ІЗБЕСТІ ГУБКАЛАР КЛАСЫ - CALCAREA НЕМЕСЕ CALCISPONGIA Қаңқасы көмір қышқыл ізбесті инелерінен (спикулаларынан) құралған, олар өте ұсак, бір, үш немесе төрт осьті, бір-бірімен байланыссыз бос орналасқан. Тек қана теңіздердің таяз жерлерінде жеке немесе колония ТУЗІП тіршілік етеді. Денесі ұсақ, түтік, цилиндр, күбі тәрізді. Құрылысы аскон, сикон, лейкон типті. Жиі кездесетін Sycon, Leuconia, Leucosolenia, Sycetta-туыстары.
ШЫНЫЛЫ ГУБКАЛАР КЛАСЫ - HYALOSPONG1A Кремнезем инелерінен (ұсақ - микросклера, ірі - макросклералардан) құралған, негізінен үш осьті немесе алты сәулелі, бір-бірімен өзара байланысты тор тәрізді қаңқасы болады. Теңіздердің терең жерлерінде ғана жеке тіршілік етеді. Ұзындығы 50 см-ге дейін, түтік, қап, бокал тәрізді. Құрылысы сикон типтес, талшықты қалталары ірі, ұзын болып келеді .
Кластың ерекшелігі - мезоглея қабаты нашар дамыған, барлық клеткаларының мембраналары жартылай ерігендіктен цитоплазмалары өзара жалғасып - синцития деп аталатын құрылым түзейді.
Euplectella туысына жататын кейбір түрлерінің биіктігі 1 м шамасында, ал оның су түбіне қадалатын инелерінің ұзындығы 3 м-ге дейін жетеді. Жиі кездесетін Euplectella және Hyalonema туыстары.
КӘДІМГІ ГУБКАЛАР КЛАСЫ - DEMOSPONG1A Қаңқасы кремнилі немесе спонганді, кейде екеуі де аралас күйде құрылады. Инелері бір, төрт, көп осьті. Теңіздерде, тұщы суларда, судың жағалауынан тереңдігіне дейін кең тараған, жеке немесе колония түзіп тіршілік етеді. Құрылысы лейкон типтес, талшықты камералары ұсақ, дөңгелек (жұмыр) болып келеді.
Бұл класқа қазіргі уакытта көп кездесетін губкалар жатады. Олар екі отрядқа бөлінеді: төрт сәулелі - Tetraxonida және кремнилі мүйізді губкалар -Cornacuspongida.
Төрт сәулелі губкалар отряды - Tetraxonida
Қаңқасы кремнезем инелерінен құралған, олар бір осьті, жұлдыз тәрізді көп осьті, ал негізінен төрт осьті инелері бір осьтілермен аралас күйде түзіледі. Инелерінің көп болғандығына байланысты кейбір түрлерінде тері қабаты қалыңдап, сауыт сияқты денесін жауып тұрады (Geodia туысында).
Төрт сәулелі губкалар теңіздерде кең тараған. Жиі кездесетін туыстары: шартәрізді ірі - геодиялар - Geodia; қызғылт түсті, шартәрізді - теңіз апельсині -Tethya; қомақты, ашық түсті пробкалы губкалар - Suberites; бұрғылаушы губкалар - Cliona.
Кремнилі мүйізді губкалар отряды - Cornacuspongida
Қаңқасы мүйізді спонгин жіпшелерінен, кремнилі, бір осьті инелерінен (ұсақ - микросклера, ірі - макросклералардан) немесе екеуінен аралас түзіледі. Бір осьті кремнилі инелері өзара спонгинмен желімделіп бір буда немесе тор тәрізді қаңқаны құрайды. Негізінде колониялы формалар, те-ңіздерде және тұщы суларда тіршілік етеді. Жиі кездесетін түрлері: туалет губкасы (Spongiidae түқымдасынан), тұщы су губкасы - бадяга (Spongillidae тұқымдасынан), байкал губкасы (Lubomirskiidae тұқымдасынан).