар өлім – қашып құтыла алмайтын өмір құбылысы ретінде жоғарыдан шешілген деген пікір айтады. Өлім – бұл тағдыр жазмышы. Біздің ойымызша, өлімге деген көзқарас, өмірге деген көзқарасты қалыптастыруға көмектеседі, сондықтан осы проблемаға жүгінуіміз заңды деп санаймыз. М. Ж. Көпеевтің діни пәлсапасында өлім – өмірдің басқа деңгейіне ауысу. Ойшыл өлім алдындағы адамның тән өлімінен қорқуына емес, жасаған зұлымдықтары үшін о дүниеде жауап беретініне баса назар аударады. Яғни өлім арқылы бұл дүниедегі қайырымдылық пен зұлымдықты айырып, өз қылықтарын бағалауға түрткі болады. Өлім туралы қайғыға батып, түңілу үшін емес, өмірді тереңінен түсіну үшін ұмытпау керек.

С. Торайғыров пайымдауынан өмір аралығында оның өлімге көзқарасының өзгеру серпінін бақыладық. Алғашқы шығармаларында ақырзаманның жақындауы, осыдан туындаған шарасыздық, жазмыштық ақынның ішкі жан дүниесін күйзелтіп, бойында ашу, түңілу мен қорқыныш ұялатады. Себебі өлім өмір болмысын бұзып, кемелденудің шексіз мүмкіндіктерін шектейді. «Мейірімсіз ажал» (Безжалостная смерть») өлеңінде жас ақынның ашынып, күйінгенін көруге болады.


Не дав желанного свершить,

Ты, смерть родишь печаль.

Еще бы только жить да жить,

А ты уносишь вдаль [12, 28 б.]


С. Торайғыров түсінігі бойынша өлім, әсіресе, жастар үшін зұлымдық («Қамар сұлу» романы, «Жаным неге түңіледі» өлеңі). Бұл зұлымдық кенеттен ойламаған жерден келіп, жас жанның өмірін қыршынынан қияды. Уақыт ағымын кері қайтаруға болмайтынын, өмір сәттерінің өткіншілігін көріп жас ойшыл қатты күйзеледі.

Бірақ жас тұлға өлгенімен, шексіз өмір тоқтамайды. Болмысына қарамастан, өлместің күнін көріп, тіршілік еткендер де, бар өмірі рухани шиеленіспен өткендер де – барлығы да топыраққа айналады. Сонда дүниеге келіп, өмір сүрудің мәні неде? Өлім барлық рухани іздену мен қайғы-қасіретті жойып, болмыс мағынасын түсіріп, жандыны да жансызды да теңестіреді. Жақынын жоғалтып, өзінің өлімнен қашып құтыла алмайтынын сезген жас ойшылдың жан дүниесіне қайғы толтырып, көңілін қалдырған сауалдар туындайды.

Дүниенің шексіздігі мен адам тіршілігінің өткіншілігі туралы пайымдай отырып С. Торайғыров адам болмысы орынсыз деген идеямен келіспейді, себебі әр адамның өмірде өз орны мен міндеттері бар екенін айтады. Ол өзінің міндеті – қазақ халқының рухани дамуын және ар-намысын қорғау деп көрсеткен. Адам болмысының мәні туралы ойымен бөлісе отырып С. Торайғыров адам үшін ең қорқыныштысы – өлгеннен кейін ұмытылуы, жойылуы, із-түссіз жоғалуы дейді. Әр тұлғаның тіршілік ету уақыты өмір мағынасымен, оның бағытымен өлшенеді. Яғни адам өлімі күнделікті өмір ағымына әсер етпейді. Мәңгілік дегеніміз – үнемі ауысып отыратын өмір кезегі. Ал көзге көрінер Әлем – таусылмас болмыстың бір сәттілік ұшқыны.

Аймауытов шығармашылығына келсек, өлімге қатысты оның ұстанымы С. Торайғыров ұстанымына жақын деп айтуға болады. Ол үшін де өлім деген – зұлымдық. Ол адам өмірін кенеттен ойламаған жерден ұрлайды. «Аңсызда артыңнан бұғып келіп, алып ұрғанын бір-ақ білесің. Ажал бір ұры ғой, ажалға не дауа бар?» [3, 171 б.]. Алайда адам өмір заңы алдында әлсіздігін сезініп, өмірдің бұл құбылысына да көнеді. Адам өлу үшін туады. Зерттеліп отырған ойшылдардан айырмашылығы, ол өлім проблемасын адам өмірі бағаланбай, өлтіру мен өлімді көруге көз үйренген айрықша соғыс жағдайларында қарастырады. Ж. Аймауытов өлімге парықсыз қарауды адамның кез келген жағымды, жағымсыз құбылыстарға бейімделу қабілетімен байланыстырады. Бірақ Ж. Аймауытовтың бұл мәселе тұрғысынан көзқарасы басқа. Оның ойынша, тіпті осы қысқа мерзімде адамның болашақта өз тіршілігін жалғастыратын мәңгілік сүйіспеншілік, мәңгілік істері арқылы өзін мәңгілік етуге мүмкіндіктері бар. Яғни бір кездері жасалған ұмытылмас ізгі істері болашақта басқа адамдар санасында қалады.

Жоғарыдағы талдаудан бірнеше ой қорытындысын шығаруға болады. Әрине, адамның өлімге деген көзқарасын талдау оңай емес, оның сұлбасы жоқ болса да, одан қашып құтыла алмайтыныңды сезіну оған деген белгілі бір көзқарасты туындатады. М. Ж. Көпеев тұжырымдамасы бойынша, өлім – өмірдің табиғи құбылысы. С. Торайғыров үшін өлім – зұлымдық, сондай-ақ болмыс мәнін бағалау белгісі. Ж. Аймауытов өлімге көзқарас арқылы өмірге көзқарасты ашты, егер өлімнің мағынасы болмаса, онда өмір де бағаланбайды. Дегенмен қазақ ойшылдары өз замандастарының өлімге деген көзқарастарын әр мағынада талдай отырып, өлім өмірге мән беріп, өмір құндылықтарын таңдауға жауапкершілікпен қарауды үйретеді деген бір пікір айтады. Өлімді тағдырдың алдын ала анықтап қойған факторы ретінде қабылдап, олар еркіндікті өмір ұзақтығымен емес, оның мәнімен байланыстырады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   34   35   36   37   38   39   40   41   ...   49




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет