Курстың мәні. Қазақстан қазіргі заманғы әлеуметтік кеңістікте және



Pdf көрінісі
бет11/24
Дата21.09.2023
өлшемі1 Mb.
#109355
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   24
Байланысты:
Дәрістер курсы. Қазақстан тарихы

4. Қоғамдық-саяси өмір. 
Өлкенің қоғамдық-саяси өміріне бағыт-бағдар берген бірінші бүкілқазақтық партия 
конференциясы 1921 ж. маусымда болды. Ол елдегі экономикалық жағдаймен қатар 
қоғамдық-саяси өмірдің мәселелерін қарастырып, ауылда социалистік құрлысты жүзеге 
асыруды міндеттеді. Осы міндетті жүзеге асыру үшін ең алдымен кеңестерді құру мәселесін 
қолға алды. 1921 жылы Қазақстан Орталық Атқару Комитеті кеңестерге сайлау ережесін 
бекітті. Осы ереже бойынша селолық, ауылдық және қалалық кеңес депутаттарының мерзімі 
6 ай болды. Губерниялық, уездік және болыстық атқару комитеттері 6 айға, ал ҚОАК-ті - 1 
жылға сайланды. Кеңестердегі халық өкілдерінің нормаларын көбейтті. 150 тұрғындары бар 
ауылдарда кеңестер құрылды, яғни 50 тұрғынға бір депутат сәйкес келді. Бұрын кеңестер 300 
тұрғындары бар ауылдарда құрылуға тиіс еді.
Республикадағы кеңес үкіметін құру үрдісі өте қиын жағдайда жүрді. Большевиктер 
үшін капиталистік елдер қоршауында тұрып социализмді экономикасы артта қалған елде 
жүзеге асыру өте күрделі болды. Сонымен қатар социализм идеясы қазақ қоғамына жат еді. 
Соған қарамай Кеңес үкіметі тұтас Ресей аумағындағы халықтарды біріктіруге күш салды. 
Ресейдегі халықтарды біріктіру мәселесі партияның Орталық комитетінде талқыланды. Бұл 
мәселе бойынша екі пікір болды. Сталин «автономизация» идеясын ұсынды, яғни барлық 
ұлттарды, барлық кеңестік респубикаларды РКФСР құрамына автономия құқында ендіру.
Ленин кеңестік республикалар одағын құруды ұсынды. 1922 жылы Орталық комитеттің 
қазан пленумында Украина, Белоруссия, Закавказ республикалары және РКФСР арасында 
КСРО құру жөнінде келісім жасау қажет деп қаулы қабылдады. 1922 жылы 30 желтоқсанда 
Мәскеуде КСРО Кеңестерінің бірінші съезі болды. Съезд КСРО құрылғандығы туралы 
декларацияны және одақтық келісімді қабылдады. Съезд ең жоғарғы заң шығарушы орган 
КСРО ОАК сайлады. Қазақстан КСРО құрамына РКФСР құрамындағы автономиялық 
республика болып енді. 
Алайда, республиканың қоғамдық-саяси өміріндегі толғағы жеткен мәселелерді шеше 
алатын, жергілікті халыққа түсінікті және де жақын кеңестік мемлекеттік аппарат құру өте 
қиын болды. Жаңа кеңестік әкімшілік аппаратына жұмысқа тартуға жарайтын, жергілікті 
халық арасынан шыққан, даярлығы бар адамдар өте аз болды. Әкімшілік орындарындағы 
европалық ұлт өкілдерінің көбісі шовинистік пиғылдағы қызметкерлер болды. Олар жаңа 


44 
биліктің жергілікті халықтың талап-тілегіне, мұң-мұқтажына сай жұмыс істеуін қамтамасыз 
етпеді.
Кеңес үкіметі әкімшілік басқару орындарын жергіліктендіру- қазақтандыру саясатын 
жүзеге асыруды қолға алды. Алғашқы кезде Кеңес үкіметі амалсыздан Алаш зиялыларын 
өлкедегі кеңестік қызметтерге пайдалануға мәжбүр болды. Себебі қазақ зиялы қауымының
басым бөлігі алашордалықтар болды. Сондықтан да большевиктердің бұрынғы 
партиялылығы мен саяси белсенділігін есепке ала отырып, көптеген зиялыларды жұмысқа 
тартуына тура келді. 
Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында жергіліктендіру шаралары кеңес және партия 
аппараттарында қазақтардың үлесін көбейту түрінде көрініс берді. Алайда, Қазақстанға Ф. 
Голощекиннің басшы болып келуіне байланысты оның сипаты өзгерді. Ол жергіліктендіруді 
бұрын едәуір ауқым алып келген қазақ ұлтының өкілділігі туралы мәселенің орнына қазақ 
бұқарасының өзін кеңестендіру мәселесіне айналдырды. Яғни, Қазақстанның жаңа басшысы 
қазақтандыру саясатын ұлттық мәнінен біржолата айырып, оны таптық арнадағы 
кеңестендіру шараларына қосып жіберді.
Қазақ АКСР-нің ОАК-ті қазақ және орыс тілдерін пайдалану тәртібі туралы декрет 
қабылдады. Декретте кеңес үкіметінің заң құжаттарын екі тілде жариялау, жоғарыдан 
төменге дейін екі тілде қатынас жасау міндеттері белгіленді. Осыған орай Қазақстан өкіметі 
барлық халық комиссарлары мен ҚОАК-нің мүшелеріне қазақ тілін жедел игеруге кірісуді 
ұсынды. 1923 жылы 22 қарашада “Іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізу туралы” жаңа декрет 
қабылданып, барлық облыстар мен кейбір уездерде 1924 жылдың 1 қаңтарынан іс-
қағаздарын қазақ тілінде жүргізуді ұсынды. Бұл науқан көптеген жерлерде қазақтардың орыс 
тілінен мүлде хабарсыздығынан, ал партия және кеңес қызметіндегі европалық ұлт 
өкілдерінің қазақтардан мүлде оқшауланып қалғандығынан, Кеңес үкіметінің амалсыздан
жүргізген шарасы еді. ҚОАК-ті мен Халық Комиссарлар Кеңесінің қаулысымен іс 
қағаздарын қазақ тілінде жүргізуге көшірудің соңғы мерзімі 1927 жылдың 1 қазаны болып 
белгіленді.
Кеңес үкіметі өлкеде сауатсыздықты жою, яғни өлке тұрғындардың сауатын ашу 
мәселесін көтерді. Әсіресе, ол үкіметтің 1929 жылы “Сауатсыздықты жою жөніндегі жұмыс 
туралы” қаулысынан кейін кең өрістеді. Алайда, сауатсыздықты жою шаралары қаржы 
тапшылығы, мұғалімдердің, оқулықтар мен оқу құралдарының жетіспеуі сияқты үлкен 
қиыншылықтарға тап болды.
Жастарға білім беруді жақсарту үшін мектептер ашу ісі қолға алынды. 1928/29 оқу 
жылында 4397 бастауыш, 142 жетіжылдық, 29 екінші сатыдағы мектептер жұмыс істеді. 
Білім беру саласында ұлттық мектептер жүйесі қалыптаса бастады. 1927 жылы қазақ 
мектептерінің саны 1600 болды. Алайда осы мектептердің ішінде мектеп үйі барлар саны 40-
қа әзер жетті. YІ партия конференциясында мектептердің көбі тек қағаз жүзінде екені, 
ауылдағы мектептердің үйі жоқ, үйі болса орындықтары жоқ, орындықтары болса
оқулықтары жоқ екені атап көрсетілді. Соған қарамастан мектеп жасындағы балаларды оқуға 
тарту жұмыстары жүргізілді. 1935 жылы мектеп жасындағы балалардың 91% оқуға 
тартылды. 1935/36 оқу жылында алғаш рет 11 қазақ баласы орта мектепті бітірді.
Кеңес үкіметі Қазақстанда ғылымды қалыптастыру мәселесімен де айналысты. 
Алғашқы ғылыми-зерттеу мекемелері: 1922 жылы – Денсаулық халкомының қасынан 
өлкелік химия-бактериологиялық лабораториясы, 1924 жылы - өлкелік өсімдікті қорғау 
станциясы, 1925 жылы - санитарлық-бактериологиялық институты ашылды. 1932 жылы 
Қазақстанда 12 ғылыми-зерттеу институттары, 15 тәжірибе станциялары, 186 
лабораториялар мен т.б ғылыми орталықтар жұмыс істеді. Осы кезде КСРО ҒА-ның 
қазақстандық базасы құрылып, 1938 жылы КСРО ҒА-ның филиалына айналды. Геология 
және биология ғылымдарынң нәтижелері бүкілодақтық көлемде танымал болды.
20-30 жылдары Ж.Аймауытов, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ш. Құдайбердиев 
шығармалары кең көлемде пайдаланылды. Ақын М. Жұмабаевты замандастары өте жоғары 
бағалаған. Оның поэззиясы өзінің нәзіктігімен, жаңашылдығымен, адам жанының тазалығы 


45 
мен сұлулығын терең меңгергендігімен ерекшеленді. М.Жұмабаев өзінің шығармаларында 
жалпы адамзаттық құндылықтарды, өзінің жеріне, еліне деген сүйіспеншілікті жырлады.
Кеңес үкіметі ұлттық әдебиеттің орнына кеңестік әдебиет пен өнердің қалыптасуына 
жағдай жасады. Осы кезде социалистік әдебиеттің негізі қаланды. С. Сейфуллин, С. 
Торайғыров, Б. Майлин, И. Жансүгіров, М. Әуезов, С. Мұханов, Ғ. Мүсірепов, Т. Жароков, 
Ғ. Орманов және т. б. кеңестік қазақ прозасы мен поэззиясының көрнекті өкілдері 
қалыптасты. 
1926 жылы кәсіби театр өнерінің алғашқы қарлығашы қазақ драма театры ашылды. 
Оны Ә. Қашаубаев, Қ. Қуанышбаев, С. Қожамқұлов, Е. Өмірзақов, Қ. Жандарбеков сияқты, 
кейін қазақ театр өнерінің майталмандары болғандар ұйымдастырды. Әнші Ә.Қашаубаев 
Париж, Франкфурт-на-Майне сияқты Европаның ірі қалаларының концерт залдарында өз 
өнерін көрсетті. Соғыс қарсаңында республикада қазақ мемлекеттік академиялық драма 
театры, республикалық орыс драма театры, қазақ мемлекеттік опера және балет театры, ұлт 
аспаптар оркестрі, симфониялық оркестр, республикалық қуыршақ театры жұмыс істеді.
Алайда, Кеңес үкіметі таптық мүддені ұлттық мүддеден жоғары қойды. Жалпы 
мәдениетті екіге бөлді: буржуазиялық және пролетарлық. Сондықтан да қазақ халқының 
қалыптасқан дәстүрлі мәдени мұралары, ескі феодалдық құрлыстың қалдықтары деп, ұлттық 
санадан аластатылды. Сонымен бірге халықтың тарихи санасын жоюға бағытталған 
шараның бірі 20-шы жылдардың аяғында ғасырлар бойы пайдаланып келген араб алфавитін 
латынға ауыстыру, сосын оны 1940 жылы кириллицаға ауыстыру болды. Соның нәтижесінде 
бір ұрпақтың ғана ғұмырында қазақтар өзінің төл жазуымен дүниеге келген ұлттық рухани 
мәдениеттің жетістіктерінен айырылды. Бұл жүргізілген шаралардың бәрі де большевиктік 
тәртіптің күшейгенін, әкімшіл-әміршіл жүйенің толық орныққанын көрсетеді. 
Большевиктер партиясы демократиялық мемлекет құрамыз, ұлт мәселесін ұлттардың 
өзін-өзі билеу принциптерімен шешеміз деп көлгірсігенімен, шын мәнінде, олар партияның 
ықпалын арттыра отырып, бір орталыққа бағынған мемлекет құрды.Большевиктер құрған 
қазақ автономиясы дербес автономиялық республика атанғанымен, Ресейдің бөлінбес 
бөлшегі болды. Өлкені басқару мәселесі жергілікті ұлт өкілдерінің қолына толық берілмеді. 
Шын мәнінде, бұл Қазақстанды кеңестік саяси отарлау еді. 
Большевиктердің ұлттық аймақтарда жүргізіп отырған саясатын ашық айыптап, оның 
бет пердесін айқындаған М. Шоқай болды. Ол XX ғасырдағы қазақ саяси эмиграциясының
тарихын бастаушы болды. Эмиграция сөзінің мағынасы экономикалық, саяси және діни 
себептерге байланысты өз еркімен немесе еріксіз басқа мемлекетке қоныс аударуды 
көрсетеді. Түркістан саяси эмиграциясы тарихи көрініс ретінде 1917 жылғы Ресейдегі 
революциялық сілкіністер нәтижесінде пайда болды. Қоқан автономиясы қуылған соң М. 
Шоқай Францияға қоныс аударады. Онда ол Париждің “Дни”, “Последние новости“ 
газеттерінде Түркістандағы ішкі саяси жағдайға талдау жасаған мақалаларын жариялайды. 
1929-39 жылдары ол “Яш Туркестан“ журналын (117 нөмірі жарық көрді) шығарып, оның
беттерінде кеңестік Түркістан мен дүние жүзіндегі оқиғаларға кең сыни талдау жасайды.
Большевиктердің елде кеңес үкіметін орнату жолдары мен әлеуметтік саладағы 
социалистік қайта құру саясаты қазақ зиялыларының қарсылығын туғызды. Алайда, осы 
социалистік қайта құру саясатын жүзеге асыру үшін белгіленген реформаларды пікір-талас 
негізінде талқылап, олардың дұрыс-бұрыстығын анықтаудың орнына партия басшылары, өз 
көзқарастарын білдірген қазақ партия және кеңес қайраткерлерін айыптады. Өлкедегі жалпы 
большевиктік айыптау және қуғындау саясатының ең алғашқысы түрікшілдікті айыптау 
болды. 1920 жылдың 20-26 қаңтарында Ташкент қаласында Түркістан коммунистік 
партиясының конференциясы өтеді. Онда мұсылмандар бюросының төрағасы Т.Рысқұлов 
“Ұлт мәселесі және ұлттық коммунистік секциялар” туралы баяндама жасады. Онда 
Түркістан республикасында Ресейден түбірлі айырмашылығы бар ұлт саясатын жүргізу үшін 
ең алдымен негізі берік саяси ұйым құру қажеттілігі туралы айтылды. Конференция Т. 
Рысқұлов ұсынысымен жаңа саяси ұйымды “Түрік халықтарының коммунистік партиясы” 
деп атауға шешім қабылдады. Т. Рысқұловтың түрікшілдік идеяны жүзеге асырудағы ең 


46 
батыл қадамы Мұсбюроның төтенше ІІІ конференциясында (1920 жылы 25 қаңтар) 
“Түркістан автономиялылығы туралы” тезистерін қабылдау болды. Т. Рысқұловтың Түрік 
республикасын құру туралы идеясы келешектегі түрік мемлекеттерінің конфедерациясын 
құруға апаратын жол еді. 1917 жылы Түркістан (Қоқан) автономиясын ұйымдастырған 
Мұстафа Шоқайдың арманы да осындай конфедерациялық мемлекет құру еді. Алайда,
большевиктер Т.Рысқұловтың “Түрік республикасын құру” туралы идеясына қарсы шығып, 
ұлтшыл деп айыптады. 
Сталин басшылығымен қазақ зиялыларына тағылған айыптау айдарлары 
“ұлтшылдықпен” шектелмеді. Сонымен қатар қазақ байларын тәркілеу саясатын қолдамай, 
керісінше қазақ қоғамы сілкіністен гөрі көмекке зәру деген көзқарастағы қазақ 
қайраткерлерінің пікірлерін айыптау кең етек алды. 1929 жылы партиялық үштіктер арыз 
айту бюросының қызметін күшейтіп, барлық салада партия нұсқауымен “оңшыл және 
солшыл оппортунистік уклонмен” күресу жұмыстарын өте қарқынды түрде жүргізді. 7 
партия конференциясында “солшыл жалаудың тасасына жиі-жиі жасырынатын оңшыл-
байшыл ағым делінетінмен” күресуге партия ұйымдарын шақырады. Қазақстанда “оңшыл 
ағымға” Голощекиннің ауылда ”Кіші Қазан” төңкерісі қажет деген пікіріне қарсы шыққан С. 
Сәдуақасов және оның пікірлестері жатқызылды.
Ал енді Қазақстанда қазақ кеңес және партия қайраткерлерін троцкизмге айыптау 
Троцкийдің 1928 жылы Алматыға жер аударылуына байланысты деуге болады. Алайда 
троцкистік оппозицияға қазақ қайраткерлерін жатқызу көңілге мүлде қонымсыз еді. Себебі, 
қазақстандық саяси қайраткерлер троцкизм тұрмақ әлі толық марксизм-ленинизм идеяларын 
толық меңгермеген еді. Осыған қарамастан 7-партия конференциясында С. Сәдуақасов, 
Сұлтанбеков және Мұстамбаевтар “троцкистік оппозицияның төңірегіне топтасқан негізгі
ядро” ретінде айыпталды.
Қазақ зиялыларына қарсы бағытталған айыптаулардың ішінде большевиктердің Алаш 
зиялыларына қарсы бағытталған күресі ең қатал және ымырасыз болды. Егерде 1920 
жылдардың орта кезіне дейін большевиктер Алаш зиялыларына қарсы күресте әртүрлі 
айыптаулармен ғана шектелсе, одан кейінгі кезеңде ол өте-мөте қатал жаппай саяси қуғынға 
ұласты. Алаш зиялыларына қарсы күрестің жандануына 1925 жылы 29 мамырда Сталиннің
Қазақ өлкелік партия комитетінің бюросына өлкелік “Ақ жол” газетінің ұстанған бағытын 
айыптап арнайы жазған хаты себеп болды. Ол хатта газет бетіндегі жарияланған
мақалалардың бұл кезде шет елде эммиграцияда жүрген М. Шоқайдың ойымен “үндес 
және пікірлес екенін, яғни алашордашыл, ұлшыл идеяларды жаңғыртатыны” атап көрсетілді. 
Сондай-ақ алдағы уақытта осындай көзқарастағы партияда жоқ зиялы қауым өкілдерін 
жастарды тәрбиелеуге жібермеу ескертілді. Көп кешікпей-ақ, 1926 жылы болған партия 
конференциясында Ф. Голощекин басында А. Байтұрсынов, Ә. Бөкейханов, М. Дулатов 
сияқты қазақ зиялылары тұрған ұлттық қозғалысты “реакцияшыл, тіптен
контрреволюцияшыл” деп бағалады.
Кеңес өкіметінің өлкедегі әртүрлі айыптау науқаны жаппай саяси қуғын-сүргінге 
ұласты. Қуғын-сүргінді ұйымдастыру кезеңі 1920 жылдардың аяғы мен 1930 жылдардың 
ортасы болды. Большевиктердің Алаш зиялыларына қарсы саяси қуғынды бастауының
негізгі себебіне тоқталсақ, ол мынандай жағдайға байланысты болды. Большевиктер ірі 
байларды тәркілеуге байланысты бас көтерулерді ұйымдастырушылар деп қазақ 
интеллигенциясын айыптап, оларға қарсы шабуылды бастады. Соның нәтижесінде 1928-шы 
жылдың аяғында қазақтың ірі ағартушылары, әдебиетшілері, әртүрлі саладағы зиялылары 
және Алашорда қайраткерлері А. Байтұрсынов, М. Жұмабаев, М. Дулатов, Ж. Аймауытов, 
Х. Габбасов және т.б., барлығы 44 адам қуғындалып, тұтқындалды.
1930 жылдың қыркүйек қазан айларында ұлттық интеллингенцияның екінші бір тобы 
(40 - қа жуық адам), құрамында Х. және Ж. Досмұхамедовтер, М. Тынышпаев, Ж. Ақпаев, 
Ә. Ермеков және өзге де зиялы қауым өкілдері бар, тұтқындалды. Көп кешікпей олардың 15-
і (Х. және Ж. Досмұхамедовтер, М. Тынышпаев, Ж. Ақпаев, К. Кемеңгеров және басқалары) 
Ресейдің Орталық қара топырақты ауданына жер аударылды. Мұндай іс-әрекеттердің 


47 
барлығы большевиктердің өздеріне идеялық жағынан қарсылық көрсете алатын 
зиялылардан құтылу жолы екенін байқатады.
Болшевиктік тәртіп нығайған сайын қоғамдық өмірді толық бақылауға алу күшейді. 
1930 жылдардың ортасындағы қоғам мүшелеріне қарсы ұйымдастырылған қуғын-сүргін-
репрессия саясатын жаппай халыққа қарсы бағытталған террор деуге болады. Жаппай 
қуғын-сүргінді ұйымдастыру үшін большевиктер социализм жеңісі күш алған сайын тап 
күресі шиеленіседі деген тұжырымды желеу етті. Елді жаулардан тазарту процесі кезінде 
большевиктер неше түрлі “террористік ұйымдардың” бетін ашты. Әр түрлі қыспақ пен 
қысым жасау нәтижесінде террористік ұйым мүшелері өздерінің күнәларын мойындап шыға 
келді. Мысалы, 1936 жылы тамызда троцкистік-зиновьевтік террористік орталық жөнінде 
ашық процесс болды. Бұл іс бойынша Г. Е. Зиновьев, Б. Каменев, Г. Е. Евдокимов, барлығы 
16 адам жауапқа тартылды. Жауапқа тартылғандарға С. М. Кировты өлтіруді ұйымдастырды
және оны жүзеге асырды, Сталиннің өміріне қастандық даярлады, диверсия, шпиондық 
әрекет жасады деген кінәлар тағылды.
Жаппай репрессия толқыны Қазақстанды да қамтыды. Қазақстанда бір жылдың ішінде 
үш іс қарастырылды. Олар Үржар, Пресновка және Қарағандыдағы “контрреволюциялық 
ұлшыл-фашистік залалдық ұйымдардың” істері болды. Ең алғашқы іс Қарағандыдағы сот ісі 
болды. Ондағы айыпталушылар тізімінде округтік партия ұйымының хатшысы М. Гатаулин, 
мүшелері А. Асылбеков, Н. Нұрсейітов болды. Олардың негізгі кінәсі – батылдылығы мен 
принципшілдігі. Сонымен қатар Гатаулин 1932 жылы Сталинге жазылған “Бесеудің хаты” 
авторларының біреуі болып табылады. Олар 1937 жылы қарашада өткен сот процесінде 
өздерінің “Мәскеудегі “троцкистік орталықпен” қалай байланыс орнатып, олардың 
тапсырмасын Қазақстанда қалай жүзеге асырғандарын” мойындады. 
Кейін халық жауларын түсті металлургиядан, темір жол транспортынан, 
жерхалкомынан, байланысхалкомынан және т. б. жерлерден анықтап, жауапқа тарта бастады.
Партия кеңес қайраткерлерінің тізімін Н. Нұрмақов (БОАК президиумының жауапты 
қызметкері), Т. Рысқұлов (РКФСР ХКК төрағасының орынбасары) Мәскеуде ұсталып 
бастаса, кейін ол тізімді Қарағанды облыстық атқару комитетінің төрағасы А. Асылбеков, 
Қарағанды облыстық партия комитетінің екінші хатшысы Н. Нұрсейітов жалғастырды. 
Өлкенің партия және кеңес қызметкерлерін айыптап жауапқа тарту шаралары нәтижесінде 
көрнекті қайраткерлер: К. Сарымолдаев, У. Кұлымбетов, Г. Тоғжанов, А. Лекеров, А. 
Розыбакиев, Ж. Садвакасов, И. Құрамысов және т.б. ұсталып ату жазасына немесе 
лагерлерге ұзақ мерізімге айдалды.
Тіпті орталықта не болып жатқанын білмейтіндер тағылған айыптардың еш 
дәлелсіздігіне қарамай жазаланды. Мәселен, 1938 жылы 27 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан 
облысындағы Сайрамдық бес азамат “Киров жолдасқа қастандық жасаушылармен ауыз 
жаласқан саяси қылмыскерлер” болып шығады. Жауап алу барысында Сайрамда
“буржуазияшыл-ұлтшыл топтың” 12 мүшесі анықталып, ол топ “облыстық ұйыммен”, облыс 
“республикалық топпен байланысты”, ал олардың барлығы “Мәскеумен тоғысты” деген 
қорытынды жасалады және үштіктің шешімімен “қылмыскерлер” атылады. 
Тергеу ісінің материалдары көрсеткендей айыпталушыларға байланысты қылмыстық-
процессуалдық кодекс дөрекі бұрмаланған. Оның бұрмаланғанын төмендегідей дәлелдер 
көрсетеді: тергеу жұмысы қылмыстық іс қозғау туралы қаулысыз жүргізілген және
айыпталушылар ешбір негізсіз және прокурордың рұқсатынсыз қамалған. Айыпталушыдан 
жауап алдын ала кінәлі адам ретіндегі көзқарас тұрғысынан алынған және көптеген 
айыпталушыларға ешбір белгілі кінә тағылмай, олар айлап тергеусіз ОГПУ-дің
түрмелерінде жатқан. Ал тергеу аяқталған соң айыпталушылар тергеу материалдарымен 
таныстырылмаған. Айыпталушылар қорғаушы пайдалану құқығынан айырылған. Іс осындай
деңгейде, ешбір бекітілусіз, сот емес органдарға жіберілген және олар сырттан үкім 
шығарған.


48 
Жаппай репрессия саясаты нәтижесінде қазақ халқының ең таңдаулы азаматтары, 
тіпті, олардың ішінде кеңес өкіметін орнатуға қатысқан А. Айтиев, С. Арғаншеев, Т. 
Рысқұлов, Н. Сырғабеков сияқты қайраткерлер де атылып кетті.
Жалпы сталиндік қуғын-сүргін көлемі әлі толық анықтала қойған жоқ. Кей деректерде 
1937-1938 жылдары қазақстандықтардың 44 мыңы түрмелерге түсіп, 22 мыңы атылды десе, 
басқа деректер 1930-50 жылдары 100 мыңнан астам адам репрессияға ұшырады, оның ішінде 
20 мыңнан астамы атылғанын айтады. 
Большевиктік жаппай репрессия саясаты кезінде жекелеген адамдар ғана емес, 
кішігірім халықтар да қуғын-сүргінге ұшырап, жазықсыз жапа шекті. Ондай жапа шеккен 
халыққа корейлер жатады. Қазақстандық корейлердің негізгі бөлігі кезінде Қиыр Шығыс 
өлкесінен жер аударылды. Олардың жер аударылу себептерін КСРО ХКК-і мен БК(б)П 
Орталық комитеті бірігіп шығарған “Корей халқын Қиыр Шығыс өлкесінің шекаралық 
аудандарынан көшіру туралы” қаулысы бір ауыз сөзбен: “Қиыр Шығыс өлкесіне жапон 
шпионажының еніп кетуіне жол бермеу мақсатында…” – деп жауап береді. Қаулыда оларға 
өздерімен бірге заттарын, дүние-мүліктерін ала кетуге рұқсат етілді. Тіпті, оларға шет елге 
кетуді қалайтындарға кедергі жасамау, шекарадан өтуді оңайлату тәртібіне жол беру 
қажеттілігін де көрсетті. Көшкенде қалдырып кетуге мәжбүр болған дүние-мүліктің және 
егіс алқабының шығынын оларға қайтару шарасы да атап көрсетілді. Алайда айтылғандар 
тек сөз жүзінде қалды. Көшкен корейлер тек киім-кешек пен азық-түліктерін ғана алып шыға 
алды. Олар сонымен бірге шекара әскерлерінің және НКВД-нің тікелей бақылауында болды. 
Корейлер Қазақстанға келген соң да күдікті саналып, бақылауға алынды және қуғын-
сүргінге ұшырады. 
Қазақстан картасында Карлаг деген ерекше тәртіптегі Қарағанды еңбекпен түзеу лагері 
пайда болды. Тоталитарлық тәртіп туындатқан тағы бір лагер – Алжир деп аталды. Жаппай 
репрессияға ұшырағандардың от-басы да қуғындалды. Алжир лагерінде осы қуғынға 
ұшырағандардың әйелдері ұзақ жылдар бойы мерзімдерін өтеп отыруға мәжбүр болды. 
Кеңес үкіметі жүргізген қуғын-сүргін саясаты нәтижесінде осы қуғынға ұшырағандарды 
орналастырып, оларды бақылайтын басқару органы ГУЛАГ пайда болды.
Елдегі осындай қуғын-сүргін мен қорқыныш күш алып тұрған жағдайда КСРО жаңа 
Конституциясының жобасы талқыланып, 1936 жылы 5 желтоқсанда қабылданды. 
Конституция елде социализм орнағанын жария етті. КСРО жаңа Конституциясы одақтас 
республикалар санын көбейту мүмкіндігін арттырды. Соған сәйкес Закавказ республикасы 
таратылды. Азербайжан, Армян, Грузин республикалары енді КСРО құрамына тікелей енді. 
Қазақ және Қырғыз автономиялық республикалары одақтас республикаларға айналды. Қазақ 
республикасының статусының өзгеруіне байланысты жаңа Конституция жасау қажет болды. 
1937 жылы 3 ақпанда жаңа Конституция жобасын ҚазОАК-нің Президиумы қолдады. 1937 
жылы 21-26 наурызда Алматыда Қазақстан кеңестерінің X съезі өтті. 1937 жылы 26 
наурызда съезд Қазақ КСР-ның Конституциясын бекітті. Мемлекеттік биліктің ең жоғарғы 
органы төрт жылға сайланатын Қазақ КСР Жоғары Кеңесі болды. Жоғары Кеңес өзінің 
Президиумын сайлады және республика үкіметі - Халық Комиссарлар Кеңесін (ХКК) құрды. 
Конституцияда республика территориясының тұтастығы негізделді. Қазақ КСР-ның әрбір 
азаматы КСРО азаматы болып табылды.
Сонымен, қорыта айтқанда, 20 жылдардың аяғы мен 30 жылдары әкімшіл-әміршіл 
большевиктік тәртіп қоғамдық-саяси өмірдің барлық саласында үстем болды. Әсіресе, 
Қазақстанда бұл тәртіптің өте ұсқынсыз, қатыгез формалары ұжымдастыру мен 1937-1938 
жылдардағы саяси репрессия кезеңдерінде күш алды. Кеңес үкіметі, яғни халықтың үкіметі, 
сол халықтың өзіне қарсы қуғын-сүргінді ұйымдастырып, жазықсыз ату-асу жазаларын 
қолданды. Елде большевиктер басшылығымен халыққа қарсы жаппай “үлкен террор”
ұйымдастырылды. 


49 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   24




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет