Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ: - Иә, Елбасымыз бұл мәселені жүзеге асыру жолдарын айтты. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасайтынын сөз етті. Бұл бағыттағы жұмыстар 2018-2019 оқу жылынан бастап жүзеге асатыны белгілі болды. Біз бұған дайынбыз ба? Қандай мәселелер бар деп ойлайсыздар?
Бекен САҒЫНДЫҚҰЛЫ: - Өкінішке қарай, дайындық мәз емес. Елбасымыздың көтеріп отырған гуманитарлық ғылым мәселесі өте орынды. Осы жердегі жоғары оқу орындарының ешқайсысы аудармашылар дайындамайды. Жасыратыны жоқ, біз оны жоғалтық. Тек ағылшын тілінен аударма жасайтын мамандарды ғана «аудармашы» деп алданып жүрміз. Сол үшін уақыт ұттырмай осы мәселені назарға алуымыз қажет.
2018 жылдан бастап әлемге танымал, брендтік оқулықтарды, яғни саф алтындарымызды аударуымыз керек. Солармен жастар танысуы тиіс. Осы мықты 100 кітапты меңгерген жастардың ой-өрісі дамып, рухани тұрғыда байып шығатыны сөзсіз. Елбасының меңзегені – осы!
Айман ЗЕЙНУЛИНА: - Дұрыс айтасыз. Бүгінде әлемде 8 268 тіл бар болса, соның 6 642-сі ғана өмір сүруде. Сол тілде жазылған мықты, брендтік шығармалар көп. Әрине, олардың бәрі әлемге танымал тұлғалардың туындылары екені анық. Міне, осындай дүниелермен біздің жастарымыз сусындауы керек. Біз де өз тілімізді байытып, ұлттық құндылықтарымызды әлемдік деңгейде танытқанымыз жөн. Ол үшін халық сауатты, көзі ашық болуы тиіс. Мемлекет басшысының осы ойын дұрыс түсінуіміз керек.
Жарқынбек АМАНТАЙ:
- Жастардың көбі ағылшын тілін жақсы меңгеруде. Латын әліпбиі соған ұқсас болғандықтан, көп кешікпей сәнге айналады деп ойлаймын. Өйткені, қоғамдағы жарнаманың өзі ағылшынша жазылса, адам назарын бірден аудартады. Қазіргі таңда әлеуметтік желілерде ағылшынша жазатын жастар көбейіп барады. Қуантарлық жайт, әрине.
Ендігі міндет – ғалымдар ауызбіршілікпен латын әліпбиінің ең тиімді нұсқасын анықтап, оны заң жүзінде бекітсе, қалғаны оңай деп ойлаймын. Осы мәселе жедел түрде шешімін тапса, қоғам да, жастар да тез бейімделіп кетер еді деген сенімдемін.
Түйін: «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру үрдісінің ерекшеліктеріне байланысты», - деп Елбасы айтқандай латын әліпбиіне көшу – заман талабы. Ал ғалымдарымыз осы қаріпті қолдану арқылы әлемдегі ең дамыған өркениетті елдермен тереземізді теңестіре аламыз деген пікір айтып, оның тиімді тұстарын дәлелдеп бағуда.
Ендігі кезекте Мемлекет басшысы атап өткендей ғалымдардың көмегімен қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасы қабылданып, әдістемелік жұмыстар жүргізілуі тиіс. Сондай-ақ, жаңа әліпбиді үйрететін сапалы мамандар қатарын көбейтіп, мектептерге арналған оқулықтар дайындалуы қажет.
Міне, осы мақсатқа қол жеткізіп, соның жеміс көру үшін қаймақ бетінде жүрген білікті тіл мамандары мен оқытушы-профессорлар аянбай тер төгуі керек. Дөңгелек үстел шарасынан осындай ой түйдік. Ал ғалымдардың еңбегін бағалап, ел болашағы үшін қабылданғалы отырған маңызды шешімге қолдау көрсету, жақсыны үйренбекке ұмтылу – жүрегі «елім» деп соққан әрбір қазақстандықтың абыройлы міндеті болмақ.