Сүлікше қоңыздар-қызыл кеуделі-Oulema melanopus L., көк-Lema lichensis Voet. (Coleoptera-қатты қанаттылар отряды, Chrуsomelidae- жапырақ жемірлері тұқымдасы). Біріншісі-түсі жасылдау көк қоңыз, алдыңғы арқасы мен аяқтары сарғылт-қызыл, жоғарғы қанаттарында қатар орналасқан нүктелер болады. Дене ұзындығы-4-4,8 мм. Екіншісі - алдыңғы арқасы кеуденің басқа бөліктерінен айырмашылығы жоқ, дене ұзындығы-3-4 мм. Дәрнәсілдің құрсақ жақ бөлігі көтеріңкі, қара қоңыр шырышпен қапталған, үш жұп кеуде аяқтары бар. Дәрнәсілдің дене ұзындығы 5 мм-ге дейін болады. Жылына бір ұрпақ береді. Қоңыздар топырақта немесе өсімдік қалдықтарында қыстайды. Өсіп-өну, көбею үшін көктемгі-жазғы мерзімдегі ылғалды және жылы ауа райы өте қолайлы. Аналықтары жұмыртқаларын жапыраққа 3-7 данадан тізбектеп салады, барлығы 200 жұмыртқа. Дәрнәсілдер 12-14 күннен кейін пайда болады. Олар 3 жас өтіп дамиды. Қуыршақтану топырақтың жоғарғы қабатында өтеді. Дәрнәсілдер сұлыға, арпаға, қатты бидайға едәуір зиян келтіреді. Жапырақ жұмсағымен қоректенеді, жапырақ талшықтары мен эпидермиске көп тимейді. Қоңыздар жапырақтарды саңылау және ұзынша келген ақ жолақтар жасап зақымдайды. Зақымданған жапырақтар сарғайып қалады, ассимиляция барысы төмендейді. Күрес шаралары. Сүлікше қоңыздарды және олардың дернәсілдерін 8-16 үлгілерде (әр үлгі 0,25м2 ) өсімдіктерді қарап есептейді. Жаздық астық дақылдарының түптену кезеңінде 10-15 қоңыз/м2 , күздік дақылдарында 40-50 қоңыз/м2 , түптену кезеңінде 1 сабақта 0,5-1 дәрнәсіл табылса, химиялық күрес жұмыстарын жүргізу керек. Инсектицидтермен бүрку «Тізім...» регламенты бойынша жүргізілуге тиіс (Қосымшаны қараңыз).
Астықтың барылдақ қоңызы- Zabrus tenebrioides Goere.(Coleoptera- қатты қанаттылар отряды, Carabidae- барылдақ қоңыздар тұқымдасы). Ересек қоңыздар шымқай қара түсті, үстіңгі қанаттарында нүктелі терең әжімдер болады, дене ұзындығы 14-16 мм. Дернәсілдердің дене ұзындығы 28 мм жетеді, бас бөлімі және көкірек бунақтары қара-қоңыр немесе қара түсті, кеуде түсі ақшыл, ақ сары немесе сұрша-жасыл болуы мүмкін. Дернәсілдер топырақта қыстайды. Қуыршақтану топырақтың үстіңгі қабатында өтеді. Ересек қоңыздар күздік бидайдың дән толысу кезеңінде пайда болады. Ыстық және құрғақ ауа райы әсерінен қоңыздардың өсіп-өнуінде бір айға жуық созылатын үзіліс туады. Тамыз айында қоңыздар жұмыртқаларын топыраққа топтап 10-15 данадан салады, барлығы 100 жұмыртқа. Жаңадан шыққан дәрнәсілдер суық күзге дейін қоректенеді. Қоңыздар мен дернәсілдер зиянкесті, бірақ негізінен дернәсілдер қатты зиян келтіреді, өскіндер мен жас өсімдіктерді құртып тастайды. Түнде қоректенеді. Ересек қоңыздар дәнді, масақ қабыршықтарын жеп қояды. Дернәсілдер өскіннің жапырағын жеп, оларды топырақтың жоғарғы қабатына тасиды. Зақымданған жапырақтар түте-түтесі шығып, түйір-түйір шайнап тастаған талшыққа ұқсайды. Дернәсілдердің зақымдануынан егіннің көгі сиреп қалады. Барылдақ қоңыз астық дақылдарының көптеген түрлерімен қоректенеді, әсіресе күздік бидайды көбірек зақымдайды. Жылына бір ұрпақ береді. Күресу шаралары. Барылдақ қоңыздың өсіп-өніп көбеюіне бидайды жыл сайын бір жерге өсіре беру қолайлы жағдай туғызады. Алғы дақыл есебінде жақсылары-ол сүрі жер, отамалы дақылдар. Өнімді мезгілінде ысырап істемей жинап алудың үлкен маңызы бар. Дәрнәсілдерді 8-16 топырақ үлгілерінде (әр үлгі 0,25м2 ) 15 см тереңдікке дейін қарап есептейді. Күздік бидай танабында 1-5 дернәсіл/м2 табылса, инсектицидтер қолдану керек.