Кіріспе лекция Зоология пәні, жануарлар әлемі



бет72/163
Дата26.09.2022
өлшемі2,15 Mb.
#40283
түріЛекция
1   ...   68   69   70   71   72   73   74   75   ...   163
Байланысты:
30 ЛЕКЦИЯ омыртқасыздар зоологиясы - копия (1)

Ac қорыту жүйесі ұзына бойы созылған тік түтік тәрізді, алдыңғы, ортаңғы және артқы ішектен тұрады. Ауыз тесігі дененің алдыңғы ұшында орналасып, көпшілік жағдайда ерекше өсінділер - еріндермен қоршалған: арқа және екі бүйірлік. Ауыз тесігі ауыз қуысымен (стома) жалғасады. Ауыз қуысының құрылысы әр түрлі. Нематодтардың жануарлар паразиті болып келетін (зоопаразит) өкілдерінің ауыз қуысында кутикулярлы тіс өсінділері болады, ал өсімдік паразиттерінің (фитопаразит) ауыз қуысы сорғыш мүшеге - стилетке айналған. Стилет ауыз қуысында арнайы бұлшықет - протракторлар арқылы қозғала алады. Топырақта және суда тіршілік ететін жыртқыш нематодтарда стомалық қуыс найзамен немесе қозғалмайтын өсінділер - онхамен қаруланған.
Ауыз қуысы өңешке ұласады. Өңеш үш қырлы, алдыңғы бөлімі қалың, бұлшыкетті, артқысы - безді. Өңештің кеңейген бөлімі бульбус деп аталады. Көпшілігінде бульбусы екеу: ортаңғы (метакорпальды) және артқы (кардиальды). Кардиальды бульбустың үккіш аппараты жақсы дамыған.
Өңештің ортаңғы ішекке жалғасатын жерінде ерекше өсіндісі (cardium) болады. Ол ортаңғы ішекке еніп жатады да, ішек ішіндегі қоректік заттардың өңешке қарай кері қайтуына тосқауыл жасайды.
Нематодтардың ортаңғы ішегі энтодермальды, қабырғасы бір қабат эпителиальды клеткалардан құрылған, оны жұқа базальды жарғақ қаптап тұрады. Ортаңғы ішектің алдыңғы бөлімі кеңейіп "қарыншық" немесе жұтылған қоректің резер­вуары қызметін атқаратын - proventriculus түрінде дамыған.
Ректум деп аталатын ортаңғы ішек артқы ішекке жалғасып, ол аналь тесігі арқылы сыртқы ашылады. Нематодтардың алдыңғы және артқы ішегі эктодермальды және оларды тығыз кутикула астарлайды.
Кейбір нематодтардың ас қорыту жүйесі қоректенуіне байланысты әр түрлі деңгейде редукцияға (кері өзгеріске) ұшыраған. Мысалы, филяриялардың (Filaria) артқы ішегі тұйықталып, аналь тесігі болмайды, трихинеллаларда өңеш үлкен клеткалар жиынтығьг түрінде дамыған, ал мермитидаларда өңеш жойылған.
Еркін тіршілік ететін нематодтар ұсақ организмдермен, паразитті нематодтар өз иесінің сөлімен, тканімен, ал кейбіреулері иесінің қанымен қоректенеді.
Сондай-ақ кейбір фитонематодтарда ішектен тыс ас қорыту процесі байқалады. Стилеттің көмегімен құрт өсімдік тканіне ас қорыту безінің ферментін бүркеді, сондықтан ас қорытудың алғашқы кезеңі организмнен тыс жерде өтеді. Жартылай қорытылған қоректік заттар нематода ішегіне стилет арқылы түседі.
Нематодтарда кірпікшелерінің жойылып кетуіне байланысты протонефридиялы зәр шығару жүйесі де жойылып, зәр шығару қызметін мойын безі (ренетта) деп аталатын бір клеткалы тері (гиподермальді) бездері және фагоцитарлы клеткалар атқарады.
Мойын бездері екі типті болады: шомбал және тармақталған. Еркін тіршілік ететін нематодтардың мойын безі шомбал типті, түтікшесі қысқа. Топырақта және паразиттік тіршілік ететін нематодтардың ерекшелігі - мойын безі денеде бойлай орналасқан екі бүйір экскреторлы түтікшелерден кұралған. Түтікшелердің артқы ұшы тұйықталып бітеді, ал алдыңғы ұштары бірігіп ортақ түтікке айналады да, ол сыртқа зәр шығару саңылауымен ашылады. Бірқатар түрлерінде экскреторлы жүйенің бір бұтағы жойылып (көбіне оң жақтағысы), сол жақ түтігі өте жақсы дамыған. Түтіктер арқылы денедегі (несен) заттар сыртқа шығарылады.
Сонымен қатар, фагоцитарлы клеткалар деп аталатын жұлдызша клеткалары бар. Олар зат алмасудың соңғы әр түрлі ерімейтін қалдықтарын және денеге енген бөгде заттарды, мысалы бактерияларды, өздерінің бойына тартып алады. Жиналған заттар сыртқа шығарылмайды, сондықтан бұл клеткаларды "жинақтау бүйректері" деп те атайды. Олар гиподерманың бүйір білеулерінің бойымен дененің алдыңғы үштен бір бөлігіндегі дене қуысында орналасқан.
Жылқы аскаридасында (Parascaris equoram) фагоцитарлы клеткалар төртеу. Егер тәжірибе жүзінде, аскарида денесінің қуысына шприцпен сепия, кармин тағы басқа бояулар жіберілсе, бірнеше сағаттан соң олар фагоцитарлы клеткаларға жиналады.
Қан айналу және тыныс алу жүйесі нематодтарда болмайды. Еркін тіршілік ететін түрлері бүкіл денесі (терісі) арқылы тыныс алады, ал эндопаразиттік нематодтарда тыныс алу процесі анаэробты, яғни оттегі жоқ жерде гликогеннің ашуы арқылы іске асады. Гликоген қоры жұмыр құрттарда белгілі бір жолмен гиподермада жиналады. Гликогеннің анаэробты ыдырауы нәтижесінде түзілген соңғы өнімдері - органикалық қышқылдар, соның ішінде май және валериан қышқылдары қуыс сұйықтығында жиналып, улы, күйдіргіш затқа айналады. Сондықтан құртты сойғанда өте мұқият және абай болу керек.
Нерв жүйесі және сезім мүшелері қарапайым құрылысты. Біріншіден, нерв жүйесі тұтасымен гиподерма қабатында, теріге жақын орналасқан, екіншіден - күрделі ганглиозды клеткалар жүйесі дамымай, нерв клеткалары нерв бағаналарымен байланыса жекеленген (ганглияларды құрмай), тек құрсақ нерв бағанасының ұзына бойында нерв клеткалары шоғырланып "құрсақ тізбегін" құрып дамыған.
Нерв жүйесінің орталық бөлімін - жұтқыншақ маңындағы нерв сакинасы құрайды. Ол нерв талшықтарынан (нейрофибриллдерден) түзілген және нерв клеткаларымен тығыз байланысқан. Нерв сақинасынан басының ұшына қарай алты қысқа және артқа қарай алты ұзына бойы созылған нерв бағаналары тарайды: құрсақ (вентральды), арқа (дорзальды), екі бүйірлі (латеральды), арқа бағанасына таяу (субдорзальды) және құрсақ бағанасына таяу (субвентральды). Осы алты нерв бағаналарының екеуі - құрсақ (вентральды) және арқа (дорзальды) - күшті дамыған (әсіресе құрсақ бағанасы). Олар бір-бірімен денесінің бірде сол, бірде оң жағынан кезектесіп орналасқан жіңішке жарты сақина тәрізді комиссуралар арқылы байланысып, арқа-құрсақ тізбегін құрайды .
Арқа бағанасы арқа-бүйір бөліктерінің бұлшықеттерін, ал құрсақ бағанасы құрсақ-бұйір бұлшықеттерін және өңеш пен ішекті иннервациялайды (нервтендіреді). Алдыңғы алты қысқа нерв бағаналары сезім мүшелерін және бас папиллаларын, амфидаларын, қылтаншаларын, жарық сезгіш клеткаларын нервтендіреді.
Қалыптасқан нерв жүйесі жұмыр құрттардың личинкасының екінші сатысында да кездеседі. Түрлі экологиялық топтарды құрайтын жұмыр құрттардың нерв жүйесі (аздаған өзгерістерімен) толық сақталған, осының нәтижесінде бүкіл нематодтардың филогенетикалық байланыстарының бар екендігін дәлелдеуге болады.
Топырақта және паразиттік тіршілік етуіне, тесу, қазу қозғалысына байланысты нематодтардың, сезім мүшелері ете нашар дамыған. Тітіркенуді қабылдайтын үш түрлі рецепторлары бар: тері сезу (тангорецепторлар), химиялық заттарды сезетін (хеморецепторлар) және жарық сезетін (фоторецепторлар). Бірінші топ - қылтаншалар, папиллалар, бурсальды қанаттар, екінші - амфидалар, фазмидалар, гиподермальды поралар (саңылау), үшінші - жарық сезгіш клеткалар. Рецепторлы мүшелер дененің бас, құйрық (каудальды) және жыныс мүшелерінің (гениталий) бөлімдерінде шоғырланған.
Қылтаншалар мен папиллалар (кутикуланың кішкене бүршікті төмпешіктер) ауыз тесігінің, еріннің айналасында екі-үш қатар орналасқан. Бұларға нерв тамырлары тығыз жанасып жатады. Аталық түрлерінде денесінің артқы жағында, аналь маңындағы папиллалар жақсы дамыған. Осылар арқылы шағылыс кезінде аналық жыныс тесігін тауып алады.
Тіршілік етуіне байланысты, теңіз және тұщы суда еркін тіршілік ететін түрлерінде қылтаншалар, ал сапробионт субстратында (органикалық заттар-дын. ыдырап, шіріген жері), топырақта және паразиттік түрлерінде папиллалар басым. Басының сыртқы және ішкі жағында орналасқан папиллалар арқылы нематод иесінің тканіне тереңірек ене алады. Tylenchida-лардың папиллалары редукцияға ұшыраған. Оларда поралар мен нерв бағаналарының ұштары ғана сақталған.
Бас бөлімінің екі бүйір жағында химиялық сезім мүшелері - амфидалары жатады. Олар терінің батыңқы жері, нервтермен жабдықталған және әр түрлі пішінді: қалта тәрізді, ілмек, спираль, саңылаулы, жұмыр. Амфидалар аталық түрлерінде ерекше жақсы дамыған және олардың жәрдемімен аналықтарын табады.
Фазмидалар немесе бір клеткалы құйрық бездері қүйрық бөлімінің екі бүйір жағында орналасқан. Олар ерітінді күйіндегі химиялық заттарды сезеді.
Теңізде тіршілік ететін нематодтардың кейбір түрлерінде көзшелер немесе жарық сезгіш пигментті дақтары болады. Кейде оның пигментті бокалы және кутикулалы линзасы ажыратылған.
Нағыз жұмыр құрттар негізінен дара жыныстылар және жыныс диморфизмі айқын байкалады. Аталықтары ұсақ, жіңішке, денесінің соңғы ұшы құрсақ жағына иіріліп (қайырылып) келген. Аналықтарының денесі ірі, жуан, созылыңқы.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   68   69   70   71   72   73   74   75   ...   163




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет