ЛӘйлі-мәЖНҮН (Басы өткен санда)



Pdf көрінісі
бет19/19
Дата12.03.2017
өлшемі1,64 Mb.
#8803
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19

К.Б. 
Оқу бөлімі 
ЕҢБЕК МЕКТЕБІ ТУРАЛЫ 
Адам баласы жер жүзінде жаңа рақат тұрмыста жасауы үшін ескі тұрмыстан қаққы көріп 
жәбірлеткен  болуы  керек.  Ескідегі  түрліше  ерсіліктерді  есіне  сақтаған,  есті  тәжірибелі 
болу керек. 
Ескі  тұрмыстың  талқысына  түсіп,  опық  жемей  адам  баласы,  жаңа  тұрмысқа  тұрғы  бола 
алмайды. Өткендегі істелген түрліше кемшілік, қателіктер, ілгергі болашақ істің бәріне де 
сабақ болмақ. Бір істеліп өткен қате іс, жаңадан қайталап істеле бермек емес. Егер өткен 

199 
 
қателік  кемшіліктер  келешекте  қайталап  істеле  бермейтін  болса,  ілгергі  іс  жаңадан  түр 
тауып  өзгермек,  өркендемек.  Сонда  ескі  тұрмыс,  жаңа  тұрмыстың  азығы  болмақ.  Өткен 
ескі  буынның  адамдары  жаңа  кейінгі  буынның  қол  қабысшысы  болып  саналмақ.  Жаңа 
буын - кейінгі буынның бастан кешірген ауыртпалығын тартпақ емес. Жаңаның кызметі - 
әуелі істеліп келе жатқан істі оңдап, түрлеу. Ескінің мінін түзеу, жаңа тұрмысқа бейім деп 
үйлестіру. 
Осы  ретше  адам  баласының  ақырындықпен  мимырттап,  әсте  есте  жаңарып,  өзгеріп, 
өркендеп  отырмақ.  Былайша  тұрмыс  жүзінде  іс  пен  естің  қатар  жарысып  өсіп  отыруын 
ғылым тілінде мимырттап өсу деп атайды. 
Ес пен істің мимырттап өсуінің арқасында адам баласына мәдениет пайда болмақ. 
Адам баласының табиғатында, тұрмыс жүзінде пайдалануы үшін өзіне іс арқылы икемдеп 
өзгеріс  жасап,  өң  кіргізіп  бағындыруын  һәм  іс  істеп,  іскер  тәжірибелі  болу  арқасында 
естің ер жетіп жетілуін ғылым тілінде мәдениет дейді. 
Мәдениет тегінде екі түрлі болуға тиіс: бірісі - ес мәдениеті, екіншісі - іс мәдениеті. 
Ес мәдениеті деп - адам баласының ой, пікір, санау саңлауының ұлғаюын айтады. 
Іс мәдениеті деп - адам баласының тән тіршілігіне азық беретін заттардың жетілуін, яғни 
шаруа жайының өркендеуін айтады. 
Адам  баласының  шын  адамшылық  сатысына  аяқ  басуы  осы  айтылған  екі  түрлі 
мәдениеттің екеуін де қанағаттанарлық болып азықтанған уақытта болады. Жалпы дүние 
жүзін алған уақытта, мәдениеттің бүл айтылған екі ірі тарауының екеуі де тоқтаусыз өсіп, 
өркендеп  отырмақ.  Егер  де  біз  бүтін  жер  жүзін  тегіс  алмай,  мәдениетті  деген  бір 
мемлекетті  ғана  алсақ,  ол  уақытта  мәдениет  тарауларының  өсуі  бір  дәрежеде  деп  айтуға 
болмайды. 
Сондықтан,  дүние  жүзіндегі  қай  мемлекетті  алсақ  та,  кемшіліксіз,  шоласыз  мәдениетті 
болып шыққан жалғызы да жоқ. Олай болатын болса, кемшіліксіз мәдениетке адам баласы 
әлі жеткен жоқ. Шын мәдениетті болу үшін мәдениет тарауларын қатар өсіруге қам қылу 
керек. Яғни, ес мәдениетінің де жетілуін мақсат қылу керек. Ыңғай бір беткейлікпен адам 
баласы  бақытты  тұрмысқа  аяқ  баса  алмайды.  Ілгергі  ес  пен  істің  екеуін  бірдей  қатар 
жетілудің керектігі талассыз ақиқат. Сондықтан, қазіргі тәрбие ғалымдары келешек жаңа 
буынның  әрі  адамгершілігін  жетілтіп,  әрі  тұрмыстан  қаққы  көрмейтін  қылып,  іске 
жаттықтыру үшін тәрбие арқылы жаңадан халық жасаймыз деп отыр. 
Қазіргі  тәрбие  ғалымдарының  жаңа  идеялы  дүниеге  жаңаша  көзқарасы  бар.  Жаңа  халық 
жасаймыз деген қиялдары, шынында ешбір жаттығы жоқ нәрсе. Соны жәй бір құрғақ бос 
қиял деп айтуға болмайды. Бұл пікірдің дұрыстығы қазіргі уақытта өмір жүзінде көрініп 
те отыр. Тәрбие арқылы жаңа халық жасаудың әбден мүмкіншілігі бар. Тәрбие қуатының 
зор  екендігіне  әлденеше  түрлі  тарихи  мысалдар  келтіруге  болады.  Тәрбие  арқылы  адам, 
әуелгі жаратылысынан екінші халге келуіне ешкімнің шегі жоқ. Адамның ақымақ болуы 
мен атақты данышпан болуында тәрбие бірінші себеп. 
Дүниенің  торт  бұрышына  тегіс  әмірін  жүргізген  Ескендір  Зұлқарнайынның  соншама 
дүниеге  атағын  қалдыратын  ірі  адам  болуына  себепкер  болған  оның  тәрбиешісі,  атақты 
грек данышпаны Аристотель еді дейді. Рас, Ескендір жаратылысында да ірі адам шығар, 
сөйтсе  де,  оның  қалыптан  тысқары  ірі  болып  кетуіне  сөз  жоқ.  Әрі  данышпан  адамның 
тәрбиесі себеп болып отыр. 

200 
 
Ферғауын  патша  болып  әмірін  жүргізген  шағында  өзіне  қарсылық  қылған  дұшпандарын 
қол-аяғын  байлап,  тірідей  отқа  салып,  солардың  от  ішінде  күйіп  азап  тартып  өлгенін 
көрсе, сонда ғана ферғауынның жаны ләззат алатын болған.  Ферғауынның мұндай қатал 
мінезді болуына себеп болған жас күнінен жатқан тәрбиесі болған. Ферғауынды жасынан 
тәрбие  қылған  Самири  дейтін  тәрбиешісі  аңдардың  бөлтіріктерін  тірідей  ұстап  алып, 
ферғауынды  біраз  жұбатып  алдандырғаннан  кейін  әлгі  жас  аңдарды  тірідей  отқа  салып 
пісіріп жейтін болған. Ферғауынның жанды затты тірідей отқа өртегенде жанының ләззат 
алушылығы  жасынан  жас  жәндіктерді  тірідей  өртеп,  ойын  есебінде  қылып  кеткендіктен 
соншама  қатал  мінезділік  жанына  сіңген  сипаттың  бірі  болып  қалған.  Будан  көрінеді, 
жабайы  адам  мұндай  қаталдықтарды  істемек  түтіл,  естігенін  жаны  азап  тартарлық 
қаталдықтың шегіне жастан алған тәрбие арқылы адам баласының жетіп отырғандығы. 
Ертедегі  жауынгершілік  замандарда  соғысып,  жеңіп  өлтіргені  жеңілгеннің  қанын  ішіп, 
бауырын  жемесе  құмары  қанбайтын  болған.  Әрине,  мұндай  мінездер  адам  баласына 
кенеттен  пайда  болмақшы  емес.  Жастан  жауынгерлік  тәрбиесін  алып,  жаны  жауынгер 
болып кеткендігінен болып отыр. 
Жастан  жанына  сіңген  тәрбиенің  күші  әрі  жазушы,  ақындардың  өмір  бойы  көксейтін 
бағытына да эсер береді. 
Жер  жүзіне  бірінші  дәрежеде  көрікшіл  әдемілік  сезімін  оятқан  Англияның  атақты 
жазушысы  Оскар  Уайльд  өзінің  тұрғыластарымен  бір  мәжілісте  отырғанда  галстугін 
жаман байлаған бір адамның омырауына көзі түсіп, «Красиво завязанный галстук, первый 
в  жизни  серьезный  шаг»  деп,  отырған  мәжілісін  тастап  шығып  жүре  берген.  Бұл  сөздің 
мағынасы  -  «Әдемі  байланған  жаға  өмірде  нағыз  бірінші  адамнан  саналады»  деген  сөз. 
Оскар  шынында  мәжілістен  жиіркеніп  шыққан  жоқ.  Оскар  адамилықпен  тәрбиеленген 
жүрегіне  жаман  байланған  жаға  шаншу  болып,  қадалғандықтан  шығып  отыр.  Оскардың 
сол  дәрежеде  әдемілік  сезіміне  жетектелудің  шегіне  жеткізген  нәрсе  -  оның  да  жастан 
жанына  сіңген  тәрбиесі  еді  дейді.  Оскардың  әкесі  Уайльд  дейтін  кісі  Англияның  ішінде 
бірінші  дәрежеде  доктор  болған  адам.  Баласы  Оскарды  жасынан  кіршіксіз  тазалыққа 
бөлеп өсіргендіктен, Оскардың да адамилық сезімі сол дәрежеде күшті оянған. 
Атақты  орыс  ақыны  Лермонтов  жазған  өлеңдерінің  көбін  терең  қайғылы,  мұңды  рухта 
жазған ақын. Лермонтовтың бір сыпыра ақындардан айырылатын белгілі сипатының бірі - 
терең  мұң,  терең  сыр,  қайғы-қасірет.  Зардың  барлығы  тәрбие  ғылымдарының  сынына 
қарағанда, Лермонтовтың мұңды рухта жазушылығы жасынан мұң мен зардың жүрегінен 
шықпастай  болып  сіңіп,  нық  орныққандығынан  болған.  Мұның  себебі  Лермонтовтың 
әкесі бір жаста шағында өлген. Жаны сүйген жарынан айырылған Лермонтовтың қайғыға 
тұншыққан  зарлы  қасіреті,  шешесі  оқтын-оқтын  бір  жасар  Лермонтовты  алдына  алып 
қайғылы  жыр,  қайғылы  әуендерді  жалғап,  шерге  толған  жаралы  жүрегін  қайғылы  зар, 
қайғылы әуенмен жылаған бір жасар Лермонтовты да, өзін де жұбататын болған. Жасынан 
қайғы  мен  зардың  ішінде  көзін  ашқан  Лермонтовтың  жүрегінен  қайғы-қасірет  әрі 
ержеткен соң да шыға  қойған жоқ. Сондықтан, қашан Лермонтов жыр жазуға толғанып, 
ойға  батып,  қолына  қалам  алған  шағында  жасынан  жанына  сіңген  терең  сырға,  қалың 
қайғыға  бірге  бататын  болған.  Бір  жасарынан  анасының  қайғылы  зарымен  уланған 
Лермонтов ержеткенде де, жүрегі өмірден сая таппай, толқынданған шақта өлеңі бар: 
«Өмірде, ойға түссе кем кетігің, 
Құлағыш мінезің бар, жүрек, сенің. 
Сонда, сенің отыңды басатұғын 
Осы өлең, оқитұғын дұғам менің» - 

201 
 
деп  өздерінің  терең  сырлы,  мұңды  жырымен  өзін-өзі  уатып  отыр.  Будан  көрінеді,  адам 
баласының  жастан  жаттыққан  тәрбиесі,  ержеткен  уақытта  да  негіз  болатындығы. 
Ержеткен  уақыттағы  адамның  жақсы,  жаман  мінездерінің  көбі,  жастан  сіңген  мінез 
болады.  Адам  баласына  данышпандық,  қаталдық,  жауынгерлік,  мейірімділік  сықылды 
сипаттар  тәрбие  қуатымен  орнайды.  Олай  болатын  болса,  қазіргі  тәрбие  ғылымдарының 
тәрбие арқасында жаңадан халық жасауға болады деген пікірлері жоғарғы тәжірибелерге 
тіреледі. Тәрбие деген нәрсе, жалаң бір адамның ғана мінезіне эсер бермекші емес, жалпы 
халықтың  мінезіне  эсер  бермекші.  Яғни,  түзік  тура  бағытты  тәрбие  арқылы  жалпы 
халықтың  түзік  болуы  мүмкін.  Бұзық,  теріс  бағытты  тәрбие  арқылы  жалпы  халықтың 
бұзық  болуы  мүмкін.  Жер  жүзіндегі  әрбір  халықты  жеке  жеке  алған  уақытта,  олардың 
әрқайсының  өздеріне  хас  мінездері  болады.  Кейбір  жауынгер  болып  халық  арасының 
тыныш  тұрғаннан  да,  бір  халықпен  бір  халық  жауласып,  соғысып,  қантөгіс  болғанын 
сүйеді. Кейбір халық тыныштықта еңбек етіп кәсіп қылып, бейнет арқылы тыныштықпен 
өмір  сүруін  сүйеді.  Кейбір,  халық  сән-салтанат,  сауық  әсемдікті  сүйеді.  Қысқасынан 
айтқанда, бірі жауынгер, бірі еңбекшіл, бірі сауықшыл болады. Әрбір халықтың бұлайша 
бірбеткей  мінезді  болуының  түбін  тексерген уақытта  бәрі  де  ескі  буынның  жаңа  буынға 
жасынан  жанына  сіңдіріп,  жаттықтырған  тәрбие  арқылы  пайда  болған  мінез  болып 
табылады.  Әрбір  адамның  негізінде  өзімшіл,  ұлтшыл,  көпшіл  болулары  алған 
тәрбиелеріне байланады. 
Адамның  шын  мағынасында  адам  болушылығының  шын  тетігі  тәрбиеде  болғандықтан, 
тәрбие  деген  нәрсе  ғалымда,  халықтарда  зор  орын  алады.  Егер  бір  тәрбие  тарихын 
тексерсек,  тәрбие  туралы  ғылымда  тәрбие  хақында  жазған  оқымысты  ғалымдар  да 
ғылымның  алғаш  туы  көтерілген  грек  халқынан  шыққан.  Тәрбие  ғылымының  қосқан 
жолымен бала тәрбиелеу грек халықтарынан басталған. Содан бері әлденеше жүз жылдап 
замандар өтті. Тәрбие туралы пікірлерін жазып, тәрбие майданында жарысқа түсіп, атағы 
шыққан  түрлі  саңлақ  ғалымдар  да  шықты.  Тәрбие  ғалымдарының  бастық  ақсақалы,  ескі 
гректің  атақты  данышпаны  Аристотель  болып  саналады.  Алғаш  тәрбие  туралы  уран 
салған  Аристотель.  Аристотельден  әр  заманда  әр  халықтан  шыққан  тәрбие  туралы  кітап 
жазып,  аттары  танылған  тәрбие  ғалымдары:  Песталецкий,  Руссо,  Фребель,  Ушинский, 
Каменский,  Толстой  һәм  басқалар.  Тәрбие  ғылымын  әр  тараулы  пікірлер  жазып, 
тереңдетіп  қорландырған  осы  аталған  ғалымдар.  Бірақ,  бұл  ғалымдар  тәрбие  туралы 
түрліше  пікірлер  жазып,  тәрбие  ғылымына  он  берсе  де,  әрқайсының  жалпы  пікірлерін 
қорытқан  уақытта  бір  жол,  бір  бағытқа  ғана  тірелетін  болды.  Яғни,  ғалымдардың  айтуы 
бойынша, адам баласы екі түрлі заттан құралған. Бірі - жан, бірі - тән. Бұл екі түрлі заттың 
ішінде  ең  керек,  ең  қымбат,  ең  қадірлісі  -  жан.  Тән  деген  нәрсе  жанның  қабы.  Тән  жан 
үшін ғана керек. Сондықтан жан тәрбиесі тән тәрбиесінен өте күшті болу керек. Адам да 
жұмбақ нәрсе жан ғана, жан тәрбиесі жетілмей тұрып, адамнан бүтіндік күтуге болмайды 
деп  көбіне  бірбеткей  тәрбиенің  салмақты  жағын  жан-жағына  аударып  отырған.  Бүл 
ғалымдардың  жазған  пікірлерін  казіргі  тәрбие  туралы  жазушылардың  қарасынша, 
идеализм  рухында  жазылған  пікір  деп  санайды.  Идеализм  деп  психология  (жан  тілі) 
тілінде, («жан» денеден тіпті бөлек, өзгеше бір зат деген ұғымға бекіп тұйықталған пікірді 
айтады). Бұл жазушылардың кезінде идеализмнің нағыз өркендеп, пісіп тұрған шағындағы 
жазушылар болғандықтан, жоғарғы жазушылардың бірсыпырасы идеализмді көксеушілер 
деп отыр. Материализм пікірі ол уақыттарда қолданылып, аса тур тауып тарала қоймаған 
шақ  еді  дейді.  Материализм  (затшылдық)  деп,  жан  деген  нәрсе  жоқ,  «жан»  деп  денедегі 
күңгірт-көмескі көрінетін мүшелердің көрінісі деген ұғымға тұйықталған пікірді айтады. 
Шынында,  материализм  ғылымы  ол  уақыттарда  түр  таппаған  шақ.  Материализм 
ғылымына  негіз  салған  Чарльз  Дарвин  мен  Маркстың  екеуінің  де  халыққа  түсінікті 
болмай, жұмбақ болған шағы материализм пікірін ерте уақытта қолданбақ түгіл, жарыққа 
шығуына қарсы болған кез. Шындығына жеткеннен кейін Дарвиннің теориясы соңғы XIX 

202 
 
ғасырдың  акырғы  жағында  қолданыла  бастады.  Маркстың  ғылымы  соңғы  кезде  саясат 
жайы  өзгеріп,  мемлекет  құрылысы  екінші  түрге  көшкен  соң  ғана  қолданылып  отыр. 
Қазіргі тәрбие туралы жазушылар идеализм пікірінде жазушы тәрбие ғалымдарына қарсы. 
Қазіргі  жазушылардың  пікірінше,  «жанды»  атымен  жоққа  шығарады.  Бұрынғы 
жазушылардың  жан  деп  жүргендері  ескі  діншілдіктің  көлеңкесі.  Құдай,  періште,  аруақ, 
тағдыр деген нәрселерге айналғаны сықылды дейді. Екінші - адам  мүшелерінің түзілісін 
һәм  әрбір  дене  мүшелерінің  оз  алдына  дербес  кызмет  атқаратын  қасиетін  жете 
білмегендіктен, яғни адам да ми, қан, нерв сықылды көмескі  мүшелердің қызметін анық 
айыра  алмағандықтан,  жан  деген  нәрсені  шығарған.  Оның  үстіне  өсімдіктер  жайынан 
баяндайтын  жалпы  жаратылыстық  сырын  шешетін  ғылымға  оның  таныстығы  болмай, 
күңгірт түсінгендіктен. Және ертерек кезде физиология, анатомия сықылды ғылымдардың 
аса  күшеймегендігінен  дейді.  Бұл  соңғы  тәрбие  туралы  жазушылар  материализмді 
қолданушылар  бұлардың  пікірі  материализм  ғылымына  негіз  салушы  Маркс  пен 
Дарвиннің  пікіріне  қатысады.  Соңғылардың  пікірінше,  тәрбие  деген  нәрсе  адамның  күн 
көретін тіршілігіне байланысты. Қазіргі күндегі шын адамшылыққа жеткізеді деп көңілдің 
нық бекіген әлеуметшілдік (социализм) жолына кейінгі жас буынды түсіру үшін болашақ 
беретін  тәрбие  жолы  өмірдің  алғашқы  басқышындағы  балаларды  алдымен  тұрмысқа 
жаттықтыратын  болсын.  Жас  буынның  алатын  тәрбиесі  өздерінің  келешектегі  көретін 
тұрмысы,  тіршіліктеріне  байланысты  болсын  деген  пікір  Маркстің  ой  тұрмысты 
жетектемейді, тұрмыс ойды жетектейді деген мәңгі өзгермейтін терең мағыналы пікіріне 
қабысады. 
Әлеуметшілдіктің көздеген мақсаты - бостандық, теңдік, құрдастық болмаса, бүл мақсатқа 
жалпы  адам  баласын  тегіс  жеткізу  үшін,  алдымен  тіршілік  ететін  тұрмысында  бірдейлік 
болу  үшін,  жалпы  жас  буындарды  келешек  көретін  тіршілігіне  үйлесетін  тәрбиемен 
тәрбиелеу  керек.  Яғни,  жас  бала  өскенде  тіршілік  үшін  қолданатын  іске  жас  күнінен 
жаттығып,  жас  жағынан  сол  істерді  оз  бетімен  істеп  үйренетін,  жас  баланың  көңілі 
өздерінің  ойыншық  есебіндегі  істерінен  өзгеше  ләззат  алып,  жұбанатын  болсын.  Сол 
жаста  істеген  істері  арқылы  еңбекке  жаттығып,  еңбекшіл  болып  үйренсін.  Адамды  тура 
бағытқа  жолдайтын  нәрсенің  ең  біріншісі  -  еңбек  деген  нәрсе.  Тұрмысқа  -  ұйытқы 
болатын да - еңбек. Жасынан еңбек етіп істе жаттыққан, еңбегінің жемісін татып тіршілік 
еткен  адам  өзгеге  пайдалы  болып  пайдасын  тигізбесе,  зәбірін  тигізбек  емес.  Адамның 
біріне-бірінің  зәбірлі  болуы,  біреудің  қолындағы  көз  сүзу,  алдау,  арбау,  күш  жұмсау, 
ұрлық, өтірік, нешік түрлі өмірде тіршілік үшін қолданатын теңсіздік, қиянаттардың бәрі 
де  адам  баласының  еңбексіз  тіршілік  етуді  мақсат  қылуынан  туады.  Міне,  осы  ретпен 
еңбекшіл менен еңбексіз күнелтуді көксеушілердің арасынан егесі шығып, қазіргі күндегі 
адам  баласының  бірінің  етін  бірі  жеп,  бірінің  біріне  жендет  болып,  тұрмыс  жүзінде 
теңсіздіктің  тууы  -  бәрі  де  еңбексіздің  салдарынан  деп  есеп  етуге  болады.  Сондықтан, 
балалар жасынан жалпы іске жаттықсын. Көздеген бағыттарында жекелік болмай, жалпы 
көптік  бағыты  болып,  барлық  адам  баласының  пайдасына  қызмет  етерлік  болсын.  Міне, 
бұл пікір соңғы кездегі тәрбиелердің пікірі. Бұрынғы ескі тәрбиелерде бүл жағы аса күшті 
ұстамай,  көмескі  күйде  қалыңқырап  отырған.  Ескі  тәрбиешілердің  арасынан  соңғы 
тәрбиешілердің  пікіріне  бейім  жазған  XVII  ғасырдағы  шыққан  тәрбиешілерден  Амос 
Каменский мен XIX ғасырдың тәрбиешісі Л. H. Толстой ғана еді дейді. 
Жас буындарға соңғы пікірде тәрбие беру үшін балалардың жасы 3-4-ке жеткеннен кейін 
кірісе бастау керек. Оның үшін әрине балаларға жалпы тәрбие беретін орын балалардың 
оқу жұрты - мектеп болуға тиіс. 
Сондықтан, қазіргі уақыттағы ашылған мектептер жоғарғы айтылған пікірді ашық атқара 
алатын болуы керек. 

203 
 
Жоғарғы айтылған пікірлерді тегіс атқаратын мектептер бұл күнге шейін қай мемлекетте 
болсын, ашыла қойды деп айтуға болмайды. Ондай, рухта ашылатын мектептер балаларға 
еңбек  етіп,  іс  үйретуге  негізделгендіктен,  «еңбек  мектебі»  деп  аталады.  «Еңбек 
мектептері»  күнбатыс  мектептерінің  ішінде  Германия,  Англия,  Швейцария,  Америка 
мемлекеттерінде соңғы кезде ашыла бастаған. Бірақ, оларда ашылған еңбек мектептерінің 
балаларға  іс  істету  жағынан  үйлесімі  болғанымен,  көзделген  түпкілікті  бағыты  жағынан 
қарағанда, үйлесімі жоқ деп айтуға болады. Қазіргі күндегі социалдық негізінде құрылған 
мемлекеттердің  пікірінше,  жоғарғы  мемлекеттерде  ашылған  еңбек  мектептердің  бағыты 
шын  адамшылық  жолына  түсірерлік  бағыт  емес.  Жас  буындарды  еңбекке  жаттықтырып 
тәрбиеленгенмен,  еңбексіз  жатып  ішерлердің  еңбекшілдерге  қылатын  жәбірлік 
қиянаттарынан жеркендіретін идея тудыру  жолына әлі  түскен жоқ  дейді. Қазіргі  күндегі 
социалдық  негізіне  құрылған  Россия  мемлекетіндегі  кеңес  үкіметінің  жас  өрімдерді 
тәрбиелеу туралы көксегені - еңбек мектебі. Еңбек мектебінің көздеген бағытының қандай 
екендігі  жоғары  айтылған  сөздерден  ашық  аңданады.  Еңбек  мектептерін  ашып,  будан 
былай балаларға беретін тәрбиені бір - ақ бір жобамен беруге кеңес үкіметі орныққаннан 
бері  кірісіп  келе  жатыр.  Бірақ  жаңадан  басталған  іс  аз  уақыттың  ішінде  ойлағандағыдай 
тур  тауып  кете  қояды  деп  айтуға  болмайды.  Оның  үстіне,  еңбек  мектебін  жарыққа 
шығарамыз  деп  ескіден  ізіне  түсіп  келе  жатқан  іргелі  тәрбиешілер  өте  аз  деп  айтуға 
болады. Бұрынғы ескі мектептерде оқытып жүрген тәрбиешілердің көбі еңбек мектебінің 
атын  естігендігі  болмаса,  затына  қанықтығы  кем.  Еңбек  мектебінің  маңызы  оқытатын 
тәрбиешілерді  үйрету  әдісін  жете  білулеріне  ғана  тиянақтайды.  Еңбек  мектебінің  анық 
оқытушылары Россияның астана, ірі шаһарларында ғана бар. Сондықтан, үкімет бірінші, 
екінші басқыш еңбек мектептеріне күрделі оқытушылар дайындау мақсаты мен кейбір ірі 
шаһарларда жоғарғы дәрежелі төрт жылдық оқытушылар институтын ашып отыр. Ендігі 
күтілетін  еңбек  мектептерінің  шен  оқытушылары  осы  ашылған  оқу  жұрттарынан  білім 
алғандар  ғана  болып  табылады.  Жеке  қалаларда  ашылған  еңбек  мектептерінде 
оқытушылар бұрынғы ескі мектептерде оқытып, ысылған тәрбие көргендер болғандықтан, 
қазіргі  жаңа  тәрбие  жаңа  мектептер  туралы  жазылған  жаңа  литературалармен  танысып, 
ескіге жаңаны қатынастырып, анық жаңа оқытушылар шығып, олардың орнын басқанша, 
дүмбілеу күйінде мектептерде оқу ісін жүргізе бермек. 
Еңбек  мектептерінің  іргелі  тәрбиешілерінің  пікірінше,  еңбек  мектебі  мемлекет  қол 
астында кемінен 2-3 түрде болып ашылсын дейді. Себебі, 1 - басқыш еңбек мектептерінен 
бастап  балаларды  сол  мектеп  ашылған  жердің  негізгі  тұрмысына,  негізгі  кәсібіне 
үйретіліп,  жаттықтырылсын,  яғни,  завод-фабрикалардың  көп  ашылған,  машина  ісінің 
күшті  өркендеген  жерлерінде  еңбек  мектептерінде  оқыту  жолы  машина  кызметтеріне 
жаттықтыру жолына негізделсін. 
Ондай орындарда городская-индустриальная школа ашылсын. Ал енді, мемлекеттің жиек 
қалаларында  машина  қуатының  аса  зор  айламаған  егіншілік,  бақшашылық,  мал 
бағушылық кәсіптерінің түр тапқан жерлерінде балаларды ауыл, қала шаруашылығының 
тұрмыстарына  жаттықтырып  үйретілетін  болсын.  Мұндай  жерлерде  еңбек  мектептері 
жаппай  шаруа  жолына  негізделсін.  Яғни,  сельско-хозяйственная  школаларға 
айналдырылсын. Қысқасы, еңбек мектептерінің бірінші басқыштарында балаларды оқыту 
реті жергілікті халықтың тіршілік ететін кәсібіне үйлесетін болсын деп отыр. 
(жалғасы бар) 
Ғ. Байтасов 
 
 

204 
 
ТАШКЕНДЕГІ ҚАЗАҚ-ҚЫРҒЫЗ ИНСТИТУТЫ 
ТУРАЛЫ 
Қай  халықтың  болсын,  мәдениетін  тудыруға,  күшейтуге  себеп  болған  мәдениет 
көсемдерінің  еткен  еңбегінің  бағасын  шамаласақ,  алдымен,  бәйге  алатын  еңбек 
оқытушылардікі. Халыққа сана, саңылау тудыратын - оқытушылар. Оқытушылар - жалпы 
халықтың тәрбиешісі. Басшысыз, көсемсіз, қараңғы надан халық  ешқайда бара  алмақшы 
емес. Халық арасына мәдениет ұрығын шашатын, кілең оқытушылар ғана. Сондықтан, қай 
мемлекет  болсын,  мәдениетке  алғаш  аяқ  басқанда,  бар  күшін  сарып  қылып  даярлайтын 
оқытушылар  ғана  болды.  Алдымен,  оқытушыларға  мұңсыз  болу  шарасын  қарастырады. 
Жеткілікті қылып оқытушылар дайындайтын оқу жұрттарын ашады. Елеулі ел болу, іргелі 
елмен тең болу жалғыз-ақ оқытушылардың еңбегімен болатындығы көңіліне нық бекітеді. 
Осы  күнде  жалпы  дүние  жүзін  алсақ,  ілгері  мәдениетке  аяқ  басу  үшін  талпынбаған,  ел 
болудың  шарасын  іздемеген  халық  өте  аз  деп  айтуға  болады.  Бірақ,  ел  болу,  жұрт 
санасына  қосылуды  талап  қылған,  мәдениеті  кем  халықтардың  алдына  бөгет  болатын. 
Адам  баласының  табиғи,  бір-біріне  істейтін  жендеттігі  бар.  Мәдениеті  күшті  халық 
мәдениеті  кем  халықты  алдына  салған  малы  есебінде  қолданып  жем  қылады.  Ілгері  аяқ 
басуына бөгет болады. 
Елеулі  ел  болуды  ертеден  мақсат  қылған,  мәдениетін  күшейтудің  шарасын  ертерек 
қарастырған халықтың бірі  - біздің қазақ  - қырғыз халқы еді. Бірақ,  қазақ-қырғыз халқы 
жоғарғы айтқандай, өздерінен мәдениеті күштірек халықтан соққы жеді. Күні кеше Россия 
мемлекеті  қол  астында  патша  әкімшілігі  дәуір  сүрген  шақта  қазақ-қырғыз  халықтары 
ілгері аяқ басып, мәдениет жолына түсу үшін көп бөгет кеселдерді бастарынан кешірді. 
Өзгеріс  болып,  патша  үкіметі  тағынан  тайғаннан  кейін,  оның  үстіне,  кеңес  үкіметі 
орнығып,  елдігіңді  жоқта,  еркін  жаса  деп  ерік  берген  соң,  қазақ-қырғыз  халқы  қайтадан 
жанданып,  ел  болудың  мәдениет  жолына  аяқ  басудың  шарасын  қарастырды.  Енді,  қазақ 
қырғыз  халқына  тәрбиеші  көсемдер  керек  болды.  Мәдениет  ұрығын  шашатын 
оқытушылар керек болды. 
Сондықтан, Түркістан республикасындағы қазақ-қырғыздың қолымен санап көрсеткендей 
аз  ғана  санамалы  оқыған  азаматтары  бас  қосып,  Ташкент  қаласында  1918  жылы  12 
ноябрьде қазақ-қырғыз оқытушыларының институтын ашты. 
Қазақ-қырғыз  институтын  ашуға  себепкер  болып,  күш  көрсеткен  азаматтардың  саны 
алғашқы кезде өте аз болды. 
Институттың құрылуына күрделі күш жұмсап, негіз салған Қ. Қожықов, X. Болғанбаев, С. 
Қожанов,  И.  Тоқтыбаев,  С.  Асфендияров  һәм  Өтегенов  азаматтар  болды.  Қазақ-қырғыз 
институты алғашқы кезде институт аты аталмай, 4 жылдық мұғалімдер даярлайтын төмен 
дәрежелі  оқу жұрты ғана болып ашылды. Себебі, алғашқы кезде оқытушылар  жеткілікті 
болмады.  Үй  жағынан  да,  күй  жағынан  да  институттың  алғашқы  уақытта  халі  нашар 
болды. Оқу алғаш ашылған кезде кілең қазақ тілінде ғана болды. Институттың ашылуына 
бастық болған көсемдер шет жерлерден оқытушылар шақырып алдырды. Қазақ - қырғыз 
институтына  арнап,  бүтін  жері  орамымен  үй  даярлап  алды.  Кішкене  біраз  күш  жиып, 
нығайып алған соң, институт бұрынғы қалпынан үлкейіп зорая бастады. Алғашқы төмен 
дәрежелі  халінен  орта  дәрежелі  оқытушылар  даярлайтын  дәрежеге  жетті.  Қазақ-қырғыз, 
институты  деп  аталды.  Институт  болғаннан  кейін  жоғарғы  бөлімдерінде  бірнеше  пән 
ғалымдары  орыс  тілінде  жүргізіле  бастады.  Орыстың  орта  дәрежелі  мектептерінде, 
оқытып жүрген ысылған, тәжірибелі оқытушылары қатыстырыла бастады. 

205 
 
Институтқа  орыстың  орта  дәрежелі  мектептерінде  оқылатын  пән  ғылымдардың  бір 
сыпырасы  кіргізілді.  Институтты  бітірген  оқушылардың  құқығы  жоғары  дәрежелі  оқу 
жұрттарына  түсу  үшін  орта  дәрежелі  орыс  мектептерін  бітіргендермен  бір  дәрежеде 
болатын  болды.  Қазақ-қырғыз  институтын  бітіріп  шыққан  оқушылардың  сынаусыз 
университетке  түсуге  хақы  бар.  Ақтық  бөлімдерінде  пән  ғылымдарының  бір  сыпырасын 
орыс тілінде орыс оқытушылары оқытады. Қазақ әдебиеті, қазақ тарихы ғана ана тілінде 
оқытылады. 
Институт  алғаш  ашылған  уақытынан  бастап  бір-екі  жыл  бойына  пұл  қаражат  жағынан 
көбі  өте  кем  болды.  Оқушылардың  аш,  жалаңаш  болған  уақыттары  да  болды.  Бірақ, 
оқушыларда, оқытушылар да қанша ауырлық көрсе де шыдап тұрды. Әйтсе де, көш жүре 
түзеледі.  Қазақ-қырғыз  институты  соңғы  кезде  аяғын  тап  басып,  қай  жағынан  болсын, 
ойлаған  дәрежеге  жетті  деп  айтарлық  болды.  Алғашқы  уақыттағыдай  емес,  үкімет 
тарапынан институтқа берілетін пұл қаражат жетерлік дәрежеде. Оқушылар қазіргі күнде 
тамақ,  киім  жағынан  тарығарлық  емес.  Оқытушылар  да  күн  сайын  сайлы  болып,  білімі 
толық,  тәжірибелерінің  бастары  құралып  келеді.  Қазіргі  күнде,  қазақ  -  қырғыз 
институтында  қазақ  оқытушылары  X.  Мұхамметов,  М.  Жұмабаев,  Ф.  Ғалымжанов,  М. 
Тынышбаев,  К.  Жаленов,  Жаленова  Зейнел  һәм  басқалар.  Қазақ-қырғыз  институтының 
қазіргі бастығы - Айзунов. 
Өткен оқу жылының басынан бері қазақ-қырғыз институтында оқушы шәкірттерінің саны 
150-200  арасында  болды.  Институт  алғаш  басталып  ашылғаннан  бері  бәрі  дерлік 
шәкірттер  үзбестен  оқып  келе  жатыр.  Алдымыздағы  1923-24  оқу  жылдарында  қазақ-
қырғыз  институтын  алғаш  бітіріп  шығатын  оқушылар  болды.  Алдымыздағы  жыл  қазақ-
қырғыз  институтының  ұядан  шығарған  құстардың  балапандарындай  бірнеше  жыл 
еңбектеніп, оқытып шығарған оқытушыларын түңғыш жарыққа шығарып, халық арасына 
таратып, еңбегінің жемісін көретін қуанышты жыл. Қазақ-қырғыз институты қазақ-қырғыз 
елінің  арасынан  мәдениет  ұрығын  шашатын  кенді,  негізгі  ордасы  болып  саналады. 
Жоғарғы  айтылған  халыққа  мәдениеттің  кені,  халық  арасына  мәдениетті  егетін 
оқытушылар  ғана  деген  идеяны  қазақ  -  қырғыз  институты  иман  қылып  тұтынбақ. 
Институтты  бітіріп  шыққан  оқушыларымыз  ойлаған  мақсатымызды  орындар  деген 
үмітіміз  зор.  Мүмкін,  оқытушыларымыз  негізгі  мойнына  міндетті  іс  атқармай,  заман 
ауруымен ауырып, партфелизм мен файтунизм жолын қуып, төрелік аулап кетіп қалуы да 
ықтимал. Оны болашақ көрсете жатар. Қазақ-қырғыз институтын бүл бітіріп шыққандар 4 
жылдық бастауыш қазақ-қырғыз мектептеріне мұғалім бола алады. 
Институт  оқытушыларының  арасында  қазақ-қырғыз  институтынан  екінші  басқыш 
мектептерге оқытушылар даярлап шығару керек. Институт қазіргі дәрежесінен бір басқыш 
жоғарыласын.  Яғни,  жоғарғы  дәрежелі  оқу  жұрты  болсын,  түрліше  факультеттерге 
бөлінсін.  Сөйтіп,  қалайда  болса  нендей  пән  ғылымдарынан  болсын,  орта  дәрежелі 
мектептерде оқытуға күштері  жететін оқытушылар даярлау  шарасына кірісу  керек деген 
пікірлерде бар. Жоқ, қазіргі уақытта институттың осы күйінде бірнеше жылға шейін дауам 
етіп  барғанының  өзі  қазақ  -  қырғыз  еліне  өте  пайдалы.  Қазақ-қырғыз  қазіргі  күнде 
бастауыш  мектеп  оқытушыларының  өзі  жоқ  есебінде.  Сондықтан,  бар  күшті  бастауыш 
мектептерде  оқытушылар  дайындау  жолына  сарп  ету  керек  деушілер  де  бар.  Қайткен 
күнде  де,  қазақ-қырғыз  институты  Түркістан  Республикасының  қол  астындағы  қазақ  - 
қырғыз  халықтарының  арасына  білім  мәдениеті  ұрығын  шашатын  білім  ордасы  болып 
табылмақ. 
Жасасын білім ордасы, оқу жұрттары, көркейсін езілген надан қазақ-қырғыз елі! Көбейсін 
мәдениет диханшылары, оқытушылары! 
Оқытушы 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет