Көру қабілеті бұзылған және зияты зақымдалған балалардың психологиялық-педагогикалық сипаттамасы
Көзінің көруі бұзылған тұлғалардың психикалық дамуын зерттейтін, арнайы психологияның тарауы ретіндегі тифлопсихология өз атауын гректің «tiphlos» - соқыр деген сөзінен алып, бастапқыда тек соқырлардың психологиясымен ғана айналысты. Қазіргі уақытта тифлопсихологияның зерттеу нысаны қатарына тек қана соқырлар ғана емес, сонымен қатар көзінің көруі терең зақымданған тұлғалар да жатады.
Көрудің бұзылуы туа пайда болуы мүмкін немесе жүре пайда болуы мүмкін. Туа пайда болған соқырлықтың себебі катаракта, глаукома, көз торшасының патологиясы, көру нервтерінің атрофиясының тұқымқуалаушылық жолмен таралуы болып табылады. Тағы бір себебі -ананың жүктілік кезіндегі түрлі инфекциялық аурулармен ауруы. Жүре пайда болған кӛрудің бұзылу себептері, көру органдарының ауруы, орталық нерв жүйесінің аурулары (менингит, ми ісігі, менингоэнцефалит), бас миының немесе көздің соққы алуы болып табылады. Балалар арасындағы көрудің бұзылуындағы негізгі клиникалық формалары нерв жолдарының, көру анализаторының қабықтық зоналарының зақымдануы, көз хрусталінің (катаракта) бұзылуымен түсіндіріледі. Балалар арасында кездесетін кӛру қабілетінің бұзылуларына қылилық, амблиопия, астигматизм т.б. жатады. Аталған кемшіліктердің әсерінен бала бойында анықталатын жағымсыз жағдайлар:
қимылдық сфераның шектелуі;
әлеуметтік тәжірибе мазмұнының толық болмауы;
эмоциядағы, мінездегі ерекшеліктер;
ойын, оқу, еңбек әрекетін игерудегі қиындықтар;
өз-өзіне деген сенімсіздік, пассивтіліктің байқалуы;
шектен тыс қозғыштық, ашуланшақтық, агрессия.
Соқыр және нашар көретін балаларға арналған жалпы білім беретін мектептер үш деңгейден тұрады: бірінші деңгей — бастауыш мектеп, екінші деңгей — негізгі (аяқталмаған орта) мектеп, үшінші деңгей — орта мектеп. Мектептің деңгейлері бала дамуының негізгі үш кезеңіне, яғни балалық шақ, жеткіншек шақ, жастық шаққа сәйкестендірілген.
Бірінші деңгейдегі мектеп бала тұлғасының қалыптасуына, потенциалдық мүмкіндіктерінің тұтастай дамуына, дамудағы кемшілікті коррекциялауға, емдеуге, көру қабілетін сақтауға бағытталады. Бастауыш мектепте көру қабілетін дамыту, соқырлардың сипап-сезу қабілетін дамыту, сөйлеу тіліндегі кемшіліктерді түзету, ритмика, дене тәрбиесі сабақтары жүргізіледі. Бастауыш мектептің оқушылары көрнекі-образды ойлау, теориялық ойлау қабілеттерін, оқу әрекетін, есептеу, оқу, жазу дағдыларын, өз-өзіне қызмет етудің қарапайым тәсілдерін игереді. Оқыту мен білім беру арнайы оқу жоспарына сай оқу бағдарламасымен жүзеге асады.
Екінші деңгейдегі мектеп білім алуды жалғастырушы түлек үшін қажетті еңбек дағдыларын игертуге, білімін жалғастыруға жағдай жасауға, қоғамға араласуына көмек кӛрсетуге бағытталады. Денсаулықты нығайту мен танымдық, тұлғалық, қимылдық сфераны түзетуге арналған жұмыстары жалғасады. Мектеп баланың потенциалдық мүмкіндіктерін ескере отырып, дүниетанымын қалыптастыруға, еңбекке араласуына, көру қабілеті бойынша мүгедектік арқылы жұмыспен қамтамасыз етілуіне бағытталған шараларды жүзеге асырады. Оқушылар арнаулы енгізілген және кейбір пәндерге байланысты (бейнелеу, сызу, еңбекке баулу) жалпы білім беретін мектеп бағдарламасымен білім алады.
Орта мектеп еңбекке баулуды қамтамасыз етеді. Мектеп оқушының қызығушылығын, әлеуметтік-психологиялық бейімделуін, қоғамдық өмірге араласуын қанағаттандыруға жағдай жасайды. Осы мақсаттарға сәйкес оқу жоспарына міндетті пәндермен қатар оқушының таңдауы бойынша пәндері енгізіледі. Жоғары кластарда кейбір пәндерге байланысты өзгертулер енгізілген (информатика, еңбекке баулу) жалпы білім беретін мектеп бағдарламасымен ұйымдастырылады.
Соқыр балаларға арналған мектептердегі оқыту жалпы білім беретін мектептің бедерлі-нүктелі шрифтімен жазылған оқулықтарымен қамтамасыз етіледі. Оқу практикасына қабылдау, кеңістікті бағдарлау мүмкіндіктерін кеңейтуге арналған оқытудың тифлотехникалық құралдары (жазуға арналған арнайы құралдар, жарық сигналдарын беруші құралдар) кеңінен қолданылады. Нашар көретін балалармен жұмыс кезінде көру қабілетін дамытуға арналған жағдайлар жасалады және көрудің нашарлығына сәйкес келетін дәптерлер, көрнекі, дидактикалық материалдар, оптикалық және техникалық құралдар қолданылады.
Көру деңгейі функционалдық бұзылған балалардың диагноздары: