Кейінгі толқынның алдыңғы буыннан үйренуі заңды құбылыс. Олар үшін аға ұрпақ өкілдерінің жеткен биігі үлкен асу, биік меже. Қолына жаңа ғана қалам ұстаған жас талапкер қазақ поэзиясының озық үлгілерінен ғана емес, әлем поэзиясынан нәр алып, жетістіктерін бойларына сіңіре білулері керек. Содан кейін барып соны ізге түсіп, өз стилін қалыптастырады. Әрине, бәрі талантқа, ізденіске байланысты. Біірі еліктеу-солықтаудан аса алмай, бірі өзінше жол тауып, жаңашылдыққа бет бұрады. Дәстүр сабақтастығын жаңашылдыққа бет бұрады. Дәстүр сабақтастығын жаңашылдық әрі қарай жалғап, ғасырлардан ғасырға ұласа бермек. Яғни, «дәстүр әрдайым жаңашылдыққа кеп тіреледі, жаңашылдық өзгеше формаға еніп дәстүрдің қайнауынан шығады да, қайталай дәстүрге айналады». /45, 52 б./. Өнердің көкжиегін кеңітіп, кең өріске бастайтын – дәстүр. «Махамбет, Абай жырлары өздерінен кейінгі талай ұрпақ ақындарға жарық шырақ болғаны аян. Ол жырлардан қазіргі қазақ ақындары да үйренеді, келер толқын да көңілге нәр, ойға азық алары кәміл» /99/. «Өзгелерді өз алдына қойғанда өртке тиген дауылдай өлеңі» өзінен аумаған Қасым мен «күпі киген қазақтың қара өлеңіне шекпен жауып өзіне қайтарып» кеткен Мұқағали әдеи-эстетикалық сауатын бәрінен бұрын «Махамбет мектебінен» оқып ашқан» /100/, - деп академик З.Қабдолов айтқандай, Махамбет поэзиясындағы өшпес рух, сөнбес жалын, күш-қуат өзінен кейінгі ұрпақ өкілдерінің өлеңдеріне де сәулесін түсіргені анық. Мұны «Отты жырлар отты жылдарға жазылуға тиіс еді» /101/, - деп Қасым Аманжоловтың өзі де мойындап кеткендей. Қасымның дауылды өлеңдерінде Махамбет сарыны қалайша жоқ дей аламыз. Ақын «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасында: Қасиет күші ұлы Отанның Қанатын бер қыран құстың. Ашуын бер арыстанның, Жүрегін бер жолбарыстың! Күллі әлемнің ашу-кегі, Орна менің кеудеме кеп. Жау жолына атам сені, Бомба бол да, жарыл, жүрек! /102/ - деп Абдолланың аузына сөз салса, «Өзім туралы» деген өлеңінде: Өртке тиген дауылдай өлеңімді Қасымның өзі емес деп кім айтасың! /102, 326 б./. – деп тебіренсе, шындығында да махамбет жырларының арыны да, жалыны да сезіледі. Махамбет те, Қасым да қазақ өлеңіне соны леп әкеліп, жаңалық еңгізген жаңашыл да шыншыл, өрлікті, ерлікті ту етіп көтерген батыр ақындар. Екеуі мінездес, үндес, тамырлас. «Топ шеңгелден пыр-пыр ұшты бөдене Көз ұшында сағымданған немене? Нұрлы өмірге Исатай мен Махамбет Отты жырын қайта бастап келе ме? Келсе игі еді, көрсе игі еді біздерді, /103/ - деп жырлаған Мұқағали Мақатаевтың осы «Құм нарында» атты өлеңіндегі «Шөккен нар-нар, бура-бура» деген жолы Махамбет жырларымен үндесіп тұрғанын байқау қиын емес. Қасым «Уа, дариға – алтын бесік туған жер» /102, 321 б./ - десе, Мұқағали «Дариға, домбырамды берші маған» /103, 55 б./, - деп тебіренеді. Мұқағали шындықты сүйген, сол шындықты Махамбетше ашық айтуды армандап өткен ұрпақтың өкілі: Жасырмай ойымды айттым талай-талай, Қайтейін кетті бәрі қарайламай. ...Айтарын ашып айтқан абайламай, Дариға-ай, Махамбеттер, Абайлар-ай!!! /103, 53 б./ Мұқағали енді бірде: Жаса, Орал, жаңа Орал, жасыл Орал, Қара бұлт қайта келмес басыңа Орал, Көгінен, көлкіп жатқан көлге үңілем,
Оралым – Ордам менің таныс маған, Бораның Махамбет боп дауыстаған. Исатай ақ семсерін, Құрман бабам Ұрпаққа домбырасын табыстаған /103, 326/, - десе, Махамбет дауысын қайта жаңғыртып, үні жеткенше шындықты айтып, бабалар аңсаған арманды жалғай түскен ақын ұрпақтарының бірі Мұқағали Мақатаевтың өзі еді. Махамбет: Мен кесекті ердің сойымын, Кескілеспей бір басылман... Мен бір шарға ұстаған Қара балта едім...
Мен ақсұңқар құстың сойы едім, Шамырқансам, тақсыр кетермін .... – десе, Төлеген Айбергенов: Мен қара төспін, қайғыдан бақыт жасаған... Мен жарық Жермін, Жаңғырықтарға үн қосқан Мен сірі төспін, - сызылып аққан сымдармын Жаңғырған болат жолдарға дейін Басталып құйттай қармақтан /104/ деп толғанады. Бір топырақта жаралып, дауылды күнгі Каспийдің толқынын, Атыраудың қатал табиғатын көріп өскендіктен бе, әлде «Сайраған Жетісудың бұлбұлымын» атты поэмасында «Жалқы Темірқазығым Махамбет» /105/ деп өзі мойындағанындай, жырымен сусындап, бойына күш-қуат алып өскендіктен бе, Фариза Оңғарсынова жырларында да Махамбеттің дауылды үні жиі ұшырасады: Теңіз аласапыран Тұра қашып, көктегі жасқанды бұлт, Күркірейді жағада тас жаңғырып. Дауыл толқындар өршелене Шапшиды аспанды ұрып... /105, 6 б./. Іштегі дауыл сезім, күш-қуат қазақтың қара өлеңіне сыймай, буырқанып, асып-тасып, төгіліп, шашылып, әдеттегі қалпын өзгерткен. Тасқынды сөз де, өлең қалыбы да Махамбет жырларын еске түсіреді. Деміккенге дем, әлсізге күш, мұңайғанға жәгер беріп, жаныңды баурайды. «Шығарған шындық, арды естен, зұлымдықтарды қан кешкен Махамбеттен қалған нар кескен – айбалта-жырмен шапсам, деп», «әділеттің шамын ғаламға, қарамай құрсау, қамалға лаулатып солай жақсам» деп Махамбетше мақамдап, Махамбетше сөйлейді. «Серігім – жырым-жебеммен, жүрегім-желкен, жел кернеп, қарсы ағыстырса, сеңге өрлеп, қағілез құттай денеммен дауылдарды құшып келем мен» деп, Махамбетше теңеу, метафораларды қарша боратады. «кеуделерді қақыратар дабылы Арыстанды-Қарабастың дауылы керегіп тұр маған бір! Қағындырар шемен болған шаңымды шаңға бөккен жанымды» /105, 288 б./ десе, Махамбеттің «Толарсақтан саз кешіп, тоқтамай тартып шығарға қас үлектен туған қатепті Қара нар керек біздің бұл іске» деген жолдары, Қасымның «Дауылы» ойға оралады: «Ышқына соққан дауылға құмартушы ем жасымда, нөсерлеп құйған жауында қызығушы ем жасынға ... Дауыл! Дауыл! Дегенге, шықтық үйден дүркіреп, аспан тұрды төбемде, алас ұрып, күркіреп... Жігіт болдым, ер жеттім. Мен дауылдың ұлымын» /102, 319-320 б./. Енді Фаризаның «Ей, құм Нарын, құм Нарын» толғауындағы мына жолдарға көз жүгіртейікші: