Көмекші сөздер ( Қазақ тілі мен әдебиеті оқытушыларына, тіл мамандарына, студенттерге қосымша оқу құралы ретінде)


КӨМЕКШІ СӨЗДЕРДІҢ ГРАММАТИКАЛЫҚ МАҒЫНАСЫ



бет5/22
Дата14.12.2022
өлшемі245,77 Kb.
#57120
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   22
КӨМЕКШІ СӨЗДЕРДІҢ ГРАММАТИКАЛЫҚ МАҒЫНАСЫ
Жалпы тіл білімінде болсын, түркітанымда болсын көмекші сөздердің, негізінен, грамматикалық мағына білдіретіндігін баса айтушылардың саны көп. В. Виноградов сияқты атақты тілшілердің өзі көмекші сөздердің білдірген лексикалық мағынасы олардың грамматикалық мағынасымен тең түседі дейді. (54, 31). В.В. Виноградовтың бұл пікірін өз кезінде сынаушылар да болды, бірақ түркі тілдеріндегі кей көмекші сөздердің лексикалық мағынасы мен грамматикалық мағыналарының тең түсетіндігін, тіпті грамматикалық мағынасы мен лексикалық мағынасының қайсысы қандай болатындығын ажырату қиын екендігі тілшілер үшін сыр емес. Түбір сөз арқылы берілген мағынаны лексикалық мағына деген пікірді қолдасақ та, көмекші сөздердің сөйлемде, негізінен, түрлі грамматикалық қарым-қатынасты білдіру үшін қолданылатындығын да мойындаймыз. Мысалы, мен жалғаулық шылауын алып көрелік. А.Ысқақов мен жалғаулық шылауын тек бірыңғай мүшелерді байланыстырушы қызметі бар деп көрсетеді. (304,367). Ол 1967 жылғы оқулықта « Бірыңғай сөздер мен жалңаулығы арқылы байланысқанда, тіркес тұжырымды, жинақты болып келеді. Бұл – оның басқа ыңғайлас жалғаулықтардан бөлек ерекшелігі», - деп айырмашылығын көрсетеді (129, 226).
Р.Әміров өзінің басқа бір еңбегінде мен жалғаулық шылауының басты ерекшелігі бір-бірімен белгілі бір қатынасқа түсіп тұрған бірыңғай мүшелерді ғана байланыстырады деп есептейді (26, 38). Біздіңше мен шылауы бірыңғай мүшелерді тең дәрежеде болғанда ғана байланыстарады. Осы теңдік оның мағынасы болып саналады. Салыстырыңыз, Қыс пенен жаз, күз мен түн, тақ пенен жұп. Жақсылық пен жамандық – болды сегіз (Абай). Жігіттер ойын арзан, күлкі қымбат, Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат (Абай). Дегенмен, мен шылауының теңдік мағынасы исөздерді байланыстыушы мағынасының аясында ғана анықталып, екінші дәрежелі белгісі ретінде көрінеді. Н.Оралбаева көмекші сөздердің бұл қасиетін етістіктің аналитикалық формалары арқылы түсіндіруге әрекет еткен.
Түркі тілдеріндегі етістіктің аналитикалық формасының негізгі қағидалары мен сыр-сипаты біршама зерттелінген (309;192). Бірақ сөз формаларымен байланысы бар біраз мәселелер даулы болып та саналады. Ең алдымен аналитикалық форма тек етістікке ғана тән бе, жоқ есім сөздер де аналитикалық формаларға ие бола алады ма деген мәселеге көңіл аудару керек сияқты. К.Аханов септеулік шылаулармен келген конструкцияларды аналитикалық форма деп атауға бола ма деген сұрауды ашық қояды. Автор В.М.Жирмунскийдің пікіріне сүйене отырып, септеулік шылаулы сөз сөздердің аналитикалық формасын жасай алмайды деген қорытындыға келеді. Пікіріне дәлел ретінде автор « В.М. Жирмунский орыс тіліндегі в городе, на даче, в магазине, на заводе тәрізді предлогты тіркестерді аналитикалық конструкция деп санайды да, түркі тілдерінде септік жалғауларының абстракты мағынаға ие болып, орыс тіліндегі предлогтың қызметінде жұмсалатын іші тәрізді көмекші сөздердің нақтылы мекендік мағынаны білдіретіндігін, соның нәтижесінде столдың ішінде, столдың ішіне тәрізді тіркестердің аналитикалық сипатқа ие бола алмайтынығын айтады»- деп В.М.Жирмунскийге сілтеме жасайды (19, 125). Септік жалғаулары арқылы берілген мекендік, мезгілдік мағынаға қарағанда көмекші есімді, септеулік шылаулы тіркес арқылы берілген мағынаның нақты болатындығында талас жоқ. Көмекші сөздердің қалыптасуының өзі осы нақтыдық мағынаның талабынан туған сияқты. Дегенмен де ауылға кетті, ауылға қарай кетті дегендерде, негізінен бағыттық мағына білдіріп тұр. Араларында азын-аулақ мағыналық айырмашылық болғанымен, нақ осы тіркесте, олар бір грамматикалық мағына аумағында қолданылып тұр. Қазақ тіліндегі сөздердің аналитикалық формасын арнайы зерттеген Н.Оралбаева « Между тем, почти все лексико-грамматические и грамматические категории казахского языка имеют одновременно и синтетическую, и аналитическую форму, что особенно характерно для глагола»,- деп жазған болатын (190, 3). Демек, автор барлық сөз тобының грамматикалық категориясының құрамынан аналитикалық форма табылады деген пікірге келген. Біз сөздердің аналитикалық формасына қатысты ғылыми-теорилық мәселелерді шешу ниетінен аулақпыз, ондай жұмыс тіл білімінде жасалынған (73; 54; 233; 260; 309; 190). Қазақ тіл білімінде етістіктің аналимтикалық формалары арнайы зерттелінгенімен, есім сөздердің аналитикалық формалары әлі зерттеу объектісі болған емес. Сондықтан аналитикалық формамен байланысты барлық теориялық мәселе қазақ тіл білімінде шешілген деуге әлі ерте. Есім сөздердің септеулік шылау формасын Аханов К. аналитикалық форма қатарына қоспауы, Н.Оралбаеваның оларды аналитикалық фома деп есетеуі (142) пікірімізге дәлел бола алады.
Сөздердің аналитикалық және синтетикалық формалары дегенде грамматикалық мағынасын беру тәсіліне қарай ажыратқанбыз. Жалпы грамматикалық мағына беру жолын тәсілін грамматикалық форма деп атаймыз. Ал сөйлемде қолданылған сөздердің қай-қайсысы болмасын белгі бір грамматикалық формада қолданылатындығы, кез келген сөздің сөйлемде белгілі бір мағына білдіруімен бірге белгілі бір синтаксистік қызмет атқарғандығы анық. Сөйлем құрамында қолданылған сөздерді тіл білімінде, негізіен, екі түрлі формасы бар деп есептейді: 1) синтетикалық, 2) аналитикалық. Синтетикалық формаға түбірге қосымшалар қосу арқылы; түбірдің құрамындағы дыбыстардың өзгеруі арқылы грамматикалық мағына беру жолын айтсақ, аналитикалық форма деп атауыш (толық мағыналы) сөздер мен көмекші сөздердің тіркесі арқылы, не сөздердің қосарлануы арқылы грамматикалық мағына беру жолын айтамыз. (200,85). Қазақ тілі, сонда й-ақ, түркі тілдерінің бәрі де, синтетикалық тіл болғандықтан, грамматикалық мағына негізінен қосымшалар қосылу арқылы беріледі. Грамматикалық категориялар да осы синтетикалық формалар негізінде анықталады. Біздіңше, қазақ тілінде үшінші, грамматикалық форма да бар сияқты. Ол – аралас форма, яғни синтетикалық-аналитикалық форма. Аралас формада әрі қосымша, әрі көмекші сөз қатынасады. Мысалы, оқып отыр, айта бастады, уйге қарай (кетті), таудың басына (шықты) т.б. Егер септеулік шылау сөздер арқылы берілген мағынаны грамматикалық мағына дейтін болсақ, онда уйге қарай кетті, уйге дейін барды, келген бойда айтты дегендер есім сөздердің аналитикалық формасы болып саналады. Н. Оралбаева «Сөздердің қарым-қатынасын жалпы көрсету керек болғанда, септіктің синтетикалық түрі қолданылады да, септіктің мекендік мағынасын дәл, нақты көрсетуде көмекші есім тіркеседі, септіктің аналитикалық формасы қолданылады» -дейді.(142, 164).
Септіктердің аналитикалық формасы деген түсінің – қазақ тіл білімінде бұрын қолданылмаған жаңа түсінік. Автор оны М.В. Жирмунскийдің «предложное склонение» деген терминімен сыбайластыра алған сияқты. Жалпы көмекші есім мен септеулік шылаулардың септік жалғауларының мағынасын толықтырып тұратындығына дау жоқ. Бірақ бұл И.И. Мещанинов сияқты көмекші есім мен септеулік шылауларды септік категориясының құрамына қосуға негіз бола алмайды. Көмекші есім септік жалғауының мағынасын нақтыламайды, оның мағынасына мүлде қатысы жоқ. Салыстырыңыз, тау басына шықты, уйдің айналасына гүл екті дегенде басы, айналасы көмекші есім. Бірақ олар ілік септігінің, не барыс септігінің мағынасын нақтылап тұрған жоқ. Таудың басына шықты дегендегі бағыттық мағына барыс септігінің үлесіне түседі. Ал қай жерге шыққандығын нақты көрсетіп тұрған бөлшек - таудың басы. Үйдің айналасына гүл екті дегендегі айналасына сөзінің мағынасын бірде-бір септік жалғауы арқылы беруге болмайды. Демек барлық кезде көмекші есім – септік жалғауын толықтырып тұратын көмекші сөз деп қорытынды шығаруға негіз жоқ. Септеулік шылаулар тауралы да осыған жуық пікірлер айтуымызға болады. Рас, септеулік шылаулар өзінен алдыңғы есім (зат есім) сөздердің белгілі бір септік жалғау формасында тұруын талап етеді де, сол септік жалғауы мағына жағынан толықтырады. Бірақ бұл да септеулік шылаулар септік жалғауының жаңа парадигмасын жасайды деген сөз емес. А.Н. Кононов септік жалғаулары мен септеулік шылаулардың синтаксистік қызметі тең (122) - деген пікірмен ғана шектеуінің мәні де осында. С.Усманов аналитикалық формалар парадигмалық система құрамына да кірмейді, өздері деке парадигма да жасамайды деп дұрыс айтқан (260,102).
Ф.А. Ганиев татар тілінде септеуліктердің синтетикалық формаларымен бірге аналитикалық формасы да бар деп есептейді. Ол аналитикалық септіктерді анықтауды парадигманың қатынасқа негізделінбей, көмекші сөздердің синтаксистік қызметіне негізделген. Нәтижеде атау септігімен тіркесеиін септеуліктердің тіркесін аналитикалық септік деп атап, оның сегіз түрі бар деп есептейді. Ол септіктер мыналар:

  1. Социатив (орудийно-совместный падеж). Бұл нольдік фомалы зат есмідерге белән септеулік шылауын тіркеу арқылы жасалынады.

  2. Дестиктатив «причино-целевой или предназначительный падеж). Бұл септіктің нольдік формасы зат есімге өген септеулігінің тіркелуі арқылы жасалынады.

  3. Употребительно-сравнительный падеж. Нольдік формасы зат есімдерге кебек, шикелле, пәдәр, төсле, суман, кәтле, чаклу септеуліктерін тіркеу арқылы жасалынады. Мағынасы жағынан олар бүркіттей, аюдай сөздерімен мәндес болады.

  4. Изъянительный падеж. Нольдік формалы зат есмідерге тұрында, хақында шылауын тіркеу арқылы жасалынады.

  5. Местный падеж. Нольдік формалы зат есмідерге беунча, бұйлап, өсендәгә, аступта, аступда, аступдагу сөздерінің біреуін тіркеу арқылы жасалынады.

  6. Исходный падеж. Нольдік формалы зат есімдерге астунан, өстенен сөздерін тіркеу арқылы жасалындаы.

  7. Направительный падеж. Нольдік формалы зат есмідерге астунан, өстенен сөздерін тіркеу арқылы жасалынады.

  8. Причинный падеж. Нольдік формалы зат есімдер мен арқасында, сәбәпле септеулігінің тіркесуі арықылы жасалынады деп көрсеткен (59). Н. Оралбаева, Ф.А. Ганиевтің пікірін толық келтіреді де, ойлануды қажет ететін пікір деп бағалайды, ал аналитикалық септік терминін өзі де қолданады (142, 165-167).

Ф.А. Ганиевтің пікірі шынында да ойлануды талап етеді. Біріншіден, көмекші есім, септеулік шылау тіркесіп келген сөздер сөйлемде белгілі бір қызмет атқаратындығы анық. Ал олардың құрамындағы көмекші сөздер лексикалық мағына білдірмей, түрлі грамматикалық мағына үстейтіндігі де шындық. Екіншіден, грамматикалық мағына грамматикалық формаға ие болып, олардың біреуден көп болса, белгілі бір грамматикалық категорияның аясына енуі керек. Сонда уйге қарап, таудың басы дегендерді қай грамматикалық категория қатарына қосуға болады?
Қазақ тілі басқа түркі тілдері сияқты синтетикалық тілдердің қатарына жатады. Сондықтан қазақ тіліндегі грамматикалық категорияларды тән алу үшін оның синтетикалық формасы болуы шарт. Кей тілшідер де сөздердің аналитикалық формасының бар екенідігін мойындау үшін оның синтетикалық формасының болуы шарт деп қарайды. Мысалы, Н.Д. Арутюнова « Аналитическими формами слова следует признавать лишь те сочетания, которые входят в единую систему грамматических противопоставлений с морфологическими формами слова», - десе (16,90). А.А. Бертагаев «Лишь те аналитические конструкции, которые образуют соотносительный грамматический ряд или соотносятся с синтетическими формами данного языка, являются аналитическими формами», - дейді (42, 127). Егер аналиткалық форманың сөзсіз синтетикалық сыңары болуы керек десек, Ф.Ганиев сияқты септеулік шылауларды әйтеуір бір грамматикалық категорияны аясына енгізуіміз қажет болады. Нақ осындай пікір К.Ахановтың еңбегінде де бар. « Белгілі бір сөздердің тіркесінің сөз тіркесі делінбей сөздің аналитикалық формасы деп тану үшін, оның белгілі бір грамматикалық категорияның құрамына еніп, сол категорияның мазмұнына енетін жалаңа формалармен шарттас бтолуы, ара қатынасқа түсуі қажет», - дейді ол. (19, 116). С.Усманов, керісінше, аналитикалық форманы тән алу үшін синтетикалық форманың парадигмалық қатарына түсу шарт емес дейді (260, 106).
Ф.А. Ганиевтің пікіріне қарсы дау айтуға да болады. Біріншіден, жоғарыда саналып берілген формалардың барлығы да септік жалғауының парадигмасына сия ма? Тіл элменттері бір парадигманың құрамына ену үшін а) тең дәрежелі тіл элементтерінен тұрады; ә) коммуникативтік талапқа байланысты бірін екіншісімен алмастыру мүмкіндігіне ие болуы керек; б) олардың біріне, не көпішілік мүшесіне ортақ бір белгі қасиеті болуы қажет. Егер осы қағидаға негізделсек, ауылға кетті мен ауылға қарай кетті дегенде не синтаксистік қызметінде, не мағынасында теңдік болуы керек. Біздіңше, қарай септеулігінің бұл тіркестегі қызметі – амал- әрекеттің бағытын нақтылау, бағыттық мағына барыс септігінде тұр. Ауылға кетті дегенде субъектінің ауылға баратындығын білдіреді. Ол айналып бара ма, тіке бара ма, басқа бір жерлерді аралап бара ма – ол турады мәлімет болмайды. Тек соңғы нүкте акыл болтыныдығы анық, Ауылға қарай кетті дегенде адам, не қозғалған зат ауылға бармай, жарты жолда, басқа жаққа бқрылып кетуі де мүмкін. Бқл жкерде кеткен адамның бет алысы қазіргі бағыты ауыл екендігін көрсетіп тұр. Бұл екеуін қалай бір парадигмаға қосуға болады? Ф.А. Ганиев өз мақаласында тек атау септікті сөзбен тіркесетін септеулік шылаулардың мағынасымен байланысты 8 аналитикалық септік тапқан. Ал септеулік шылауларлардың басқа септіктермен тіркесетіндігін ескерсек, онда септік жалғауының саны бірнеше есе өсетіндігі анық. Сәл кем бір септеулікке бір септік мағынасы сәйкес келуі қажет болмай ма? Септік жалғауларының мағынасы тіпті жайылыңқы, универсалды сипатқа ие. Сөз тіркесіндегі басыңқы сыңардың талабына байланысты бағыныңқы сыңар кез келген септікте қолданыла алады. Септеулік шылаулардың тіркесуінде аздап болса да шектелу бар. Мысалы, туралы, қарай септеуліктерін алайық. Туралы септеулігі сөйлеу, ойлау (кейде жазу) етістігінің объектісі болатын зат есімдерге ғана тіркесіп қолданылады. Ал барыс, шығыс септіктерінің қолданылу аясы әлдеқайда кең.
Білдіретін мағынасының түрлі-түрлі болуы жағынан, өзінің объектісі болатын зат есімдерге ғана тіркесіп, қолданысының түрліше болуы жағынан етістіктің аналитикалық формасы ерекше қасиетке ие. Аналитикалық форма туралы сөз айтқан ғалымдардың көпшілігі оның кемінде үш элементтен тұратындығын көрсетеді. Мысалы, күн шығып келеді дегенде аналитикалық формалы сөз - шығып келеді. Бұл форманың бірінші элементі – күн. Екінші элементі -ып, үшінші элементі -кел көмекші етістігі. Бірінші элементі – толық мағыналы сөз, лексикалық мағынаға ие болады, негізгі семантикалық ұйытқа болып есептелінеді. Екінші элементі -ып көмекші сөз бен толық мағыналы сөзді байланыстырып тұратын байланыстырушы буын болып есептелді. Үшінші элемент – көмекші сөз, түрлі мағыналық реңк қосады.
Бұл тәртіп зат есім мен көмекші есімдердің байланысу формасында да сақталынады. Салыстырыңыз, таудың басы. Бұнда да бірінші элемент-тау толық мағыналы сөз, екінші элемент – ілік септігінің қосымшасы, байланыстырушы элемент қызметінде болады. Басы сөзі көмекші есім болғандықтан тау сөзінің мағынасын толықтырып тұрады. Егер көмекші етістік пен көмекші есімді форманың мағыналарын салыстырып қарайтын болсақ, олардың тең еместігіне көз жеткізуге болады. Ең алдымен, күн шығып келеді дегендегі кел көмекші етістігі өзінің толық мағыналы сыңары – кел қозғалу етістігімен тікелей мағыналық байланыстын үзген. Көмекші етістік қызметінде қолданылғанда қозғалу мағынасынан мүлде жұрнақ та қалмайды. Шығып келеді фазалық етістік мағынасында қолданылады, амалдың орындалу тәсілін білдіреді. Сайрай бер тіліи, Сайраған соң бұл дерттен (Абай) дегенде, сайрай бер – аналитикалық форма. Бер сөзі бәр нәрсені екінгі біреуге табыс ету емес, әндету мағынасында қолданылады. Мысалы: Біреуді досым деп ат беріп жүрсең, оған сенің бір дұшпан келіп бір тай берсе, бұзылып қалатыны қалай? (Абай). Айта берді, келе береді дегенде жоғарыдағы мағына жоқ, амал-әрекеттің созыңқылығын, дүркін-дүркін бола беретіндігін, қайталанғандығын білдіреді. Көмекші есімді тіркестерде болса – олардың мағынасы өздері өрбіген толық мағыналы сыңармен мағына жаңынан, тікелей болса да сатылай болса да, байланысы анық байқалынады. Мысалы, таудың басы, шөптің басы- талдың басы, ағаштың басы дегендер адамның басы дегендегі бас сөзімен орны жағынан сыбайласып тұр, яғни екеуі де – бір нәрсенің жоғарғы жағы, бітетін жағы. Адамның басы – адамның жоғарыдан төмен қарай басталатын бірінші мүшесі. Осы мағынамен байланысты судың басы, бұлақтың басы дегендегі бас сөзінің мағынасы дамыған. Осы басталатын жақ мағынамен байланысты – сөздің басы, жолдың басы, (сөздің басы- құлақ, жолдың басы-тұяқ), істің басы т.б. мағыналық тіркес пайда болған. Бас сөзі бір нәрсенің бітетін, аяқталатын бөлшегін де білдіріп, таяқтың басы, жіліктің басы, аяқтың басы сияқты тіркестерде қолданылады.
Көмекші есімді тіркес пен көмекші етістікті тіркестің екінші айырмашылығы – олардың құрамынды. Көмекші есімді сөз екінші бір көмекші есімді тіркеп қолданыла алмаса, көмекші етістіктер жетекші етістіктерге қабаттасып тіркесе береді. Мысалы, жүгіріп келе жатыр, жүгіріп келе жатыр еді, лақтырыа кеп жіберді, барса игі еді (191, 57-71). Рас, қазақ тілінің материалында таудың басынан етегіне дейін сөздің бас-аяғына қарамады, үйдің іші-сыртын толық қарады сияқты тіркестер қолданылады. Соңғы мысалдарымыздағы жағдай етістіктердегі жағдаймен тең емес. Біріншіден, таудың басын етегіне дейін дегенде бір таудың сөзі түсіріліп қалдырылып, тілдегі үнемдеу заңдылығы іске қосылып тұр. Негізінде таудың басынан таудың етегіне дейін болуы қажет еді. Ал бас-аяғы, іші-сырты дегеніміз қосарлама қос сөз ретінде қолданылып, бір күрделі сөздің талабына жауап береді.
Көмекші есімдердің білдіретін мағынасын көпшілік ғалымдар септік жалғауының маңынасымен теңестіреді. Біздіңше, бұл пікір дұрыс емес. Салыстырыңыз, үйдің алды, ауылдың маңы, үйдің іші, ауылдың ортасы дегендегі алды, маңы, іші, ортасы деген сөздердің мағынасын бірде-бір септік жалғаулары бере алмайды. Тілімізде көмекші есімдердің (жалпы көмекші сөздердің) қолданылуының өзі осы нақтылы мағына беру талабынан туған болса керек. Көмекші сөздер – септелетін сөздер. Кейде тілімізде белгілі бір септік жалғаулы көмекші есімнің орнына тек сол септіктің өзі қолданылу мүмкіндігі болады. Кей ғалымдар көмекші есім мен септік жалғауларының мағынасы тең дегенде осы қасиетті басты дәлел ретінде ұсынады. Салыстырыңыз, үйдің ішіне кірдім – үйге кірдім, таудың басына шықтым – тауға шықтым, киіздің үстіне отыр – киізге отыр т.б. бұл сияқты алмасулар, синонимдік қолданулар ретінде көмекші есімдерге, әр уақытта да сәйкес келе бермейтіндігі сыр емес. Мысалы, үйдің алдын сыпырды дегеніміз – үйді сыпырды емес, үйдің сыртынан дауыс шықты дегеніміз – үйден дыбыс шықты емес т.б. Сондықтан көмекші есімге анықтама берген көпшілік ғалымдар көмекші есім септік жалғауының мағынасын толықтырады және септік жалғауының синтаксистік қызметіндей қызмет атқарады дейді (69, 98; 64,292). Сол себептен де көмекші есім мен зат есімнің, не зат есім мағынасында қолданылған сөздердің тіркесін аналитикалық форма деп атау көпшілік тілшілердің еңбегінде жоқ.
Көмекші етістікті тіркесте, яғни етістіктің аналитикалық формаларында жаңдай мүлде басқаша. Етістікті аналитикалық формалардың құрамындағы көмекші өзінің толық мағыналы сыңарынан мағынан жағынан толық алшақтағандығы байқалады. Нәтижеде ал, бер, қал, сал, кет, кел сияқты сөздер көмекші етістік қызметінде қолданылғанда амал-әрекет, қозғалу т.б. етістіктеріне тән мағына білдірмейді. Салыстырыңыз, Шашымның санап әр ағын, Таңырқай берме, қарағым, Санаулы басқан әр адым, Отыздан асып барамын (Мақатаев). Міне, тағы ашу келіп, алқымына тығылды, Ақылымның есігіне айттай бере жығылды (Мақатаев). Әлі күнге түспей келген картаға, Қыран ғана қалықтайтын көгінде, Бұлттан биік заңғар аз ба? (Шаханов). Қарттарға ескерт, Қарсыласа көрмесін. Қоланымның көзі болған жүзікті, Өтінемін өзіммен бірге жерлесін (Шаханов). Жоғарыдағы мысалымызда таңырқай берме, асып барамын, аттай бере, түспей келген дегендер етістіктің аналитикалық формасын жасап тұр. Егер берме, бар, бер, кел етістіктерінің негізгі мағынасы мен мына тіркестердегі мағыналарын салыстырып қарасақ, тікелей байланыс таба алмаймыз. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде бұл етістіктің тура мағынасын мынадан анықтады; Бер 1. Біреуге белгілі бір затты қолмен жеткізу, ұстату, әкету. 2. Белгілі бір затты біреуге табыс ету, тапсыру (131,275). Біздің мысалымыздағы бер (таңырқай берме) тіркесінде амалдың созылыңқылығын білдіреді. Екінші мысалымызда аттай бере тіркесінде қолданылып, амал-әрекеттің, қозғалыстың толық аяқталмағандығын, не іле-шала болғандығын білдіреді. Түспей келген аналитикалық форманың құрамындағы кел етістігі – толық мағыналы етістік ретінде қолданылғанда, қозғалушы адамның не заттың белгілі бір кезге жақындауын білдіретін қозғалыс етістігі (1133, 582). Біз келтірген мысалымызда қозғалу етістігі мағынасында қолданылмай амалдың созылыңқылығын білдіріп тұр. Үшінші аналитикалық форманың құрамында қолданылған бар етістігі де толық мағыналы етістік ретінде қолданылғанда қозғалу етістігі болады да, адамның, заттың ұзақтығы не белгілі бір арақашықтығы затқа жақындауын, не керісінше ұзақтауын білдіреді. Біз келтірілген мысалымызда амал-әрекеттің басталу фазасын білдіріп тұр. Жай көзбен қарасақ жоғарыдағы толық мағыналы етістіктің мағынасы мен сол сөздің көмекші етістік қызметіндегі мағынасының арасында тікелей байланыс жоқ. Ал ғылыми талдау негізінде араларында байланыс барлығын, соңғы мағынаның тура мағынаның семантикалық даму заңдылығы негізінде қалыптасқандығын дәлелдеуге болады. Бұндай тарихи семантикалық байланыстың өзі кей көмекші етістіктерде ашығырақ байқалынса, екінші біреулерінде көмескілеу болады. Салыстырыңыз, айта бастады, келе бастады дегенде, баста көмекші етістігі өзінің толық мағыналы сыңарынан (Асан ән бастады) семантикалық жақтан онша алшақтай қойған емес.
Түркі тілін зерттеуші ғалымдар етістіктің аналитикалық формасының құрылымын, морфо-синтаксистік қызметін зерттегендерімен, белгілі бір грамматикалық құрамына енгізгенімен, олардың мағынасының сыр-сипатын анықтаған емес. Мысалы, отыр, тұр, жатыр, жүр етістіктері көсемшенің а, -е, -й және ып, -іп, -п формасымен келген толық мағыналы етістіктерге тіркесіп келіп, нақ осы 4 етістіктің мағына үлесіне тиеді ме? Әлде көсемшенің қосымшасының үлгісіне ене ме? Айта отыр, айтып отыр дегендерде мағыналық айырмашылық бар. Осы мағыналық айырмашылық көсемшенің қосымшасымен байланысты анықтала ма? Бұл сияқты сұрауларға жауап беру үшін арнайы монографиялық зерттеуді талап ететіні даусыз. Н. Оралбаева етістіктің аналитикалық формасының білдіретін мағынасы туралы сөз қозғайды да: а (е-й), ал аналитикалық формасына тоқталады. «Субъектінің қимылды жасау мүмкіндігі жеке-жеке алғанда, көмекші (-а, -е, -й) де, ал етістігі мағына білдірмейді. Тіпті ал көмекші етістігі көсемшенің -п формасымен тіркесе (-п ал) мүмкіндік мағынасын білдірмейді. Мысалы, жүріп ал, айтып ал, көріп ал т.б. Олай болса, көсемше (а, -е, -й) мен ал көмекші етістігі дербес морфемалар емес, олар идиомаланған бір мағынаны білдіруге көшкен, дербестігінен айырылған, бірінсіз-бірі қолданыла алмайды», – деп қорытынды жасалынды (191,9). Автордың айтып отырғаны дұрыс. Себебі қазақ тілінің материалының көрсетуінше а, ал аналитикалық форманты толық мағыналы етістіктерге тіркескенде, сол толық мағыналы етістікте айтылған амал-әрекетті орындау мүмкіндігі бар екендігін білдіреді. Салыстырыңыз, жаза алады, оқи алады, көре алады, жасай алады, т.б. Сондықтан а, ол, ып, ал дегендерді бір форма деп есептейміз. Бұл жерде анықталуы қажетті болған, кемінде, екі мәселе бар. Бірінші, барлық аналитикалық формант осылай семантикалық жақтан тұтасқан, идиомаланған бола ма? Екінші, -а, -ал аналитикалық формасының мағына білдіретін модаль істеуге мүмкіндігі бар дегенде мағына қайдан пайда болады? Себебі көсемшенің -а, -е, -й қосымшасының мағынасында да, ал етістігінің мағынасында да ондай мағыналық реңк жоқ болатын. Бұл сұраулардан басқа да анықталуы қажетті нәрселер бар. Мысалы, -а, -ал аналитикалық формантының субъектінің белгілі бір амал-әрекетті істеу мүмкіндігі бар деген мағынасы тұрақты ма? Жоқ әлде, ол жетекші етістіктің мағынаса қарап, өзгеріп отыра ма? Тілімізде көп мағыналы аналитикалық формасы кездеседі. Мысалы -ып ал аналитикалық формасы етістік: 1) субъект амал-әрекеті өзі үшін істегендігін білдіреді. Мысалы, Сұр мерген боз торғайды атып алды ( Ауыз әдебиеті); 2) амал-әрекеттің ұзақ уақытқа созылғандығын білдіреді. Мысалы, Басында Қасобаның жатып алдым (Ауыз әдебиеті). Бұл жердегі мағына ауысуды немен дәлелдеуге болады? Кей ғалымдарымыздың көмекші сөздердің мағынасы өздері жетегінде келген толық мағыналы сөздің мағынасына байланысты өзгеріп, құбылып отырады деген пікірі барлығын жоғарыда айтқан болатынбыз. Бұл жерде сол заңдылық бой көрсетіп тұрған жоқ па?
Түркі тілдерінде етістіктің түрлі грамматикалық категорияларының құрамында қолданылатын бірнеше аналитикалық форманттар бар (309, 26; 190, 36). Бұл аналитикалық форманттардың жетекші етістіктермен тіркесінде оларға қосатын мағыналары тұрақты. Сондықтан да А. А. Юлдашев та, Н. Оралбаева да етістіктің аналитикалық форманттарын мағынасына қарай топтастырады. Мұндай мағыналық тұрақтылық аз болса да сақталынуы көмекші етістіктің лексикалық мағынасының үлесіне түседі. Бірақ аналитикалық форма құрамында қолданылғанда, коммуникативтік қызметінің талабына байланысты, грамматикалық мағына – негізгі мағына, лексикалық мағына – қосалқы мағына ретінде бой көрсетіп тұр. Егер ондай мағыналық дербестік болмаса, онда шақ категориясының аналитикалық формасы жоқ қосымшаларынан айырмашылығы болмас еді. Етістіктің аналитикалық формасы туралы, шақ қосымшалары туралы пікір айтқан ғалымдар ондай айырмашылықтың бар екендігін мойындайды.
Көмекші сөздердің лексикалық мағынасы туралы пікір айтқан ғалымдардың көпшілігі жалғаулықтар мен демеуліктерде лексикалық мағына жоқ деп айтады. Шындығында да бұл екі топтағы көмекші сөздердің лексикалық мағынасының бар екендігін дәлелдеп беру, көмекші есім мен көмекші етістіктерге қарағанда қиынға соғады. Оларда затқа, амал-әрекетке атау болатын мағынаның кіші элементі де байқалынбайды. Осы себептен де А. Ысқақов «Септеуліктер өздерінің жоғарыда қазіргі қазақ тіліндегі әуелгі лексикалық мағыналарынан алшақтай-алшақтай келе бірте-бірте семантикалық дербестіктерінен де я бүтіндей, я жартылай немесе бүтіндей айырылып, әр қилы дерексіз (отвлеченный) грамматикалық мағыналарды білдіру үшін қолданылатын көмекші сөздерге айналғандықтары айтылды», - дейді (301, 375). Дегенмен А. Ысқақов септеулік шылауларда лексикалық мағына мүлде жоқ демейді. Сайын, үшін, шейін, дейін, қарай, гөрі сияқты шылауларды жеке тұрғанда ешқандай тиянақты ұғымды білдіре алмайды деп отырып «... солай бола тұрса да, олардың көмескі немесе бұлдыр болса да себеп я мақсат, мезгіл я бағыт, шек я ара, даралау я саралау сияқты әр түрлі абстракт ұғымдарды білдіретін дерексіз сөздерге айналған, белгілі нышаналары әрқилы грамматикалық мағыналар есебінде көрініп, сезіліп отырады», - деген (304,375). Демек, А. Ысқақов өте көмескі болса да ондай мағынаның барлығын мойындайды. Бірінші, септеулік шылаулардың коммуникативтік қызметі лексикалық мағынасымен ғана емес, синтаксистік қызметімен байланысты да анықталады. Олар белгілі бір септік жалғаулы сөзге (зат есімге) тіркесіп келеді де, сол септік жалғауының мағынасын тиянақтайды. Мысалы, М. Балақаев үйге барайық және үйге таман барайық деген екі меңгеріле байланысқан етістікті сөз тіркесін салыстыра отырып, олардың мағыналас екендігін, бірақ соңғысының мағынасы нақтылау екендігін көрсетеді: «Сол дәлділік үйге сөзінен кейін таман шылауын айтудан туып тұр», -дейді (142,49). А. Ысқақов бұл қасиетті дейін септеулігімен байланысты айтады. Яғни, Біздің шахталардың жайын Алматыға дейін жазып жүрген кім? (Ә. Әбішев) деген мысалдағы дейін алып тасталса, шахтаның жайын Алматыға ғана жазғаны аңғарылады, ал дейін қосылса шахтаның жайын жергілікті аудандық, қалалық, облыстық, т.б. мекемелерге жазғаны байқалынады дейді (304,375).
Көмекші есім, көмекші етістік пен септеулік шылаулардың өн бойында өздеріне ортақ бір белгі бар, ол белгілі бір аналитикалық формамен қатысты болады. Әрине аналитикалық форманы кең түсінуге болады. Мысалы, сөздердің күрделенуі арқылы жаңа сөз жасау тәсілін де аналитикалық тәсіл арқылы сөз жасау жүйесі деп атаймыз (143,49). Аналитикалық форма түсінігін тар көлемде де түсінуге болады. Яғни сөздердің тіркесі арқылы грамматикалық мағына білдіру тәсілі. Жоғарыда талданылған көмекші сөздер, біріншіден, белгілі бір толық мағыналы сөзге қатысты болып соның мағынасын нақтылап тұрады. Екіншіден, үшеуі де өздері қатысты болған толық мағыналы сөздің белгілі бір септік жалғауында тұруын талап етеді. Мысалы, көмекші есімдер ілік септікті зат есімдермен тіркессе, көмекші етістіктер негізінен көсемше, есімше формалы етістіктерге тіркеседі. Ал септеулік шылаулар болса, өзінің алдындағы толық мағыналы сөздің белгілі бір септік жалғауында (атау, барыс, шығыс, көмектес) тұруын талап етеді. Үшіншіден, жоғарыда талданылған көмекші сөздердің үш тобы да өздерінің лексикалық мағына дербестігінен ( түрлі дәрежеде) ажыраған, өздері тіркескен атауыш сөздің лексикалық сөз есебінде қолданылады. Яғни белгілі бір сөзге қатысты болып, соның мағынасы аясында қолданылады. Екінші бір сөзбен айтқанда, толық мағыналы сөздің мағына аясында қолданылады. Демек, сол сөздің аналитикалық формасы болады.
Көмекші сөздердің ішінде таза синтаксистік қызмет атқарып, сөз бен сөзді, сөйлем мен сөйлемді байланыстыру үшін қолданылған және бір тобы да бар. Олар – жалғаулық шылаулар. Жалғаулық шылауларда бұрынғы лексикалық мағынаның ұшпағы ғана сақталынған. «Жалғаулықтар да нақтылы ұғымды білдіре алмайды. Олар дербес лексикалық мағыналары мен абстракт грамматикалық қызметтері бар шылау сөздер», - деп анықтама берген болатын А. Ысқақов (304,364). Жалпы жалғаулық шылаулардың мағынасын жеке сөздерге байланыстыруға болмайды. Мысалы, Жақсы ат пен тату жолдас – бір ғанибет (Абай). Мысалымызда пен жалғаулығы ат, жолдас сөздеріне бірдей қатысты болып тұр. Әрине, барлық жалғаулық шылау сөзбен сөзді, сөйлем мен сөйлемді байланыстыра бермей, бірыңғай мүшенің бір сығарының мағынасымен байланысты тек құрмалас сөйлемді ғана емес, текстегі жай сөйлемдерді ұштастыру қызметінде де қолданылады. Салыстырыңыз. Жол қашық, жел қатаң, әрі ызғарлы, күн кеш болып барады. Мал-дүниенің шын иесі – осы кісі. Ендеше бәріміз де әженің төрелігіне тоқтайық (Әуезов) т.б.
Жоғарыда айтылған пікірлерден мынадай қорытынды шығаруға болады. Біріншіден, көмекші сөздер де – толық мағыналы сөздер сияқты тұлға жағынан тұрақты, лексико-грамматикалық мағыналары бар сөз. Екіншіден көмекші сөздердің лексикалық мағынасы толық мағыналы атауыш сөздердің мағынасындай емес, дерексізденген, өзінің дербестігін жоғалтқан. Сондықтан көмекші сөздер өздері жеке трып белгілі бір зат не ұғымның атауы бола алмайды. Үшіншіден, көмекші сөздердің лексикалық мағына дербестігі барлығында бірдей болмайды. Белгілі бір топ көмекші сөздерде лексикалық мағына дербестігі күшті, атауыш сөздерге жетеғабыл болса (мысалы көмекші есім мен көмекші етістіктер), екінші бір тобында лексикалық мағына мен грамматикалық мағына тең түсіп жатады (мысалы, септеулік шылаулар); үшіншіден бір тобында лексикалық мағына грамматикалық мағынаның жетегінде болады (мысалы, кейбір септеулік шылаулар мен демеулік жалғаулықтарда).




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   22




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет