- Шал мен кемпірді өстіп анда-санда болса да жіберіп алып тұрмайсың ба? Бас қосу, бастаңғы жасау дегенді ұмыттық қой мүлде, – деп лекіте күліп Қайыржан көрінді.
- Олай болса, «Ауған хан мен Қалған хан» ойнайық,- деп салдым (С.Шаймерденов).
Келтірілген үзіндіде бүгінде ұмыт болған және сирек айтылатын ұлттық түрдегі жастардың бас қосуы және ойын атауларын білдіретін «бастаңғы», «Ауған хан мен Қалған хан» этнографизмдері қолданылған.
Ал мына үзіндіде Тәуеккел ханның тұсындағы тарихи кезеңді суреттеуде сол дәуірдің тілдік көрсеткіштерін – тарихи, көнерген сөздерді, варваризмдерді жазушының орынды қолданғанын көреміз, біріншіден, тарихи шындықтан ауытқымай, сол кезгі тарихи болмысты (заттарды, нәрселерді) дұрыс көрсетіп, екіншіден, бұндай сөздердің бүгінгі оқырманға түсінікті болуын көздеп жұмсаған:
Тоқсан мың әскер орыс дәстүрімен бес қосынға бөлінген еді. Негізгі күш – бел орта – Большой полк аталатын... Сонымен қатар, полк правой руки аталатын оң жанақта да, полк левой руки аталатын маңдай, сторожевой аталатын тұтқауыл – әрқайсысында жеке қолбасы бар еді... мың қаралы атты стрелецтен құрылған шолғыншы – ертауыл... қаружарақ қоры артылған арқұқ – обоз өз алдына... (М.Мағауин).
Жазушының өзіндік қолтаңбасын танытатын окказионалдық бірліктер де көркем стильде жиі қолданылады: Сонда қарқарадай хан ауылын тасырлатып шауып кетердей ол не қылған жүрегіне жүн байлаған қазақ. (Ә.Кекілбаев). Бұл мәнмәтінде автор кейіпкердің (қазақтың) бейнесін ашу мақсатында өзінше өңдеп, окказионалдық құбылыс жасаған. Мәтіндегі авторлық қолданыстың мағынасы – батыл, ержүрек қазақты бейнелеуі болып табылады.
Көркем әдебиет стилінің екінші бір ерекшелігі – оның көп стильділігі. Мұның мәнісі – көркем әдебиет тілінде өзге функционалды стильдердің элементтері стильдік уәжбен қолданысқа енеді, мұнда тілдік құралдардың барлық түрі пайдаланылады. Мысалы, Ғ.Мүсіреповтің «Болашаққа аманат» тарихи драмасынан үзінді келтірелік:
Хан: тегі, бала жасынан би атанған Сырым қырыққа жете бере қартаяйын деген-ау, сірә! Ханмен жауласпаймын, хандығымен жауласамын деген сөз бола ма екен? Ханы бар, хандығы жоқ ел болғанын қайдан естіп жүрсің?
Сырым: тегінде, екінің бірі дұрыс болар: мен қырыққа жетпей қартайған болармын, не кейбіреулер қырыққа жеткенше қырқынан шыға алмай қойған болар… Бұдан ары шешен сөйлейтін Сырымның сөз желiсi өзге мәнерге ауысып отырады: «Жер-су мәселесі әділетпен шешілмеген болса, халық кеңесі өз міндетін атқара алмаған болар еді… Халық кеңесінің кезекті жиналысын ашық деп жариялаймын…». Өзге стильдiк элементтердi (ресми сипаттағы жер-су мәселесі, мәселе шешу, халық кеңесі, ашық деп жариялау, т.т. ) эстетикалық мәнде жұмсай отырып, ерекше бір көркемдік тiл кестесiн құрайды. Бөгде стильдік қолданыстар көркем әдебиет стилiнiң ерекшелiгiне бағынып, жазушы идеясына тәуелдi болады.
Көркем әдебиет стилінің тағы бір ерекшелігі – нақты эстетикалық қызметте жұмсалуы, сөздің эстетикалық қуаты, сөздің бейнелілігі негізгі орын алады, яғни бейнелі ойлау жүйесімен ерекшеленеді, сондықтан троптар мен стилистикалық айшықтаулардың барлық түрі жиі ұшырасады. Деректер келтірелік: Анадайдан оны көріп бүлкілдеп,
Жорытады атың.
Көзіңе де жылтың кеп,
Қуаныштың домбырасы кеудеңе
Майда қоңыр күй тартады шіңкілдеп (Ә.Кекілбаев).
Келтірілген үзіндідегі ұлттық мәдени ерекшеліктерден хабар беретін қуаныштың домбырасы метафорасы Ә.Кекілбаевтың өзіндік таным ерекшелігінен туған. Негізінде қуаныштың символы ретінде алынып, мәнмәтінде қуанып тұрған адам бейнесін көз алдыңа елестетеді.
Кең шалғай, иір-қиыр құм дала, дүние талаурап кеткен, ауа көгілдір тартады, Сонау көкжиекке қарасаң, көк сілемік буалдыр ішінде таңғажайып бір таулар көшіп-қонып жатқандай болады. Бұйра-бұйра сырғыма төбелердің үстінде кәдімгі оттың салқыны шарпыған секілденеді. Көктем шағында аз күнге болса да құлпыра көктеген көк, жасыл, қызыл, жолақ, ақ таңдақ сан алуан гүлдер енді қара-күрең күйік тартып қурап қалған. Аяқ бассаң, қаудырлап үгітіліп түседі. Осы бір ұланқайыр жапан даланың бетіне болмашы бір көк жолақ ирелең сызық тастап шағын өзен ағып жатыр (С.Шаймерденов).
Мәтін үзіндісінде жазушы эпитет, теңеу арқылы табиғат құбылыстарын әсерлі етіп суреттеген. Табиғат ананың ғажайып суреттерін көз алдыңа сол әсем қалпында жеткізуге тырысқан қаламгер тілдік бояуларды аса дәлдікпен жұмсаған. Немесе мына үзіндіде: «Қызыл Жебеге қонған Рысқұлдың сирек жылжитын қаһарлы қарасұр өңінен нұр төгіліп, көздері шоқ шашып, әруақ қуып арқасы қозған бақсыдай, айбыны асқақтап шыға келді. Астындағы жүйрік те буырқанған бұла күшті сезгендей, ауыздықты қарш-қарш шайнап, тізгінді сүзе шірене тартылған садақтың адырнасынан ұшатын жебедей лыпып тұр еді» - автор кейіпкердің бет-пішінін, сыртқы көрінісін, портретін жасау үшін теңеуді тиімді пайдаланған.
Сөйтіп, көркем әдебиет стилінің басты белгісі – тілдің лексикалық қабаттарының барлық түрлері (экспрессиялыэмоциялық бояуға бай тұрақты сөз тіркестері, фразеологизмдер, синонимдер, ауыспалы мағыналы, көп мағыналы сөздер, антонимдер, антитезалық құбылыстар, мақал-мәтел, қанатты сөздер, көріктеу тәсілдері) қолданылады. Деректер келтірелік: «Сондықтан аталас ағайын іргелерін тым алшақ ұстамай, қанаттас, қатарлас қонғаны мақұл; Күнде көріп араласып жүрген соң, ағайын арасында ырың-жырың, дау-жанжал да болмай тұрмайды» (С.Шаймерденов).
Мысалдағы синонимдердің қосарланып жұмсалуы арқылы ойдың мағыналық реңкі, экспрессиялық қуаты арта түседі. Бірінші сөйлемде қанаттас сөзінің көркемдік реңкі басым, әдетте, қатарлас сөзінің мағынасымен дәл келетін іргелес сөзі тілімізде жиі қолданылады. Көркем әдебиет стилінде тұрақты тіркестер де стильдік мақсатпен жиі қолданылады: «Ұмсындықтың қара көзі от шашып, жалт етті; Ендеше ана малды жинап алыңдар. Боқтарыңды теріп жүре алмаймын сендердің, - деп, тебіне жөнелді; Амал бар ма, тасыған көңіл судай басылды; Көктен тілегенім жерден табылғандай (С.Шаймерденов). Берілген сөйлемдердегі көзінен от шашу, көңілі судай басылу, көктен тілегені жерден табылу тіркестері кейіпкердің әр түрлі психологиялық жай-күйін суреттеуде жұмсалған стильдік амалдар болып танылады. Берілген сөйлемдердегі көзінен от шашу, көңілі судай басылу, көктен тілегені жерден табылу тіркестері кейіпкердің әр түрлі психологиялық жай-күйін суреттеуде жұмсалған стильдік амалдар болып танылады.
«Өзекті жанға өлім бар – хандарың тура келген ажал оғынан қаза тапса, көлденең жабысқан кеселден көз жұмса, елге кім иелік етеді? Күні кеше ғана Хақ Назар хан шейіт болған сәтте қырық тарапқа тарадыңдар, ақыры немен тынды? Басыңа сол зобалаң қайта тумасын ойла. Әкесі ер деме - өзі ез шығар. Жасы кіші деме – қара қанжар шығар. Ата салтыңда алтын тақ – ағадан ініге мұра...» (М.Мағауин). Бұл үзіндіде Тәуекел ханның жұртына қарата айтылған осы сөзінде жазушы мақал-мәтелдер мен қанатты сөздерді орнын тауып, қиыстыра шебер қолданған. Сол арқылы кейіпкердің шешендігі анық танылады.
Демек, эстетикалық қызметтегі тілдің бар болмысын ашатын ерекше қолданыс түрі – көркем әдебиет стилі. Оның лексика-фразеологиялық, грамматикалық, фонетикалық тәсілдерді пайдаланудағы, мәтіннің құрылымдық ұйымдасу принциптеріндегі түрлі ерекшеліктері болатындығы белгілі.
Көркем әдебиет стилінің қысқаша талдау үлгісі:
1.Қарым-қатынас аясы (қолданылатын орны): көркем шығармаларда жазбаша түрі), көпшілік алдында, сахнада айтылатын әңгіме, өлең, т.б. жанрларда.
2.Қарым-қатынас мақсаты: ақиқат шындықты, өмірдегі зат, құбылыстарды суреттеу, бейнелеу арқылы оқырман сезіміне әсер ету.
3.Стильдік сипаты: сөз деректі, образды эмоционалдыэкспрессивті мәнде, т.б.
4.Тілдік ерекшеліктері:
а) лексика-фразеологиялық: ауыспалы мағынадағы сөздер, суреттемелік, көркемдеуіш құралдар (теңеу, метафора, эпитет, антитеза...), бейәдеби бірліктер, синонимдер мен антонимдер, бейнелі сөз орамдары, т.б.
ә) морфологиялық: одағай, шылаулар, қыстырма, қаратпа сөздер,...
б) синтаксистік: риторикалық сұраулы сөйлемдер, қайталамалар, парцелляцияланған құрылымдар, инверсия, ...
Сұрақтар:
1. «Тіл қоғамдық сананың дамуына, ал қоғамдық сана стильдердің қалыптасуына ықпал етеді» дегенді қалай түсінесіз?
2. Функционалды стильдерді түзуші факторлар.
3. Экстралингвистикалық факторларға нелер жатады?
4. Қазақ тілі функционалды стильдерінің жіктелу критерийлері ғылымда айқындалған ба?
5. Стильдерді, оның стилішілік түрлерін топтастырудағы ғылыми көзқарастар.
6. Ауызша тіл мен жазба тіл стильдеріне тән белгілер.
7. Қазақ әдеби тілінің функционалды стиль түрлері, оның қазіргі зерттелу дәрежесі.
8. Ауызекі сөйлеу стилінің тілдік-стильдік ерекшеліктері.
9. Паралингвистиканың зерттеу нысаны.
10. Ресми стильдің шағын түрлері мен тілдік-стильдік сипаты.
11. Ғылыми стильдің жанрлық түрлері мен лингвистикалық белгілері.
12. Көркем әдебиет стилінің өзіндік ерекшеліктері.
13. Көркем әдебиет стилінің cтильдер жүйесінде алатын орны, ол жайындағы ғылыми көзқарастар.
14. Көркем әдебиет тілін зерттеудің өзекті мәселелері.
15. Автор бейнесі, тілдік бейне, тілдік тұлға деген ұғымдарды қалай түсінесіз?
16. Публицистикалық стильдің жанрлық түрлері мен тілдікстильдік ерекшеліктері.
17. Шешендік сөйлеу стилі, оған қойылатын талаптар.
18. Радио-теледидар тілінің қазіргі даму аспектілері.
Әдебиеттер:
1. Балақаев М. Әдеби тілдің стильдер жүйесі // Қазақ әдеби тілі. Алматы, 1987.
2. Балақаев М., Жанпейісов Е., Томанов М., Манасбаев Б. Қазақ тілінің стилистикасы. Алматы, 1966, 1974, 2005.
3. Исаев С. Қазақ әдеби тілінің тарихы. Алматы, 1996.
4. Сыздық Р. Сөз құдіреті. Алматы, 2005.
5. Жапбаров А. Қазақ тілі стилистикасын оқыту методикасының негіздері. Алматы, 1991.
6. Әміров Р. Ауызекі сөйлеу тілінің синтаксистік ерекшеліктері. Алматы, 1977.
7. Ерназарова З. Қазақ сөйлеу тілі синтаксистік бірліктерінің прагматикалық негіздері: Фил. ғыл. док...дисс. Алматы, 2002.
8. Алдашева А., Ахметжанова З., т.б. Ресми қарым-қатынас, іс қағаздар тілі. Алматы, 2000.
9. Дүйсембекова Л. Қазақ тілі: іс қағаздарын жүргізу. 2010.
10. Бүркітов О. Қазақ әдеби тілінің публицистикалық стилі: Фил. ғыл. канд. дисс... Алматы, 1996. 11. Момынова Б. Газет лексикасы (жүйесі мен құрылымы). Алматы: Арыс, 1999.
12. Құрманбаева Ж. Қазақ тіліндегі ғылыми-көпшілік әдебиет стилінің қалыптасуы: Фил. ғыл. канд. дисс... Алматы, 2003.
13. Мажитаева Ш., Рапишева Ж. Қазақ тіліндегі ғылыми стильдің қалыптасу тарихы. Бішкек, 2006. 14. Жанпейісов Е. Қазақ прозасының тілі. Алматы, 1968.
15. Серғалиев М. Көркем әдебиет тілі. Алматы, 1995.
16. Шалабай Б. Қазақ көркем прозасының тілін зерттеудің ғылыми-теориялық негіздері: Фил. ғыл. док...дисс. Алматы, 1997.
17. Уәлиұлы Н. Қазақ сөз мәдениетінің ғылыми-теориялық негіздері: Фил. ғыл. док...дисс. Алматы, 2007.
18. Қосымова Г. Қазақ шешендік өнерінің негіздері. Алматы, 2003.
19. Стиль научной речи (сб. статей). Под. ред. Троянской Е.С. М., 1978.
20. Троянская Е.С. Обучение чтению научной литературы. М: Наука, 1989.
21. Миронова В.Г. и др. Обучение научному стилю речи. Алматы: Рауан, 1992.
22. Будагов Р. А. Литературные языки и языковые стили. М., 1967.
23. Кожина М. Н. Очерки по стилистике русского языка. М: Просвещение, 1983.
Достарыңызбен бөлісу: |