Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті География және табиғатты пайдалану факультеті География,жерге орналастыру және кадастр кафедрасы
Антикалық кезеңіндегі картографиялық ой мен географиялық картаның даму ерекшеліктері
«Картография» пәні бойынша №1 СӨЖ
Орындаған: Ходжаева Д.
Тексерген:
Алматы, 2023
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ....................................................................................................3
КАРТОГРАФИЯ ТАРИХЫ.....................................................................4
ҚАЗІРГІ КАРТОГРАФИЯ ҒЫЛЫМ......................................................7
ҚОРЫТЫНДЫ..........................................................................................8
КІРІСПЕ
Картография – табиғат пен қоғамның құбылыстарын географиялық картамен басқа да картографиялық өнімдермен кескіндеу жəне оларды құру, пайдалану əдістемелері туралы ғылым. Картографияның жетістіктері карталарда атластар мен глобустарда көрініс тапқан.
«Карта» деген термин орта ғасырларда, Қайта өркендеу дәуірінде пайда болды, осыған дейін оның орнынан «tabula» және «descriptionis» (бейне) деген сөздер қолданылды. Бұл термин латын тілінде «charta», яғни парақ, қағаз деген сөзден алынған, өз кезінде бұл сөз латын тіліне гректерден келген, грек тілінде хартес, яғни папирустан жасалынған қағаз. Ресейде карталар алғашқы кезде сызба деп аталған, ал Петр І кезінде «ландкарта», кейін «карта» деген терминдер пайда болды. 1881 жылы жарық көрген В. Дальдің сөздігінде карта «жердің, теңіздің, аспанның бір бөлігінің сызбасы» деген түсіндірме берілген. Бүгінгі қазақ тілінде карта деген термин қолданылады.
Қазіргі таңда «карта» деген сөз көптеген тілдерде қолдануда, француз тілінде – carte, неміс – karte, итальяндық және португальдық – carta, голландық – kaart, швед – karta, даниялық – kort, түрік – harita.
1973 жылы жарық көрген картографияның техникалық терминдерінің Халықаралық Көптілді сөздігінде картаның мынадай анықтамасын берген: «Жер бетінің, басқа да аспан денелерінің немесе аспан сферасының кішірейтілген, жалпыластырылған, математикалық заң бойынша жазықтықта салынған және осы беттерімен байланысты объектілердің орналасуы мен қасиеттерін шартты белгілердің көмегімен көрсететін бейнесі».
Бүгінгі таңда қолданылатын картографияның анықтамасы мынадай: Карта деген Жер бетінің, басқа да аспан денесенің немесе ғарыштық кеңістіктің кішірейтілген, жалпыластырған, қабылданған шартты белгілер арқылы оларда орналасқан немесе проектіленген объектілерді көрсететін бейнесі.
КАРТОГРАФИЯ ТАРИХЫ
Картография бойынша ғылыми зерттеулер Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясында, жоғары оқу орындары мен картографиялық кəсіпорындарында жүргізіледі. Əрбір географиялық картаның атқаратын қызметі болады. Оны ғылым мен білімнің, өндірістің белгілі бір салаларындағы мамандар, туристік танымжорықтың жетекшілері, оқушылар маңызды ақпарат көзі ретінде қолданады. Картаны құрушылар кескіндейтін аумақты терең зерттеп оқып үйренген сайын сол аумақта орналасқан нысандар мен құбылыстардың ерекшеліктері айқын ашылып көрсетіле түседі.
Картаның қолданылмайтын саласы жоқ. Әскери, қорғаныс саласынан бастап, оқу жүйесі, байланыс, ал қазір жарнама үшін де пайдаланылады.
Қазіргі картография – ежелгі немесе осыдан 30 жыл бұрынғы қолданылу мақсатын түбегейлі өзгертті.
Алғашқы қауымдық құрылыс қоғамында-ақ, картографиялық суреттер жазу пайда болғанға дейінгі ұзақ уақытта кеңістікті бағдарлау және нысандар мен заттардың қоршаған ортада орналасуын түсіну үшін қызмет етті. Ежелгі Египетте, антикалық Грекия мен Рим тәрізді басқа да өркениет ошақтарында карталар бойынша арақашықтықтар мен аудан табудың қарапайым тәсілдері қолданыла бастады. Алғашқы адамдар өздерінің жүріп өткен жолында мол азық қорлары бар аумақтарды байқаса, келесі жолы осы орынды адаспай табу мақсатында ағаштардың қабықтарына әр түрлі таңбалармен шартты белгілер тастап отырған. Картада бейнеленген нысандардың пішіндері мен бағдарлауы бағаланды, өлшемдері табылды.
Орта ғасырларда, әсіресе, Ұлы географиялық ашылулар дәуірінде, карталар теңізде жүзушілердің, жер кезген жиһангездердің, байлық іздеген көпестердің қажетті дүниесіне айналды. Теңіз жолдарының ашылып, теңіз арқылы байланыстардың дамуы сол кезең үшін жаңалық болып көрінетін карталарды пайдалану әдістерін өмірде қолданудың толық жүйесіне көшуге ықпал етті. Орта ғасырдың географы Герард Меркатор (1512-1594) өзі құрастырған картографиялық өнімдердің тәжірибе жүзінде қолдану қажеттілігін ескере отырып, қосымша сілтемелер мен нұсқаулықтар беріп отырды. Мәселен, 1541 жылы даярлаған глобусын арнайы «Глобусты пайдалану туралы кітап» аталатын нұсқаулықпен толықтырды. 1569 жылы жарық көрген бірінші рет цилиндрлік проекциялау қолданылған, 18 беттік картасына Меркатор «Жергілікті жерде арақашықтықты өлшеу әдістері» аталған ақпараттық бет енгізді, сонымен бірге, навигациялық сұрақтарды шешу үшін пайдаланылатын «Бағыттар көрсеткіштерін пайдаланудың қысқаша сілтемелері» деген сызба қоса берілген. Алғашқы ғылыми зерттеулер үшін карталар пайдалану тәжірибесі XVIII-XIX ғасырларға жатады, осы кезеңдегі ғылым (атап айтқанда, геология, география, климатология) көмегімен алынған ақпарттар мен мәліметтердің жүйеленуі – алғашқы ғылыми карталардың жасалуына оң ықпалын тигізді. Өз кезегінде мәліметтердің картографиялық түрде үлкен аумақты қамтып таралуы жаңа саналуан салыстырмалы географиялық зерттеулердің жасалуына түрткі болды. Ал карталардың өзі осындай зерттеулердің құралы болып, адамдарға көбірек қызмет ете бастады.Көптеген табиғи және ғаламдық заңдылықтар карталар көмегімен айқындалды. Бір құбылыстың екінші бір құбылыспен байланыстары анықталды, тіпті әлі ашылмаған ойкумендер турасында болжамдар жасала бастады. Мәселен, Ф. Бюаштың 1753 жылы карта арқылы Жер шарындағы тау тізбектері мен өзендердің орналасуын зерттеген еңбегін атап өтуге болады. 1817 жылы А. Гумбольдт Жер шарындағы жылудың таралу заңдылықтарын анықтауға ұмтылып отырып, бірінші рет изотермдік карта жасап шығарды, оны талдай келе, климаттық зоналарды ашты. Карта көмегімен ол өсімдік жамылғысының зоналық ерекшеліктерін тапты, одан кейін осы салада еңбек еткен Докучаев та картаны сараптау нәтижесінде, географиялық ортаның белдемдігі (зона) бар екенін дәлелдеді. Вегенердің картаға сүйеніп, Бразилия мен Африканың атланттық жағалауларының ұқсастығын табуы, кейіннен «Құрлық дрейфі және қазіргі ғаламдық тектоника» теориясының пайда болуы мен дамуына жол ашты.
Қазақстан картографиясы туралы сөз болғанда, орта ғасырлардағы көптеген тарихшылардың географ қызметін атқарғанын байқаймыз.
Марко Полоның ізімен Шоқан Уәлихановтың «Қашқарға сапары туралы» «Ыстықкөлге саяхат» жазбалары картографиялық еңбек ретінде өте құнды, алайда Уәлихановтың қазақ картографиясына қосқан үлесі блек және ұзақ зерттеуді талап етеді. Қазақстан картографиясы өз дамуында Ресей картографиясымен өте тығыз байланыста болды. Оның себебі де түсінікті; патшалық Ресейден КСРО-ның күйреуіне дейінгі 300 жылдан астам уақыт біз орыс империясына бодан болдық. Ғылым тұрғысында осылайша, сабақтастық қалыптасты.
ХІХ ғасырда картаны пайдалану тарихындағы басты тұлғалардың бірі – талантты географ, картограф және геодезист, Еуропалық Ресейдің гипсометриялық картасын тұңғыш құрастырушы, Орыс география қоғамының көрнекті қайраткері, Петербург пен Париждің Ғылым академияларының мүше-корреспонденті А.Тилло (1839-1899) болды. Тиллоның алғашқы ғылыми зерттеу жұмыстарында картаны құрал ретінде пайдалануы Орталық Ресейдің магниттік өрістерінің таралуын анықтауға арналды. 1887 жылы А.Тилло карта бойынша ғаламдық таулы аймақтардың таралу заңдылықтарын зерттеуге бет бұрды. Ол әлемнің басты су бөлінісі шекарасын анықтады, материктердің геометриялық орталықтарын есептеп шығарды, кейіннен 1889-1892 жылдар аралығында Жер шарының ендік белдеулерінің орташа биіктігі мен тереңдігін анықтады, «қиын параллельдерді» ашты, құрлықтың белгілі бұзылу зоналарының геологиялық тек-түріне талдау жасады. Тиллоның Еуропа шегінде және Азия аумағындағы өзендердің ұзындығы мен өзен бассейндерінің ауданын өлшеген өте ауқымды картографиялық жұмыстарын классикалық дүние санауға болар: жұмыстың орасандығын мына сан дәлелдеп береді: тек қана Ресейдің Азиялық бөлігінде 3000-ға тарта өзен ұзындықтары мен бассейндерінің аудандарын анықтаған. Ю. Шокольский картаны таными құрал ретінде жоғары бағалады. Ол «Карта – географтың ең басты қаруы»,-деп жазды.
Картаның көмегімен географ өзінің зерттеу жұмыстарын даярлайды, оған өз нәтижелерін енгізеді, ал карталар өз кезегінде олардың алға қарай жылжуы үшін қызмет етеді. Карта – адамға бүкіл әлемді бірден-ақ көруге мүмкіндік беретін, Жер шарын танып-білудің жалғыз ғана таңғажайып қаруы. «Географияда картаны қажетсінбейтін сұрақ жоқ, сондықтан географ картаны толық білуі тиіс»,-деп жазады А. Берлянт. Шокольскийдің жолымен картометрия мен морфометриялық сұрақтармен Н.Волков., Г.Гинзбург., В.Философов., т.б., ғалымдар айналысты. Әсіресе, Волковтың карта бойынша ұзындық, аудан, көлем өлшеу мәселелері енген, карталар мен картометриялық жұмыстарының дәлдігі қарастырылған, морфометрияның жеке бөліктерінің негіздері талданған «Картометрияның ұстанымдары мен әдістері» атты монографиясы (1950) іргелі еңбек еді.
С.Д.Муравейскийдің еңбегі гидрологияда картаны пайдаланудың терең әдістемелерінен тұрды. Оның өзен-көл морфометриясы бойынша зерттеулері картографиялық және математикалық зерттеу тәсілдеріне классикалық түр үлгісін береді. Кеңестік кеңістікте географияның жаңа бір бұтағы – экономикалық география пайда болды Және ол бірден-ақ әлемнің қалыптасуы мен әлемді танудың зерттеу құралы етіп картаны алды. Экономикалық географияның бастауында карталар мен картографиялық талдауларға бірінші және негізгі мән үстеген ғалым Баранский болды. Ол «карта географтарға далалық зерттеу жұмыстарында ғана емес, «ғылыми кабинеттердің тыныш жағдайында» да қажет екендігін, далалық зерттеулерден келген мәліметтер қоры арқылы да бөлмеде отырып, географиялық заңдылықтар мен олардың кеңістікте таралуын, құбылыстардың қатынасы мен мазмұнын ашуға болады»,-деп атап өтті.
Баранский құбылыстың байланыстарын диалектикалық тұрғыда талдай келе, картаға өз бағамдауыңды енгізуді географиялық ойлаудың басты ерекшелігі ретінде көрді. Ол географияда картаның мәні мен рөлін анық сипаттап берді:
1) Карта – географияның «әліп-биі», яғни географиялық зерттеулердің бастапқы және соңғы сәті;
2) Карта – көру-бақылау мүмкіндігі шетеулі адам мен зор өлшемді географиялық зерттеулердің нысаны – Жер шарының беткі деңгейі арасындағы қажетті «көпір»;
3) Карта – географиялық заңдылықтарды анықтау құралы;
4) Карта – географияның екінші «тілі»;
5) Карта – географиялылық талаптарының бірі;
Картографиялық әдістің ғылыми танымға ие болуы – картограф Салищев есімімен де тығыз байланысты. Әдіс теориясының идеясы мен қолданысқа енуінің негізін қалаған дәл осы Салищев болатын. Ол географиялық карталар іс құралы ретінде маманға қызмет ете отырып, құбылыстардың жаңа байланыстары мен таралу заңдылықтарын орнататындығын бірінші рет ерекше атап өті. Сонда «Нақтылықты зерттеу мен үйретудің картографиялық әдісі» деген ұғым ең алғаш рет қолданылған болатын. Осы сәттен бастап, қазіргі зерттеулердің картографиялық әдістерінің дамуының жаңа бір парағы басталды.
Салищев картографиялық әдістер туралы түсінікті дамытты, оған толық түрде анықтама берді. Оны «жаңа білім мен түсінік алуда, сипаттау, талдау, құбылыстарды тану және болжам жасау үшін, кеңістіктегі байланысты үйрету мақсатында карталарды пайдалану»,-деп сипаттады. Және ол осы мәселе, «Зерттеулердің картографиялық әдістері туралы» (1955), «Арнайы карталар көмегімен нақты сандық анықтамалар туралы» (1963), «Карта бойынша құбылыстарды зерттеудегі талдау әдістемелері» (1968) тәрізді еңбектерінде қайта айналып келіп отырды. Картаны таным мен тәжірибелік құрал ретінде қолдану жайы Гедыминаның еңбегінде де айтылды. Ол «картаға жай еңбек заты, өндіріс өнімі сияқты қарауға болмайды, оның еңбек нәтижесі екенін ұмытпау керек»,-деп, «Картамен жұмыс» немесе «Картаны пайдалану» аталатын картографияның тарауын бөліп қарауды ұсынды.
ҚАЗІРГІ КАРТОГРАФИЯ ҒЫЛЫМЫ
1919 жылдың 15 наурызындағы Жоғарғы геодезиялық басқарма құру туралы Декретімен, Халық шаруашылығы Жоғарғы Кеңесінің ғылыми-техникалық бөлімі жанынан КСРО геодезиялық қызметі ұйымдастырылды.
Қазақстан аумағында, сол кезеңнен 1945 жылға дейін барлық топография-геодезиялық және картографиялық жұмыстар Батыс-Сібір Аэрогеодезиялық топографиялық кәсіпорыны мен Орта-Азия Аэрогеодезиялық кәсіпорынының топографиялық-геодезиялық тобының күшімен орындалды. 1945 жылы Алматы Қазақ Аэрогеодезиялық кәсіпорны ұйымдастырылды. 1945-1947 жылдар аралығында Қазақ ССР-ының бүкіл аумағында 1:1000000 масштабтағы мемлекеттік картографиялау мақсатындағы түсірімдерді аяқтау міндетін мақсат етті.
Қазақ Аэрогеодезиялық кәсіпорыны өзінің жұмысын 1945 жылдың 1 қаңтарында бір далалық топографиялық топ және Талғар станциясындағы стационарлық базасымен бастаған болатын. 1991 жылы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік алуына орай, геодезия және картография саласының барлық құрылымдары да қайта қалыптасты.
Қазақ КСР Президентінің 1991 жылғы Жарлығымен, барлық мемлекеттік кәсіпорындар мен мекемелер одақтың бағыныштылығынан шығарылып, Қазақ КСР Үкіметінің қарауына берілді, Қазақ КСР Министрлер Кабинеті жанынан Геодезия және картография Бас басқармасы (Қазгеодезия) құрылды. Оның құрамына бұрынғы ГКБ басқармасының барлық кешенді бірлескен экспедициясы, яғни Қазақстан аумағындағы, ұйымдар мен кәсіпорындар, сондай-ақ мемлекеттік геодезиялық аймақтық бақылау инспекциясы (ҚазАГБИ) кірді. 1992 жылы бұрынғы Ұлттық картографиялық-геодезиялық қордың орынына Орталық картография-геодезиялық қор (ОКГҚ) құрылды. Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы Жарлығымен Қазгеодезия таратылып, оның қызметі Жер қатынастары және жерге орналастыру Мемлекеттік комитетіне (Мемжерком), содан кейін 1999 жылы Қазақстан Республикасы Жер ресурстарын басқару жөніндегі агенттігіне берілді.
Қазіргі Агенттік қарамағында мынадай республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорындар бар: “Астанатопография”, “Шығысгеодезия”, “Батысгеодезия”,“Қазгеокарт”, “Ұлттық картография-геодезиялық қор”, “Солтүстікгеодезия”, “Орталықмаркшейдерия”, “Оңтүстікгеодезия”.
ҚОРЫТЫНДЫ
Қазір картография ғылымы жаңа заманауи технологиялар мен бағдарламалардың пайда болуымен өзінің зерттеулеріне ғарыштан түсірілген әуесуреттерді, сондай-ақ сандық карталар жасуға мүмкіндік ашқан әртүрлі компьютерлік бағдарламаларды қолдануда.
Осы жұмыста картография ұғымы мен оның қалыптасу тарихына, картография ғылымының бүгінгі міндеті мен іске асыру тетіктері қарастырылған. Сондай-ақ, тақырыпқа сай, өз еліміздегі картография ілімінің тарихы мен қалыптасу жолы сипатталып, оның даму мүмкіндіктері мен осы саладағы кейбір мәселелерді шешу жолдары көрсетіледі.
Пайдаланған әдебиеттер
Қазақстан Республикасы Ғылыми Энциклопедиясы
http://newskz.wordpress.com/2010/04/23/картография-туралы-ақпарат-керек-пе/
Картография мен топография негіздері» пәніне арналған жинақ
Достарыңызбен бөлісу: |