Кинематограф - өнердің бірнеше ағымдарының шығармашылық бірлестігінің нәтижесі. Он тоғызыншы ғасырдың соңғы жылдарында пайда болып, аз уақыт аралығында аса жылдам қарқын алған кино өнерінің әр елде даму мүмкіндігі де ерекше болды. Ұлттық кино өнеріміздің даму тарихын «көп ұлтты совет киносы» ұғыммен тығыз байланыста қарастырмасқа болмайды. Советтік кино мектебінің қалыптасу құбылысы Ұлы Қазан көтерілісінің жетістіктерінен туындаған тақырыптық идеология мазмұнымен тікелей байланысты.
Театр 20 ғасырдың басындағы күрделі өмір көріністерінің қайшылықтарын, адамның рухани талап-тілектері мен арман-мүдделерін жан-жақты аша отырып, шынайы бейнелеуге ұмтылды. Бостандық театрлары деп аталатын Т-лар реализмнің жаңа қырларын табу жолында күрес жүргізді. Реж. А.Антуан (Франция), О.Брам мен М.Рейнхардт (Германия) жетекшілік еткен театрларда спектакльдің бейнелі шешімін іздестіру қарастырылды. Спектакльдегі актерлер ансамблі, көңіл-күй, ырғақ пен үзіліс, сөз астары мен суретші еңбегі өзара тоғысып, түп-түгел сахналық бейне жасауға бағытталды. Т-дағы стильшілдік пен шарттылық принципін алға тартып қолданған символистік режиссура (мысалы, режиссер Г.Крэг, Ұлыбритания) спектакль қоюда музыкалық ырғақ пен пластик. қимыл-қозғалыстың мән-маңызын айрықша бағалады. 19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың басында азаттық қозғалысының өрлеуімен байланысты Ресейде де театр өнері бойынша жаңа ізденістер жүргізілді. Әсіресе, режиссер К.С. Станиславский мен В.И. Немирович-Данченконың спектакль қоюдағы тың ізденістері өте жемісті болды. Өз шығарм-нда замани театрдың жаңашыл бағытын ертеден келе жатқан халық театрларының (балаған, дель арте комедиясы, т.б.) демократиялық дәстүрімен шебер ұштастырған В.Э. Мейерхольдтың реж. өнері батыл ізденістерге толы болды. Актерлік өнерде нәзік психологизм (Мәскеудің Көркем академ. театры актерлері, В.Ф. Комиссаржевская, П.Н. Орленев пен М.А. Чехов) және сахналық шеберліктің синкретизмдік қасиетін қайта жаңғыртқан театрлық (реж. А.Я. Таиров пен актриса А.Г. Коонен) сияқты екі бағыт белгіленіп айқындалды. Кеңес өкіметі жылдарында бұрын кәсіби театры жоқ немесе алғашқы сахналық белгілері ғана болған халықтардың (қазақ, өзбек, қырғыз, тәжік, түрікмен, т.б.) Театр мәдениеті туып, дами бастады. Өзара үнемі шығармашылық тәжірибе алмасып отыру көркемдік процесті байытып, жаңа үлгідегі театрдың туып, қалыптасуын қамтамасыз етті. Өнердің басқа түрлері секілді ТМД елдері театрында да драматургия, актерлік өнер саласында көркемдік ізденістерге кең жол ашқан сахналық реализм әдісі қалыптасты. Кеңестік қазақ театрының репертуарлық қоры негізінен орыс және дүние жүзінің классик. туындыларынан, сонымен бірге М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Ә.Тәжібаев, Қ.Мұхамеджанов, т.б. драматургтердің пьесаларынан құралды. Осы кездегі Еуропа мен АҚШ елдеріндегі театрдың жаңа үлгі-түрлерінің даму процесі күрделі де әр алуан жағдайды бастан кешірді. Дүниежүзілік екі соғыстың аралығында режиссер Г.Бати, Ш.Дюллен, Л.Жуве, Ж.Питоев, Ф.Жемье, А.Арто (Франция), Ю.Остэрва, Л.Шиллер, С.Ярач (Польша), Э.Ф. Буриан, Я.Верих, Й.Гонзль (Чехословакия), Б.Брехт, Э.Пискатор (Германия) театрдағы жүргізілген жаңашыл ізденістерге басшылық жасады. Саяси және антифашизм театр майданы кең қанат жайды. 2-дүниежүз. соғыста фашизмнің жеңіліске ұшырап күйреуі театрда демократиялық ағымның зор өрлеуін туғызды. Болгария, Германия, Польша, Румыния, Чехословакия секілді батыс-еуропа елдерде театр өнері жедел қарқынмен өркендеді. 1948 ж. Брехттің Берлинде ұйымдастырған “Берлинер ансамбль” театры саяси және әлеуметтік-тәрбиелік функцияны атқаруда аса елеулі нәтижелерге жетті. Брехт осы театр сахнасында өз пьесаларын қоюмен қатар, басқа елдер театр на елеулі әсер еткен жаңа актерлік және режиссерлік шығармашылық тәсілін әрі “эпикалық театр” теориясын жүзеге асырды. Итальянның неореалистік театры соғыстан кейінгі қаусаған өмір тіршілігін, бұқара көпшіліктің арман-мүддесін көрсетуді мақсат тұтты. Бұл жөнінен өз шығарм-нда нәзік психологизм мен гротескіні, трагедиялық пен фарстық-комедиялық элементтерді шебер жымдастыра білген драматург, режиссер әрі актер Э. Де Филиппо айтарлықтай табыстарға жетті. Халық өнерінен тамыр тартқан дүниежүз. және ұлттық мәдениетке терең бойлаушылық Италияның “Пикколо-театро” (Дж. Стрелер, Милан қаласы) спектакльдерінен айқын аңғарылды. Аналитик. парасатты драманың ұлттық дәстүрін жаңа қырынан қайта жаңғыртқан Ж.П. Сартрдың, Ж.Ануйдың, А.Камюдың театрлық жүйелерінің өркен жаюына француз Қарсыласу қозғалысының идеясы тікелей әсер етті. Францияда Ұлттық халық театрын (1951 – 1963) басқарған режиссер Ж.Вилардың қызметі жандана түсті. 1950 жылы қанат жайған “абсурд театры” (драматургтері Э.Ионеско, С.Беккет, т.б.) трагед. тұйыққа тірелген өмірдің мақсатсыздығын дәлелдеп, айнала қоршаған дүниеден безінген жандардың сары уайымға түсіп түңілуі мен торығуын паш етуге талпынды. Франция, Ұлыбритания, Германия және Скандинавия елдерінің қоғамдық-мәдени өмірінен маңызды орынға ие бола бастаған Халықтық немесе репертуарлық театрлар жүйесінде прогресшіл режиссураның шығармашылық жетістіктері пайдаланылды. Бұл театрлар провинцияларда, әдетте жұмысшы көрермендер тұратын өнеркәсіп аудандарына орналасып, көпшілікке өнер көрсетіп отырды. Олардың репертуарынан көкейтесті саяси тақырыптағы замани пьесалар мен классикалық туындылар орын алды. 20 ғасырдың 50-жылдарының ортасында демократиялық қозғалыстың өрлеуіне орай Ұлыбританияда “ашу-ыза кернеген жастардың” драматургиясы (Дж. Осборн, А.Уэскер, т.б.) өмірге келсе, 60-жылдардың аяғында жарқын саяси бояуға толы экспериментті театрлар қозғалысы кең етек алды. У.Шекспир трагедиялары мен комедиялары негізінде ағылшындар сахналаған қойылымдар (Корольдік Шекспир театры, режиссер П.Брук, актер П.Скофилд, т.б.) дүние жүзіне танылды. Осы кезеңде АҚШ-та хеппингтер, саяси шолулар мен мюзикл жанрының жаңа түрлерін қоятын “Бродвейден тыс” шағын тәжірибелік театрлар (“Ливинг-тиэтр”, “Ла мама” кафе театры) өрістеді, әсіресе, театр мәдениетінің даму жолында ун-ттік театрлар үлкен рөл атқарды. 20 ғасырдың 60 – 90-жылдары Батыс Еуропада әр түрлі саяси-идеялық, сахналық-көркемдік бағыт-бағдар ұстанған жастардың театр қозғалысы (режиссер Е.Гротовский, Польша; режиссер П.Штайн, Германия; Э.Некрошюс, Литва) зор қарқынмен өркендей бастады. Әуесқойлар мен кәсіби, жұмысшылар мен студенттердің, т.б. көптеген театр ұжымдары пайда болды. Театр шығармашылығына ден қою жалпы бұқаралық сипат алды. Жастар спектакльдері цирк, жәрмеңкелік серуен мен қуыршақ театрының элементтерін бойына сіңіріп, пантомима, поэзиялық және деректі театр, буффонада, фарс, балаған, дель арте комедиясының үрдіс тәсілдерін молынан пайдалану негізінде қойылды. Спектакльдер қала алаңдарында, цехтар мен фермаларда, курорттық жағажайларда қойылып, театр өнері қалың көрермендер қауымын кеңінен қамтыды. Осы заманғы театрда режиссура қызметінің және сценография (сахнаны безендіру өнері) мен музыканың рөлі бұрынғыдан да арта түсті. Сахналық өнерде ежелгі дәуірден қазіргі уақытқа дейінгі қыруар көркемдік тәжірибе жинақталып, ұлттық театр шығарм-ның мол дәстүрі қалыптасты. Осы тәжірибе мен демокр. дәстүр 20 ғасырдың сахналық мәдениетінде одан әрі пайдаланылып, сәтімен игерілді. Романтизм мен реализм жаңа тарихи даму сатысынан өтіп, тың түр табуда. Театр спектакльдерінде шартты реж-лік тәсілдерді батыл қолдану арқылы адам характерлерінің әр қырынан толық ашылуына ден қоюшылық (Г.А. Товстоногов, А.В. Эфрос, Ресей; Ә.Мәмбетов, Қазақстан), Брехттің сахналық дәстүрін (Ю.П. Любимов, Ресей; Р.Р. Стуруа, Грузия) жалғастыру, жаңа заман талабына сай алуан түрлі өнер тәсілдерін эксперименттік тұрғыда батыл қолдану сияқты жаңашыл ізденістерге қадам басу тенденциялары белең алды. Бейнелі шешімге ұмтылу, көркемдік тәсілдерді ұтымды қолданып, оның мазмұнды болу жағын қарастыру – қазіргі прогресшіл театр ағымын айқындайтын белгілер. Қазақстанда кәсіби театр халықтың ежелден келе жатқан әдет-ғұрпы мен тұрмыс-салтынан, ойын-сауығы мен ақындар айтысынан, шешендік пен халық қуларының өнерінен тамыр тартып жетілді. 20 ғасырдың басында өмірге келген қазақ театр өнері өзінің нығайып қалыптасу, өсіп-өркендеу, даму сатыларынан өтті.