Көктем келді қайтадан
Өзгеше өмір Жаратқан маған сыйлады,
Өзгеше бәрін өзгертіп ерек сән беріп.
Күнәнің түгел қапасы түнек қирады,
Қатігез көңіл, жүректе қатқан мұз еріп.
Көктемі келді өмірдің өткен оралып,
Өзімен бірге шуағын көктен мол алып.
Лаулады қайта әлсіреп сөнген үмітім
Өмірге мәңгі жеткізер жарық жол салып.
Қуандым сонда құшағына еніп Әкенің,
Көңілім толқып сағыныш мауқын баса алмай.
Жасарды жаным жалғыздық келіп қинаған,
Төменде қалды асулар жүрген аса алмай.
Түлетіп бәрін, түрлентіп басқа өң беріп,
Тірліктің бойдан кетіріп суық ызғарын.
Көктемем келді, көңілім бейне бәйшешек,
Шуақпен ыстық ерітіп қатқан мұз-қарын.
Уайым кетті сұр аспан төнген сүреңсіз,
Ашылды көңіл шипа боп Әке сөздері.
Келгендей бейне қимас бір шағы өмірдің,
Оралып қайта балалық шақтың кездері.
Бақыттың құсы кеудеме қайта оралды,
Жанымда бірге мекендеп мәңгі қалуға.
Құдіретті нәрі қуат боп бойға таралды,
Өмірім көктеп, жанданып бүршік тарауда.
Қондырып Исам бақыттың құсын кеудеме,
Бәрін де берді керегін жанға Ол тегін.
Байлығым көкте, қазынам тозбас мәңгілік,
Осындай, достар, ерекше жақсы халдемін.