Қазақ ағартушылығының тарихи алғышарттары және заңдылықтары мен негізгі ерекшеліктері.
Қазақ ағартушылығының басты ерекшеліктерінің бірі – қазақ ойшылдарының көзқарасындағы әлеуметтік бағыттың, сонымен қатар, адами экзистенция мәселесі мен адам болмысының өмірлік маңызды негізіне деген рухани ізденістің басым болуы. Қазақ ойшылдарының шығармашылығы астарында халықтың көзін ашып сауатсыздықты жою, ағартушылыққа қарай бет бұру идеясы жатыр. Қазақ ағартушылары әлемнің бірегей бейнесін ашып көрсетуге тырысты. Олар адам рухани кемелденбесе, оның кез-келген әрекеті өз мәнін жоғалтатынын айтады. Қазақтың ағартушылық философиясы жалпы ұлттық құндылықтар мен адамгершілік жауапкершілік туралы терең ойларға толы. Қазақ ағартушылары үшін руханият түсінігі – болмыстың терең мәні, адам бойындағы шынайы адамгершілікті анықтау, адамның өмір сүруінің мақсатын пайымдау. Қазақ ағартушыларының дүниетанымдық түсініктерінің рухани мәнін талдай отырып, қазақ даласындағы ойшылдардың философиялық идеялары өз кезеңінің уақыт кеңістігінен асып, бүгінге жеткенін көреміз. Сондықтан, олардың идеясы Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты жолдауында көрініс тапқан «Мәңгілік Ел» идеологиясы тұрғысында жаңа дүниетанымдық бағдарларын анықтап, рухани даму келешегі үшін ие болған мәнді әрі құнды құбылыс болып табылады. Қазақ ағартушыларының мәдениетке деген көзқарастарын тұтас әлеуметтік феномен ретінде талдау барысында мәдениет мәселесі көпжоспарлы мұраның ішкі бірлігін қамтамасыз ететін, біріктіретін толассыз құбылыс екендігі анықталады. Қазақ ағартушылары «мәдениетті» адамның іс-әрекетінің нәтижесі (рухани және материалды, екеуінің де жиынтығы) ретінде түсінді. Олар мәдениеттің гуманистік мәнін адамның шығармашылық күшінің жүзеге асуы ретінде қарастырып, олар жайлы терең ойлар айтты. Қазақ ағартушылары тәрбие үдерісіне аса мән берген, себебі олар Ұстаз институтын терең тұлғааралық байланысты жүзеге асыратын, шәкіртке сенім артатын институт ретінде қарастырды.
Достарыңызбен бөлісу: |