Лекция №1 Адамның тарихқа дейінгі эволюциясы



бет13/33
Дата14.02.2023
өлшемі0,74 Mb.
#67986
түріЛекция
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   33
Байланысты:
ҚТ лекциялар 2022-2023жж docx (1)

Қорытынды: ХIII ғасырдың басында Шыңғыс ханның найман, керей тайпаларын талқандауы Қазақстан жеріндегі түркі дәуірінің құлаған кезі болып табылады. Шыңғыс хан Жетісу жерін алған соң, біртіндеп Қазақстан жерін басып алады. Бұл аймақтағы түркі тілдес тайпалардың арасындағы саяси, экономикалық және мәдени байланыстар үзіліп, бір жерден екінші жерге қоныс аудару басталады, бұрыннан қалыптасқан территориялық байланыстар да үзіліп, бірыңғай қалыптаса бастаған тіл байланыстары жойылып, халықтың қалыптасу кезеңі бұзылады. Қазақ жері моңғол үстемдігінің қол астында 200 жылдай қиын кезеңдерді басынан өткізген.
Бұл кезең түркі тайпалардың ұлт болып қалыптасу кезеңін кешіктірді. Бірақ, мемлекеттік қүрылымдардың дамуына өз әсерін тигізді.

Лекция №5
Ұлы Дала Алтын Ордалық кезеңде (XIII-XV ғғ.)
1. Шыңғыс хан және Монғол империясының құрылуы. Шыңғысханның Шығыс Түркістан мен Жетісуды басып алуы..
2. Ортағасырлық мемлекеттер XIV-XV ғғ. Ақ Орда мемлекеті (XIII ғ. соңы – XVғ. басы).
3. Моғолстан (XIV ғ. ортасы – XVI ғ. басы). Мемлекеттің құрылуы.
4. Көшпелі өзбектер мемлекеті (1428-1468 жж.), немесе Әбілқайыр хан мемлекеті.
5. Ноғай ордасы. Аумағы және этникалық құрамы.
6.Сібір хандығының аумағы, этникалық құрамы, шаруашылығы. Сібір хандығының құлауы. (XV ғ. соңы – XVI ғ.).

1.Монғол империясының құрылуы. Шыңғысханның басқыншылық жорықтары. ХІІІ ғасырдың басында үстемдік жүргізуші нояндар мен олардың езгісіндегі араттардан тұратын татар-монгол тайпаларының саяси жағынан басын біріктірген Монгол феодалдық мемлекеті құрылды. Оның негізін салушы Темүчин болды. Ол 1162 (1155) жылы ірі ноян Есүгей баһадүрдың отбасында түылған. Темүчин ержете келе негізгі қарсыластарының барлығын жеңіп, Монғолдың бүкіл тайпаларын өзінің қол астына біріктірген. 1206 жылдың көктемінде Өнан өзенінің сағасында Темүчинді жақтаушы монгол ақсүйектерінің құрылтайы болып, онда ол салтанатты жағдайда Шыңғысхан деген атпен жалпы монғолдардың әміршісі болып жарияланды.”Шыңғыс”-сөзбе-сөз аударғанда “таза”, “қүуатты” деген ұғымды білдіріп, “Шыңғысхан” –«хандардың ханы» деген мағына береді. Шыңғысхан әскери-ұйымдастыру принципін мемлекеттік құрылыстың негізі етіп алды. Елдің бүкіл жері мен халқы “оң қанат”-“барүнғар”, “сол қанат”-“жоңғар” және “орталық”-“гол” немесе «күл» деп аталатын үш әскери-әкімшілік округке бөлінген. Әрбір округте он мың адамнан тұратын “түмге”(тімен)дер болған. Олар ондық системасындағы “мыңдық”, “жүздік”, “ондық”тардан түрған.


Империяда темірдей қатал тәртіп болған. Әскербасыларға үстем тап өкілдері нойондар, баһадүрлер, мергендер және сечендер тағайындалған. Шыңғыс ханның өзіне тікелей бағынатын10 мың адамнан тұратын кешігі де болған.
1207 жылдың соңы мен 1208 жылдың басында Жошы Енесай қырғыздарын және Сібірдің оңтүстігіндегі басқа да “орман халықтарын” бағындырды. Монғолдардың қаһарынан сескенген қазіргі Шығыс Түркістан аймағындағы ұйғырлар монғолдарға өз еркімен бағынды. Монғолдар олардан ұйғыр жазуын алды.
1211 жылы Шыңғыс ханның қолы Солтүстік Қытайға бет алды. 1215 жылы Цзинь мемлекетінің астанасы болған Чжүндуды(Пекинді) бағындырды...
Шыңғыс хан Қазақсан мен Орта Азияға жорықты Жетісу арқылы жүргізбекші болды. Өз басының жеке жауы найманның ханы Күшлік ханды талқандап, бай қалалары бар Жетісуды өзіне қарату үшін оған Жебе ноян бастаған әскер тобын жіберді.
Жетісуды Шынғыс хан аса көп қарсылықсыз-ақ басып алды. Монғолдарға қарсы тұруға жарамай қашып кеткен Күшлік ханның жігерсіздігіне, салықпен зар илеткен зорлық-зомбылығына ыза болған найманның феодалдары Шыңғыс ханға мойынсұнатынын білдіріп, өз еріктерімен берілді.
Жетісудағы халықтың қалың бұқарасы Шынғыс ханға қарсылық көрсетуге тырысқанмен, жақсы қаруланған, саны да мол монғол әскерлерінің шабуылына төтеп бере алмады. Соның өзінде де Жетісу қалалары монғолдарға қарсылығын көпке дейін тоқтатқан жоқ.
Жетісуді бағындырғаннан кейін Шынғысханның Мауараннахрға, сол кезде бүкіл Орта Азияны билеп отырған Хорезм мемлекетіне қарсы жорығына жол ашылды. Орта Азияны бағындыру үшін Шыңғысхан өзіне тәуелді елдерден алған жасақтармен қоса жалпы саны 120-150 мыңға дейін адамы бар қалың қол жіберді. Жорық 1219 жылғы қыркүйекте Ертіс жағалауынан басталды.
Монғол әскері Отырарға таяп келгенде монғолдардың басшысы Шағатай мен Үгедей бастаған бірнеше түменді қаланы қоршау үшін қалдырып, әскерлердің Жошы бастаған басқа бір шоғырын Сыр бойымен төмен жіберді. Үшінші шоғырға Сырдарияның жоғарғы ағысы бойындағы қалаларды бағындыру міндетін жүктеді. Шыңғыс хан төртінші ұлы Төлеймен Бұхараға беттеді.
Хорезм шахы Мұхаммед моңғолдарға қарсы тұруға дайын емес еді. Өзін онша жақсы көрмейтін жергілікті феодалдардың күш біріктіріп қарсы шығуынан қорыққан ол әскери күштерді әр қалаға бөліп ұстап отырған. Мұның өзі Шыңғыс ханға қалаларда тұрған шағын-шағын шоғырларды оп-оңай құртып жіберуге мүмкіндік берді.
Моңғолдардың қарамағында бұл тұста көптеген жергілікті феодалдар мен саудагерлер бар еді. Олар Шыңғысханды қажетті мәліметтермен жабдықтап отырды.
Жетісуда Шыңғыс ханға өз әскерлерімен Бесбалық қаласының билеушісі мен Алмалықтың ірі феодалы Сугнак тегін келіп қосылды. Шыңғыс хан нөкерлерінің ішінде Қойлық қаласының әмірі де болды.
1219 жылы қыркүйекте Шыңғысхан әскерлері Отырар қаласына келіп, оны қоршауға алды. Қалада 80 мыңдай әскер бар еді. Отырар қорғанысы Қазақстан мен Орта Азияның халық бұқарасының монғол басқыншыларына қарсы жүргізген ерлік күресінің айқын көрінісі болды. Қарамағында қамал бұзатын техникасы, соның ішінде жанып кететін күбішіктер, ататын машиналары болса да монғолдар бұл қаланы бес ай бойы ала алмады.
Қаланың құлауына опасыздық себеп болды. Әскер басыларының бірі Қарадша түн жамыла қала қақпасынан шығып, монғолдарға берілді. Қаланы қоршап тұрған монғол әскерлері осы қақпа арқылы қалаға лап беріп басып кірді... . Қала бір ай таланып қиямет қырғынға ұшырады. Осылайша, алты ай ішінде қаланы монғолдар жаулап алды.
Отырар қамалын жермен-жексен етіп, Шағатай мен Үгедей бастаған монғол шоғырлары Шыңғысханға келіп қосылды. Бұл кезде Шыңғысхан Бұхара мен Самарқанд арасындағы жолда болатын.
Сыр бойындағы қалалардың тұрғындары да ерлікпен қорғанды. Соның бірі Сығанақ қаласы еді. Ол өзі жақсы бекінген, халқы көп, ірі сауда қаласы болатын. Жошы бастаған монғолдар қаланы ұрыссыз беруді талап етіп, Сығанаққа Хасан қожа саудагерді жіберді. Сығанақ халқы келіссөзге көнбеді, олар сатқын есебінде Хасан қожаны өлтірді. Жеті күнге созылған шабуылға қала тұрғындары табан тіресіп қарсыласты. Бірақ көп ұзамай Сығанақ құлады. Көп ұзамай Үзгент қаласы да алынды. 1220 жылы 4 көкекте монғолдар әскері Жент қаласын бағындырды. Әскердің Жошы жіберген басқа ірі шоғыры Янгикентті басып алды.
Сыр бойындағы қалалардың қарсылығын жеңгеннен кейін Шыңғыс ханның әскерлері Орта Азияның ішіне баса көктеп енді. Бірақ мұнда да олар халық бұқарасының қасарысқан қарсылығына кезікті. Үргенш қаласының тұрғындары қаланы бірнеше ай бойы ерлікпен қорғады. Сондықтан бұл қалаға Жошы, Шағатай және Шыңғысхан әскерлерін әкелуге мәжбүр болды. Қала алдырмады. Оны тура шабуылман ала алмаған моңғолдар Әмудария өзенінің бөгетін бұзып, қаланы топан суға қаптатып барып қана басып алды.
Сонымен, 1219-1224 жылдарда болған шапқыншылық нәтижесінде Қазақстан мен Орта Азия Шыңғысхан империясының құрамына енді.
Монғол ұлыстарының құрылуы.
Әлемнің жартысын жаулап алып, орасан зор империя құрған Шыңғыс хан 1223 жылы өзінің төрт ұлына ұлыс бөліп берді:
--Үлкен ұлы Жошының ұлысы Ертістен батысқа қарай және «Қойлық пен Хорезм шекарасынан Саксин мен Булгардың татар аттарының тұяғы тиген жерлерге дейінгі» ұшы-қиырсыз аймақты алып жатты. Рашид ад-Диннің деректеріне қарағанда Жошының ордасы Ертісте болған, бірақ басқа деректемелер оны Сарысуға жақын , «қыпшақтар елінде» жерленген дейді.
--Екінші ұлы Шағатайдың иелігіндегі жерлер Оңтүстік Алтайдан Әмударияға дейінгі, «ұйғырлар өлкесінің шекарасынан Самарқанд пен Бұхараға дейінгі жерлерді», яғни Шығыс Түркістанды, Жетісу мен Мауаранахрдың денін қамтыды. Жамал Каршидің деректері бойынша, Шағатай иеліктерінің негізгі бөлігін құраған өлке Аларғу ели деп аталды; оның басты қаласы Алмалық болды. Шағатайдың жазғы ордасы Іле өзенінің алқабындағы Құяш деген жер болды. Оның мирасқорларының ордасы, Жувейни деректері бойынша, түрікше Ұлығ-Иф(Ив) деген атпен, яғни «Үлкен үй», ал нумизматика деректері бойынша Орду әл-Азам деген атпен мәлім болған. Шағатай мен оның мирасқорлары иеліктерінің құрамына Балх және Хорасан өлкелері де кірді.
--Үшінші ұлы Үгедейдің ұлысына Жоғарғы Ертіс пен Тарбағатай аймағы және Батыс Монғолия аймағы қарайтын болған.
--Кіші ұлы Төлей Шыңғыс ханның негізгі жұртын – Монғолияны, сондай-ақ, тұрақты 129 мың адамдық армиясының 101 мыңын алды.
Үлкен ұлдарының әрқайсысына тұрақты армиядан 4 мың адамнан бөліп берген. Қалған әскерін туысқандарына және сенімді нояндарына үлестірген.
Сонымен Қазақстан аумағы монғолдың үш ұлысының құрамына: үлкен (далалық) бөлігі – Жошы ұлысының; Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Қазақстан – Шағатай ұлысына; Жетісудің солтүстік-шығыс бөлігі мен Шығыс Қазақстан –Үгедей ұлысы құрамына кірді.
Шынғыс ханның үлкен ұлы Жошы өз ұлысын тәуелсіз мемлекет етуге күш салды; Ол 1227 жылы қыста аң аулап жүріп қазаға ұшырады. Мирасқоры оның ұлы Батый болды. Батый қолының Руське және Еділден батысқа жасаған жорықтары Жошы ұлысын Алтайдан Дунайға дейінгі байтақ өлкені алып жатқан, орталығы төменгі Еділде орналасқан ұлан-байтақ мемлекет құруға мүмкіндік берді. Тарихи әдебиетте бұл мемлекет Алтын Орда деп аталады.
Алтын Орданың астанасы Сарай Бату (қазіргі Астрахань маңында) болды. Кейінірек астана Сарай Беркеге (Еділ бойымен Сарай Батудан жоғарырақ) көшірілді.
«Алтын Орда» ұғымы біртекті емес: кей авторлар Алтын орда деп Батый мен оның мирасқоры Беркенің жеке иелегіндегі жерлерді, яғни Төменгі Еділ бойы мен Солтүстік Кавказды, ал басқа бір деректерде түгелдей Жошы ұлысын қамтыған дейді.
1227-1255 жылдарда билік құрған Батый зор беделге ие болды. Алайда Батыйдың да, оның мирасқорлары тұсында да Алтын Орда біртұтас мемлекет бола алмады. Жошы ұлысы үлестерге – оның көптеген ұлдарының ұлыстарына ыдырады. Өз кезегінде Алтын Ордада ұлыс жүйесі қалыптасты. Мысалы: 1236-1242 жылдарда Шығыс Европаға жасаған жеті жылдық жорықтан оралғаннан кейін өзінің ағасы Орда Еженге Жетісудің солтүстік—шығыс бөлігіндегі жерлер, Ертіс бойындағы кең-байтақ аймақ, Ұлытау мен Қаратауға дейінгі жерлерді ұлыс етіп берді. Бұл ұлыстың аумағы біртіндеп кеңейе берді. ХIII ғасырдың екінші жартысында-ақ Орда Еженнің немересі Қонышының тұрған жері деректеме бойынша Орта Сырдариядағы Жент пен Үзкент маңында болған; ұлыстың саяси орталығы осы жерге ауысқан еді.
Іс жүзінде ХIII ғасырдың ортасынан бастап Орда Ежен ұлысы дербес мемлекет болып, шығыс деректемелерінде Ақ Орда деп аталған. Оған билік жүргізгендер хан атағын иеленіп, олармен Батый хан және оның мирасқоры ғана емес, сондай-ақ бүкіл империяның жоғары хандары да санасып отырған. Рас, кейде Алтын Орда таққа отырғандарға ел билеуге жарлық беріп отырған, бірақ мәселе осымен тынып, мемлекет істеріне нақты араласу болмаған.
Орда Ежен ұлысынан батысқа қарай Шайбани иелігіндегі жерлер жатты. Ол туралы Махмуд ибн Уали былай деп хабарлайды: «...Шыңғысханның ұлы Жошы ханның баласы Шайбани хан жеті жылдық жорықта астар, орыстар, чернестер және бұлғарлар елдерін жаулап алған кезде ептілік көрсетіп, ағасы Батый ханнан сыйлық ретінде төрт аймақ алды». Шайбани үлысының аумағы туралы Әбілғазы былай деп хабарлайды: «Шайбани жазда Орал бөктеріндегі, Тобыл, Жайық, Ырғыз өзендерінің аралығындағы кең-байтақ жерлерде, ал қыста – Арал теңізі өңірінде, Шу, Сарысу өзендерін бойлап және Сырдарияның төменгі ағысында көшіп жүрген».
ХIII ғасырдың екінші жартысындағы – ХIV ғасырдың басында Алтын Орданың тарихы орыс князьдықтарымен, Иранның Хулагу әулеттері мен болған үздіксіз соғыстарға толы; бұлардан Берке (1257-1266) мен оның мирасқорлары Азербайжанға және Оңтүстік Каспий маңындағы басқа да жерлерді иелену құқығына таласты. Менгу Темір тұсында (1266-1280) Алтын Орда Монғол империясының орталығынан біржола оқшауланып, тұнғыш рет өз атынан теңге соға бастады, Орта Азия мен Жетісуда Шағатай ұрпақтарының билігін нығайту үшін ұлы ханға қарсы күресінде Хайдуды қолдап отырды.
Өзбек ханның (1312-1342) және оның баласы Жәнібектің (1342-1357) тұсында Алтын Орданың күш-қуаты барынша кемел кезіне жетті. Ислам діні мемлекет діні деп жарияланды. Өзбек хан Орда Ежен ұрпақтарын бұрынғы вассалдық тәуелділігіне қайтаруға тырысып, Сығанақта өзінің баласы Тыныбекті хан тағына отырғызды; алайда ол көп кешікпей өлтірілдіп, билік Орда Еженнің ұрпақтарына қайта көшті.
Кебек ханның мирасқоры, оның інісі Тармашырын (1326-1334) орталықтандыру саясатын жалғастырды. Кебек сияқты, ол да Мауараннахрда тұрды, Ала ад-Дин деген есімге ие болып, исламды Шағатай ұрпағы мемлекетінің ресми дініне айналдырды.
1346 жылы көшпелі феодалдармен күресте Кебек-Тармашырын тұқымын жалғастырушы Қазан хан қаза тапты. ХIVғасырдың 50-жылдарының аяғында Шағатай ұрпағы мемлекетінің батыс бөлігі түрік-моңғол әскери көшпелі шонжарлары мен жергілікті феодалдардың өкілдері басқарған оннан астам иелікке ыдырап кетті. Қашқария алқабында—барластар, Ходжент аймағында-жалайырлар, Солтүстік Ауғанстанда – арлаттар, Әмударияның жоғары ағысында—қаушындар күшейді; бұл рулардың әрқайсысының басшысы өз өлкесінде дербес әмірші болды. Оның үстіне 1346 жылдың өзінде Шағатай ұрпағы мемлекетінен Моғолстан деп аталған солтүстік-шығыстағы аумақ бөлініп шықты.
Жаулап алудың зардаптары. Шыңғысхан әскерлерінің шапқыншылығы жаулап алынған елдер үшін өзінің зардабы жағынан ауыр апат болды; ол көптеген халықтардың экономикалық және мәдени прогресін, олардың саяси, әлеуметтік және этникалық дамуын ұзақ уақытқа тежеді. Моңғолдардың жаулап алуы салдарынан өндіргіш күштер талқанданып, адамдар жаппай қырылды, өркендеп тұрған қалалар жер бетінен ғайып болып, материалдық және мәдени қазыналар жойылып кетті, ондаған мың тамаша шеберлер мен қолөнершілер құлдыққа айдалды.
Жергілікті халықтың қарсылығын басу үшін Шыңғысхан жаппай қырып-жою тәсілдерін қолданды. Шыңғысханның Орта Азияға барар жолында орналасқан Онтүстік Қазақстанның сыр өніріндегі қалалары мен қоныстары бұл тәсілдердің алғашқы құрбандары болды. Араб және парсы деректерінде түрлі елдердің халқын монғолдар түгелдей дерлік қырып тастаған, отызға тарта қалалардың аты атап көрсетілген, олардың ішінде Оңтүстік Қазақстанның Отырар, Сығанақ және Ашнас қалалары айтылады.
Отырар тұрғындары мен оның гарнизонының алты ай бойы қарсыласқаны үшін қаталдықпен кек алынды – монғолдар қаланы тонады, қамал мен қорғаныстың дуалын қиратты, қаланың тірі қалған тұрғындарының көпшілігін қырып тастады. Отырар тұрғындарының шағын бір бөлігі, «қылыштан қашып құтылғандары» ғана тұтқынға алынып, қаланы қоршауға алған кезде пайдалану үшін Самарқанд маңына айдап әкетілді. Сығанақты жеті күн бойы үздіксіз шабуыл жасап алғаннан кейін басқыншылар оның халқын түгел қырып тастады. Сырдарияның төменгі ағысындағы Ашнастың халқы да осындай жағдайға душар болды. Бұл ауданның басқа қалаларында – Жентте, Үзкентте және Баршынлыкентте халықты мұншалықты қыру болған жоқ, бірақ бұл қалалар да монғол әскерлерінің талап-тонауына берілді. Оңтүстік Қазақстанның басқа отырықшы-егіншілік орталықтарының халқы да зардап шекті. Папа IV Иннокентийдің Күйік ханға жіберген елшісі 1245-1247 жылдары Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Қазақстан арқылы жүріп өткен Плано Карпинидің байқаулары осыны дәлелдейді. Атап айтқанда, Сырдария ауданында ол және оның серіктері жермен жексен болған көптеген қалаларды, қирап қалған бекіністерді және қаңырап қалған қыстақтарды көрген. Шапқыншылықтан қалалармен олардың төңірегіндегі халықтар ғана емес, көшпелі және жартылай көшпелі аудандардың халқы да зардап шекті. Сол Плано Карпини былай деп атап көрсетті: «Біз қағанаттардың жеріне аяқ бастық... Бұл жерден, сондай-ақ Команиядан біз аяқ астында тезекше шашылып жатқан сансыз адамдардың бас сұйектерінің қанқаларына тап болдық... Бұл адамдар, командар да, қанғиттер де, жер өңдемеген, малмен күн көрген, олар сондай-ақ үй салмастан, шатырларда орналасқан. Татарлар оларды да қырып жойған, енді өздері солардың жерінде тұрады, ал тірі қалғандарын құл қылып алған». Монғол басқыншыларына қарсы күрескен халықтың тағдыры осылай болған.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   33




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет