Либерализм (лат. liberalis - «еркін») — ең жоғарғы құндылық әрі басымдық ретінде жеке еркіндікті ұстанатын идеология. Либерализмнің әлеуметтік-саяси теориясы қоғамдық және мемлекеттік құрылымның демократиялық принциптеріне негізделеді, әлеуметтік, саяси, экономикалық қатынастардың зорлық-зомбылықсыз түрлерін ұстанады, тұлғаның еркін дамуын шектемейтін және әрбіріне мемлекеттік-құқықтық қорғау, адам құқы мен азамат бостандығын сақтау кепілдігін беретін қоғам құруды көздейді.
Неолиберализм
Неолиберализм (ағылш. neoliberalism) - XX ғасырдың 70-ші жылдары пайда болып, 80-90-шы жылдары шырқау шегіне жеткен саяси экономика мен философияның бағыты.
Неолиберализм экономиканы мемлекеттік реттеуді мойындамайды, еркін нарық пен шексіз бәсекелестікті экономикалық даму негізіндегі әлеуметтік әділеттікке жету мен дамуды қамтамасыз етудің негізгі құралдары ретінде қарастырады.
Консерватизм
Консерватизм (фр. соnservatisme, лат. conservo - сақтаймын, қорғаймын) - саяси және әлеуметтік философиялық ұстаным ретінде дәстүрлі әлеуметтік институттардың сақталуын қолдайды. Бағдарлардың, ұстанымдардың, қоғамның мемлекеттік-саяси жүйелерінің өміріне қатысты, ондағы адамның орнын анықтауға байланысты құндылықтардың әлеуметтік-философиялық және идеологиялық тұжырымдар жиынтығы.
Неоконсерватизм
Неоконсерватизм - заңның орындалуын жәңе азаматтар құқының қорғалуын қатаң қадағалайтын күшті мемлекет үшін, әлеуметтік теңсіздік қағидатынан еркіндік принципінің үстем тұруы үшін, табиғи әлеуметтік иерархия арқылы және әркімнің қоғам алдындағы өз міндетін саналы түрде орындауынан орнығатын қоғамдық тәртіп үшін күреседі. Неоконсерватизмнің қазіргі түрлері жаһанданудың шынайы саяси, экономикалық, әлеуметтік-мәдени процестерін ұлттық идеологиялар түрінде көрсетеді
Социализм
Социализм (латын. socialis - қоғамдық) - әлеуметтік әділеттілік пен теңдікке негізделген, мақсаттары мен мұраттары социалистік қоғам орнатумен байланысты ілім.
Коммунизм
Коммунизм бір уақытта өткенге де (алғашқы қауымдық коммунизм), болашаққа да қаратылатын ұғым, онда коммунизмге өткеннің ең жақсы белгілерін жинақтаған қоғам (таптардың, мемлекеттің, тауар-қаржылық қатынастардың, заңды неке институтының болмауы) және бүгінгі күннің жетістіктерін (адам бостандығы, экономикалық игіліктер, жоғары мәдениет) жиынтықтап қарау тән. Коммунистік қиял үшін оның ғаламдық сипаты аса маңызды, яғни коммунистік құрылым бүкіл адамзаттың бірлігін қарастырады.
Национализм
Ұлтшылдық - (национализм) саяси және ұлттық бірліктер сәйкес келуі керек дейтін, ұлттық бірлік пен дамуға талпынатын, ұлттық идентити мен құқықты қорғайтын саяси принцип.
Анархизм
Анархизм (гр. апагсһіа - «бассыздық», «басқарусыздық») — адамдар арасындағы баршаға ортақ тәртіптерді мойындамайтын, жеке адамның шексіз еркіндігін уағыздайтын, мемлекеттік және басқа да биліктің түрлерін жоққа шығаратын қоғамдық-саяси ағым. Өзінің мемлекеттік билікті жою, ұйымдастырылған саяси күрес, беделді, тәртіпті мойындамау деп жариялаған саяси ағым;. XIX ғ. ортасында қалыптасқан.