Белгілі бір мақсаттарды орындау үшін халықаралық шарттар негізінде құрылған тұрақты қызмет ететін органдары бар, халықаралық құқық субъектілікке ие және халықаралық құқықтың нормалары мен қағидаттары негізінде құрылған мемлекеттердің тұрақты бірлестігі.
Халықаралық ұйымдардың белгілеріне:
халықаралық жарғылық шарттың болуы;
белгілі бір мақсаттардың болуы;
сәйкесінше ұйымдық құрылымы: тұрақты органдар жүйесі және штаб – пәтері;
мүше мемлекеттер құқығы мен міндеттерінен ажыратылатын өзіндік құқықтары мен міндеттері;
халықаралық құқық нормалары мен қағидаттарына сәйкес құрылуы;
үш және одан да көп мемлекеттер мүшелігі жатады.
Халықаралық ұйымдардың белгілері Ежелгі Грекияда пайда бола бастады және онда қалалар мен қауымдастықтар одақтары – Пелоппонестік және Афиналық симмахиялар болды. Бұл екі ежелгі грек одақтарының арасындағы қатынастар жауластық сипатта болды және аяғы Пелопоннес соғысымен аяқталып, нәтижесінде грек әлемінде Спарта гегемониясы орнықты. Афиналық симмахия таратылып жіберілді. Халықаралық ұйымның басқа нысаны ретінде көне халықаралық бірлестіктер – көне грекиялық амфиктиондар тайпалар мен қалалардың ортақ қазынасы, соғыс жүргізу ережелері бар діни саяси одағы болды. Амфиктионияға нақты ішкі құрылым тән болған.
Қазіргі кездегі халықаралық қатынастарға тән белгілердің бірі – мемлекетаралық ұйымдардың тез дамуы мен ұлғаюы болып табылады. ХХ ғ. басында саяси бағыттағы халықаралық ұйымдардың көптеген жоспарлары пайда бола бастайды және олардың мақсты – соғысты болдырмау болды.
Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде осындай жоспарлаудың жүзден астам түрі құрылған еді. Осындай жоспарлаудың бірі Ұлттар Лигасының негізін қалады.
1919 жылы 28 сәуірде қабылданған Ұлттар Лигасының Жарғысына 44 мемлекет қол қойды, оның ішінде 31 мемлекет бірінші дүниежүзілік соғыста Антанта жағында болғандар еді. Бұл ұйымның алғашқы мүшесі АҚШ болды. Мемлекеттердің екінші тобы – «шақырылғандар» болды. Олар бірінші дүниежүзілік соғыста бейтарап саясат ұстанған 13 мемлекет болды.
Ұлттар Лигасының көптеген кемшіліктері болды: негізгі органдар – Жиналыс пен Кеңестің арасындағы құзыреттері нақты реттелмеген, Жарғысында агрессияшыл соғыстың жүргізілуіне нақты қарсылық болмаған, Ұлттар Лигасының Жарғысы басқа мемлекеттер алдында өз міндеттерін атқару үшін қажетті қаруды минимум мөлшеріне дейін азайту идеясын қолдаған.
Сол себепті Ұлттар Лигасының 1931 жылы Солтүстік – Шығыс Қытайдағы жапондық агрессияға қарсы ешқандай тиімді әрекеттер жасай алмауы бұл халықаралық ұйымның беделін халықаралық аренада төмендетіп жіберді. 1933 жылы ҰЛ қатарынан фашистік Германия мен милитаристік Жапония шығып кетті.
Ұлттар Лигасы өзінің қызметі барысында бірде – бір маңызды дауды реттей алмады, нәтижесінде жаңа дүниежүзілік соғыстың алдын ала алмады. Сонымен, бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін құрылған бірінші халықаралық үкіметаралық ұйым тәжірибесі сәтсіздікпен аяқталды.
Соғыстан кейінгі тарихта, 1945 жылы 26 маусымында қабылданған БҰҰ Жарғысы сияқты терең мағыналы, ерекше ұжымдық халықаралық құжат болған жоқ.
БҰҰ Жарғысын жасау бойынша конференция Сан – Франциско қаласында өтті. Онда фашистік Германия мен милитаристік Жапонияға соғыс жариялаған 50 мемлекет өкілдері жиналды және Біріккен Ұлттар Декларациясына қол қойды. Кейін оларға Польша қосылды. Бұл мемлекеттер – БҰҰ –ның алғашқы мүшелері.
1945 жылы 24 қазанда бекіткеннен кейін, ірі бес держава – КСРО, АҚШ, Англия, Франция және Қытайға сақтауға бекітілген грамоталарды тапсырып, басқа мүше мемлекеттер парламенттерінің келісім беруінен кейін БҰҰ Жарғысы күшіне енді. БҰҰ – ның құрылуы – бейбітшіл күштердің соғысқа қарсы, халықтар арасында достық қарым – қатынсатардың дамуы үшін күресте маңызды қолдау болды. Ұйым жалпы әлемдік бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, экономикалық және әлеуметтік үрдісті ынталандыру үшін халықаралық ынтымақтастық органы ретінде ойластырылып құрылған болатын.
Әлем сенімі БҰҰ – ның Жарғысында қамтылды. Жарғы БҰҰ қызметінің саяси – құқықтық негізі болды. Оны жасау үстінде бейбітшілік сүйгіш күштер барлық елдер тендігі мәселесінде де бейбітшілікті қамтамасыз ету мәселесінде де, принципиалды жаңа қойылымына қол жеткізді. Соның арқасында БҰҰ халықтар прогресі мен әлемнің нақты құралына айналды.
БҰҰ Жарғысы кіріспеден және 111 баптан құралған 19 тараудан тұрады. Оның ерекшелігі: БҰҰ негізгі органдары өзінің тәжірибесі кезінде Жарғының жағдайларын түсіндіре алып, өз қызметтерінің барысына қарай түсіндіруінде.
Бірінші бабында көрсетілген мақсаттар:
Халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
Халықтар теңдігі мен өз тағдырын өзі шешу қағидаттарын құрметтеу негізінде ұлттар арасында достық қатынастарды дамыту;
Экономикалық, әлеуметтік, мәдени, гуманитарлық сипаттағы халықаралық мәселелерді шешуде халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру;
Ортақ мақсатқа жетуде ұлттар істерін келістіру үшін орталық болу.
Сонымен, БҰҰ Жарғысында тең құқылық, прогресс пен еркіндік идеялары кеңінен халықаралық – құқықтық жағынан танылып бекітілді.
Ол, әрине, бейбітшілк пен демократия күштерінің ірі саяси жетістігі болды. Сондықтан БҰҰ Жарғысы қазіргі кезеңдегі халықаралық құжаттардың ең әйгілісі болып танылады. Ең жақсы сынақ – уақыт сынағы, БҰҰ Жарғысы уақыт сынауынан өтті.
БҰҰ бас пәтері Нью – Йоркте Манхэттен аралында 39 қабатты ыңғайлы ғимаратта орналасқан.
БҰҰ – ның негізгі органдарына Жарғының 7 – ші бабында көрсетілгендей, Бас Ассамблея, Қауіпсіздік Кеңесі, Экономикалық және Әлеуметтік кеңес, Халықаралық сот, Қамқорлық бойынша кеңес, Секретариат жатқызылған.