Крест жорықтары - иудей, христиан және мұсылман діндерін ұстанатын адамдар үшін қадір тұтылатын Қасиетті жердегіИерусалимді бақылау үшін болған соғыстар. Түріктер христиан қажыларының Иерасулимге келуіне тыйым салғанда, Рим Папасы 1096 жылы бірінші крест жорығын жариялады.Бұл жорыққа бүкіл Еуропадан корольдер, әскерлер, тіпті балалар қосылды. Крест жорықтары сегіз рет болды..
Крест жорықтарының себептері
VII ғасыр ислам дінінің өрлеп, христиан дінінің дағдарысқа ұшырау кезеңі болды. Келесі екі жүзжылдықта Батыстағы өмірдің барлық саласына Рим папасының жоғарғы билігі орнады. Мұндай тоталитарлық билік христиан әлемінің дағдарысын онан сайын күшейтті. Ислам беделінің өсуі христиандықтың көзіне шыққан сүйелдей болды. Батыс ислам өктемдігінің етек алуын қаламады. Бірақ бір ортақ мақсаттың болмауы христиандардың мұсылмандар әлеміне қарсы бірігуін тежеп қалды. Батыстың бірде-бір елі мұсылмандар қол астына көшкен жерлерге басып кірген жоқ. Тек дінбасылары ғана киелі жерге қажылыққа баратын діндарларды қолдарына қару алып, мұсылмандарды Иерусалимнен қуып шығуға шақырып жатты.
Шіркеу - Шығысқа жорықты ұйымдастырушы
Ислам әлеміне қарсы жорыққа аттануды II Урбан папа бастады. Ол 1095 жылы Клермон қаласында (Франдия) шіркеу жиынында мыңдаған дінбасылар мен халықтың алдында сөз сөйледі. Халықты Византияның түрік салжұқтарына қарсы күресіне көмектесуге, Иса табыты жатқан Иерусалимді мұсылмандардан азат етуге шақырды. Папа бұл жорыққа катысқандардың барлық күнәсі кешіріледі, шайқаста қаза тапқандар о дүниеде пейішке барып, рақатқа бөленеді деп жариялады. Папа киелі жердің байлығы мен құнарлылығы туралы да еске салды. II Урбанның қаһарлы сөзі жиынға қатысушыларға ерекше әсер етті. Олар тізерлеп отырып, Құдай табытын азат ету үшін өмірлерін аямайтыны туралы ант берді. «Құдай осыны қалайды» деп айқайлап жүріп, сол жерде маталардан крест қиып алып, оны киімдеріне тіге бастады. Бұл христиан жауларына қарсы жорыққа аттанушының белгісі болды.
Рыцарьлардың I крест жорығы
Ұзақ, қанды шайқастан кейін кресшілер Антиохияны басып алды. Ол жерде кресшілердің бір көсемі өз кінәздігін құрды да, Иерусалимге бармай, сонда қалды. Тағы бір көсем армяндардың Эдесса деген бай қаласын басып алды. Осы арада кресшілердің тағы бір мемлекеті - Эдесса графтығының негізі қаланды. 1099 жылдың шілде айында кескілескен шабуылдан кейін кресшілер Иерусалимді алды. Кресшілер қалада шектен тыс баскесерлік жасады. Олар әйел-еркек, бала-шаға, кемпір-шал демей, қала халқын шетінен қыра бастады. Тіпті жас балаларды басын тасқа ұрып өлтірді. Қала халқының үйлерін мүліктерімен қоса кресшілер иемденіп алды. Кресшілер Жерорта теңізінің шығыс жағалауындағы шағын жерде өз мемлекеттерін құрды. Олардың ішіндегі ең бастысы Иерусалим корольдігі болды. Еуропалық басқыншылар ол мемлекеттердің халқын зорлықпен басыбайлы шаруаларға айналдырды. Оларға бұрын-соңды болмаған ауыр алым-салық салды. Батыс Еуропа феодалдары жаулап алынған елдердің халқын қанды қырғынға ұшыратты, зорлық-зомбылық жасап, құлдық езгіге түсірді.
Кейінгі крест жорықтары.
Палестина мен Сирия халықтары басқыншы кресшілерді жек көрді, оларға қарсы күресті тоқтатпады. Сөйтіп басқыншылар өздеріне жау елде үнемі қауіп-қатерде өмір сүрді. Франциядағы Клерво монастырының аббаты Бернар христиандарды қолына қару алып, қайтадан Палестинаға аттануға шақырды. Бұл шақыруды француз королі VII Людовик пен неміс императоры III Конрад қабыл алып, 1147 жылы екінші крест жорығын жасады. Олар Кіші Азияда салжұқ түріктерінен жеңіліп қайтты. 1187 жылы Египет сұлтаны Салах-ад-Дин кресшілерді Палестина мен Сириядан қуып шықты. Иерусалим қайтадан мұсылмандар қол астына көшті. Енді оны қайтарып алу үшін Германия, Англия, Франция корольдері 1189-1192 жылдары үшінші крест жорығын жасады. Ол жорық та нәтижесіз аяқталды.