Лекция. № Лекция тақырыбы: ХҮ- xyii ғасырлардағы әдебиеттің даму сипаты, ерекшелігі. Лекция жоспары


Қазтуған жырау толғауларының идеялық-көркемдік сипаты



бет22/104
Дата14.10.2022
өлшемі369,21 Kb.
#43171
түріЛекция
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   ...   104
Байланысты:
Лекция. № Лекция та?ырыбы Х?- xyii ?асырларда?ы ?дебиетті? даму

7. Қазтуған жырау толғауларының идеялық-көркемдік сипаты.
Біздің дәуірімізге Қазтуған жыраудың туған жерімен қоштасу толғауы немесе “Алаң да алаң, алаң жұрт”, «Бұдырайған екі шекелі», «Белгілі биік көк сеңгір» деп басталатын толғаулары жеткен. Осы үш жырының өзі оның үлкен эпик ақын болғанына дәлел бола алады.
Қазтуғанның «Алаң да алаң, алан жұрт» деп басталатын толғауы немесе туған жермен қоштасу жыры жыраулық поэзияның көркемдік қуаты жағынан шебер жасалған үлгілерінің бірі.
Жырау:
Алаң да алаң, алаң жұрт,
Ақала ордам қонған жұрт.
Атамыз біздің бұ Сүйініш
Күйеу болып барған жұрт,
Анамыз біздің Бозтуған
Келіншек болып түскен жұрт...
деген түйдек-түйдек сөз тізбектері, жыр жолдары арқылы ата-анасы туралы, туған жерінен деректер берсе, осы қоштасу өлеңі арқылы:
Салп-салпыншақ анау үш өзен,
Салуалы менің ордам қонған жер,
Жабағылы жас тайлақ
Жардай атан болған жер...
деп, батыр жырау туған жерге сағынышын, шексіз махаббатын білдіреді.
Жыраудың ендігі бір толғаулары нақыл, ақыл айту түрінде болып келеді.
«Бұдырайған екі шекелі...» деп басталатын өзін туралы айтатын “Мадақ жыры” – толғау-өлең – жыраудың өзіне дейінгі ақындық сөз өнерінен алған үлгі-өнеге негізінде өмірге келген жыр. Көлемі жағынан аз ғана осы жыр үзіндісінің өзі Қазтуғаннан кейінгі ақындар мен жыраулар шығармашылығына үлкен ықпал етті. Нақыл, тақпақ, мақал-мәтел үлгісіндегі жыраудың терең толғанысты ой үрдістері қазақ поэзиясына үлкен таусылмас қазына болды.
Жыраудың «Бұдырайған екі шекелі...» толғауы жыраулық поэзиядағы басқа толғаулардан көркемдік өзгешеліктерімен оқшауланып, ерекшеленіп тұратын туынды. Жырау өзін таныстыру монологына – көлемі шағын толғауына қаймықпас қайсар «мұздай үлкен көбелі» батыр, «қойдың көсемі» іспетті елін соңына ерте білер басшы, халықты аузына қаратып, қара қылды қақ жаратын ділмар шешеннің жиынтық бейнесін сыйғыза білген. Мұның өзі жыраудың жай ғана қарапайым адам емес, жеке басы бірнеше өнерді меңгерген сегіз қырлы, бір сырлы жан екенін танытады.
Осы толғаудағы «бұдырайған екі шекелі», «мұздай үлкен көбелі», «айдаса қойдың көсемі» және т.б. сөз тіркестеріндегі ойнақы, асқақ теңеулер жырға шырай келтіріп, соны көркемдік ізденіс, тапқыр да айшықты ой иірімдерін байқатады. «Ұстаса қашағанның ұзын құрығы» деген бір жолдың өзі ғана көшпелі дала өмірін көз алдымызға әкеліп, буырқанған бұла күш иесіне теңеген көркемдік ерекшелікті аңғартады.
Буыршынның бұта шайнар азуы,
Бидайықтың көл жайқаған жалғызы.
Бұлт болған айды ашқан,
Мұнар болған күнді ашқан, –
деген осы толғаудағы көркем сөз өрнегі кестеленген жыр жолдары – бейнесі ұлғая түскен метафоралардан құралып, үнемі үдей түскен кең үрдісті де күрделі эпитет жасайды. Сонау орта ғасырларда орныққан бұл көркем сөз үлгілері өзінің сол қалпындағы нақышты қасиетін қазіргі қазақ поэзиясына дарытып, сақтап келгені Қазтуған жасаған өлең өрнектерінің өлместігін білдірсе керек.
Өзіне арнаған “Мадақ жырында” Қазтуған:
Бұдырайған екі шекелі,
Мұздай үлкен кебелі,
Қары ұнымы сұлтандайын жүрісті…,
Бұлт болған айды ашқан,
Мұнар болған күнді ашқан,
Мұсылман мен кәуірдің
Арасын бұзып дінді ашқан
Сүйіншіұлы Қазтуған!!!
деп жырау өзін көтермелеу үшін ең әлеуетті, ең құрметті деген заттарға балайды. „Мұсылман мен кәуірдің арасын бұзып ашқан Қазтуған” деп өзін асқақтата жырлайды.
Жырау толғауларыннан оның өр бейнесі, туған жеріне деген сүйіспеншілігі, өткір тілді, ойшыл жырау болғандығы айқын көрініс тауып отырады.
ҚР Ұлттық Ғылым академиясы қолжазба қорында “Қазтуғанның қоныстан ауғанда айтқаны” атты толғауының сақталғаны туралы деректер бар. Онда Қазтуған Асан қайғымен пікірлес, Асанның баласы Абат екеуі бір бағытта қызмет етеді. Ол кезде Асан 120 жастағы қария. Ол ел бастауды екі батырға жүктеп, ақылшы ғана болып отырады. Шерқұтты би өзіне ерген елмен Қазтуғанды қолдамай уағдадан таяды. Осыдан, Қазтуған оған өкпелеп, онысын былайша жыр еткен екен дейді:
Қара ағаштай қалың ноғайлым,
Еділді тастап біз көштік,
Қалың, қара ноғайым.
Әзелден жазған орынға,
Айдаған шығар Құдайым…
Қош айтысып тастадық,
Еділ менен Жайықты.
Бір алладан басқаға,
Болғаным жоқ ед айыпты…
Мен кетемін, кетемін,
Тәуекел қаққа өтемін…
Бұл толғаудан жырау елі, жері, халқы үшін еңіреп туған ер бейнесінде көрінеді. Қазтуған барлық іс құдайдың қолында, тіпті Еділді қиып тастап көшуінің себебі де алланың жазғаны болар дейді. Қазтуғанның арнайы дінге қатысты жырларын кездестірмесек те, ой тереңдігінен, өз заманының көкейкесті мәселелерін көтергендігінен ислам дінінде көрсетілетін адамгершілік қасиеттерді тиек ететінін, ерлікті аңғарамыз.
Жырау шығармалары көлемі жағынан шағын болып келгенімен, негізгі тұспалдар ойы, ішкі мазмұнынан ерлік рухы, батырлыққа тән қасиеттер анық сезіліп, жыраулық поэзияның айшықты ерекшеліктерімен бедерленеді. Бұл жырларда бір ғана жырау атымен сақталып келген жыраулық үрдістегі поэзияның нағыз қаһармандық үні, жауға қарсы қаймықпас атой салған батырлық лебі басым. Шығармаларының мазмұндылығы мен әлеуметтік салмағы жағынан алғанда, «Қазтуған толғаулары... қазақ халқының халық боп құрыла бастау тұсындағы жайлы қоныс, жақсы мекен іздеу мәселелерінің сол алыс замандағы жаңғырығы, поэзия өмірінде сақталған шағын ескерткіш үлгісі тәрізді кейінгі дәуірге жетті. Бұлар өз дәуірі мен шығарушысы жайында кішкентай болса да елес, ұғым бере алса, поэзия эволюциясындағы белгілі бір кезеңнің көркемдік дүниетанымы тарапында нышан таныта алса, өз міндетін артығымен орындағаны болып саналады».
Ерлік жыршысы, жорық дауылпазы ірі эпик, әрі сыршыл лирик болған Қазтуған өз кезіндегі қазақ поэзиясын дамытуға айрықша үлес қосты. Қазтуған шығармаларын қазақ ақын-жыраулары әлденеше ғасыр үлгі тұтты. Жырау туғызған қанатты сөздер, афоризмдер мақал, мәтелге айналды, жырау шығармашылығындағы кейбір сарындар жаңаша толғанып, Қазтуған атына телінетін көптеген шығармалардың тууына негіз болды.
Тіпті, Қазтуғанның өзі эпос кейіпкеріне айналды, ол туралы жырлар шығарылды. Мұның өз бір кезде Қазтуған шығрамашылығын зерттеуді, жыраудың төл шығармалары мен оның атына телінетін шығармалардың ара жігін ашу ісінде біршама қиындықтар да туғызған еді. Алайда, қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымында бұл мәселе өзінің оң шешімін тапты.
Қорыта айтқанда, Қазтуған Сүйінішұлы Сыпыра жырау негізін салған көнеден келе жатқан толғау жанрының дамуына үлкен үлес қосты, жауынгер ақынның дала поэзиясына тән өр рухты, дауылпаз үнді, асқақ қанатты сөздерге толы, көркем тіркестерге бай жырлары қазақ әдебиеті тарихында өшпестей із қалдырды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   ...   104




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет