2. Педагогикалық жүйенің құрамдары. Жалпы белгілері. Педагогикалық іс-әрекеттің мақсаты (түлектің мінсіз бейнесі) жүйеқұраушы құрылым ретінде.
А.И.Щербаков пен А.В.Мудрик «педагогикалық іс-әрекет» ұғымына төмендегідей анықтама береді: «Педагогикалық іс-әрекет – бұл кәсіби мақсаты өскелең ұрпақты тәрбиелеу болып табылатын қоғамның ересек мүшелерінің іс-әрекеті».
Педагогикалық іс-әрекет дегеніміз – жеке тұлғаны дамытуға және қоғамдағы әлеуметтік орнын анықтау үшін жағдай жасауға адамзаттың ғасырлар бойы жинақтаған өмірлік тәжірибесі мен мәдениетін аға ұрпақтың жас ұрпаққа беруге бағытталған әлеуметтік іс-әрекетінің ерекше бір түрі.
Педагогикалық әрекеттің бірінші компоненті – бұл қоғам қажеттілігіндегі инновациялық білім, қоғам дамуының тенденциялары, адамдарға қойылатын талаптар. Бұл компонент педагогикалық әрекеттің мазмұны, тапсырмалары, мақсатын анықтайды.
Екінші компонент педагогикалық әрекеттің мақсатын анықтайды: жеткіншек ұрпаққа берілетін адамзат тәжірибесіндегі қоғамдық қарым- қатынастар, мәдениет, әртүрлі ғылыми білімдер, технология.
Үшінші компонент – бұл арнайы педагогикалық білім, кәсіби тәжірибе және шеберлік пен құзыреттілік.
Педагогикалық іс-әрекет аясында мұғалім оқушымен қарым-қатынас процесінде ғылымды байланыстырушы рөлін атқарады. Мұғалім білім бере отырып, ұжымдық субъектілердің іс-әрекетін жеке субъектілердің жеке іс-әрекетіне айналдыру процесін ұйымдастырады және жеке тұлғаның қалыптасуы мен дамуын қамтамасыз етеді.
Педагогикалық іс-әрекетті зерттеушілер оның құрылымында төмендегідей функционалдық элементтері бар жүйе ретінде қарастырады:
1) педагогикалық өзара іс-қимыл субьектісі мен обьектісі, олармен бірге іс-әрекеті, оқыту мақсаты және қатынас жасау құралдары;
2) оқушы мен мұғалім, оқыту мен тәрбиелеудің мақсаты, мазмұны, педагогикалық процесс пен оны ұйымдастыру түрлері;
3) педагогикалық ықпалдың мақсаттары субьекті мен обьектісі, мазмұны мен құралдары, нәтижелері, педагогикалық рефлексия (10-сурет).
Педагогикалық іс-әрекет педагогтың білім мазмұны мен оқушылардың іс-әрекетін ұйымдастырудағы белсенділігі, ол адамның жеке тұлға ретінде қалыптасуы мен дамуын қамтамасыз етеді.