Екіншіден, оқу құралы шет ел тілдерін оқып-үйренудегі әлеуметтік фактордың рөліне аса мән береді. Бұл тұста автордың әлеуметтік мәдени комментарийді мәдениеттер арасындағы тартысты (культурный конфликт) шешу жолындағы ерекше бір тәсіл ретінде қарастырғаны байқалады. Сөйтіп, келіп әлеуметтік комментарийдің түрлері айтылады. Әлеуметтік мәдени аспектінің аясында көркем әдебиетті түсіну мәселесі де сөз болып, бұл салаға арнайы тарау бөлінеді. Тарау «Қоғам мәдениетінің өзгеруі мен дамуының тілдегі көрінісі» деп аталады. Мұндағы «Көркем әдебиетті түсіну мәселелері. Әлеуметтік комментарий арқылы мәдени шиеленістерді шешу» дейтін тақырыпшаларда айтылатын мәселелердің өзі-ақ көп нәрсені аңғартады. Мысалы: «…Қоғамның дамуына сәйкес орын алатын мәдениеттегі қарама-қайшылық, оның мәдени қақтығыстары тек өзге мәдениет өкілдері арасында ғана емес, халық өміріндегі әлеуметтік өзгерістердің тереңдеуі соншалық, өз ата-бабаларының мәдениеті мен дүниетанымын мүлде білмейтін белгілі бір мәдениетті ұстанушы халық өмірінде қарама-қайшылық пайда болады. Классикалық әдеби шығармаларға берілетін комментарийлер қазіргі және өткен кезеңді сипаттайтын тұңғиық терең су үстіндегі көпірдің немесе бүгінгі оқырманға өткен дәуірдің детальдарын көру мүмкіндігін беретін сиқырлы көзілдіріктің қызметін атқарады», – дей келіп, «Орыс классиктерінің шығармаларында Ресейдің төңкеріске дейінгі тұрмыстық өмірін бейнелейтін жүздеген ұғым-түсініктердің кездесуі қазіргі оқырман қауымына «кедергі келтіретін тас сияқты», не мүлдем түсініксіз, не мүлде керісінше ұғынылады» деген филолог Юрий Федосюктің сөзін береді.
Бұл ойға мысал ретінде қазіргі орыс тілінде мағынасы өзгеріске түскен сөздерді келтіреді. Мұндай мысалдарды, келтірілген дәйектерді оқыған кезде, бұл сияқты ұғымдар мен түсініктер, сөздер қазақ тілінде де, қазақ жазушыларының ертеректе жазылған шығармаларында да ұшырасады ғой, сондықтан тілді өзге ұлттың өкіліне ғана емес, өз ұлтымыздың қазіргі балаларына да түсіндіру қажет қой деген ойға қаласың. Осы себептерден кейін бұл оқулықтың қазақ тіліне аударылуы осы бағыттағы қазақ тіліндегі еңбектердің, атап айтқанда оқулықтардың, монографиялардың, диссертациялардың жазылуына да түрткі боларына сене бастайсың.
Үшіншіден, оқулықта көптеген терминдер (мәдениеттер қақтығысы, мәдениеттер тартысы, мәдени шиеленіс, мәдени есеңгіреу, мәдениеттер соғысы, әлемнің мәдени бейнесі, мәдениеттер тоғысы, мәдениеттер қиылысы, әлеуметтік-мәдени комментарий т.б.) аталып, дефинициялары беріледі. Бұларды ерекше жаңалық демесек те, қазақ ғылыми тілінің толығуына қосылған сөз тіркестері деп қабылдауға әбден болады.