Эпилог
Бір мың жеті жүз сексен бірінші, Ұлу жылы Түркістан өлкесіне өте ауыр жыл
болды.
Гулей соққан ыстық жел шаһар маңының майда құмын көкке көтеріп, жан-
жануардың көзін аштырмай, тұтығып тұрды. Жаз шыққалы бір тамшы жаңбыр
көрмеген сұр топырақты тақыр дала арса-арса боп жарылып кеткен... Табиғаттың
осынау қияпат қысымы жетпіске келіп хал үстінде жатқан Абылайдың да тынысын
тарылта берді. Бірақ ол бүкіл денесі құрысып, жүрегі қабынып, ауыр науқас
өкпесіне біздей қадалса да, дауыс шығарып сыр беретін емес. Шоғы сөнген
қоламтадай күннен-күнге бозара түсіп, сөніп бара жатты. Иә, бұл ауру сонау
Үмбетей жырау келіп, Бөгенбай батырының өлімін естірткен күннен басталған-ды.
Со күні Абылай бір түрлі қобалжуда еді. Үш жүздің ел-жұрты өзін Үлкен Орданың
ханы етіп боз биенің сүтіне шомылдырып, ақ кигізге көтерген күнінен сегіз жыл
өткен соң, Абылай бүкіл қазақ ханы етіп бекітуін сұрап, баласы Тұғымды бас етіп,
Петербургке елшілер аттандырған. Бекерге қауіптенбеген екен, Екінші Екатерина
қатын патша оны тек Орта жүздің ғана ханы етіп тағайындады. Бұл хабарды
естігенде Абылай бармағын шайнап, теріс бұрылып кетті. Тұғымды Петербургке
аттандырғанда, қанша қобалжығанмен де, «Мүмкін, қатын патша бекітіп қалар»
деп үлкен үміт күтіп еді. Со үміті орындалмай, қапаланып отырғанында Арқадан,
Баянаула жақтан бір топ жуан қоныш, түлкі тымақ, кіселі күміс белбеулі
ақсақалдар Ордаға кіріп келген. Ханға тәжім етіп сәлем берісіменен Үмбетей
жырау босағада бір тізерлей отыра қап, қарлыққан кәрі даусымен, өлім естіртетін
әуенге салып, бір термені шұбырта жөнеліп еді:
Ей, Абылай, Абылай,
Абылай ханым, бұл қалай?
Бұл қалайдан сескеніп,
Сөзімді қойма тыңдамай,
Талай істер басыңнан
331
Әдеби KZ
Өтіп еді-ау жасыңнан
Қиын, қызық әрбір жай, —
деп Үмбетей жырын бастай бергенде-ақ сұлық отырған Абылай, бойын жиып
алған. «Қай батырым, не қай жан күйер ақсақалым қаза болды екен?» — деп
шошына қарап еді. Бірақ жырау тоқ етерін айтпай орағытып, алдыменен
Абылайдың қасында қандай батырлар болып, қандай ерлік істер істегенін біраз
жыр етіп келді де, кенет оқ тиіп құлаған қоңыр қаздай сұңқылдады:
Ей, Абылай, Абылай,
Сөзімді тыңда тағыда-ай!
Өзіңнен біраз жасы үлкен
Дөмпеш таудай басы үлкен,
Жасыңда болған сырласың,
Үлкен де болса құрдасың,
Сексеннен аса бергенде
Қайрылмас қаза келгенде
Батырың өлді — Бөгенбай! —
дегенде Абылай жүрегі қабынып, не дерін білмей, сілейіп отырып қалған.
Бөгенбай-сынды батырдың
Береке берсін артына-ай,
Сабыр берсін халқына-ай,
Жасаған ие жар болып,
Бейіште нұры шалқығай —
деген ең ақырғы жыр шумағын әзер тыңдады.
332
Әдеби KZ
Баянаулада өлген батырдың құрметіне Абылай ел жинап, құран оқытып,
қазасын осы Түркістанда өткерді. Сол күннен бастап өз денесі құрысып, жүрегі
қабынатын кесел пайда болды. Бірақ, бұл дерт айында, жылында бір ұстап,
Абылайдың әдейі тәубесін келтіргісі келгендей, әрі-бері қысып, артынан тарқап
кететін. Ал сол кесел, міне, үш айдан бері, ханды тұрғызбай біржолата басып
алды. Абылайдың есін жиюынан талықсуы көбейіп кетті. Бүгін де сондай халде
еді. Әлсін-әлсін ұстап жанында отырған Бұқар жыраумен өлер алдында қоштасып,
іштегі арманын сыртқа шығаруға да мұршасын келтірмей қойған. Сөйтіп қиналып
жатқан ханның, тек түс ауа ғана тілдесуге шамасы келді. Көңіліндегісін айтып
қалайын дегендей асыға тіл қатты.
— Құдайдан жалғыз ғана тілегім бар еді, Бұқар аға, алар болсаң қан майданда
жүргенімде ал деуші едім, — деді ол ақырын көзін ашып. — Көрдің бе, міне, елу
жыл оқ дарымай келіп, ақыры бір шаншудан ажал таппақпын. Өмірде бар
тілегімді бергенде, құдай бұл тілегімді неге бермеді екен.
Бұқар жырау «өлмейсің» деп оның көңілін жұбатқан жоқ. Адамның өңменінен
өтетін үлкен өткір көздеріндегі нұрдың сөніп бара жатқанын көрді де ең болмаса
сөйлесіп қалайын дегендей, Абылайдың төсегіне жақындау отырды.
— Иә, Абылай, — деді сөзді әріден толғап, — елу жылдан астам ат үстінде
болдың. Батыр да атандың, ақыры хан тағына да отырдың. Бірақ соның бәрінен не
қалды?
— Сенің осылай дейтініңді сезетін едім, — Абылай езу тартқандай болды, —
рас, хан тағына жету үшін мен ұзақ һәм бұралаң жол бастым... Бірақ сол хан тағы
маған не үшін керек еді? Осы сұраққа көңіл күйім тағы бір қасірет шеккен күні
жауап берейін деп едім ғой. Сол күн туған секілді... Адамға өлімнен артық қасірет
бар ма? Ал тыңда... Иә, хандық құру, тек мансапқорлықтан туды ма сол арман?
Жоқ, Бұқар аға, онда сен мені білмегенің. Қолыңда күшің болмаса, кімге
айтқаныңды істете аласың? Ұлы хан тағына отырсам қазақ елін өзімнің дегеніме
жеткізсем деп ойлағам... Ал соңынан... Әділетті ұлы хан болсам халық менің
бұрынғы қиянаттарымды ұмытады ғой деп сенгенмін...
333
Әдеби KZ
— Бірақ сенің қолыңнан ондай хан болу келмеді ғой.
— Хан бар жерде қиянат болмауы мүмкін емес екен. Бірақ мен сол
қиянатымды да, озбырлығымды да, халқымды уысымда ұстау үшін жұмсадым, ел
бірлігін күшпен сақтамақ болдым.
Бұқар үндемей отырып қалды. Бір кезде барып:
— Иә, Абылай, сен қанды көз қара бүркіт едің!
Саған еліңді аққу құстай әдемі әніңмен басқармадың деу күнә болар... Олай
басқаруды мына замана көтермес те еді, — деп Абылайдың ұзын, арық
саусақтарын сипады. — Ал енді бұл жалғаннан өтіп барасың, артыңдағы ұл-
қызыңа айтар қандай кеңесің бар?
Абылай бұл сұрақты күткен секілді. Сәл ойланып жатты да, Бұқарға көзінің
қиығын аударды.
— Ұл-қыз дейсің бе?.. Менің кеңесіммен жүрер ұл-қыз болар ма екен? Сөйтсе
де екі айтарым бар. Бірі — қазақ аз ел ғой, азып-тозып кетпес үшін, қолдарынан
келсе солардың бірлігін сақтасын. Бірлігі бар елді басқару жеңіл. Екінші айтарым
— мен елу жылдан астам соғыс жүргіздім. Жетпіске келген жасымда, мейлі айла
құрайын, қолыма найза ұстап майданға шығайын, әйтеуір шығыс жағымнан
келген жауға, әсіресе, Қытайға қазақтың бір тұтам жерін бергем жоқ. Ал батыстан
келе жатқан орыс еліне, оның бекініс, қала салуына қарсы шықпадым. Тіпті қара
шекпендеріне егін-жай да бердім. Осыны неге істедім? Ақ патшамен тіл тапқым
келді. Рас, кейде оның қиянаты да аз болған жоқ. — Абылай өзін Їш жүздің ханы
етпеген өкпесін айтқысы келді де кенет қоя қойды. — Бірақ «битке өкпелеп
тоныңды отқа салма» деген, сол ақ патшамен найза арқылы емес, сөз арқылы тіл
табуға тырыссын. Бұлай ету өздеріне сүйеніш болады. Ақ патша тірі тұрса, Абылай
ұрпағынан ел билеу үстемдігі кетпейді...
— Абылай, — деді Бұқар жырау, — өмірде қиындықты да, қызықты да көп
көрдің, ал сонда қандай өкінішің бар?
— Өкінішім, — деді Абылай күрсініп. — Өз басымның өкініші... Үш жүздің
басын қоса алмадым; аз елге хан болдым. Қазаққа мал емшегін емізгенмен, жер
334
Әдеби KZ
емшегін емізе алмадым. Орда Көкшетауда тұрғанда ақылшым болған Тимофей
Егорұлының кеңесімен Зеренді, Шортандыны жайлаған төлеңгіттеріме егін егуді
үйретсін деп орыс мұжықтарын да әкелдім. Бірақ мал баққан, найза ұстаған сорлы
қазақ, тез көндіге қоймады. Жер деген алтын қазына ғой. Екі тепе сулы жері бар
өзбек, екі үйір жылқысы бар қазақтан бай тұрады. Және жұттан да қуаңшылықтан
да қорықпайды. Ал мен жаудан қазақтың жері біткенін қорғаймын деп
жүргенімде дүние құрғыр өтіп кетіпті ғой, білмей қалдым...
Абылай үндемей сәл жатты да, жұмылып кеткен көзін қайтадан ашты, дүние
шіркінді қимағандай салтанатты хан сарайына сұқтана бір қарады.
— Жырау, егер айтарың бітсе, менің де сенен сұрарым бар, соған жауап берші.
— Айтыңыз, хан ием.
— Адамзатқа әрқашанда қуат беретін үміт деген ұлы күш бар. Ол ақылыңды
қанағаттандырып қияға самғатады. Жігеріңді қамсыз қайрай көк темірге
салдыртады. Мен де бұл дүниеден көп нәрседен үміттенген едім, жеткен жерім
осы болды. — Абылай ауыр күрсінді де тағы үндемей қалды. Аздан кейін қайта
сөйлеп кетті. — Үмітсіз тек шайтан дейді қазақ. Жоқ, ол бекер екен. Ең үмітсіз —
көктемі мен жазы өткен, терең тамырлары қайта жасармастай боп семген кәрілік
екен. — Ол тағы қинала күрсінді, — әрине, жетпіс екі жас кәрілік пе? Бірақ
басымнан өткен қилы-қилы кезеңдерге көз жіберсем, мың жыл жасағандаймын.
Жоқ, мазасыз ой, бітпес тартыстан, тәнім емес, жаным қартайыпты. Ал жаныңның
қартайғаны — шын кәріліктің келгені, алдағы үмітіңнің тегіс сөнгені... Үмітіңнің
сөнгені — ол сенің өлгенің! Бұл аурудан жазылсам да, жаным шаршаған кәріліктен
жазыла алмайтыным кәміл. Жазылудың да керегі жоқ секілді, бірақ сөйтсе де
өлгің келмейді екен, әлі де жер басып, күн сүйіп жүре тұрсам дейсің...
— Иә, хан Абылай, мың жасасаң да өлім әрқашанда ерте.
— Солай екен! — Абылай ауыр күрсінді. Сосын өзін өзі кекеткендей езу тартты.
— Өлгелі жатып, өлім әуестей, неге осыншама қақсап кеттім. Менің айтайын
дегенім басқа еді. — Ол енді сәл ширақ сөйлей бастады, — Хиуа тұтқынынан
өзімді алып шыққан Ораз құлдан бастап мен дүниеде аз адамның қанын төккен
335
Әдеби KZ
жоқпын. Майданда да өз қолыммен сан ер жүрек, албырт жасты ат жалын
құштырдым... Жазығы бар, жазығы жоқ, талай адамның қаны мойнымда... Өмір
бойы, қазақ тәрізді азғантай ел қасқыр тектес келсе, сол жөн деп ойладым.
Өйткені ол өз тіршілігі үшін алыса да, жұлыса да біледі. Қазақ елі де сол қасқыр
тәрізді өз тағдыры үшін күресе алса ғана, тірі қалады деп ұққам... Заман тек өзін
де, басқаны да аяуды білмейтін күштінің заманы... Мен елімді соған баулыдым.
Өзімдей болуын көкседім. Бірақ мұным, міне, өлер алдында ғана түсіндім, дұрыс
емес екен... Ел болып жер бетінде қалудың басқа да жолы бар сияқты... — Ол тағы
шаршай сөйледі. Кенет тағы басын сәл көтерді, — өзің көріп отырсың, маған енді
бұның бәрінің қатысы жоқ... Тек енді сен маған мынаны айтшы, осы менің құдай
алдында күнәм көп пе? О дүниеге барғанда мүңкір-нәңкір «сен күнәкарсың» деп
гүрзісімен ұрып жүрмей ме, осы сұрағыма жауап берші, жаным тынышталсын.
Елу жылдан астам майдандас болып жүріп, бір рет те Абылайдың ажалдан
қаймыққанын көрмеген Бұқар жырау, оның о дүниеге барғанда мүңкір-нәңкір
гүрзісінен қорыққанына таң қалды. Әйтсе де ол Абылайдың өлер алдында сонау
өзі төккен көп қаннан шошып жатқанын ұқты... Бұқар жырау жауап беріп үлгірген
жоқ. Абылай ақырғы рет ышқынып демін алды да, көзін мәңгі жұмды.
Бұқар жырау ұзақ уақыт құлпытастай шошиып отырып қалды. Бір мезетте
ұйқыдан оянғандай, алдында жатқан Абылайдың қан-сөлсіз сұсты бетіне қарады.
Ол енді ақырын күбірлеп сөйлеп кетті.
Аза күнде қан жылап
Қайғыдан қара бұлт тұрар.
Қурай кенет жас құрақ
Ақ қайың сәтте морт сынар.
Ажал, сенде жан болса
Тілімді удай салар ем,
Бетіңді етіп қан-жоса.
Тоқтатар сөз табар ем!
336
Әдеби KZ
Жеңілді Бұқар сөз таппай,
Құм бітеді көмейін.
Кешір, ханым Абылай,
Қара тасқа не дейін?
Білсең де өстіп өтерін,
Дүние саған болды тар.
Жалғыз тәубе етерім:
Артыңда қалған атың бар.
Бұқар созыла тұра келіп Абылайдың бетін жапты. Сосын аяғын ілбіп басып сыртқа
шықты.
— Уа, халайық, — деді дауыстап. — Шаңырағың құлап жерге түсті, хан Абылай
дүние салды!
Үш жүз аза тұтып Абылайды Қожа Ахмет Яссауидің мешітіне жерлегеннен
кейін, Бұқар жырау Сарыарқаға қайтты. Халқымен тағдыры бір қарт ақын артына
бұрылып қарай-қарай, терістікке ұзай берді...
* * *
Иә, қазақ даласына Россияның келуі, қайта оралмас тарихтың өктемді
желісін жылдамдата түсті. Бұл кезде хан, сұлтандардың, ру басы батыр, билердің
кешегі қолындағы алмас қылышы, басыбайлы құлы — «импрам» — қара бұқара,
енді өзінің күшін анық сезініп, қазақ деген айбарлы жұртқа айналған. Ұлы орыс
халқымен бірігіп, бұл жұрт өзін қанаушы тапқа, феодалдық қоғамының үстемдігін
жүргізетін уәкілдері хан, сұлтан, бай-манаптарға, олардың қорғаны Россия
патшаларының отаршылық саясатына қарсы күрес жолына шыға бастаған. Сана-
сезімі ояна түскен, кешегі көшпелі ел, өздерін тағы да алмас қылыш етіп
қолдарына ұстап, өтіп кеткен хандар заманын қайта орнатпақ болған Абылай
ұрпақтарының жанталастарын да, қанды әрекеттерін де ұға түскен. Мұраттарына
жету үшін енді олар бұл жолдан басқа, жаңа жол іздеуге кіріскен.
Достарыңызбен бөлісу: |