Лекция № 8 Қазақстанда Ресейдің әкімшілік-саяси жүйесінің енгізілуі (ХҮІІІ ғасырдың соңғы ширегі – ХХ ғ. басы) 1.Кіші және Орта жүздер аумағындағы барлық билік иституттарын реформалау және аумақтық-әкімшілік басқару жүйесін енгізу.
2. Бөкей ордасының (Ішкі Орда) құрылуы: басқару жүйесінің ерекшеліктері, аумақтары.
3. Жер мәселесі. ХІХ ғ. 60-90 жылдарындағы көші-қон мәселесі.
4. Көшпелі қоғамның әлеуметтік құрылымы.
5.Жәдидшілдік ағартушылық идеяларының ықпалы және Далада жаңа әдістемемен істейтін мектептер мен медреселердің ашылуы.
1. ХVІІІ ғасырдың аяғы – Х1Х ғасырдың басында өзінің отарлау саясаты барысында патша үкіметі ең әуелі Қазақстан жеріндегі хандық билікті жоюға кірісті. Хан билігі орыс шенеуінігі басқарған уақытша кеңестің қолына көшті. Осындай кеңес құру арқылы Кіші жүз бен Орта жүз хандықтарының саяси дербестігін түпкілікті жою мақсатын көздеді. Патша өкіметі бұл мақсатты іске асыруды Орта жүздің хандығынан бастады.
1781 жылы Орта жүздің ханы Абылайдың қайтыс болып, билікке келген оның баласы Уәлидің қатыгездігі халық наразылығын туғызды. 1795 жылы екі сұлтан, 19 ақсақал және 122360 қазақ императрица ІІ Екатеринаның атына Уәлиді хан тағынан тайдыру туралы өтініш жіберді. Үкімет сол кезде хан билігін жою жөн емес деп тапты, алайда оны әлсірету мақсатымен 1815 жылы қосарлап екінші ханды - Бөкей сұлтанды тағайындады.
Ресей «бөліп алда билей бер» саясатын жүргізіп, оларды бір-біріне айдап салып, кедейленген өркөкірек хандармен өздерінің байлығы жөнінен бақталас ауқатты сұлтандарды өз жағына тартып отырды. 1817 жылы Бөкей хан, ал 1819 жылы Уәли қайтыс болғаннан кейін Орта жүзде хан тағайындалмады. Бұл жағдай Орта жүзде жаңа билеу жүйесін қажет етті. Жаңа реформаны әзірлеуді патша аса білімді тұлғалардың бірі Сібір генерал-губернаторы М.М.Сперанскийге жүктеді.
Оның міндеті Орта жүзде хан мемлекеттілігін жойған жаңа актілерін енгізу болды. М.М.Сперанский болашақ декабрист Г.С.Батеньковпен бірігіп заң жобасын жасады. 1822 жылы 22 маусымда патша «Сібір қазақтарының жарғысын» бекітті. Жарғы 10 тарау, 319 параграфтан тұрады.
Жарғының мақсаты - Қазақстанның солтүстік-шығыс өңірін әкімшілік, сот, саяси жағынан басқаруды өзгерту, рулық-феодалдық тәртіптерді әлсірету болды. Жарғы бойынша Сібір екіге бөлінді: орталығы Тобыл болған Батыс Сібір, орталығы Иркутск болған Шығыс Сібір.
Біріншісіне Тобыл, Томск губерниялары мен Омбы облысы кірді; орта жүз аудандары, яғни «Сібір қазақтарының округі» Омбы облысының құрамына енгізілді. Жарғы бойынша «Сібір қазақтарының округі» сыртқы және ішкі округтерге бөлінді.
«Сібір қырғыздарының жарғысында» ауылды - ауыл старшындар, болыстарды - болыс сұлтандары, округтерді аға сұлтандар басқарды. Бұл Шыңғыс ұрпақтарының ықпалын әлсіретуге бағытталған шара еді. Үкіметтің жергілікті көшпелілер жөніндегі саясатында оларды егіншілікке ынталандыру, «бақташылық өмірді» жою, олардың жер жыртуға көшуін көтермелеу маңызды бағыт болды. Отырықшылыққа көшкендерге 15 десятинаға дейін жер бөліп беруге рұқсат етілді. Қылмыстық, талап-арыз және облыстық басқармаға түскен шағымдарға негізделген жаңадан сот жүйесі енгізілді. 1822 жылы «Сібір қырғыздарының жарғысы» алғашқы патшалық реформа ретінде бүкіл дәстүрлі билік құрылымын қиратып, әлеуметтік, саяси және шаруашылық өмірдің барлық жақтарын қамтыды. Патшалық Ресейдің отарлық саясатының кеңейе түсуіне жол ашты.