Байланысты: Лекция. № Лекция та?ырыбы Х?- xyii ?асырларда?ы ?дебиетті? даму
4. Ноғай-қазақ (ноғайлы) жырлары, олардың қазақ әдебиеті тарихындаалатын орны. ХҮ-ХҮІІІ ғасырда Ноғайлы дәуірінің немесе Орта ғасырдағы ноғай-қазақтардың мәдениеті болған еді. Бұл дәуірді Алтын орда заманындағы ноғайлы-қазақ атанған елдердің әдебиеті деп те айтуға болады.
Ноғай – Шыңғыс хан ұрпағынан шыққан хандардың бірі. Жошы ханның немересі. Беркенің тұсында біраз көшпелі түрік ұлыстарын біріктіріп, өз әмірін жүргізген (1256-1266), 1306 жылы қайтыс болған. 1260-1306 жылдан бастап Ноғай ханға қараған рулар ноғайлы немесе ноғай елі деп аталып кеткен болатын. Бұрынғы кезде бір одаққа қараған кейіннен бөлек ұлыс халық болған, қазіргі Орта Азия халықтарының көпшілігі көп жылдар бойы ноғайлы ұлысы болып саналып келген: Олар өзбек, ноғай, сары ноғай, қарақалпақ, қарашай ноғай болып бөлініп әр түрлі аталып кеткен.
ХҮІ ғасырдың ІІ-ші жартысы ноғайлы хандықтарының өзара шабуылдарындағы кезең болып саналады. Осы отыз жыл ішінде жиырмадан астам хан таланып, ноғайлардың бірлігі мүлдем жойылады. Сонда Әбілқайыр кезінде өзбек хандығы дәуірлейді. Батыс, Еділ-Жайық бойларын мекендеген ноғайлыны Едіге би ұрпақтары билеп жекелеп алады.
ХҮІ ғасырдың ортасында бұрын ноғайлы атанып келген ұлыстардың көбі ел билігіндегі Смайыл ұрпағынан қалған Жәнібек ұрпағы басқарған қазақ-ноғайларына барлығы қосылып кеткен. Сол кезден бастап қазақ хандығы құрылды. Қасым мен Есім хандардың тұсында қазақтар Ұлытаудан Сайрам, Ташкент, Бұқара, Самарқанға дейін, бір шеті Еділ Жайық даласын, теңіз жағасын түгел өздеріне қаратты.
Қазақ атанған ноғайлылар сол кездегі мұраларды пайдаланып олардың көпшілігін сақтап қалған. Содан бұрынғы ноғайлы әдебиеті деп келе жатқан туындылардың көпшілігі қазақ әдебиетінің қорына қосылып, оның өз төл әдебиеті болып кеткен. Олар «Ер Төстік», «Жиренше шешен», «Алдар көсе», тағы басқа да аңыз-әңгімелер, «Ер Тарғын», «Ер Қосай», «Ер Сайын», «Едіге», «Қырымның қырық батыры», «Ер Жабай», «Ер Шора», «Орақ-Мамай», «Қозы көрпеш – Баян сұлу», т.б эпостық жырлар сол аталып келген ноғайлы заманының мұралары. Осы жырлардағы кейіпкерлердің барлығы ноғайлы елінен шыққан адамдар болып келеді. Барлық жырда ноғайлы батырлары өз қаһармандарын ноғайлы батыры немесе ноғайлының атақты адамдарының бірі деп танытады.
Мысалы:
Қазақ емес сарт емес,
Қамбардың түбі ноғайлы
дейді. Сондай-ақ бұрынғы кезде көптеген ноғайлылар өзара келісе алалмай ыдырап бөлінген кезде әр елдің жыршылары өз еліне лайықтап, өз меншіктеріне айналдырады.
Шоқан қазақ эпосы ноғайлы заманында туған десе, ноғайлы ақындарының қатарында Асан-қайғыны, Сыпыра, Шалкиіздерді де айтуға болады.
Ноғайлы елі ХҮІ ғасырда өмір сүріп қазақ құрамына енген. Өз кезінде қыпшақ, қоңырат, өзбек сияқты эпос тудырған тайпалардың бірі. Ноғай эпосында ислам дінінің әсері өте көп. Ноғай төрт түрлі болады: 1. Сары ноғай. Бұлар 1380 жылы соңында ислам дінін алып, батысқа кетіп Қазан, Қырым, Қасимов, Еділ хандықтарын жасайды.
2. Қара ноғай. Бұлар ХҮІ ғасырда бұлар он сан ноғай хандығын орнатқан. Ноғайлықтар бүлінгенде, оның ханы Орманбетті қазақтар өлтірген. Олардың елі - барабы татарлары.
3. Маңғыт ноғайлары: Бұлар Маңғыстау жерінде тұрып, көп жылдар бойы қазақтармен жерлес, тілдес болған.
Ноғай Маңғыт ордасына Кіші жүз қазақтары түгел қараған. 1496 жылы Өзбек пен Қыпшақ шығысқа қоныс аударған соң Орақ та әйелді ноғай, орыс, қыпшақтан алады. Қыпшақ батыры Қобыландыны Орақ өлтіріп Ноғай мен қыпшақ содан бастап жауласады. Сол кездее Жалайыри мынандай өлең келтіреді:
Қазақ пен Ноғай айырылды,
Қазақ сыртқа қайырылды.
Ноғайлының ну елі
Күңіренді, қайғырды.
Қара қыпшақ Қобыланды
Қара орнынан айырылды.
Ел қанаты қайырылды.
Кетті күлкі мол күндер,
Келер ме қайтіп сол күндер?
Жылау жылау жылау күй,
Жылаған мынау зарлы күй –
дейді. Бұл жерде екі елді бүлдірген Орақ өз балаларымен араздасып 1496 жылы Магнитогор тауына жалғыз үй болып көшіп жүріп 1503 жылы Үргеніш маңғыттарының ортасына барып қайтыс болады. Қарасай мен Қази деген екі ұлы Азов ноғайларына хан болады. Ал орыс әйелінен туған баласы Қарағұл қыпшақтарға қосылады, сөйтіп, ноғай ұлысы тарап кетеді.
4. Кавказ ноғайлары. Олардың көбі маңғыттан тарайды. Ноғайлы бүлінген соң Кавказға кеткен маңғыт ноғайлары қайда барса да, кісілікке араласқан сотқар, тентек елдер болған делінеді. Едіге 1406 жылы Тоқтамысты өлтірген, сол кезде өзі де өлтірілген. Ақсақ Темірдің баласына Едіге қызын беріп, оны Тоқтамыспен жауластырған. Ақсақ Темір 1405 жылы Отырарда қайтыс болады.
1942 жылы адай ақыны Мұрын Сеңгірбековтен ноғай эпосының көптеген үлгісі жазылып алынған. Ноғай циклындағы жырларды батыс қазақтары көп жырлаған. Шоқан барлық қазақ эпосын ноғайлы заманында туды деп айтқан. Ал Мұрын болса «Ноғайлының бүлінуі» дегенді айтады.
Шынында ноғай жұртының бүлінуі 1496 жылы қыпшақ пен өзбектің Еділден жарыла көшуінен басталса керек. Өйткені сол жылы өзбек жұрты Сунаққа, қыпшақтар Сарысуға көшеді. Ноғайлының ХҮІ ғасырдағы ұлысын Әз Жәнібек басқарған.
Ноғай Ордасының негізін салған Едіге болып саналады. Оның құрамына маңғыттар мен бірге Қоңырат, найман, арғын, Қаңлы, Алшын, Қыпшақ, Кенгерес, Қарлұқ, Тама сол сияқты тағы да басқа көптеген тайпалар кіреді.
Сол кезден бастап қазақтың сөз өнерін дамытуына шешендер мен жыраулар үлкен үлес қосады. Олар жайлы деректерді халық ауыз әдебиетіндегі аңыз әңгімелерден де байқауға болады. Сонымен бірге осы кезде ауыз әдебиетінің көркемдік құны жоғары болып саналатын көптеген эпостық жырлар да туған. Ауыз әдебиетінің әрбір саласы нығайып әлеуметтік өмірге араласуы, қоғам мүддесін көтеруі күшейді. Ауыз әдебиеті мен жазба әдебиеті әдеби тілдің қалыптасуына екеуі де бірдей үлес қосқан егіз құбылыс. ХҮ ғасыр қазақтың төл әдебиетінің қалыптасу, даму кезеңі болған еді.
Сондай-ақ алғашында қиял-ғажайып аңыздар туып, онда адам баласының әр түрлі ғаламат күштеріне қарама-қарсы күресі бейнеленсе, кейін шет шапқыншыларына қарсы тұрып, ерлік көрсеткен батырлар туралы аңыздар болды. Ертедегі хандық мемлекеттердің күшті шабуылдары ерлік сюжеттің өсіп өркендеуіне жағдай жасады. Қолбасы батырлар мен хандар құрметтеліп, олардың қаһармандық бейнелері жасалды. Эпостық жырларда бастапқыда ертегілік сюжет ерекше орын алады, кейіннен эпостар тарихи тақырыптарға тоқталып негізделді. Тарихи тұлғаларға байланысты аңыздар мен әңгімелер эпосқа айналды. Мысалы: Жиренше туралы аңыз-әңгімелер. Ол аңыздардың барлығын да, Жиренше өзі шығарған деп, шешен атынан айтылады. Біз білетін шешеннің он шақты новеллалары бар. Жиреншенің Жәнібек хандығының тұсында өмір сүргендігі, ол жыл 1450-1478 жыл екені туралы Шоқан Уәлиханов айтқан болатын.
Жәнібек пен Жиреншенің, Асан қайғының өсиет сөздері осы күнге дейін көп айтылып келеді.
Қорыта айтқанда, Ноғайлы дәуіpi әдеби туындылары әдебиетіміздің рухани мол мұрасына айналып, кейінгі кезеңдердегі әдебиеттің дамуына тигізген игі әсері мол болды.