Экономиканың барлық саласындағы кәсіпорындардың иелері мен еңбек ұжымдары шикізат пен материалдарды ұқыпты жұмсауға, өндіріс қалдықтарын азайтуға, оның сапасын көтеруге, өзіндік құнын төмендетуге, қоршаған ортаны сақтауға мүдделі. Бұл орайда шаруаға қырсыздықпен қарауға, кәсіпорынның материалдық құндылықтарын, ақша қаражаттарын және басқа ресурстарын заңсыз және тиімсіз жұмсауға және тонауға қарсы күресте бухгалтерлік есептің атқарар ролі ерекше. Деректі жинау емес, оны ұғыну мен пайдалану маңызды.
Нарық экономикасының өркендеуі ғылымдарының және қоғамдағы өндірістік қатынастарының алдына жаңа талаптар қоюда. Заңды және жеке тұлғалар әртүрлі жолдармен шаруашылық субьектісін басқаруға қатысады. Басқаруға қатысудың бір түрі- олардың басы бос қаржыларын өндірістің өркендеуіне бағыттау, қаржы-несиелік қатынастарға кірісуі және инвестицияларды жарғылық жұмыс капиталдарының қорлануына жұмсау. Қаражаттарын бағыттау үшін мекемелердің қаржылық жағдайын зерттеу, олардың шаруашылық -өндірістік бағытын бақылау әрбір инвестордың, қатынасушының, несиелеушінің және акционердің негізгі міндеті.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Комиссиясының 1996 жылғы 12 қарашадағы №2 қаулысына сәйкес барлық кәсіпорындар меншік нысаны мен меншік түріне қарамастан Бухгалтерлік есептің Қазақстандық стандартына көшті. Шаруашылық ету жағдайларының өзгеруіне байланысты кәсіпорынның есеп беру нысандары жетілу жағына өзгереді. Атап айтқанда, есеп беру Халықаралық бухгалтерлік стандарттардың талабына сай келе бастады. Кәсіпорынның, мекеменің қаржылық есеп беруі есеп процесінің соңғы сатысы болып табылады. Кәсіпорынның қаржылық есеп беруінде Кәсіпорынның мүлік және қаржы жағдайына сипаттама беретін жиынтық деректер, Кәсіпорынның қызметінің нәтижелері көрсетіледі.
Несиелеу қарыз капиталының қозғалысы болып табылады- ол процент түрінде үстеме төлем төлеп қайтару шартымен қарызға берілген капиталдың қозғалысы. Несиенің обьективті қажеттілігі ең алдымен өнеркәсіп пен сауда капиталының айналымдық заңдылығымен байланысты.
Төлем қабілеттілігі «несиеге қабілеттілік» түсінігімен салыстырғанда кеңірек ұғым. Төлем қабілеттілігі кәсіпорынның барлық қарыздарын өтеуге, соның ішінде алған банк несиесін қайтаруға мүмкіндік беретін қаржылық жағдайын сипаттайды. Банктер несиелеу процесінде, нарық қатынастарының қалыптасуына, қоғамдық өндірістің тиімділігін көтеруге, Қазақстан Республикасы егеменді мемлекеттің экономикасы мен қаржыларын нығайтуға, айналымда ақша массасының негізсіз өсуін шектеуге, инфляция процестерін болдырмауға және ұлттық валютаның (теңге) нығаюына ықпал етуге міндетті.