«Негізгі сценарий» деп аталатын нұсқасы әлемдегі демографиялық, технологиялық және экологиялық
өзгерістер мен халықаралық энергетика нарығындағы белді ойыншылардың (мемлекеттердің)
ВЕСТНИК КазНПУ имени Абая, серия «Исторические и социально-политические науки», №3(58), 2018 г.
114
энергетикалық стратегиялары ескеріле отырып, әзірленеді. Мұндағы түпкі мақсат Ресейдің ұлттық
қауіпсіздік стратегиясында көрсетілген қауіп-қатерлерге, экономикалық және жалпы энергетикалық
саясатына баса мән беру болып табылады. Ресейдің Қытайдың энергетикалық қауіпсіздігіндегі рөлі мен
маңызын мейлінше дұрыс бағамдау үшін Қытайдың ұлттық және энергетикалық қауіпсіздік түсінігі де
зерттеледі.
Ресейдің 2040 жылға дейінгі Қытайға бағытталған энергетикалық стратегиясының бағыт-бағдарын
айқындау үшін, ең әуелі, халықаралық энергетика нарығының даму барысын зерделеу қажет. Бұл үшін
жыл сайын бірнеше мекемелер мен ұйымдардың халықаралық энергетика нарығының ахуалы жайында
жариялап отыратын жылдық есептеріне негізделе отырып, халықаралық энергетика нарығының қазіргі
жағдайы мен алдағы 25 жылдық даму барысын болжамдауға тырысу қажет.
Негізгі сценарийде айнымалыларды энергетика саласына қатысты компоненттермен ғана шектеу үшін
технологиялық даму деңгейін, мемлекеттердің және энергетика нарығындағы басқа да ойыншылардың
энергетикалық стратегияларын, демографиялық құрылымын және мемлекеттердің ЖІӨ-нің өсу
көрсеткіштерін өзгертпеуге тырыстық. Мұнда Ресей ғылымдар академиясының құрамындағы
Энергетикалық зерттеулер институты тарапынан 2014 жылы жарияланған «2040 жылға дейінгі Ресейдің
және әлемдік энергетика нарығының дамуына қатысты болжамдар» атты құжаттағы (бұдан әрі – «2014
жылғы болжам» деп аталады) деректер пайдаланылды. Сондай-ақ, сынақтан өткен заманауи жаңа
технологияларды да энергия ресурстарын өндіру, өңдеу және тасымалдау үдерісіне интеграциялау
көзделді. Сонымен қоса, халықаралық энергетика нарығындағы ойыншылар ұстанатын энергетикалық
стратегиялардағы басымдықтар да бүгінгіге ұқсас деп қабылданды. Ресейдің және Қытайдың соңғы
энергетикалық стратегияларында айқындалған басым бағыттарға да ден қойылды. Дүниежүзі халқы жыл
сайын орташа есеппен 0,9%-ға өсіп отырғандықтан, 2040 жылы 9 миллиардқа жетеді деп есептелді. Ал,
әлемдік ЖІӨ көлемі жыл сайын орташа есеппен 3,5%-ға артып отырғандықтан, 2040 жылы 2,8 есеге
өсетіні болжамдалды [2].
Ресейдің энергетикалық стратегиясын әзірлеу кезінде шетелдік дереккөздерден гөрі Ресей ғылымдар
академиясының құрамындағы Энергетикалық зерттеулер институтының статистикалық мәліметтерін
қолдануға едәуір басымдық берілді. Осыған орай, 2040 жылға дейінгі халықаралық энергетика нарығында
орын алуы мүмкін өзгерістер мен жағдайларды зерттеу кезінде осы құжаттың деректері көбірек
пайдаланылды. 2014 жылғы болжамға сүйенсек, 2010-2040 жылдар аралығында әлемдегі энергия тұтыну
көлемі жыл сайын орташа есеппен 1,3%-ға ұлғайып, 2010 жылға қарағанда 2040 жылы 46%-ға артады.
Бұл көрсеткіш Энергетикалық зерттеулер институты тарапынан жарияланған алдыңғы құжаттардағы
мәліметтермен салыстырғанда біршама көп. Себебі, 2008 жылғы бүкіләлемдік экономикалық дағдарыстан
кейін 2011 жылы экономикалық өсу көлемі болжамдалғаннан да жоғары көрсеткішке қол жеткізді.
Осы уақыт аралығында экономикасы өсіп келе жатқан дамушы елдер әлемдегі энергия көп тұтынатын
елдерге айналады. Ал, дамыған елдер болса, энергия үнемдеу саясатын ұстануы нәтижесінде энергия
тұтыну көлемін 2040 жылға дейін небәрі 4,6%-ға ұлғайтады. Онда да бұл көрсеткіш 2030 жылға дейін
ұлғайғанымен, одан кейінгі кезеңде өспей, тұрақтанады. Бүгінгі таңда шамамен АҚШ-пен бірдей
деңгейде энергия тұтынатын Қытайдың энергия тұтыну көлемі 2040 жылға дейін АҚШ-қа қарағанда екі
есе артады. Әсіресе, өсу тенденциясы алғашқы он жылдықта айқын байқалып, кейінгі жылдары бірте-
бірте азая бастайды. Егер 2015 жылы энергия тұтыну көлемінің өсу көрсеткіші Қытайда 10%-ды құраса,
2040 жылы 1%-ға дейін төмендейді. 2025 жылдан кейін энергия ресурстарына деген сұраныс Үндістанда
(энергия тұтыну көлемінің жылдық өсу көрсеткіші 2,8%) және Шығыс Азия елдерінде едәуір ұлғаяды.
Басқа да дамушы елдердегі энергия тұтыну көлемі 2040 жылы 2015 жылға қарағанда 1,5 есе артқанымен,
олардың әлемдік энергия тұтыну көлеміндегі үлесі небәрі 30%-ды құрайды. Сондай-ақ, Таяу Шығыс пен
Африка да ең ірі энергия тұтынушы аймаққа айналады [3].
2014 жылғы болжамға сүйенсек, 2010-2040 жылдар аралығында негізгі энергия ресурстарына деген
сұраныс мұнайда 19%, көмірде 36% (2020 жылға дейін мейлінше өседі), табиғи газда 64%, атом
энергиясында 72% және жаңартылатын энергия көздерінде 92% артады. Бұның басты себептерінің біріне
2008-2011 жылдары белең алған бүкіләлемдік экономикалық дағдарыстан кейінгі кезеңде дамыған
мемлекеттердің энергия ресурстарын әртараптандыру саясатын ұстануын жатқызуға болады. Осы
саясаттың нәтижесінде энергетика нарығындағы серіктес мемлекеттердің саны ұлғайып, энергия
ресурстарын әртараптандыру күшейе бастайды. Энергетикалық зерттеулер институтының деректері
бойынша алдағы жылдары әлемдік экономикада тұтынылатын энергия ресурстарын әртараптандыру
тенденциясы одан әрі үдейе түсіп, энергия ресурстарының қандай да бір түрінің басымдығы жоғалады.
2040 жылы жер қойнауынан өндірілетін энергия ресурстарының жалпы тұтынылатын энергия
көлеміндегі үлесі 76%-ды құрайды деп күтілуде.