Ежелден көшіп-қонып, мал баққан қазақ халқы үшін көліктің түрік-салт ат болды, ал соған орай, ер тұрман жабдықтарының алатын орны да өзгеше еді. Қазақ елінде ер-тұрманның сан алуан түрі кездеседі. Қазақстанның жері үлкен, халқы сирек қоныстанғандықтан, қазақ өмірінің қай саласында болсын айтарлықтай жергілікті ерекшеліктер ер-тұрманнан да байқалады. Бұлардың бір-бірінен негізгі айырмасы - олардың жасалу тәсілімен сыртқы көрінісінде. Осы ерекшеліктеріне қарай: "қазақ ері", "шошақ бас ер", "үйрек бас ер", "қан бас ер", "құранды ер" деген атаулар қалыптасқан. Құранды ер көбінесе Оңтүстік Қазақстанда,Қарағанды облысының шығыс жағы мен Целиноград, Қостанай және Алматы облыстарының оңтүстік өңірлерінде кездеседі. Құранды ерді шеберлер 18-20 бөлек ағаш кесінділерінен құрастырады. Құранды ер жасау үшін терек, жиде, тал сияқты жұмсақ әрі мықты ағашты қолданады. Құранды ердің бөлшектерін "сары желім", "қара желім" пайдаланған. "Сары желім" ағаштан жасалады да, "қара желім" көтерем малдың сүйегінен сылынған еті мен түйенің еті езілгенше қайнатып, ет пен көнді сүзіп тастап қалған сұйықтықты суытып пайдаланған. Маңқыстау түбегі мен Ембі бойында мекендейтін қазақ жұртшылығында қалыптасқан ер түрі - "қозықұйрық ер", "шошақ бас қазақ ері" деп те атайды. Қозықұйрық ердің жасалу тәсілінде құранды ермен әжептәуір ортақтығы бар. Дегенмен, мұны құранды ердің бір түрі деуге болмайды. Өйткені оған қойылған атау, жалпв кескіні де оның қазақ ерлерінің ішінлегі өз алдына жеке қалыптасқан айрықша бір түрі екендігін дәлелдейді. Қозықұйрық ерді кейде бес бөлек қайың кесінділерінен жасайды. Мұның сыртқы кескінінде жоғарыда баяндалған құранды ерлерден еш өзгешелігі болмағанымен,оның қосылу және көркемделу тәсілдерінде біраз айырмашылықтар байқалады. Ер бөлшектері бір-бірімен желіммен емес, шегемен біріктіріледі, алдыңғы қостың бет жағына жеңіл-желпі геометриялық өрнектер ойылады. Торғай, Ырғыз бойында және Көкшетау өңірінде үйрек бас деп аталатын ер болған. Бұл ердің үйрек мойынданып, ілгері қарай иіліп тұратын алдыңғы қасынан басқа пішіні құранды ерге өте ұқсас. Ал, ағаш сүйегі төрт бөлек қайыңнан шабылады да, бір-бірімен шеге арқылы ұстатылып, сырты көнмен не қалың былғарымен қаптала шегеленеді. Ер-тұрманның құрамына ердің жеке басынан басқа ойым, желдік, терлік, тебіңгі, үзеңгі, айыл,құйысқан, өмілдірік, жүген,жабу,ат көрпе, тұсау, шіжер сияқты заттар да қосылады. Тебіңгі-бір жағынан әсемдік үшін тағылса, екіншіден, тоқым қысқа болған жағдайда аяқ киімді аттың терінен сақтайды, ал тоқым ұзын болған күнде оны жылдам тоздырмайды. Желдіктің қасы-екі қабат киізден сырылып, сырты былғарымен тысталады. Қаптал астындағы желдік ілгерілі-кейінді жылжымауы үшін оның екі басының үстіңгі жағы қапталдың көлеміне сай кемештеліп тігіледі. Желдіктің қасы жіптермен кестеленіп, күміс әшекеймен безендіріледі. Үзеңгі-темір үзеңгі сом темірден тұтас соғылады, оның табаны ғана бөлек жасалып қондырылады.Ал,кейбір ұсталар үзеңгінің ішін қуыстап соғып алады да, сыртын толығынан күміспен безендіреді. Күмістелген үзеңгінің сыртына әр түрлі өрнектерді сан алуан тәсілдермен түсіреді. Бірде күміс бетіне нағыз қарала жүргізілсе, екіншіде өрнекті темір бетіне шабылған күмістен ойып алып, жалған қарала жасалатын, яғни темірдің табиғи реңі қарала тәрізденіп көрінеді. Көпшілік жағдайда үзеңгі ешбір өрнексіз, сол қалпында беріледі. Үзеңгіні ерге тағу үшін қалың қайыстан, не былғарыдан екі қабаттап айльасты үзеңгі бау жасайды. Әдетте, үзеңгі баудың айылбасын күмістеп те жасайды. Құр айыл-жіптен жасалған айыл. Шап айыл-жалаң ердің үстінен тартылады. Төс айыл-ат көрпенің үстінен тартылады. Өмілдірік-екі ұшы ердің алдыңғы қасының екі жағына бекітіліп, ортасы аттың омырауында тұрады. Жүген-қазақ шеберлері жүген жасауға көп көңіл бөлген.Жүген қайыстан,былғарыдан жасалады.Төрт бөлімнен тұрады. Торсық-сабабдан қалған тері кесінділерінен үлкенді кішілі торсық, сүйретпе, сияқты ас құятын ыдыстар да тігеді.[1]