1-3 сынып оқушыларына арналған ойындар. «Ұшқыштар» Ойнаушылар саны – 20-40 адам.
Орны – алаң, зал.
Дайындық. Алаң жиектеріне 4-6 үшбұрыш айлақтар сызады. Олардың әрқайсысының ішіне – «тікұшақ» шеңберлер салынады, бірақ ол ойнаушыларға қарағанда сан жағынан аз болуы керек. Барлық балалар алаң ортасына шеңбер жасап тұрады.
Ойынның сипаты. Жетекші белгі берісімен балалар қолұстасып, шеңбер бойымен айналып, бәрі бірге айтады.
Күтеді алда тікұшақтар,
Ғаламшарлар аралауға!
Қайсысын біз қаласақ,
Сонысына ұшамыз!
Ойында бар бір құпия,
Кешіккенге орын жоқ.
Осы сөздерден кейін барлығы «айлақтарға» қарай жүгіріп, «тікұшақтардан» орын алады. Орын алуға үлгермегендер алаң ортасына келеді. Содан соң ойынды қайта жалғастырады.
Ойын ережесі. «Жоқ» сөзі айтылғаннан кейін ғана жүгіреді. «Тікұшақта» бір ғана ұшқыш болады, екі бала қатар келсе, шеңбер ішіне бірінші кіргені қалады.
Әдістемелік нұсқау. Өлеңді ойын басталғанға дейін жаттайды. Жетекші бірмезгілде бірнеше шеңберді көре алатындай орында тұруы қажет.
Ойынның педагогикалық мәні. Ол бағытын өзгертіп жүгіруде бағдарлауды жетілдіріп, күрт тоқтаған кезде тепе-теңдікті сақтауға жәрдемдесіп, жауап беру шапшаңдығын, танымын, ептілігін тәрбиелейді.
«Октябряттар» Ойнаушылар саны – 10-40 адам.
Орны – зал, алаң.
Дайындық. 15-20 м қашықтықта екі қатар «үй» сызығын сызады. Орталықта жүргізушісі тұрады. Қалған ойыншылар бір «үй» сызығында тұрады.
Ойын сипаты. Жетекшінің белгі беруімен барлық бала бірге айтады:
Біз көңілді балалармыз,
Жүгіреміз, ойнаймыз.
Енді бізді қуып жет!
«Қуып жет!» сөзінен соң ойнаушылар қарсы беттегі «үйге» қарай жүгіреді. Жүргізуші оларды қуып жеткізіп, қолын тигізуге тырысады. Қол тигендер шетке шығады. Бұдан соң ойынды жалғастырады.
Ереже. 1) «Қуып жет!» сөзінен кейін ғана жүгіре алады.
2) «Үйге» қайтадан кері жүгіруге болмайды.
3) Жүгірушілерді қарсы орналасқан «үй» сызығына дейін ғана ұстай алады.
Әдістемелік нұсқаулар. Тақпақты ойын басталуға дейін жаттайды. 3-4 жүгіргеннен соң жүргізушіні ауыстырып отырады. Сонымен бірге ұсталғандар да ойынға қайта кіреді.
Ойынның педагогикалық мәні. Ойын бағытты өзгертіп жүгіру дағдысын жетілдіреді, батылдықтыл, пайымдауды, жауап беру мен бағдарлау шапшаңдығын тәрбиелейді.