Тоныкөк (Тоңыұқық) - Екінші Шығыс Түркі қағанатының негізін қалаушылардың бірі, оғыз тайпасынан шыққан ұлы дана, заманында Түркі қағанатының үш бірдей қағанына уәзір болып, түркі елінің халқын көбейтіп, жерін кеңейтуге үлкен үлес қосқан кемеңгер. Көшпелілер тарихында артында өшпес атақ даңқын қалдырып; ақыл парасатына, қол қайратына, көрегендігіне табындырып; ел жұртының қасіретін, қуанышын, ерлігі мен елдігін тасқа жыр ғып қашап, мәңгілік мұра қалдырған Тоныкөктей тұлға болған емес.
Сол тас жазбада:
«Мен, Білге Тоныкөк, табғаш (қытай) елінде тәрбиеленіп өстім. Түркі халқы ол кезде табғаштарға бағынышты еді» деп жазылған. Бұдан Тоныкөктің түрк тайпасы көсемдерінің бірінің баласы екені анық аңғарылады. Өйткені ол кезде көшпелілердің тек ел басыларының қытайға аманатқа берген балалары ғана император сарайында оқып, тәрбиелене алған. Орхон-Енисей мәтіндерінде бірінші жақтан баяндалатын Тоныкөкке арнаған жазулар бар. Қаһармандық оқиғалар жайындағы әңгімелер былайша аяқталады: "Онда мен, ақылгөйдей Тоныкөк, сол жерге жеттім, сырты алтын, ашық күміс, әйелдер және қыздар жамылғылар (кілем) және асыл заттар сансыз көп әкелінді. Менің қағаным ақылгөй Тоныкөктің ой-пікірін тыңдады да айтты... Мен оған ақылдылық ағайын және даңқ ағайын ретінде бағындым".
Бiлге қаған (көнетүркіше Arslan Bilge qaγan; қыт. 毗伽可汗 — Бике кыхан, Могилян) (683—734) — Түрік Елінің 717—734 жж. билік құрған қағаны. Ол 683 ж. Орхон өзенi бойындағы Өтүкенде туған. Құтлық қағанның (Елтерістің) үлкен ұлы, Күл-тегіннің ағасы. Шешесі Елбілге қатұн. «Ачынұ» текті. Түрiк Елінің бiрегей тұлғасы атанған ол iнiсi Күлтегiнмен бiрге елдің қамы, жердің тұтастығы үшін күресіп, көшпелiлер тарихында ұлы империяның іргесін бекітті. Ол күллi көшпелiлер империясының тұғырын сомдап, түрiк тектес этностардың бiрлiгiн сақтай отырып, елдiң мұңы, жердiң қамы үшiн «түнде ұйықтамай, күндiз отыра алмай» күресті. Бiлге қаған 9 жас кезiнде әкесi Құтлық (680—692 жж.) қайтыс болады. Түрік Елінің тағын оның iнiсi Қапаған (Қабаған) (692—716 жж.) иеленеді. Қапағанның iнiсi Бөгүден (716 ж.) кейiн таққа отырған Бiлге қаған 19 жыл билік етеді. Бiлге қаған 13 жасында шад атағын алады.