Септiк дегенiмiз – жалғау мен граматикалық мағына-лардың бiрлiгiнен тұратын және бiр есiм сөздiң екiншi есiмге немесе етiстiкке қатысын бiлдiретiн грамматикалық катего-рия. Септiк саны тiлдердiң құрылысына байланысты әр түрлi болады. Мысалы, аналитикалық тiл қатарына жататын ағылшын тiлiнде екi септiк, ал алглюнативтi тiл болып есептелетiн қазақ тiлiнде жетi, венгер тiлiнде 22 септiк бар.
Жақ категориясы iс-әрекеттiң қай жаққа қатысты екенiн бiлдiредi. Бұл етiстiкке тән категория. Жақтық мағына жiктiк жалғаулары арқылы берiледi. Орыс тiлiнде тек етiстiктер ғана жiктеледi. Ал түрлi тiлдерде баяндауыш қызметiнде жұмсалатын зат есiм, сын есiм, есiмдiктер де жiктеледi. Жақтық форма жекелiк, көптiк мағынаны да бередi. Мысалы, барамын-барамыз.
Шақ категориясы. Бұл да етiстiкке тән категория. Шақ категориясы iс-әрекет қимылдың орын-далу мерзiмiн бiлдiредi. Өткен шақтың ағылшын, француз, немiс тiлдерiнде бiрнеше формасы бар. Қазақ тiлiнде де солай. Мысалы, оқыдым, оқығанмын.
Рай категориясы да етiстiкке тән категория. Рай категориясы iс-әрекеттiң шындыққа қатынасын, iс-әрекеттiң iске асу мүмкiндiгiне сөйлеушiнiң қалай қарайтындығын бiлдiредi. Мысалы, оқыдым, бiлдiм дегендер шынайы ақиқатты бiлдiрсе, оқы, бiл, оқыса игi едi, оқығысы келедi деген формалар әлi де iске аспағандықты бiлдiредi.
Рай формалары 2 топқа бөлiнедi:
а) Ашық рай формалары;
б) Бұйрық, шартты, қалау рай формалары. Бұлардың барлығы бұйрық рай негiзiнде жасалады.
5. Етiс категориясы – етiстiкке тән категория. Ортақ етiс субьектiнiң кемiнде екеу екендiгiн бiлдiредi. Ол Асанмен хат жазысып тұрады.
Өзгелiк етiс субьектiге басқа бiр субьектiнiң қатысы барлығын бiлдiредi. Мысалы, Мұны Жандос жаздырды. Өзгелiк етiс – тыр, -ғыз, -қыз аффикстерi арқылы жасалады. Етiстер салт етiстiктi сабақты етiстiкке, немесе, керiсiнше сабақты етiстiктi салт етiстiкке айналдыра алады. Мысалы, күл-күлдiр немесе жаз-жазыл.
Өздiк етiс, ырықсыз етiс –ын, -iн, -н аффикстерi арқылы жасалады.
Тілдегі әрбір сөздің (белгілі ұғымды білдіре алатын мәнді сөздің ) нақты лексикалық мағынасымен бірге жалпы грамматикалық мағынасыда болады. Сөздің лексикалық мағынасы- нақты , ұғымдық мағына , яғни бір сөздің екінші сөзді айыратын реестрлік сөздік мағынасы болса, грамматикалық мағына – сөздің тым жалпы мағынасы, сол сөздің әр түрлі тұлғалар арқылы түрленуінің нәтижесінде немесе басқа сөздермен әр алуан қарым-қатынасқа түсу салдарынан пайда болатын және сөздерді бір-бірінен бөлмей, керісінше белгілі бір грамматикалық топтарға ортақ қасиеттер арқылы біріктіретін жалпы мағыналары болып табылады.
Грамматикалық мағыналардың өзі бір келкі емес. Тікелей лексикалық мағынадан туатын да, сөздің түрлену жүйесі негізінде тұлғалануынан да пайда болатын грамматикалық мағыналар бар.Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең( Абай) деген сөйлемді талдап көрейік. Сөйлемде қолданылған әрбір он сөз бір-бір лексикалық мағынаны және бірнешеден грамматикалық мағынаны білдіріп тұр: 1.туғанда, лексикалық мағынасы – нақты туу қимылы ; грамматикалық мағыналары – 1) жалпы қимылды білдіру; 2) салттылық мән; 3) өткен шақтық мән ; 4) бір қимылдың ( ашудың) мезгілін білдіру ; 2. дүние, лексикалық мағынасы - әлем мағынасындағы дерексіз зат; грамматикалық мағыналары: 1) жалпы абстракт зат атауы; 2) қатыстық – меншіктілік мән; 3. есігін, лексикалық мағынасы – үйдің бір бөлігі болып табылатын (есік) нақты заттың ауыспалы мағынада қолданылуы; грамматикалық мағыналары: 1) жалпы зат атауы болуы, 2) екінші бір затқа (дүние) тәуелді соның бөлшегң болу, 3) ол тәуелділік 3-жаққа қатысты, 4) тура объектіні білдіру; 4. ашады , лексикалық мағынасы- ауыс мағынадағы ашу қимылы; грамматикалық мағыналары : 1) жалпы қимылды білдіруі, 2) ол қимылдың сабақты болуы, 3) ауыспалы осы шақ мәнін білдіру, 4) 3 – жақтағы субъектінің қимылы; 5. өлең , лексикалық мағынасы – нақты өлең деген зат атауы; грамматикалық мағыналары: 1) жалпы зат атауы болуы, 2) ашу қимылының грамматикалық субъектісі болуы; 6. өлеңмен, лексикалық мағынасы- нақты өлең деген зат атауы; грамматикалық мағыналары: 1) жалпы зат атауы, 2) кіру қимылының амалын білдіру; 7. жер, лексикалық мағынасы – нақты жер деген зат; грамматикалық мағыналары: 1) жалпы зат атауы болуы, 2) қатыстық – меншіктік мән; 8. қойнына , лексикалық мағынасы – нақты қойын деген зат; грамматикалық мағыналары: 1) жалпы зат атауы болуы, 2) екінші бір затқа ( жер) тәуелді болуы, 3) тәуелділік 3-жақта болуы, 4) қимылдың (кірер) бағытын білдіруі; 9. кірер, лексикалық мағынасы – нақты кіру деген қимыл; грамматикалық мағыналары: 1) жалпы қимылды білдіруі, 2) ол қимыл салтты, 3) келер шақ мәні, 4) 3-жақ субьект арқылы ол қимылдың іске асуы; 10. денең, лексикалық мағынасы – дене деген зат; грамматикалық мағыналары: 1) жалпы зат атауы болуы, 2) тәуелділік мағына, 3) 2-жақ, жекеше , анайы, 4) кіру қимылының грамматикалық субьектісі.
Сөзде лексикалық мағынаның жалпылануы негізінде пайда болатын жалпы грамматикалық мағына ( жалпы заттың аты, жалпы қимыл, т.б.) басқа да жалпы грамматикалық мағыналарды білдіруге негіз болады. Яғни, мысалы, жалпы заттың атауы болу мағынасымен бірге ол жалпы грамматикалық мағына жекелеген ( жалпы) заттың атауы болуы мүмкін немесе алуан турлі заттың жалпы ортақ атауы болуы мүмкін ( жалпы есім) ; деректі немесе дерексіз зат атауы болуы мүмкін; адамға байланысты (кімдік) немесе адамнан басқа затқа байланысты атау болуы мүмкін, т.б. Сондай-ақ заттың сынын білдіретін сөздер сапалық сынға немесе қатыстық сынға байланысты болуы мүмкін, қимылды білдіретін сөздер салттық немесе сабақтылық сипатпен қатысты болуы мүмкін немесе қимылдың неше түрлі семантикалық сипаты болуы мүмкін ( қалып, қозғалыс, амал- әрекет, ойлау қабілетіне байланысты, көңіл күйіне байланысты, т.б.) . Бұлардың барлығы да сөздің жалпы семантикасынан туындайтын жалпы грамматикалық мағыналары. Сөйтіп, сөзде жалпы грамматикалық мағына біреу ғана емес, бірнеше де болуы мүмкін.
Рас, оқулықтарда грамматикалық мағына көбінесе солай анықталады. «Сөздің нақтылы лексикалық мағынасымен жарыса отырып, сол лексикалық мағынаны айқындай, саралай түсетін я сөйлемдегі басқа сөздермен қарым-қатынасқа түсу нәтижесінде туатын жалпы мағынасын грамматикалық мағына дейміз. Грамматикалық мағына сөздің түрленуі арқылы да, сөйлемдегі басқы сөздермен қарым-қатынастары арқылы да айтылады». Ең алдымен грамматикалық мағына – лексикалық мағынамен жарыса отырып, сол лексикалық мағынаны айқындай, саралай түсетін мағына емес, сөздің сол лексикалық мағынаның жалпылануы арқылы туатын жалпы мағынасы. Лексикалық мағынаға қарағанда грамматикалық мағына одан кейін пайда болады. Атап айтқанда, грамматикалық мағына алдымен лексикалық мағынаның жалпылануы арқылы пайда болып, содан кейін сөйлеу процесінде сөздің жұмсалу мақсатына қарай оған әр түрлі тұлғалардың қосылуы арқылы немесе сөйлемде басқа сөздермен әр қилы қарым-қатынасқа түсуі арқылы үстеледі, демек, осының нәтижесінде екінші қатардағы мағына болып табылады. Сондай-ақ лексикалық мағынаның мәні дара болса, сөйтіп, сөздерді бір-бірінен саралап, бөлуге негіз болса, грамматикалық мағына жалпы болады, жеке сөздерге ( формаға) ғана емес, солардың белгілі топтарына тән болатындықтан, сөздерді грамматикалық сипаты жағынан, жоғарыда көрсетілгендей, топтауға негіз болады. Оның үстіне сөз бір ғана лексикалық мағынаны білдірсе, грамматикалық мағына сөйлемдегі сөзде әдетте бірнешеу болады. Екіншіден, грамматикалық мағына, дұрыс көрсетіліп жүргендей, сөйлеу процесінде сөздің әр түрлі грамматикалық тұлғалар арқылы түрленуінен де туады, көрінеді. Үшіншіден, грамматикалық мағына сөйлеу процесінде сөздердің басқа сөздермен әр қилы қарым-қатынасынан да пайда болады. Бұлардың барлығы да грамматикалық мағына деп танылғанымен, олардың әрқайсысының мәні, сипаты, грамматикалық категория ұғымына қатысы, сөздің белгілі топтарға бөлініп, олардың грамматикалық сипатын айқындаудағы ролі бірдей емес. Сондықтан да грамматикалық мағына атаулыны жасалу тәсіліне, сөздің грамматикалық сипатын айқындаудағы мәніне қарай жалпы грамматикалық мағына, категориялық грамматикалық мағына және қатыстық грамматикалық мағына деп үш түрге бөлуге болады.
Лексикалық мағынаның жалпылануы арқылы пайда болатын грамматикалық мағынаны жалпы грамматикалық мағына деп атайды.
Қазақ тілінде грамматикалық форма арқылы берілетін мағынаны категориялық грамматикалық мағына деп атайды.
Грамматикалық мағына сөйлеу процесінде сөздің басқа сөздермен тіркесіп, байланысқа түсуі, негізгі сөзге көмекші сөздің тіркесуі арқылы, орын тәртібі, интонация , т.б. аналитикалы, қатыстық тәсілдер арқылы да беріле береді. Оны қатыстық грамматикалық мағына деп атайды.
Біз сөзде лексикалық және грамматикалық мағына болады дегенді айттық.Грамматикалық мағыналар тіл-тілде әр түрлі грамматикалық тәсілдер арқылы беріледі. Ол тәсілдер мыналар: 1) аффиксация тәсілі, 2) ішкі флексия тәсілі, 3) қосарлану тәсілі, 4) көмекші сөздер тәсілі 5)сөздердің орын тәртібі тәсілі, 6) екпін тәсілі, 7) интонация тәсілі. 1. Аффиксация тәсілі. Түбірге немесе негізге аффикстер жалғану арқылы грамматикалық мағынаның берілуі - аффиксация тәсілі деп аталады. Бұл тәсіл әсіресе түркі тілдерінде жиі қолданылады. Мысалы , -шік, -ғыш, -дыр жұрнақтары қосылып, үйшік, жазғыш, жаздыр деген сөздерде лексикалық (деривациялық) мағынаны білдірсе, үйлерімізде деген сөзде -лер, -і, -міз, -де жалғаулары грамматикалық (реляциялык) мағынаны білдіреді. Аффиксация тәсілі, түркі тілдерінен басқа, үнді еуропа тілдерінде де бар. Бірақ оларда сөз басқашалау. Айталық, славян, оның ішінде орыс тілінде сөз септелгенде немесе жіктелгенде көп жағдайда түбірдің фонемалық кұрамы өзгеріп кетеді .;Мысалы: сон - сна, ходить - хожу т.б. Ал түркі тілдерінде олай емес. Түркі тілдерінде сөздердің септелуі немесе жіктелуі түбірдің фонемалық құрамын өзгертпейді. Мысалы: ұйқы—ұйқыға — ұйқыны - ұйқыдан; жүр — жүрмін — жүріңдер т.б. Сондай-ақ, орыс тілінде көптеген аффикстердің әрқайсысы бір-бір мағынаны емес, бірден бірнеше мағынаны білдіре алады. Мысалы, гост+ям деген сөздегі -ям аффиксі әрі барыс септігінің (дател.падеж), әрі зат есімнің көпше түрін білдіреді (гости+ям гостям). Барыс септігінің жекеше түрі — ю (гост+ю). Қазақ тіліңде бұлар (көптік мағына мен барыс септігі) өз алдына бөлек-бөлек аффикстер арқылы беріледі: конақ+тар+ға. Ол аффикстер бірінің үстіне бірі жалғана береді.
Бұл - түркі тілдеріндегі аффикстер негізінен алғанда дара мағыналы сөз болады деген сөз. Алайда түркі тілдерінде бірнеше грамматикалық мағынаны білдіретін аффикстердің де бар екендігін жоққа шығаруға болмайды. Мысалы: жер жырттық, егін салдық дегеңдердегі -қ аффиксі әрі жақтық (1-ші жақ, жіктік жалғауы), әрі көпше мағынаны білдіреді. Кездесеміз, сөйлескенбіз дегендердегі –міз бен -біз аффикстері де дәл осындай. Бірақ түркі тілдерінде бірден бірнеше грамматикалық мағынаны білдіретін бұл тәрізді аффикстер орыс тіліне қарағанда сирек ұшырасады.
Ескертетін нәрсе: түркі тілдерінде бір сөздің құрамыңда бірнеше аффикс қабаттасып келсе, түбірге алдымен жұрнақтар, онда да сөз тудыратын жұрнақтар (ес-кер), содан кейін сөз түрлендіретін жұрнақтар (ескер+іп), ақырында сөз түрлендіретін жалғаулар (ескеріп+піз) жалғанады. Сөз құрамында бірнеше сөз түрлендіретін жалғау қабаттасып келсе, алдымен көптік жалғауы, одан соң тәуелдік жалғауы, мұнан соң септік жалғауы, оның үстіне жіктік жалғауы жалғанады. Мысалы: ауыл+дар+ыңыз+дан+быз.
Орыс тілінде түбір мен аффикс бір-бірімен әбден жымдаса, кіріге қосылса (бег - бежать), түркі тілдерінде олар жай ғана жалғаса қосылып, морфемалардың ара жігі аңғарылып тұрады (жүгір- жүгірді - жүгірген). Осыған орай, орыс тіліндегі түбір мен аффикстердің жымдаса, кіріге қосылуы - фузия (лат. балқу, еру) деп аталса, түркі тілдеріндегі жалғаса қосылу — агглютинация деп, фузия үнді, еуропа тілдеріне тән, агглютинация түркі, монғол, угоро-фин тілдеріне тән.