Лекция. № Лекция тақырыбы: ХҮ- xyiiі ғасырлардағы әдебиеттің даму сипаты, ерекшелігі. Лекция жоспары


Бұқар жыраудың Абылайға арнаған жыр – толғауларының идеялық мазмұны



бет64/103
Дата26.04.2023
өлшемі1,34 Mb.
#87335
түріЛекция
1   ...   60   61   62   63   64   65   66   67   ...   103
Байланысты:
Хандық дәуір әдебиеті Лекциялар мәтіні

4. Бұқар жыраудың Абылайға арнаған жыр – толғауларының идеялық мазмұны.
Бұқар жырау қазақ халқының өмірлік мүдделері үшін орыс халқымен достық қатынас орнатылуы қажет екендігін түсінді. Қазақ хандары мен сұлтандары Россияға қарағандықтары туралы ант берісімен-ақ патша үкіметі өзінің түпкі мақсаты - отарлау саясатын жүзеге асыруға кірісті. “Қазақстанның Россияға қосылу барысында патша үкіметі отарлау мақсаттарын көздеп, қосып алынған территорияға бекініс шептері мен қалалар салды. Бұл бекініс шептері патша үкіметінің отарлау мақсатының тірек пункттеріне айналды”. Бұқар бұл бекініс шептері мен қорғандардың не үшін салынып жатқанын бірден сезеді. Осы орайда айтылған толғаулары мен толғамдарынан Бұқардың замана ағымын терең түсінген адам екендігі аңғарылады. “Өз жырларында Бұқар патша үкіметінің отарлау саясатының неге соғатынының болжады, - деп жазады Сәбит Мұқанов. Патша үкіметінің қазақ даласына сұғынып енуі Бұқарды шошындырды. Алайда бұған қарсылық көрсетуге, бөгет жасауға қазақтардың әлі келмейтінін жырау тағы біледі. Сондықтан ол халық аңызындағы қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мекен “жер үйек”, Жиделі-Байсынды еске алады.
Сырдарияның суынан
Көлденең кесіп өтіңіз –
дейді жырау.
Бұқар өзі көрген Тәуке хан, оның ар жағындағы Қасым, Хақ-Назар, Есім хандар заманының идеалдарымен өмір сүрген адам еді. Ол үш жүздің басы қосылып, бір орталыққа бағынған күшті мемлекет болуын аңсайды.
Бұқар өмір сүрген, ескі қазақ мемлекеті әлсіреп, ыдыраған заманда әмір жүргізуші хандардың ішіндегі ең әулеттісі Абылай еді. Абылай бір орталыққа бағынған күшті мемлекет құруға тырысты. Сондықтан да Бұқар оны өзінің армандарын жүзеге асырушы деп есептеп іс жүзінде де, сөз жүзінде де мейлінше қолдайды.
Абылай өз мақсатын орындау жолында бірталай табысқа жетеді. Ол 1771 жылы Түркістанда “үш алашқа” хан көтеріледі. Жоңғар біржола талқандалады; Орта Азия хандықтарымен соғыстар сәтті аяқталып, Түркістан, Сайрам, Шымкент, т.б. қалалар қайтадан қазақтардың қолына өтеді, ал Ташкент алым төлеп тұратын болады. Алайда Абылай тұсында қазақтар арыдағы Қасым, Есімдерді былай қойғанда, берідегі Тәуке заманындағы күш-құдіретінің өзіне ие бола алған жоқ.еді. Осыған орай жырау Абылайға: «Сен Есім ханның бір түстігіне де жарамайсың», - дейді екен. Жырау Абылай хандығының осал, әлсіз жақтарын түгел көрді. Сондықтан да оның ханға арнаған мадақ сөздерінің өзі бас ұрудан, жөнсіз дәріптеуден аулақ.
Мемлекет істерінде өзіндік беті болған Бұқар Абылай тая соқты деп есептесе, өз айтқанын орындатуға тырысады. Кеңесін тыңдамаса өткір тілмен шенеп, ақылына келтіріп, дегеніне көндіріп отырады. Хан тасыса жырау оны басып, билікке бірден ие бола кетпегенін, оның жас кезінде талай қиыншылықтар көре келіп, бұл күнге қарашыларының арқасында жеткенін есіне салады.
Бұқар жырларында Абылай бейнесі үлкен орын алады. Солардың айрықша мәнділері - “Абылай ханның қасында”, “Ей Абылай, Абылай”, “Айналасын жер тұтқан” “Бірінші тілек тілеңіз”, ”Қалданменен ұрысып” сияқты өлеңдер. Осы толғауларымен Бұқар XVIII ғасырда қазақтың қоғамдық-реалдық мазмұндағы авторлығы бар поэзиясының жаңа бір үлгісін жасайды.
Бұқар поэзиясына үңіле түсер болсақ, онда бір жағынан Абылайдың хандығын қолдау нышандары болса, екінші жағынан, оған тежеу салып, ақыл беру, үшінші жағынан, жоңғарлармен болған соғыстар тұсындағы халықтың, оның батырларының ерлігін жырлау, төртінші жағынан, заман болашағына көз жіберіп, хандық құрылыстың тұрақты еместігін айту бар еді. Бұл тұрғыдан келгенде, Бұқар жырлары хандардың қара басын мақтап, мадақтайтын кейінгі Байтоқ, Жанзақ поэзияларына ұқсамайды.
Абылай бірде орыс патшасы орнатқан әскери қорғанға шабуыл жасап, соғыс ашпақшы да болады. Сонда жырау Абылайдың өз халқын қырғынға ұшыратарлық пиғылын әшкерелеп, мінін бетіне басып, бүкіл халық атынан тыйым салады. Ханның бұл қылығына Бұқар қатты наразылық білдіріп, "Жиырма бес деген жасыңыз", "Әй, Абылай, сен он бір жасыңда" деген толғауларын арнайды. Онда Абылайдың өмір кезеңдеріне байланыстырып, оның астамшылық ісінің де бір ақыры болатынын табиғат заңына сәйкестендіріп суреттейді. Бұл толғаулар — әрі Абылайдың өмір тарихы болса, әрі оған берілген данышпандық баға дерлік құнды мәлімет.
Жырау Абылайдың жоңғарлармен болған соғысқа бас болуын, сол тұстағы істерін оң бағалайды. Сонымен бірге Абылай жоңғарды жеңіп, басқа да көршілес елдермен жауласу ниетіне көшкенде, жырау хан мен халықты таразыға салып, ел тыныштығын көздейді. Осыған орай Бұқардың Абылайды сынайтын жері “Ал тілімді алмасаң” деген өлеңде анық байқалады. Оның аяғында ақын:
Абылай-ау, Абылай,
Момынға келіп бек болдың.
Атаңды білмес құл едің.
Атаңның тегін сұрасаң:
Арқар ұранды жат едің,-
деп, хандар тұқымы бұқара халықтан бөлек еді деген ойды айтады.
Кейде Бұқар жырау Абылайдың алған әйелін де сынға алады. Қарадан қатын алсаң, “алды кетпес баладан, арты кетпес жаладан”, төреден қатын алсаң, ”еркегі жау жанды, әйелі ер жанды келеді”, төреден туған ұл парақор болады, “мал жинасаң - қойдан жи, майы кетпес шарадан, ит жинасаң - сырттан жи, қойды бермес қорадан” дейді ақын. Мұндағы айтайын деген ойы - момын елдің жайын ойла, халық қой болса, хан қасқырға қорадан қой бермейтін сырттан болсын деген ғибрат. Халықта "Жігіт жақсы болса, нағашысын сұра", «Жігіттің жақсы болуы нағашыдан» деген сөз бар. Осыған орай жырау Абылайға әйелді текті жерден ал дейді.
Бұқар жырындағы келелі тақырыптардың бірі - хандық құрылыстың қайшылықтары, заман болашағы туралы ойлар. Мұндай тақырыптың тууына себеп болған оқиғалар аз емес еді. Жоңғар соғысынан кейін аз жыл ішінде ел тағы да бір толысып, байлық бөліне бастайды. Адам санасында түрліше таптық ұғымдар мен бағыттар туады. Феодалдық қанау тереңдей түседі. Кедей – жарлылардың тұрмысы ауырлайды. Хан ірі феодалдар мен ру басыларының ықпалында болады. “Айналасын жер тұтқан” деген сарындамалы-философиялық толғауында ақын осы өзгерістердің сырын, диалектикасын ашпақ болған:
Айналасын жер тұтқан
Айды батса демеңіз.
Айнала ішсе таусылып
Көл таусылмас демеңіз.
деп келетін шендескен суреттер заманның өзгермелі құбылысын, бақ пен дәулеттің тұрақсыздығын, қоғамда бай мен кедей, халық пен хандар бар екенін, олардың психологиясы мен талабы бір еместігін аңғартады. Барлық қайшылық диалектикада берілген. Жырау жалғыз көпке, кедей байға теңеледі, хандардың қамқа тоны да тозады деген ойды меңзейді. Ханды міней тұрса да, Бұқар Абылайдың хандығын жақтайды. Мысалы; “Садыр, қайда барасың” (кейбір басылымдарда “Керей, қайда барасың”) деген өлеңінде ханға наразы болып, Сырға қарай көшкен керейлерді Абылай хан бауырына күштеп тығады. Керейлер арғындармен барымталасып, Ақмырза деген батырын өлтірген еді. Іс жүзінде бұл ру таласы ғана емес, бүліншілік сарыны болатын. Осы тұста Бұқар жырау кіші қара қалмақтың бүлініп, соның әсерінен бүкіл жоңғар хандығының тозғандығын еске салады. Абылай хандығының аяқ шенінде феодалдар мен билердің рушылдық пссихологиясы тағы да күшейе бастайды. Мұның өзі Абылай ханның әлсірей бастағанын білдіретін нышын еді. Абылайдан соң ру билері тіпті күш алып кетеді. Оның жарқын бір айғағы Еңлік пен Кебекті өлімге байлайтын Кеңгірбай мен Еспембет тұсындағы оқиға болса керек. Ел, халық санасындағы осы өзгерісті Бұқар “Ай заман-ай, заман-ай” деген өлеңінде жырлайды.
Ай, заман-ай,заман-ай,
Түсті мынау тұман-ай –
деп басталатын жырдағы баспақ, тана, тайлар - әрбір рудан шыққан, күш ала бастаған билер мен бектер болса керек. Бұл өзгерісті Бұқар ұнатпаған. Мұның бәрін Бұқар жырау Абылай хандығына түскен тұман деп бағалайды.
Ескі түсінік бойынша адамның адамдығы, қасиеті, оның ата тегінде, әкесінің, шешесінің қандай жерден шыққан адам екендігінде. Бұл мананың салқыны Бұқарда да бар. Сондықтан да Бұқар Абылайдың анасының ақсүйектен еместігін бетіне басып:
Шешеңді және сұрасаң,
Қай алтынның буы еді,
Оны да мен, білуші ем,
Түрікпеннің төрінде
Қашып жүрген күң еді –
дейді. Мұндай сөздер Абылай қателескенде, рубасы ақсақалдардың тілегіне қайшы әрекеттер жасамақ болғанда ғана айтылады. Әйтпесе, Бұқар көбіне-ақ Абылай саясатының жақтаушысы. Жырау реті келген жерде ханды:
Алтын тақтың үстінде
Үш жүздің басын құрадың.
деп мадақтап, дәріптеп отырады. Бұқар бейнелеген Абылай - осындай әмірші. Жырау Абылай саясатына, ел ішіндегі Абылай беделіне тамашалай қарайды, Абылай үкіметінің салтанат құрағанына:
Жұлдызың туды-ау оңыңнан,
Жан біткен еріп соңыңнан,
Он сан алаш баласын
Аузыңа құдай қаратып,
Жусатып тағы өргізіп,
Жұмсап бір тұрсың қолыңнан -
деп масаттанады. Сондықтан да Абылай ажал жастығына бас қойғанда:
Қайғысыз ұйқы ұйықтатқан ханым-ай,
Қайырусыз жылқы бақтырған ханым-ай,
Қалыңсызқ қатын құштырған ханым-ай,
Үш жүзден үш кісі құрбан қылсам,
Сонда қалар ма екен қайран жаның-ай,-
деп зар айтқан Бұқар әміршісі дүниеден көшкен соң оның басында отырып жас төгіп:
Күшпек санды күреңді
Тәбияға жаратқан,
Қырық сан қара қалмақты
Жарлығына қаратқан
деп шын көңілімен жоқтайды.
Жырау осы ретпен Абылайдың тіршілігінде істеген даңқты істерін мадақтай еске алады. Марқұмның ерлігін, салтанатын, байлығын сөз етеді. Бұқардан қалған мұраның ішіндегі ең көркем туындылардың бірі болып есептелетін бұл жоқтау жыр:
Ғаділдігін Наушаруан Ғаділге жеткерген,
Жомарттығын Хатымтай Жомарттан өткерген.
деген сөздермен аяқталады.
Бұқар Абылай саясатын жақтайды дедік. Сондықтан да ол әміршісінің күшті болуын тілейді. Абылай хандығының нығаюы, хан үкіметінің берік болуы үшін күреседі. Бұл жолда ол тіпті ханның тұрақты әскері болуын ойлауын, әскери аристократия өкілдері - ықпалды феодалдар мен әлеуетті батырларды үнемі өзіне жақын, ұрыс соғыстарға сай ұстауын қалайды.
Орта Азия хандықтарының біріне жорық кезінде Абылай ұрыс тоқтатуға тиімді бітімге қол жеткеннен кейін соңынан ерген батырларына рұқсат беріп, Сарыарқаға қайтарып жібереді. Артынша-ақ қоқандықтар қайта бас көтереді. Сонда ханның бейқамдығына ыза болған Бұқар:
Бірі-етек, бірі жең болған,
Ежелден саған ел болған
Орта жүзден кісің жоқ.
Найзасының ұшы алтын
Кіші жүзден кісің жоқ,
Енді бұған қарап тұрғаннан
Басқа қылар ісің жоқ,-
дейді.
Алайда Бұқардың Абылай хандығын нығайту жайындағы идеясы көрші жұрттарға қатер төндіру ниетінен емес, керісінше, елдің қорғаныс қабілетін күшейту мақсатынан туған еді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   60   61   62   63   64   65   66   67   ...   103




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет