Каспий теңізі аса маңызды стратегиялық аймаққа жатады. Географиялық орналасуы оны Азия мен Еуропа құрлықтарында ғана емес, дүние жүзіндегі ерекше ықпалды теңіздердің қатарына қосты
Каспий теңізі аса маңызды стратегиялық аймаққа жатады. Географиялық орналасуы оны Азия мен Еуропа құрлықтарында ғана емес, дүние жүзіндегі ерекше ықпалды теңіздердің қатарына қосты. Теңіз табанынан мұнай мен газдың мол қоры табылып, әлемдік қоғамдастыққа жария етілген соң оған деген қызығушылық тіпті күшейіп кетті.
Геолог мамандардың бағалауынша, қарт Каспийдің қойнауында 68 миллиард баррель мұнай бар. Ал әлемдегі «қара алтынның» барланған қоры 150 миллиард баррель көрінеді. Теңіздің орналасу жайына келсек, ол солтүстіктен оңтүстікке қарай 1,2 мың шақырымға созылып жатыр. Жағалау сызығының ұзындығы 7 мың шақырымға жуықтайды. Жан-жағы түгелдей құрлықпен шектесетін теңіз суы бес елдің мемлекеттік шекараларын шайып келеді. Жағалау сызығы бойынша алғанда, Қазақстан үлесіне Каспийдің 29 проценті тиесілі.
Каспий теңізі мұнай мен газ конденсатымен қатар, өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне де өте бай. Әлемде сұранысқа ерекше ие балық тұқымдастары – бекіре, шоқыр, қортпа балықтары молынан кездеседі. Кейбір деректерге қарағанда, бекіре тұқымдас балықтың 80 проценттен астамы осы Каспий теңізінің үлесіне тиеді екен. Сондай-ақ теңіз суы мен оның жағалауларында өсімдіктердің 500-ден астам түрі өседі, балық пен жануарлардың 770 түрі мекендейді. Теңіз дүние жүзі бойынша қара уылдырықтың «отаны» ретінде кеңінен танылған. Уақыт өткен сайын Каспийдің көлік-транзиттік маңызы да артып келеді. Сонымен қатар теңіздің әскери-саяси рөлі де күшейе түсуде. Өйткені Каспий сулары Еуропаны, Орталық Азияны және Кавказды шайып жатыр.
Қарт Каспийдің құқықтық мәртебесін анықтау мәселесі көтерілгелі бері жиырма жылдан асты. Кеңес одағы тұсында теңізге тек екі мемлекет – КСРО мен Иран Ислам Республикасы ғана «иелік» етіп келсе, бүгінде оның қатары бес елге – Қазақстан, Әзербайжан, Ресей, Иран және Түрікменстанға көбейді. Халықаралық талап-нормаларға сәйкес Каспийдің құқықтық мәртебесін осы бес мемлекет өзара келісе отырып, айқындауы тиіс. Осы аралықта талай мәрте екіжақты және көпжақты келіссөздер өткізілді, тиісті құжаттарға да қол қойылды. Уақыт бес мемлекетке ортақ саналатын Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін анықтау мәселесі аса өткір әрі аса өзекті екенін көрсетті.
Каспийдің құқықтық мәртебесін анықтау мәселесі көтерілгелі бері теңізге шекаралас бес мемлекеттің басшыларының жоғары деңгейдегі төрт саммиті өтті. 2002 жылы Түрікменстанда, 2007 жылы Иран елінде, 2010 жылы Әзербайжанда, 2014 жылы Ресейдің Астрахань қаласында. Рас, Астраханьдағы саммитте Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылады деп күтілген болатын. Мемлекеттер басшылары ең негізгі мәселеге тәуекел ете алмады. Каспий теңізін пайдалануға байланысты бірқатар келісімді қуаттаумен ғана шектелді.
Каспий теңізі жағалауындағы мемлекеттер басшыларының Астраханьдағы саммитінде баса назар аударған мәселелердің бірі – теңізге шектес елдердің қарулану жайы болғанын атап өтуіміз керек. Бір жақсысы, сол жиында президенттер Каспий теңізі аймағына кірмейтін державалардың қарулы күштерін кіргізуге жол бермеу туралы шартты бекітті. Аталған құжатқа сәйкес бес мемлекетке тиесілі теңіз акваториясына өзге елдің қарулы күштері кіре алмайды, кемелері жүзе алмайды. Бұл бастаманы Иран Ислам Республикасы көтерген еді. Жасыратыны жоқ, аталған құжатты қабылдаудың негізінде Каспий теңізінің маңына НАТО қарулы күштерінің әскери базасын орналастырмау мәселесі жатқан болатын.
Қарулы күштер дегеннен шығады, теңіз маңындағы елдер Каспийдегі өздерінің қарулы күштерін тең дәрежеде ұстап отыруға уағдаласқан еді. Бірақ олар теңіздегі өз қарулы күштерінің санын ресми түрде жария еткен емес. Дегенмен ресми емес деректер бойынша, Ресейдің теңіздегі әскери флотилиясы өте әлеуетті. Олардың күзет кемелерін қоспағанда Каспий флотилиясында отызға жуық кемесі бар. Алдағы жылдары ресейліктер теңізге соңғы үлгіде жабдықталған тағы бірқатар кемені түсіруді жоспарлап отыр. Екінші орында Иран елі тұрған сияқты. Теңізде олардың 90-ға жуық кемесі, 4 мыңнан астам әскери қызметшісі, үш әскери базасы шоғырланған көрінеді. Каспийдегі біздің еліміздің де қарулы күштері жыл өткен сайын көбейіп, соңғы үлгідегі техникалармен, қару-жарақпен толыға түсуде.
Каспий маңы мемлекеттерінің қарулануынан сескенудің, қорқудың қажеті жоқ. Кейбіреулер олардың ортасына от тастап, алауыздық тудырғылары келетінін тағы жоққа шығара алмаймыз. Көршілес бес мемлекет ондайға бармақ емес, бармайды да. Өйткені Қазақстан, Ресей, Иран, Әзербайжан және Түрікменстан кез келген түсініспеушілікті келіссөздер арқылы шешуді қалайды. Ал теңізде қарулы күштер ұстау сыртқы күштерден қорғануға тікелей байланысты. Себебі мына алмағайып заманда Каспий секілді мұнай мен газға бай теңізге көз алартушылардың кездесетіні шындық. Қарулы күштер солардан қорғану үшін керек. Оның үстіне онда мемлекеттік шекарамыз бар. Оны күзету, көздің қарашығындай қорғау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету сол қарулы күштердің міндеті, соларға жүктелген. Сондай-ақ бес мемлекеттің бірі – Иранға тістерін қайрап, бармақтарын батырғысы келетін елдер де аз емес...
Каспий теңізін ортақ байлық ретінде санайтын оның жағалауындағы бес ел бір-біріне жақын әрі жақсы қарым-қатынастағы мемлекеттер болып табылады. Егер Ақтау қаласындағы саммитте Каспийдің құқықтық мәртебесін анықтайтын конвенцияға қол қойылатын болса, қатысушы елдер бас біріктіру арқылы теңізге төнетін кез келген қауіп-қатерге қарсы тұра алар еді. Сәуегейлік танытып, ұшқары пікір айтып жүргендердің аузына құм құйылар еді. Сөйтіп қарт Каспий тұрақтылық аймағына айналар еді.
Жалпы, мүдделі мемлекеттер арасындағы қатынастардың заманауи үлгіге сай болуын қалыптастыру үшін ең алдымен аймақтың халықаралық құқықтық қағидаларына байланысты құқықтық мәртебесін нақтылап алғаннан ешкім ұтылмайды.
Жоғарыда атап өткеніміздей, Каспий теңізі өсімдіктер дүниесі мен жануарлар дүниесіне өте бай. Өкінішке қарай, бүгінде теңіздің экологиялық жүйесі жақсарудың орнына кері кетіп барады. Оған мұнай-газ өндіру, бағалы балық түрлерін қисапсыз көп аулау, тағы басқа да мәселелер тікелей әсер етіп отырғанын ешкім жоққа шығара қоймас. Осы жағын ескерген Каспий маңы мемлекеттері жақында Мәскеуде Тегеран конвенциясының шеңберінде Каспий теңізіндегі қоршаған ортаны бағалау туралы хаттамаға қол қойды. Құжат елдердің парламенттері мақұлдаған соң үш ай ішінде күшіне енеді.
Қазақстан Каспий теңізін бөлу мәселесі күн тәртібіне қойылғалы бері Ресеймен, Иранмен, Әзербайжанмен және Түрікменстанмен екіжақты, сондай-ақ көпжақты келіссөздер жүргізді. Соның нәтижесінде аталған мемлекеттермен түрлі мәселелер бойынша келісімдер жасалды. Кейбір дереккөздеріне қарағанда, Каспий маңы мемлекеттері басшыларының Ақтауда өтетін жоғары деңгейдегі саммитіне тараптардың дайындығы ойдағыдай екен. Ал саммитке бес мемлекеттің басшылары түгел қатысады. Ондағы ең басты және негізгі мәселе – Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция болмақ
Эр-Рияд қаласында (Сауд Арабиясы) Араб мемлекеттерінің лигасы, Орталық Азия елдері мен Әзербайжан арасында алғашқы экономикалық форум өтті. Қазақстандық делегацияны Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов басқарды. Өзінің сөзінде ҚР СІМ-інің басшысы Сауд Арабиясы бастамашылық еткен бұл форум Орталық Азия елдері мен Әзербайжанның араб мемлекеттерімен қатынастарында жаңа кезең ашады және оның өте жоғары деңгейде өткізілуі елдеріміз бен халықтарымыз үшін өзара тиімді сауда, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты ұлғайтудың жақсы бастамасы болмақ, деп атап өтті. «Біз бұл форумның мүмкіндіктері зор екеніне сенеміз және қойылған міндеттерді іске асыру бойынша тығыз жұмыс жасауға дайын екенімізді білдіреміз. Қазақстанның 2011-2012 жылдары Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесіне (ИЫҰ СІМК) төрағалығы біздің еліміздің араб әлемімен қатынастарын нығайтуда маңызды фактор болды. Төрағалық ету біздің мүдделеріміз сәйкес келетін және тиімді өзара іс-қимылдардың алғышарттары бар салаларды анықтауға мүмкіндік берді», деді Е.Ыдырысов. Сыртқы саясат ведомствосының басшысы форум қатысушыларына қазіргі уақытта Қазақстанда Сауд Арабиясы, БАӘ, Мысыр, Қатар, Иордания, Оман, Ливия, Ливан, Палестина елшіліктері жұмыс істейтіндігі туралы хабарлады. Өз кезегінде, біздің республикамыздың дипломатиялық өкілдіктері Сауд Арабиясы, БАӘ, Мысыр, Қатар, Иордания, Оман және Ливанда қызмет етуде. «Бұл ретте, біз араб әлеміндегі өзіміздің дипломатиялық өрісімізді одан әрі кеңейтуге ниеттіміз», деді қазақстандық министр. «Өзара тиімді мүдделердің артуын ескере отырып, біздің ойымызша, келесі оң қадам болашақта БҰҰ өңірлік гуманитарлық хабына айналдырғымыз келетін Алматыдағы резиденциясымен Араб мемлекеттері лигасының Орталық Азиядағы өңірлік өкілдігінің ашылуы болмақ», деп айтып өтті Қазақстан СІМ-інің басшысы. Е.Ыдырысовтың сөзінде, сондай-ақ, инвестицияларды ынталандыру мен Еуразиялық экономикалық одақ құру, Қазақстанда «жасыл» экономиканы дамыту және «Жасыл көпір» өңірлік бағдарламасын іске асыру бойынша алдағы қабылданатын заңнамалық пакет тұрғысынан, сонымен қатар, ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне дайындық тұрғысынан араб елдерімен өзара тиімді ынтымақтастықтың зор әлеуеті атап өтілді. «Болашақтың энергиясы» көрмесінің тақырыптары жаңартылған энергияны пайдалану және «жасыл» экономикаға өту бойынша біздің ынтымақтастығымызды реттеудің бастама нүктесі болуы мүмкін. Тіпті, кейбір араб елдері, мысалы, Біріккен Араб Әмірліктері осы салада айтарлықтай табыстарға қол жеткізді», деді осы орайда Қазақстанның бас дипломаты. Е.Ыдырысов араб мемлекеттері мен Орталық Азия елдері және Әзербайжан арасындағы өзара экспорттың көлемін арттыруға шақырды. «Бұл жерде Бірлескен сауда-өнеркәсіптік палатамен Бірлескен іскерлер кеңесін құру мүмкіндіктерін іздеу қызығушылық тудырады. Солтүстік – Оңтүстік, Батыс – Шығыс бағыттары бойынша көлік дәліздерін дамыту маңызды рөлге ие», деп атап өтті министр. Осы жылы Қазақстан – Түрікменстан – Иран теміржол тораптарын қосудың және араб әлемімен ынтымақтастықты дамыту үшін жалпы көлік инфрақұрылымын дамытудың зор маңызы атап көрсетілді. Қазақстандық министр өз сөзінде Палестина-Израиль қақтығысы, Сириядағы жағдай және т.б. осы сияқты өзекті халықаралық мәселелер бойынша Қазақстанның ұстанымын білдірді. Ол, сондай-ақ, Араб Магрибі және Таяу Шығыстағы түбегейлі саяси өзгерістер миллиондаған қарапайым адамдарға тағдыршешті өзгерістерімен қоса, ертеңгі болашаққа деген сенім алып келгендігін көлденең тартты. Е.Ыдырысов әлемдік экономика 2007-2009 жылдардағы дағдарыстан әлі толықтай айыға қоймағанын айтты. Ал елдер үшін алдағы сын-қатер оның жаңадан тұрақсыздануы болуы мүмкін. Климаттың өзгеруі мен демографиялық өсім азық-түлік мәселесінің ушығуына және басқа да проблемаларға әкеліп соқтыруы ықтимал. Осы орайда министр шараға қатысушылардың назарын ИЫҰ жанынан азық-түлік қауіпсіздігі бойынша орган құру туралы Қазақстан бастамасының дер кезділігіне аударды. Осы Ұйымның бірқатар мүшелері бастамаға толық қолдау білдіре отырып, 2013 жылғы желтоқсанда Конакри қаласында (Гвинея Республикасы) өткен ИЫҰ СІМК-нің 40-сессиясы шеңберінде азық-түлік қауіпсіздігі бойынша Ислам ұйымының Жарғысына қол қойды. Е.Ыдырысов іс-шараға қатысушыларды Қазақстанның халықаралық бастамалары, сондай-ақ, еліміздің 2017-2018 жылдары БҰҰ ҚК тұрақты емес мүшелігіне өз кандидатурасын ілгерілеткені және таяуда өтетін Астана экономикалық форумы туралы хабардар етті. Ол араб әріптестерінің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне еліміздің кандидатурасын қолдайтынына және VII АЭФ пен ІІ Дүниежүзілік дағдарысқа қарсы конференция жұмыстарына белсенді қатысатынына сенім білдірді. Сөзін қорытындылай келе, ҚР СІМ-нің басшысы Қазақстан Лиганы елімізбен көпғасырлық байланыстары бар араб мемлекеттері бірлестігінің жетекші ұйымы ретінде қарастыратынын және жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі жүйелі дамытуға өзінің қатыстылығын растайтынын атап көрсетті. Іс-шара қорытындысы бойынша Эр-Рияд Декларациясы қабылданды. Онда форумға мүше елдердің өз араларында байланыстарды жан-жақты дамыту жөніндегі ортақ қағидамен қатар Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне белсенді қатысуға шақыруымыз, жаһандық ядролық қарусыздану мен таратпаудағы Қазақстан мен Орталық Азияның басқа елдерінің үлесі, сондай-ақ, Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін шақыру туралы бастамасы көрініс тапты. Форумға қатысушылар жаңа көпжақты пішіндегі үнқатысудың институттануына негіз болатын Араб мемлекеттерінің лигасы, Орталық Азия елдері мен Әзербайжан арасындағы ынтымақтастық пен экономика жөніндегі меморандумға қол қойды. Форум шеңберінде қазақстандық СІМ басшысы бірқатар елдердің сыртқы істер министрлері – Сауд Арабиясының ханзадасы Сауд әл-Фейсалмен, Қатар СІМ басшысы Халед бен Мұхаммед әл-Атиямен, бахрейндік министр шейх Халид бин Ахмед бин Мохаммед әл-Халифамен, Қырғызстан СІМ басшысы Эрлан Абдылдаевпен, Ливан Сыртқы істер министрі Джебран Бассилмен, омандық министр Юсуф бин Алави бин Абдулламен, Тунис СІМ басшысы Монги Хамдимен және басқа да әріптестерімен екіжақты кездесулер өткізді. Аталған мемлекеттермен сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтудің өзекті мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, Е.Ыдырысов Араб мемлекеттері лигасының Бас хатшысы Набиль әл-Арабимен келіссөз жүргізіп, Қазақстан мен осы Ұйым арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың келешегін сөз етті.