VII-ғасырдың I-жартысында түріктер арасында соғды жазуының негізінде геометриялық сызбалардан тұратын 38 белгіден құралған жаңа жазу қалыптасады. Ол ағашқа немесе тасқа түсіруге өте қолайлы болды. Түрік қағанаты тарихының алғашқы кезеңінде, кеш дегенде VII ғасырдың бірінші жартысында, ертедегі түрік таңбаларына (рулық нышандарына) ұқсас бірнеше белгілермен толықтырылған соғды жазуы негізінде түріктердің арасында жаңа жазу пайда болды.
Ертедегі түрік жазуын тұңғыш рет XVIII ғасырдың 20-жылдарында I Петрде қызмет атқарған неміс ғалымы Д. Мессершмидт пен оған еріп жүрген шведтің тұтқын офицері И. Страленберг Енисей аңғарында ашты. Олар Скандинавияның руналық жазуымен ұқсастығына қарап оны «руналық» жазу деп атады. Атау онша дәл болмағанымен, қолайлы болып шықты және ғылымда осы атау орнығып қалды.
1889 жылы Н. М. Ядринцев Солтүстік моңғолияда, Орхон өзенінің аңғарынан руна жазулары бар орасан зор құлпытастарды тапты. Табылған мәтінді оқудың бірінші болып кілтін тапқан дат ғалымы В. Томсен және жазбаларды алғаш рет оқыған орыс түркологы В. В. Радлов болды. Негізгі ескерткіштердің табылған жері бойынша жазу «орхон-енисей» жазуы деп атала бастады, ал басқа белгілері (тілі және жазылу сипаты) бойынша ол ертедегі түріктердің руналық жазуы деп аталып келеді.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі: 1. «Қазақстан тарихы» (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 1-том. — Алматы: Атамұра, 2010.—59 2. Қазақстан тарихы (Ерте заманнан қазіргі кезге дейін) 4-томдық. - Алматы. Т. 1, 1996. 3. Бейсенбайұлы Ж. Бітігтастағы Білге танушы «Егемен Қазақстан» 2002, 28 сәуір. 4. Ертедегі қазақ әдебиеті, Хрестоматия, Күлтегін. (кіші жазу) Алматы, 1967, 29 б.