Марс: орбитада: Mars Reconnaissance Orbiter (НАСА), "Марс-
экспресс" (ЕКА), "Марс Одиссей" (НАСА). Марсоходы үстінде:
"Оппортьюнити" и "Кьюриосити" (НАСА).
Марс (Қызыл жұлдыз) — Күннен бастап санағандағы 4-ғаламшары; Жер тобындағы планеталар қатарына жатады. Марстың планета екендігі адамзатқа ертеден белгілі болған. “Ұлы қарсы тұрыс” кезінде Марс қызыл сары түсті ең жарық жұлдыз (–2,7 жұлдыздық шамада) болып көрінеді. Тихо Браге мен Иоганн Кеплердің Марсты бақылауы бойынша 17-ғасырдың басында Күн жүйесіндегі планеталардың қозғалу заңы анықталды. Марстың физикалық қасиеттері телескоп жасалғаннан кейін 17-ғасырдың ортасында зерттеле бастады. Марсты зерттеудің жаңа кезеңі Марсқа планетааралық автомат стансаларды жіберуден басталады. Осы стансалардың көмегімен планета бетіндегі мөлшері 1 км-лік заттар өте жақыннан зерттелді. “Марс-3” (1972) стансасы тұңғыш рет планетаға қонды. 2004 ж. АҚШ Аэронавтика және ғарыш кеңістігін зерттеу жөніндегі ұлттық басқармасы (NASA) жіберген “Оппортунит” және “Спирит” марсоходтары Марсқа қонып, онда су қоймаларының болғандығына зерттеулер жүргізді. Марс бетінде шартты түрде құрлық деп аталатын қызыл сары түсті дақтар көрінеді. Құрлыққа қарағанда теңіздер жарықты аз шағылыстырады, сондықтан ол қоңырлау болып көрінеді. Марс дискісінің солтүстік және оңтүстік полюстік бөліктері өте жақсы бақыланады. Бұл ақ дақтардың мөлшерлері марстық жыл ішінде өзгеріп отырады. Осы кезде Марстың қоңыр теңіздері негізгі кескінін сақтап, болар-болмас өзгереді. Осылардың негізінде Марс бетінің 1°-тық дәлдікпен түсірілген картасы жасалды. Америкалық “Маринер” сериялы стансалары түсірген фотосуреттен Марста Ай бетінің рельефіне ұқсас көптеген сақина таулар немесе кратерлер бар екендігі ашылды. Кратерлер құрлықта да, теңізде де кездеседі. Марста сөнбеген жанартау, планета қыртысының қозғалу белгілері байқалады.
Қазақстандық астрофизик Габриил Тихов Марс планетасына жан-жақты зерттеулер жүргізді. Ол Марс бетінде қарапайым тіршілік көздері болуы мүмкін деген болжам айтты. Марста жанды заттар тұрады деген болжамдар температуралық және спектроскопиялық нәтижелермен дәлелденген жоқ. Марс атмосферасында оттектің белгісі болмағандықтан, тіршіліктің жоғарғы формасының болуы туралы болжам шындыққа сай келмейді. Алайда тіршіліктің төменгі формасының, әсіресе анаэробтық форманың тіршілік етуі мүмкін.
Марс планетасын және планета аралық кеңістікті зерттеуге арналған кеңестік планета аралық автомат стансалар. Массасы 893,5 кг, ұзындығы 3,3 м, диаметрі 1,1 м, ең алғашқы “Марс-1” автомат стансасы 1962 ж. 1-қарашада ұшырылды. “Марс-1” автомат стансасы ғарыш кеңістігін зерттеу, планетааралық қашықтықтағы радио байланысты тексеру, планетаны суретке түсіру жұмыстарын жүргізді. 1971 ж. “Марс-2” (19-мамырда) және “Марс-3” (28-мамырда) автомат стансалары ұшырылды. Оларда орбиталық бөлік және планета бетіне қондырылатын аппаратуралар болды. “Марс-2”, “Марс-3” стансалары 8 айдан астам уақыт Марс серігінің орбитасынан зерттеу жұмыстарын жүргізді. 1973 ж. Марс планетасына бағыттап 4 автомат стансасы ұшырылды. “Марс-4” пен “Марс-5” Марстан 2200 км қашықтықтан ұшып өтті. “Марс-6” мен “Марс-7” 1974 ж. наурыз айының алғашқы жартысында Марс планетасының аймағына жетті.Олардың көмегімен Жер және Марс орбиталарының аралығындағы ғарыштық кеңістіктің физикалық қасиеттері туралы жаңа мәліметтер алынды; Марс атмосферасының құрылымы, топырағының химиялық құрамы мен физика-механикалық қасиеттері зерттелді. Автоматты стансалардан алынған суреттер арқылы планетаның оптикалық сығылуын анықтауға, рельефтің профилін салуға, Марстың түрлі-түсті кескінін алуға мүмкіндік туды. 2003 ж. 30-желтоқсанда Европалық ғарыш агенттігінің Марс Экспресс стансасы “Beegle-2” робот-биологты Марс планетасына жеткізді. Марста тіршілік бар ма деген сұраққа жауап іздеген робот-биолог технологиялық есептеулердегі жіберілген қателіктерге байланысты істен шықты. 2004 жылдың басында АҚШ Аэронавтика және ғарыш кеңістігін зерттеу жөніндегі ұлттық басқармасы (NASA) жіберген “Оппортунит” және “Спирит” марсоходтары Марс планетасына қонып, Жерге Марс туралы қажетті деректерді жібере бастады.
Достарыңызбен бөлісу: |