Әдеби KZ
Бітеу өскен қауынды
Тұрсың босқа жарғалы,
Досыңнан іздеп жауыңды
Тұрсың жалғыз қалғалы!
Ұмыттың қазақ даласын,
Ұлғайттың жаным жарасын,
Бір атаның баласын
Екіге бөліп барасың!
Жолын, ханым, таппасаң,
Бүлінеді барлық жұрт!
Таң боп қайта атпасаң,
Басқалы тұр қара бұлт!
Көптің көкейінде жүрген тілекті Асан Қайғы айтты. Хан ақын толғауының ар
жағында өзіне деген халықтың наразылығы жатқанын әбден ұқты.
Бұған қандай жауап беру керек? әділетке келсек, әрине жырау сұрағы жөн.
Бірақ оған хан қандай жауап бере алады? Өзі шетінеткен бөгетті қайта жамай алар
ма? Жоқ, енді кеш. Бөгеттің ернеуінде лықылдап асау толқын келіп тұр. Бүгін
болмаса ертең ол бөгеттің быт-шытын шығармақ. Ханның бар қолынан келері сол
толқынның астында қалмау. Жолын тауып жағаның бір жағына шығу. Ал Асанға
жауап бермей кетуге тағы болмайды. Оның сөзінің ар жағында қолында тобылғы
сапты, бұзау тіс қамшы, күлге көміп солқылдатып алған қайың сойылы бар Дәшті
Қыпшақ елінің әбден ұшталып қалған мүддесі тұр...
Әбілқайыр жауап бергенше, кенет әлдекімнің үрейленген даусы шықты.
— Бұл кім екен? — деді дауыс. — Орда аман болса жарар еді?
Жаугершілік заман, қандай мықты хан болса да өздері жоқта Орданы шабатын
жау жүрек қастары табылатын шақ. Жұрт та жігіт көрсеткен жаққа үрейлене
қарады.
88
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1)
© «I. Есенберлин атындағы қор», 2004
Әдеби KZ
Алыстан ызғытып келе жатқан, жанында қосары бар салт атты көрінді. Жаңа
ғана сағым ойнап тыныш жатқан мидай жазық көгілдір дала да, маужырап тұрған
көгілдір аспан да кенет қобалжи қалған тәрізді...
Хан үндемегеннен кейін тірі жан аузын ашқан жоқ, барлық жұрт құлаққа ұрған
танадай үн-түнсіз.
Шапқыншы атын ұшқыртып кеп, Әбілқайыр тұрған топқа таяй беріп ер үстінен
домалай жерге түсті. Аяғын жедел басып хан алдына таяп келіп етпетінен құлады.
Хан ием, кессең тіл, алсаң бас мінекей, — деді ол кенет басын көтеріп, — айып
менде, көзімнен таса етіп алдым. Батыр Саян жанындағы екі пасбаныменен
қашып кетті.
Бұл келген Әбілқайырдың өзі «Батыр Саянның той біткенше көзін құрт» деп
тапсырма берген Оспан-Қожа деген дәйекшісі еді.
Хан алқымына келген ашу толқынын әзер басып, сәл аялдап тұрды да:
— Күзетшілері кімдер еді? — деді.
— Арғын жігіттері.
«Батыр Саян қашып кетті» дегенді естігеннен бері түксиіп қатып қалған
Қобыланды бір иығын сәл сілкіп жіберіп, беліндегі наркескеніне қол салды да,
ханның ар жағында жайбарақат тұрған Ақжол биге түйіле қарады.
Ақжол би айылын жиған жоқ, Қобыландыға кекете көз тастады да, сабырлы
қимылдап, тек кейіндеу сырғып кеткен беліндегі қисық сап алдаспанын жөндеді
де қойды.
Екі батырдың қимылдарын Әбілқайыр да, Асан Қайғы да, тұрған жұрт та
аңғарып қалды.
Дәл осы кезде кенет жерді жара күн күркіреді. Жап-жаңа ғана айнадай ашық
көгілдір аспанды қара бұлт торлап түнере қапты. Заматта аспан бетінде жіңішке
найзағай қылыштар жарқ-жұрқ ойнай жөнелді. Долы жел шығып, шөп бастары
жерге жығыла шуылдай түсті. Әбілқайыр енді қап-қара боп кеткен аспанға
89
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1)
© «I. Есенберлин атындағы қор», 2004
Достарыңызбен бөлісу: |