Байланысты: Лекция. № Лекция та?ырыбы Х?- xyii ?асырларда?ы ?дебиетті? даму
3.Ақтамберді жырау шығармаларының көркемдік сипаты. Ақтамберді жырау көп жағдайда тақырыптың ішіне кірместен бұрын бес-алты ауыз, не одан да көп кіріспе жасайды, не табиғатты суреттеуден, не жыр арнаған адамның өмірбаянынан баяндаудан бастайды. Одан кейін барып негізгі мәселені жырлауға көшеді. Бұл тәсілді жыраудың «Күмбір-күмбір кісінетіп» деп басталатын жырынан айқын аңғаруға болады. Мұнда жырау көрген, білгеннің бәрін тізе бермейді, көкірегіне түйгенін салмақтап, саралап қана шығарады. Жырау толғаулары өміріне, жай-күйіне, қарапайым тұрмысына жақын тұрады. Негізінен дидактикалық сипатын сақтайды. Жырау ақылды да жадағай, жалаң айтпай, толғай екшеп, өз басынан кешкенін қорытып береді. Сондықтан да Ақтамберді афоризмдері иланымды, сенімді сезіледі.
Көшпенді тіршіліктің де өзінше бір қуаты, романтикасы барын Ақтамбердінің афоризмдерінен байқау қиынға түспейді. «Көшпенді ақындардың өлеңдерінде өзара ұқсас бастау, кіріспе, риторикалық сауалдар, лепті көтермелер, дәстүрлі теңеу, салыстырулар қиялының көріне бастауы бой көрсетеді».
Өзге жырауларға қарағанда Ақтамбердіде қаратпа тіркеспен басталатын өлеңдер жоқтың қасы.
Жырау бір құбылысты екінші бір құбылысқа теңестіру, салыстыру арқылы әдемі, айшықтай ой тастайды, өз уайымының шеңберінде қалып қоймай, іштегі дертін сыртқа, сол кездегі кедей қауымның ауыр тұрмысына ортақтастырып шығарады. Тұрмыс, тіршілік күйі туралы түйіндері жеке болып келгенмен, өзара тұтас бір туындының келбетін береді. Ғибрат, нақылдары жарасымды, еркін, шебер күйде.
Жыраудың тұжырым-түсініктері өз ортасының қоғамдық түсініктерінен, әдет-ғұрпынан, салт-санасынан хабар береді. Ақтамберді айтпағын аса жұмбақтамай, ашық үнмен, қанық бояулармен береді.
Жырау толғаулары көне қазақ поэзиясы үлгiсiндегi дидактикалық толғау, өсиет, нақыл, афористiк толғаныстар түрiнде келедi.
Ақтамберді жырау шығармаларының қазақ әдебиетi тарихында, XVIII ғасыр әдебиетiнде алатын орны ерекше. Жырау толғаулары танымдық, тәрбиелiк мәнiнің молдығымен ерекшеленеді.