Лекция №6 Тақырыбы: Қабылдау Жоспары: 1. Қабылдау туралы
2.Қабылдаудың түрлері
3. Қабылдаудың негізгі теориялары
4.Қабылдаудың негізгі қасиеттері
5. Қабылдау иллюзиялары
Лекция мәтіні (қысқаша): Қабылдау дегеніміз – заттар мен құбылыстардың өз қасиеттері және бөлшектері жиынтығымен қосылып сезім мүшелеріне тікелей әсер ету кезінде бейнеленуі.
Түйсіксіз қабылдаудың болуы мүмкін емес. Дегенмен қабылдау құрамына түйсіктен басқа адамның өткен тәжірибелері елес және білім түрінде енеді. Айнала қоршаған дүниедегі белгілі заттар мен құбылыстардың біздегі сезім мүшелеріне әсері нәтижесінде қабылдаудың заттылығы қалыптасады және қабылдаудың тұтастығымен сипатталады.
Қабылдаудың түрлері Қабылдау да түйсік секілді рефлекторлы процесс. Оның негізінде қоршаған орта заттары мен құбылыстарының рецепторларға әсер етуінен үлкен ми сыңарлары қабығында пайда болған шартты рефлекстер мен уақытша жүйке байланыстары жатыр. Ми қабығы бөлектеріне келіп түскен құрамды тітіркендіргіштер күрделі талдаудан өтіп, бірігіп жатады. Қабылдау нысаны талдау арқылы жалпы ортадан (фон) бөліп алынады, сонымен бірге оның барша қасиеттері біртұтас сапалық бейнеге біріктіріледі.
Түйсікпен салыстырғанда қабылдау процесі ми қызметінің ең жоғары талдану-бірігу формасы. Талдау болмай, қабылданатын зат не құбылыстың мән жайына жету мүмкін емес. Мысалы, түсініксіз тілдегі ауызша баянның басы мен аяғын аңдау мүмкін емес, тұтасқан дыбыстық сарын. Ал енді осы баянды түсініп, қабылдау үшін оны бөлек тіркестер мен сөздерге мағынасына орай жіктеу қажет, яғни естіп тұрғанымызды дұрыс қабылдауымыз үшін талдаумен бір уақытта біріктіру әрекеті де жүріп жатады. Осының арқасында біз дараланған дыбыстарды ғана қабылдап қоймастан, тұтас сөздер мен сөз тіркестерін ұғамыз. Мұндағы бірігім уақытша жүйке байланыстарының түзілуімен жасалып отыр. Жалпы қабылдау жүйке байланыстарының екі түріне негізделген: бірінші байланыс түрі талдағыш төңірегінде түзілген де, екіншісіне – талдағыштар арасындағы байланыстар себепті. Бірінші жүйке байланысы ағзаға бір текті құрамды тітіркендіргіштердің әсер етуінен болады, мысалы, есту талдағышына әсер етуші жеке дыбыстардың ерекше бірікпесінен пайда болған ән-күй біртұтас күрделі тітіркендіргіш ретінде қабылданады. Бұл үлкен ми сыңарларында өтетін бірігу процесі мен күрделі синтездің болуынан.
Құрамды тітіркендіргіштердің әсерінен түзілетін жүйке байланыстарының екінші түрі әр түрлі талдағыштардың аралық байланысынан, заттар немесе кеңістікті қабылдау, көру, қозғалыс, сипап-сезу және басқа да түйсіктердің өзара байланысынан жүзеге келеді (И. П. Сеченев). Адамдағы бұл ассоциацияларға нақты зат не кеңістіктегі қатынастарды белгілейтін сөздің дыбыстық бейнесі қосылады. Заттардың көлемі мен жайласу аралығын қабылдауда көру түйсігі бұлшық еттер түйсігімен байланыспай болмайды.
Қабылдау негізінде жатқан уақытша жүйке байланыстары объектив дүние заттары мен құбылыстарының шындық арақатынастарының болуынан туындайды. Әр түрлі талдағыштар арасында орныққан байланыстардың жәрдемімен біз арнайы талдағышты болмаған заттар мен құбылыстар қасиеттерін де қабылдап, бейнелей аламыз (мысалы, зат аумағы, меншікті салмақ және т.б.). Түйсікке қарағанда қабылдау барысында біздің дүниені тереңірек қабылдап, дәлірек тануымыз осыдан.
Сонымен, қабылдау сынды бейне түзуші күрделі процесс негізінде бір талдағыштың өзіндегі және талдағыштар аралық байланыстар жататынын аңдадық. Осы байланыстар арқылы біз тітіркендіргіштерді жете танып, күрделі тұтастық құраған зат қасиеттерінің өзара ықпалды әрекеттерін ескереміз.
Ғылым болмыс жасауының екі түрлі формасы бар деп санайды. Олар – кеңістік пен уақыт. Бұл формалар шексіз. Уақыт пен кеңістікті түйсіну адамның тіршілік етуіне қолайлы жағдай жасап, дұрыс бағдар көрсетеді. Сол арқылы адам объектив дүниені бейнелегенде өзінің өмір сүретін ортасы жайында қажетті мәліметтерді біліп, тіршілік ету жағдайына бейімделеді.