Кенесары хан Ерғазы Қадашұлы



Pdf көрінісі
Дата22.02.2017
өлшемі144,48 Kb.
#4690

 

12.12.2015 ж. 



 

Кенесары хан 

 

Ерғазы Қадашұлы 

 

(Соңы



. Басы өткен 5 қараша №181-182). 

Ресей  отарлауына  қарсы  күрес  үш  ғасырға  жуық  уақытты  қамтыды.  Тәуелсіздік  үшін  күрес  үздіксіз 

жалғасып  отырды.  1783-1797  жылдары  Сырым  Датұлы  бастаған  көтеріліс.  1824-1836  жылдардағы  сұлтан 

Саржан  Қасымұлы  бастаған  халық  толқуы.  1836-1838  жылдардағы  Исатай  –  Махамбет  бастаған  көтеріліс. 

1837-1847  жылдардағы  Кенесары  бастаған  қозғалыс.  1856-1857  жылдардағы  Жанқожа  Нұрмұхамедұлы 

бастаған Сырдария қазақтарының көтерілісі. 1853-1857 жылдардағы Есет Көтібар ұлы жетекшілік еткен бас 

көтеру, міне, осылай тізбектеліп кете береді. Сонау XVI ғасырдың  аяғынан 1916 жылға дейін осындай 300-

ге жуық көтерілістерді санауға болады. (М.Қозыбаев. Тарих зердесі. 2-ші кітап. Алматы. «Ғылым». 1998. 47 

б). Ендеше, Сырым, Исатай, Махамбет, хан Кене бастаған көтерілістердің әрқайсысы – ғасырларға созылған 

ұлт-азаттық   соғыстың  бір  ғана  бөлігі.  XIX  ғасырдағы  отарлық  саясатқа  қарсы  бағытталған  ең  ірі  әрі 

отарлаушыларды он жыл бойы әбігерге салған көтеріліс Кенесары Қасымұлының қолбасшылығымен 1837-

1847  жылдары  орын  алды.  Қазақтардың  XVIII-XIX  ғасырларда  болған  барлық  басқа  ірі   көтерілістерінен 

Кенесары  көтерілісінің  ерекшелігі  –  оған  үш  жүздің  бұқара  халқы  түгел  қатысты.  Қазақстанның  бар 

аймағын қамтыған Кенесары көтерілісі, жергілікті жерлерде кезек-кезек бұрқ еткен көтеріліс ошақтарының 

жиынтығы болды. Сонымен бірге, Кенесарының тартып алынған қазақ жерлерін қайтаруды және салынған 

бекіністерді  жоюды,  алым  жинау  мен  әртүрлі  салық  салуды  тоқтатуды  патша  өкіметінен  талап  етуі  және 

оның  бұрын  қазақтарға  тиесілі  болған  жерлерді  қайтару  үшін  Қоқан  мен  Хиуа   хандықтарымен  күресуі  – 

қазақ  халқының  өмірлік  мүдделеріне  сай  еді.  1837  жылдың  аяғында  Кенесары  қозғалысына  3858  отбасы 

қатысты. Бұл көтеріліс идеяларының  өміршеңдігі мен Кенесары беделінің жоғарылығының куәсі еді. 

 Қазақтың XIX  ғасырдағы ұлт-азаттық қозғалысын зерттеген атақты тарихшы Е.Бекмахановтың айтуынша, 

Кенесары  көтерілісшілердің  көсемі  ретінде  тарих  сахнасына   1837  жылы  шығады.  Үлкен  өмір  мектебінен, 

саяси  күрес  мектебінен  өткен  ақылды,  тәжірибелі  басшы,  батыр  ретінде  танылады.  1837-1845  жылдар 

аралығында жыл сайын, ерте  көктемнен қоңыр күзге дейін қазақ даласына казак отрядтары жіберіліп тұрды. 

Олар  бейбіт  халықты   тонап,   адамдарды  тұтқындап,  малдарды  айдап  әкетті.  Кенесары  мен  інісі  сұлтан 

Құшақ  екеуі  қол  қойған  Орынбор  шекаралық  комиссиясының  төрағасы  генерал-майор  Генстің  атына 

жолдаған  бір  хатында  орыс  әскерлерінің  қазақ  ауылдарына  жорықтарының  зардаптары  жыл-жылымен 

тізбектелген.  1825  және  1840  жылдар   арасында  патша  әскерлерінің  15  жорығының  қазақ  еліне  әкелген 

ауыртпалықтарын  атап  көрсете  келе,  сұлтандар  бейбіт  ауылдарға  қарсы  ұйымдас  тырылған  жорықтардың 

«тонаушылық»  сипатын  талдаған.  (Л.Мейер.  «Киргизская  степь».  С.  60).  Осы  құжатта  келтірілген  патша 

үкіметінің  екі  ғана  жорығын  келтірсек,  1837  жылы  Иван  Семенович  Карпичев  бастаған  қол  Әлике, 

Қалқаманұлы, Төртұлұлы ауылдарын талады және 350 адамды қырып кетті. 1840 жылы Ақмола округінен 

шыққан 300 патша жендеттері бейбіт жатқан Қажыған, Алтай болыстарын ойрандады, 70 адамды соққыға 

жығып, 20 әйелді тұтқынға алды, 300 түйе, 300 қой, 100 ірі қара малды тартып алды. Осы бір хат хан Кене 

бастаған  қозғалыстың  әділдік  сырын  бір  көрсетсе,  патша  өкіметінің  озбырлығын,  қазақ  даласына  жасап 

отырған  ойранының  шектен  шыққан  отаршылдық  болмысын  әшкерелеп  тұрған  жоқ  па?!  Бұған  жауап 

ретінде  Кенесары  сарбаздары  әскери  бекіністер  мен   жазалаушы  экспедицияларға,  отаршыларды  қолдаған 

қазақ  сұлтандарының  ауылдарына  шабуыл  жасады.  1837  жылы  Кенесары  сарбаздары  Ақтау  бекінісінің 

коменданты, әскери старшина  Симоновтың отрядын талқандап, 9 мылтықты, 10 тапаншаны, 500 патронды, 

басқа да суық қаруларды алып кетті. Сол жылдың қараша айында Ақтау бекінісіндегі 55 адамнан тұратын 

Хорунжий  Рытовтың  отрядын  жойып,  оның  өзін  өлтіріп,  патша  үкіметіне  ашық  қарсылық  білдірді. 

(М.Әбдіров. Кенесары және казактар. Жин: Абылай – Алматы. «Дария – пресс». 1993. 121 б.). 1838 жылдың 

көктемінен  бастап  Кенесары  жасақтары  патша   әскерлеріне   қарсы  алдын  ала  жасалған  жоспар  бойынша 

дәйекті  күрес  жүргізеді.  1838  жылдың  7   тамызында Ақмола  бекінісіне  шабуыл  жасады. Патша үкіметінің 

сойылын  соққан  сұлтан  Қоңыр-Құлжа  Құдаймендіұлы  және  әскери  старшина  Карбышев  басқарған  бекініс 

гарнизоны  Ақмоланы  қорғап  қала  алмады.  Көтерілісшілер  бекіністі  өртеп  жіберді.   Кенесары  енді  Торғай 

және  Ырғыз  даласына  бет  бұрды.  1838  жылдың  жазы  мен   күзінде  Орта  жүз  қазақтарының  негізгі  бөлігі 

Кенесары туы астына шоғырланды. Осы жылдың күзінен қозғалыс Кіші жүзді де шарпыды. Көп кешікпей 

Жоламан  би  Тіленшіұлы  өз  жасақтарымен  азаттық  үшін   күрестің  қатарын  толықтырды.  1840  жылы 

Кенесарының  әкесі  Қасым  сұлтан  қаза  болды.  1841  жылы  қыркүйекте  Кенесары  үш  жүзден  адам   жинап, 

әкесі Қасымға ұланасыр  ас берді.  Осы астан кейін  үш жүздің халқы Кенесарыны ақ киізге көтеріп, бүкіл 

қазақ халқының ханы етіп сайлады.  Кенесары өз хандығын нығайту үшін біраз экономикалық және саяси 

шараларды  жүзеге  асырды.  Оның  алым-салық   саясаты  шариғатқа  негізделіп,  мал  өсіретін  аудандарда 

зекетті, егіншілікті аудандарда ұшырды енгізді. Халықтан алым-салық жинауды арнайы жасауылдар жүзеге 

асырды. Кенесары құрған мемлекет феодалдық мемлекет болды, оның әлеуметтік негізін билердің орта тобы 



мен  төре  тұқымына  жатпайтын  феодалдар, батырлар құрады. Басқарудың  негізгі  тұтқасы  Кенесарының  өз 

қолында болды. Оның жанында ең жақын серіктерінен: батырлар, билер және ханның кейбір туыстарынан 

құралған  Кеңес  жұмыс  істеді.  Хандық  кеңеске  негізінен  азаттық  қозғалысының  мүдделеріне  адал,  жеке 

басының батылдығымен, дипломатиялық қабілетімен көрінген адамдар енді. Мәселен, оның інісі Наурызбай 

батыр, Ағыбай, Иман батырлар, өзінің елшілік табыстарымен атағы шыққан би  Шоқпар Бақтыбаев, Сайдақ 

қожа  Оспанов,  т.б.  Кенесары  мемлекеті  сот,  елшілік,  қаржы,  әскери  іспен  және  азық-түлік  жинау 

мәселелерімен  айналысатын  жеке  адамдар  арқылы  басқарылды.  Жоғары  сот  билігін  Кенесары  өз  қолына 

шоғырландырды. Ру аралық сот істерін шешу үшін ол билерді  тағайындады. Сөйтіп, Кенесары тұсында елді 

басқару  белгілі  бір  жүйеге  келтіріліп,   мемлекеттік  аппарат  жеке  салаларға  бөлінді.  Басқарудың  арнайы 

қызметі хандық кеңес шешімдерінің, үндеулерінің ауылдарда таратылуын, түсіндірілуін және орындалуын 

қадағалап отырды. (Е.Бекмаханов. «Казахстан в 20-40-е годы XIX в». Алма-Ата. 1992. С. 281-283). 

 Хан  болып  сайланған  соң  1841  жылы  күз  айында  Кенесары  жасақтары  Қоқан  хандығына   қарсы  соғыс 

жүргізді. Соғыс ашқан мезгіл де қолайлы болды. Сол кезде Қоқан мен Бұхара  хандықтары арасында соғыс 

жүріп жатқан.  Кенесары Қоқанға қарсы Бұхардың одақтасы ретінде соғыс ашты. Оның әскерінің құрамына 

өз  отрядымен  бірге  халық  батыры  Жанқожа  Нұрмұхамедов  те  кірген  еді.  Қыркүйек  айының  басында 

Шөмекей,  Төртқара,  Табын  руларының  қазақтарынан  құралған  Кенесарының  төрт  мың  адам 

болатын  іріктелген отряды Ташкентті қоршауға алды. Алайда, әскер қатарында жұқпалы індеттің басталуы 

қаланы  алуға  мүмкіндік  бермеді.  Негізгі  күш  Созақ,  Жаңақорған,  Жүлек,  Ақмешіт  қамалдарын  қоршады. 

Әсіресе,  Созақ  қамалы  үшін  шайқас  қиян-кескі  болды.  Өйткені,  қамалды  бес  мың  солдат  қорғап  тұрған 

болатын.  Созақ  үшін  шайқас  он  екі  күнге   созылды.  Нәтижесінде,  қамал  алынып,  қиратылып  тасталды. 

Содан  соң  Сауран  қамалы   алынды.  Қоқанның  қол  астындағы  қазақтар  азат  етіліп,  Торғайға  қарай 

көшірілді.   Созақтың  және  басқа  да  қамалдардың  алынуы  қоқандықтарға  қатты  соққы  болып 

тиіп,  Кенесарының ірі жеңісі болып табылған еді. Бұл жеңіс Кенесарының байырғы қазақ жерлерін сыртқы 

жаулардан тазарта алатынына халықтың көзін жеткізді. Қоқан хандығы  ірі жеңіліс тапқан соң, Кенесарымен 

мәңгілік  одақ  құруға  ұсыныс  жасады.  Кенесары  мұндай  одақ  құрудан  бас  тартып,  қазақтарға  тиесілі 

жерлерді қайтарып беруді талап етті. Осыдан кейін барып соғысты тоқтатқан Кенесары Торғай маңындағы 

ордасына қайтып оралды. Кенесарының сыртқы саясатының басты мақсаты тәуелсіз Қазақ хандығын құру 

болды. Ол осы мақсатын жүзеге асыру үшін Орта Азия хандықтарынан өзіне сүйеу  іздейді, олардың ішкі 

істеріне араласып, билеушілерін өз жағына тартуға күш салады. Хиуа ханымен Бұхар әміріне өз елшілерін 

жіберіп,  байланыс  орнатады.  Орта  Азия  мемлекеттерімен  сауда  көлемін  ұлғайтып,  олардан  өзіне  қажетті 

қару-жарақ,  оқ-дәрі  алып  тұрады1843  жыл  Кенесары  хан  үшін  аса  күрделі  болды.  Осы  жылы  Орынбор 

генерал-губернаторы В.Перовский кетіп, оның орнына генерал В.Обручев келеді. Кенесары мен Перовский 

бір-біріне  сыйластықпен  қарайтын.  Сондықтан,  көп  мәселелер  әділдікпен  шешілетін.  Енді,  Орынбор 

әкімшілігіне  орыс  патшасының  Кенесарыға  қаны  қас  тағы  бір  ұлығының  келуі,  оны  Батыс  Сібір  генерал-

губернаторы, князь Горчаковпен бірігіп, Кенесарыны қуғындауына кең мүмкіндік жасады. Сөйтіп, Горчаков 

пен  Обручев  Кенесары  бастаған  ұлт-азаттық  көтерілісін  тұншықтыруға,  Кенесарының  көзін  жоюға  1843 

жылы  23  маусымда  патша  Николай  Біріншіден  рұқсат  алады.  Соғыс  шығынын  өтеу  үшін  14  мың  сом, 

Кенесарының  басын  кесіп  әкелген  адамға  сыйға  беруі  үшін  түтін  салығы  есебінен  үш  мың  сом  қаржы 

бөлінді. Алайда, күзгі суықтардың жақындауына байланысты  Кенесарыға қарсы әскери қимылдарды келесі, 

1844  жылы  жалғастыру  көзделді.  Уақытша  тыныштықты  пайдаланып,  Кенесары  жаңа  шайқастарға 

дайындала  бастады.  Дәл  осы  кезде,  өкімет  орындарының  мәліметтері  бойынша,   Кенесарыда   «жақсы 

қаруланған 8000 адамдық жасақ» болған. 1843 жылдың соңында  Ержан Саржановпен бірге Кенесары 3500 

адамымен Орынбор ведомоствосының орта бөлігінің билеушісі сұлтан Арслан Жантөриннің Ойыл өзенінің 

бойындағы ауылына шабуыл жасады. Оның 5500 жылқысын, 3500 түйесін, 970 сиырын  және 7000 қойын 

айдап  әкетті.  (Е.Бекмаханов.  Казахстан  в  20-40-е..,  С.  261).  Артына  түскен  қуғыншыларға  қарамастан, 

Кенесары әскері сұлтандар ауылына шабуылдауын қойған жоқ. 1844 жылдың жазында Кенесары бастаған 

халық қозғалысын басу үшін Ор бекінісінен, Ұлытаудан, Тобыл өзенінен патша әскерлерінің үш үлкен тобы 

шықты. Олардың алдына Кенесары жасақтарын қоршап, шешуші соққы беру міндеті қойылды. Осы міндетті 

ойдағыдай  іске  асыру  үшін,  олар  Кенесарымен  шайқас  жүріп  жатқан  жерлерге  бет  алған   генерал 

Жемчужниковтың  әскерімен  күшейтілді.  Отты  қарумен  қаруланған  патша  әскеріне   қарусыз  халық 

жасақтарының  төтеп  беруі  қиын  еді.  Негізінде,  хан  Кенесарының  дарынды  қолбасшылық  қасиеті,  орыс 

әскерлерінің ашық ұрыстағы соғысу әдісімен таныстығы, қазақ жасақтарының күшін ептілікпен пайдалануы 

азаттық күрестің тегеурінді болуына әсерін тигізгені анық. Ағылшындық Томас Аткинсон (1799-1861 ж.ж.) 

қазақ  сахарасында  жеті  жыл  өмірін  өткізіп  еліне  оралған  соң  «Орта  Азия  мен   Батыс  Сібір»  атты  еңбек 

жазған.  Аткинсон  өзінің  Кенесары  туралы  естіген  әңгімелерін  былайша  жазып  қалдырған.  «Кенесары 

қазақтардан  тамаша  жауынгерлер  даярлады.  Найза  мен  айбалтаны  ғажайып  игерген,  шапшаңдықтары  көз 

ілестірмейтін  Кенесары  жігіттері  өздерінен  көп  жаудың  күштерімен  жеңісті  соғыса  беретінін  мен 

талайлардан естідім. Егер, білікті офицерлері болса, қазақтар әлемдегі ең әйгілі атты әскерлерін құрар еді. 

Оларға тарихты даңққа бөлеген Шыңғыс хан жауынгерлерінің барлық тамаша қасиеттері тән болатын». 1844 

жыл азаттық күрес тарихында ерекше орын алады. Шілде айының 20-нан 21-іне  қараған түнде  Ырғыз өзені 

бойында  Кенесарының  әскері  қазақ  феодалдарының  өзіне  қарсы  біріккен  тобына  соққы 

берді.  Қараңғылықты пайдаланған Кенесары жасағы бірден казак әскерінің де, өзіне қарсы сұлтандардың да 

лагерлеріне дүрсе қоя берген. Үкімет  жағындағы  жасақтардан бірден 24 адам шығын болды. Алғашқы ұрыс 


даласында өлім  құшқандар ішінде сұлтандар Тауқожин, Мырзалиев, Бигеновтар есімдері кездеседі. Негізгі 

қанды  қақтығыс  Кіші  жүздің  Орта  бөлігінен  құрастырылған  патша  үкіметі  жағындағы  сұлтан-билеуші 

Ахмет  Жантөрин  басқарған  топ  пен  Кенесарының  басты  күші  арасында  болды.  Осы   қарулы   тартыста 

үкіметті  қолдаған  қазақ  ақсүйектері  жағынан  44  сұлтан  қаза   болды.  Кіші  жүз  сұлтандарының  біріккен 

күштерінің  талқандалуы  Кенесары  сарбаздарының  рухын  көтерді.  (Ж.Қасымбаев.  Кенесары  хан.  Алматы. 

Қазақстан.  1993.  52  б.).  Көтерілісшілер  қимылының   қарқынды   болғандығы  соншалық,  ұрыс 

болған   жерге   жақын  келген  полковник  Дуниковский  әскери  тобының  сұлтан  Жантөреұлына  көмекке 

келуге  батылы  жетпеді.  Кенесарыға  қарсы  күресте  дәрменсіздік  көрсеткендері  үшін  войсковой  старшина 

Лебедев Орынборға шақыртылып, орнынан тайдырылып, сотқа тартылды. 

Отарлауға  қарсы  күресте  Кенесарының  ұрыс  даласындағы  қомақты  жеңістерінің  бірі  1844  жылы  тамыз 

айында  Екатеринбург  станциясына  жасаған  шабуылы.  Шабуылдың  тұтқиылдан  болғандығы  сондай,  орыс-

казактар, тіпті, қарсылық көрсете алмай қалады.  Осы жолы Кенесарының жігіттері 18 мылтық, 2 пистолет, 

18  қылыш,  27  найза   қолға  түсіреді.  (А.Сейдімбек.  Шығармалар.  Астана.  «Фолиант».  2010,  Т  –  5,  501  б.). 

Жоғарыдағы  айтылған шайқастардан кейін Кенесары жасақтары Мұғалжар тауларына барып бекінген еді. 

Патша  отрядының  Кенесарыға  қарсы  жорықтарының  бәрі  дерлік  сәтсіз  аяқталған.   Әрине,  олардың  бейбіт 

тұрмыстағы  ауылдары  тонауын,  бейкүнә  жандарды  жазықсыз  өлтіруін,  малдарын  айдап  кеткендерін 

есептемеген жағдайда казак әскерінің саны мен  сапасы басым, техникалық жарақтануы жақсы болғанымен, 

ашық  айқаста  Кенесарыға  соққы  беріп,  әскерін  жойып  жіберуге  дәрмендері  жетпеді.  Көп  жылға  созылған 

күрес  негізгі  күшін  әлсіреткен  Кенесары  патша  әскерінің  қысымымен  1846  жылы  Орта  жүзден  Ұлы  жүз 

қазақтарының  жеріне  кетуге  мәжбүр  болды,  осы  арада  ол  Ұлы  жүздің  халқын  біріктіруді,  қырғыздармен 

одақ  құрып,  Қоқан  хандығына  шабуыл  жасауды,  сөйтіп,  оның  қол  астындағы   қазақтарды,  қырғыздарды 

босатуды  көздейді.   Кенесары  Қытаймен  мәмілеге  келіп,  онымен  келіссөз  жүргізу  үшін  Құлжаға  елші 

жібереді.  Ұлы  жүз  рулары  негізінен  Кене  ханды  мойындап  қана  қойған  жоқ,  оның  әділетті   күресін 

қолдайтындықтарын білдірді. Тайшыбек, Сұраншы, Саурық сияқты батырлар өз қолдарымен келіп қосылды

сандаған  ұрыстарға  қатысты.  Алайда,  зеңбіректердің  гүрсілінен  бе,  орыс  солдаттарының  мылтығының 

жарқылдаған үшкір найзасынан ба, әлде Кенесарының жеңісіне күмән болғаннан ба, Дулат, Албан, Сыбан, 

Шапырашты  руларының  сұлтандарының  бір  бөлігі  Ресейдің  билігіне  бас  июге  генерал  Вишневскийге  ант 

етті. 1846 жылдың маусым айының 23-інде Ұлы жүздің жоғарыда көрсетілген руларымен Аягөз, Көкпекті 

және Қарқаралы округінің старшын, биі, сұлтандары қатысқан генерал Вишневскийдің басқаруымен өткен 

кездесуде  хан  Кенесарыны  мойындамау,  оның  талаптарын  орындамау,  «бүлікшінің  қылықтары»  байқалса, 

жақын  жердегі  округтарға  бірден  хабарлап  тұруға  міндеттенді.  Жеке  ақсүйектердің  империяның  билігін 

мойындауы – көтерілістің ту сыртынан соғылған пышақ болды. (Ж.Қасымбаев. Кенесары.., 79 б.). 

 Кенесары  қырғыздарды  жау  санаған  жоқ.  Оның  басты  жауы  Қоқан  және  алды  мұнда  келіп  жеткен  орыс 

әскерлері  болатын.  Сондықтан  да,  ол  қырғыз  манаптарына  Қоқанға  қарсы  бірігіп  соғысуға  ұсыныс  жасап, 

қырғыздарға  алты  мәрте  елші  аттандырды.  Бірақ,  қырғыздар  Кенесарының  бірлікке  ұмтылған  бірде-бір 

қадамын  қолдамады.  Сын  сағатта  қырғыз  манаптары  қазақтарға  қол  ұшын  беру  былай  тұрсын,  Қоқан 

езгісінде отырған өз халқын сатып кетті. Қоқандармен әскери одақ құрып, Кенесарының басын алып береміз 

деп орыстарға ант берді. Кенесарының басқан ізін орыс генералдарына жеткізіп отырды. 1846 жылғы жазғы 

айлардың  бірінде  мың  қаралы  жасағымен  Кенесары  қырғызға  бет  алды.  Хан  солтүстік  қырғыз 

манаптарының өзіне бағынуын талап етті. Қырғыз манаптары  – Орман, Жантай және Жаңғараш тайпалар 

өкілдерінің 

құрылтайын 

шақырды. 

Сарыбағыш, 

Бұғы, 

Саяқ, 


Солто, 

Шерік 


және 

басқа   тайпалардың   өкілдері  Қазақ  ханының   талаптарын  орындаудан  бас  тартып,  орыстың  генерал-

губернаторы  Капцевичке  өздерінің   Кенесарымен  соғысатынын  хабарлап,  одан  көмек  сұрайды.  Қоқан 

бектерінің  тепкісіндегі  оңтүстік  қырғыз  тайпаларының  манаптары  бұл  мәжіліске  қатыспады.  Қырғыз 

манаптарын,  әсіресе,  Орман  манап  бастаған  қырғыз  феодалдарын  сескендірген  нәрсе  «биліктен  айрылып 

қаламыз ба»  деген  қауіп еді1847 жылы Кенесары 10000 сарбазымен қырғыз елінің солтүстігіне басып кірді. 

Кенесары  ханның  қырғыз  жасағымен  соңғы  шайқасы  1847  жылы  17-25  сәуір  аралығында    Тоқмақтың 

шығыс  жағындағы  Кекілік-Сеңгір  тауының  бөктеріндегі  Шу  өзеніне  1-2  шақырымдай  жердегі  Майтөбеде 

болды.  Қырғыз  манаптарының  жасағы,  генерал  Вишневскийдің  пулемет  пен   зеңбірекпен  қаруланған 

офицерлері  мен  солдаттары,  Қоқан  хандығының  сарбаздары  қазақ,  қырғыз  зерттеушілерінің  болжауынша, 

100 мыңдай адамды құраған. Бас қолбасшылық Орманның қолында болды. Кенесары қолы өзінен  күші 10 

есе  басым  жаумен  үш  күн  бойы  соғысты.  Шешуші  шайқас  қарсаңында  Рүстем  төре  мен  Сыпатай  батыр 

соңына  ерген  жасақтарымен  ұрыс  алаңын  тастап  шықты.  Бұл  оқиғаның  Кенесары  қозғалысын  тұйыққа 

тірегені  тарихи  шындық  болатын.  Иман  (Аманкелдінің  әкесі),  Бұғыбай,  Бұқарбай,  Құрман  батырлар  опат 

болды.  Қырғыздардың   қолына  1000-нан  аса  қазақтар  тұтқынға  түсті.  Тұтқында  қалғандар  арасында 

Кенесары,  сұлтандар  –  Құдайменді,  Ержан  және  басқа  да  32  төре  тұқымдары  бар.  Үлкен  ерлікпен   жау 

тобын бұзып шыққан Наурызбай, Ағыбай, Жекебатыр тобы болды. Бірақ, аз ғана  адамымен Кенесарының 

жау қолына түскенін естіген Наурызбай ағасын қимай, жау әскеріне өз еркімен келіп беріледі. Тұтқынға өзі 

келіп түскен інісін көргенде Кенесары інісіне «бекер болды-ау, сен ат үстінде жүргенде бұлар маған ештеңе 

ете алмас еді. Енді, бәрі бітті» деген екен. Патша әскерінің кеңесімен қырғыз манаптары екі батырдың да 

басын  шапты.  Кенесары  –  45  жасында,  Наурызбай  –  25  жасында  өлген.  Кенесарысыз  Наурызбай  жоқ, 

Наурызбайсыз  Кенесары  жоқ.  Халық  ұғымында  ешқашан  ажыратылмай,  екеуі  бір  аталады.  Кенесары  да, 

Наурызбай  да  тәуелсіздік  үшін,  болашақ  үшін  өлетінін  білсе  де,  өздері  ұрпақтардың  бақыты  үшін  құрбан 


болған батырлар. Наурызбай – өзі әнші, өзі ақын, өзі күйші-сазгер. Осы арада арнайы айта кетейік, «Төрелер 

күйі»  деп  аталатын  көп  күйлер  бар.  Сол  «Төрелер  күйлерінің»  бастауында  жиырмаға  жуық  күй  шығарған 

заңғар Абылай хан тұр. Осы «Төрелер күйлерінің» бір өкілі Наурызбай еді. Соның бәрінен де Наурызбайдың 

батырлығы  басым  болған.  Кенесары  қысылтаяң,  қиын  жерлерге  тек,  көбіне,  соны  ғана  жұмсаған.  (Қазақ 

тарихынан.  Алматы.  Жалын,  1997  ж.  507-509  беттер).  Орыс  үкіметі  Кенесарыны  «жазалаушылардың» 

«еңбегін ұмытпады». Жантай Қарабеков патша үкіметінен алтын медаль, арнайы мақтау қағазына ие болды. 

Орманға  алтын  жіптермен  тігілген  халат  тапсырылды.  Қалығұл  Әлібеков  ханның  басын 

Қапалдағы  генералға жеткізгені үшін  күміс медальмен марапатталды. 

 Кенесарының  жеңілу  себептерінің  бірі  –  бір  жағынан,  орыс  үкіметінің,  екінші  жағынан,   Қоқан 

билеушілерінің  қырғыздарды  айдап  салуының  да  салдары  екендігі  дәлелдеуді  қажет  етпейді.  Қазақ 

халқының азаттық күресі шын мәнінде, Ресейдің қырғыз жерін де,  Қоқан хандығын да жаулап алуын біраз 

уақытқа шегерді. Әсіресе, Ташкент бектерінің,  одан қырғыз манаптарының Кенесарыға қарсы қимылдары 

царизмнің  Орта  жүздің  басты  аудандарын,  әсіресе,  Ұлы  жүзді  алуға  жол  ашқандығын  түсіну  қиын  емес. 

Феодалдық бытыраңқылық пен жегідей жеген ішкі қайшылықтардан туған қауіпті жете ескермеу,  қырғыз, 

қазақ және өзбек халықтарын, кейіннен түркімендерді патша үкіметінің  бодандық бұғауына байлап берді. 

 Кенесарының  қолбасшылық  өнері  туралы  сипаттамаларды  орыс  тарихнамасынан  да  байқаймыз.  Әскери 

тарихшы В.А.Потто 1872 жылы өзінің «Қырдағы жорықтар хақында» деп аталатын дәрістерінде көтерілістің 

көсемін  «жеңімпаз  хан,  қырғыздың  Шәмілі»  деп  баға  берген.  XIX  ғасырдың  бірінші  жартысында  Ресейде 

болған  ұлт-азаттық  қозғалыстардың  ішінен  имам  Шәміл  мен  Кенесары  бастаған  көтерілістің 

ерекше   дараланып  тұратынын  еске  алсақ,  бұл  бағаның  орынды  екенін  пайымдаймыз.  Орыстың  әскери 

тарихшысы Н.Середа өзінің «Қырғыз (қазақ) сұлтаны Кенесары Қасымовтың дау-дамайы» деген еңбегінде: 

«Кенесары  өз  жасағының  мәртебелі  әміршісі  бола  білді.   Кенесарының  қолы  жорықтарда,  қамал  алдында 

бөгелмейтін.  Қайта  бөгеттер  оның   қайтпас  еркін   қайрай  түсетін,  мақсатына  жету  жолында  кездескен 

кедергілерді  жайратып,   қаһарлы  күшті  тасқындататын.  Көтеріліс  қолбасшысы  өз  басына  түскен  небір 

қиыншылық,  күйзеліс,  қуғын-сүргінге  қарамай,  жауына  бет  қаратпай  дауылдап  тиюші  еді»,  –  деп 

Кенесарының халқы үшін басын бәйгіге тіккен батыр екенін жарқырата суреттейді. 

 Кенесары опат болганда оның  артында 8 ұл, 4 қыз, екі әйел жесір қалды. Баласы Сыздық сұлтан, әке жолын 

қуып,  отарлау  саясатына  қарсы  күресіп  өтті.  Архив  деректері  растағандай,  1842  жылы  2  наурызда 

Кенесарының  әйелі  Күлімхан  ханымды  қызымен   бірге  патша  әскерлері  кепілдікке  ұстап  әкетті. 

Кенесарының сол қызының немересі Александр Гаврилович Мойсеевский (1902-1971) ұлты – орыс. Әскери 

шені генерал-майор. Ұлы Отан соғысы жылдарында 312-атқыштар дивизиясын (8-інші гвардиялық армия, І 

Белорус  майданы)  басқарған.  Совет  Одағының  Батыры.  Сонау  XIX  ғасырдың  басында  Кенесары 

бабамыздың:  «Қазақ  жеріне  өзі  ие  болмай,  жеке  мемлекет  құрмай,  ел  болып  жарытпайды»,  –  деген 

көрегендік  сөзін  тарих,  өмірдің  өзі  дәлелдеп  отыр.  (Қазақ  тарихы...,  516-519  б.).  Қазақ  елінің   тарихында 

бостандық үшін болған көтерілістердің ішінде ең маңыздысы  – Кенесары басқарған ұлт-азаттық қозғалыс. 

Ол  бүкіл  өмірін  халқының  бостандығы  үшін  арнап,  он  жыл  бойы  өте  қиын  жағдайда  Ресей  империясына, 

Қоқан,  Хиуа  хандықтарының   басқыншылық  шабуылдарына  тойтарыс  беріп  отырды.  Ерлігімен, 

даналығымен,  әділеттілігімен  абырой  алып,  хан  болып  сайланды.  Кене  хан  мен  Наурызбай  қозғалысына 

қатысқан  ата-бабаларымызды  құрметтеу  –  бәріміздің  міндетіміз.  Елін,  жерін  қорғаған  бабаларымызды 

құрметтеу жас ұрпақтарымыздың патриоттық сана-сезімін қалыптастыруға қызмет етуі керек. 



 


Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет