Байланысты: Кешенді емтихан а арнал ан с РА тар топыра тану топыра профилі,
Агрофитоценоздарда жиі кездесетін арамшөптерге сипаттама. Агрофитоценоз, агроценоз (гр. ‘agros’ егістік жер, phyton өсімдік, koinos жалпы) — құрамына мәдени және екпе дақылға зиян келтіретін арамшөптер кіретін адам қолымен жасалған өсімдік бірлестігі; ауыспалы егіс, тыңайту және өсімдіктерді қорғау жүйесі бірыңғай шаруашылық тәртіпте қолданылатын агроэкожүйенің (бір егістіктің) біртекті үлескісі шегіндегі мәдени өсімдіктер мен арамшөптер жиынтығы.
Агрофитоценоз ауыспалы егістің немесе көп жылдық дара дақылдық егістіктің барлық фазаларын біріктіреді. Ауыспалы егіс барысында мәдени өсімдіктер өзгергенде топырақты арамшөптердің тұқымды және өсімді бастамасы (тамырсабағы) тұрақты сақталады. Агрофитоценоздың құрылымы мәдени өсімдікті еккеннен қар жауғанға дейінгі өсімді маусымда өзгереді. Мұндайда мәдени өсімдіктердің дамуына байланысты биіктеп өсуі, өркендер саны, жалпы биомассасы, өсімді және генеративті мүшелері арасындағы жайғасулары ғана өзгеріп қоймай, арамшөптердің маусымдық қозғалыс құрамы мен күйі де өзгереді. Олар әр түрлі кезеңде гүлдеп, жеміс береді. Сонымен қатар Агрофитоценоз құрылымы климаттың ауытқуынан және ауыспалы егіс фазасына байланысты өзгеріске ұшырайды. Ылғалды және климаты салқын жылдары мәдени өсімдіктердің өсуі тежеліп, арамшөптер қаптап кетеді. Гербицидтер қолданудан да Агрофитоценоздың құрылымы өзгереді. Адамның іс-әрекеті нәтижесінде табиғаттағы жабайы өсімдіктер 4 мәдени өсімдіктер тобына бөлінеді:
адамның араласуы нәтижесінде өзгеріске ұшыраған өсімдіктердің табиғи тобы мәдени түрге айналдырылған Агрофитоценоз деп аталады. Бұған жоспарлы түрде пайдаланылатын табиғи орман мен жайылым, шабындықтар жатады;
қолдан егілген орман мен көп жылдық екпе шөп шала мәдени Агрофитоценозға жатады. Олардың өсіп-жетілуіне жоспарлы шаралар қолданылмайды;
қолдан егіп, үнемі бақылап, жақсы өсіп-өнуіне түрлі шаралар қолданылып отыратын өсімдіктер құрамы (егістіктер, бақтар, т.б.) мәдени Агрофитоценозға жатады;
интенсивті Агрофитоценозға жылыжай, гидропоника өсімдіктері жатады. Мұнда адам топырақты ғана емес, ауаны да реттеп отырады. Кейбір арамшөптер ауылшаруашылық дақылдарының өсу жағдайына соншалықты бейімделген, яғни, оларсыз тіршілік ете алмайды. Олардың мәдени өсімдіктерге бейімделгені соншалық, тіпті даму кезеңдері, тұқым көлемі (ені, ұзындығы) бірдей. Мысалы, күздік дақылдар ішіндегі қарабидай арпабасы, күріш егісіндегі күрмек, тағы басқалар. Сондықтан оларды бейімделген немесе айырылмас серіктес арамшөптер деп атайды. Арамшөптердің ауылшаруашылыц өндірісіне тигізетін зияндары. Арамшөптер — егіншіліктің ең басты жауы. Кейінгі кезде ірі кеңшарлар мен ұжымдық шаруашылықтар ыдырап, олардың орындарына пайда болған кішігірім шаруашылықтарда агротехникалық шаралардың бұзылуына, яғни ауыспалы егістердің жойылуына, гербицидтердің қолданылмауына, жердің дұрыс өңделмеуіне және толық пайдаланылмауына байланысты республикада ауылшаруашылық дақылдарының егістігінде арамшөптердің көбейіп кеткендігін зерттеулер көрсетіп отыр. Ауылшаруашылық дақылдары мен арамшөптердің арасында тек ылғал мен қоректік заттар үшін ғана емес, сонымен бірге, жарық үшін де күрес жүреді. Биік өсетін арамшөптер ауылшаруашылық дақылдарын көлеңкелеп, өсімдік жапырағында жүретін фотосинтез процесін баяулатады, осының салдарынан органикалық заттардың түзілуі төмендейді, яғни өнім азаяды. Сондай-ақ , арамшөптер топырақтың беткі қабатының температурасын 2-4 °С-қа төмендетеді. Осының өсерінен себілген тұқым көпке дейін өнбей, топырақта жатып қалып шіруі немесе әр түрлі ауруларға шалдығуы мүмкін. Осының салдарынан дәннің егістік өнгіштігі төмендейді, яғни өнім азаяды. Сонымен қатар, кеш көктеп шыққан өсімдіктің вегетациялық кезеңі ұзарып, күзде кеш піседі. Бұл, әсіресе, жазы қысқа, күзі ерте түсетін Қазақстанның солтүстік облыстары үшін өте қауіпті жағдай.
Арамшөптер ауылшаруашылық дақылдарының зиянкестері мен ауру қоздырғыштарының тіршілік ететін және оларды тарататын мекені болып табылады. Мысалы, қант қызылшасының зиянкесі қант қызылшасы бізтұмсығының мекені алабота болса, ал егістік шырмауықта шабындық көбелек дамып, ол кейіннен мәдени өсімдіктерге зиян келтіреді. Кейбір арамшөптердің жемістері, тұқымдары улы болып, адамдарды жөне малдарды уландырады (қырық-буын, сарғалдақ, қара меңдуана, үйбидайық, кәдімгі қарамықша), ал кейбір арамшөптердің жағымсыз иісі малдардан алынатын өнімдерді бүлдіреді. Мысалы, ермен, жуа сүтке ащы дәм береді. Жекелеген арамшөптердің гүл тозаңдары адамдарда аллергия ауруын тудырады. Мәселен, жусан жапырақты ойраншөп тозаңдары пішен қыздырмасын қоздырады. Арамшөптер жөне олардың тамырлары ауылшаруашылық машиналары мен жер өңдеу құралдарының кедергісін 30 пайызға дейін арттырады, осының нәтижесінде жанар-жағармайдың шығыны көбейеді. Мысалы, арамшөбі басым 1 гектар жерді өңдеуге 28,7 кг жанармай жұмсалса, ал арамшөбі аз осындай жерге 17,6 кг жанармай кетеді. Ошаған, қарасұлы және басқа арамшөптер тікенектері және қылқандары арқылы жануарларға зақым келтіріп, олардан алынатын өнімдердің, әсіресе жүннің сапасын төмендетеді.
Арамшөптер басым болған алқапты бірнеше рет өңдеуге тура келеді, ол топырақтың үгітілуіне және ылғалдың тез буланып ұшып кетуіне әкеліп соқтырады, Жел эрозиясы қаупі бар және жауын-шашын мөлшері аз Қазақстан аумағы үшін бұл — өте зор зиян. Арамшөптер ауылшаруашылық дақылдарының өнімін күрт төмендетеді.