Синтагматикалық қатынас (синтагматика) – сөз бірліктері арасындағы қатынасты айқындайтын ережелер мен заңдылықтар жиынтығы. Фонемалардың жиынтығын – фонотактика, лексема жиынтығын – фразеология, сөйлемдердегі сөздер жиынтығын – синтаксис зерттейді. Әр деңгей бірліктері арасындағы байланыстың осы екі түрінен басқа үшінші иерархиялық байланыс бар. Сонымен, тілдің субстанциялық қасиеті жүйелілік және құрылымдық осы үш деңгейде байқалады. Осы үш деңгей бірігіп тіл жүйесін құрайды. Ол элементтердің төменнен жоғарыға қарай орналасуына байланысты. Мысалы, фонологиялық деңгей бірліктері қосылып орта деңгей бірлігіне айналады. Мысалы: с+т+о+л=жиһаз атауы; ш+ә+й+н+е+к=ыдыс аяқ атауы. Ал лексема басқа лексемамен қосылып, грамматикалық жағынан өңделіп, фраза, немесе сөз орамын құрайды. Мысалы, жазу столы, электр шәйнегі т.с.с. Ал фразалардан, сөздерден сөйлем құралады, ол сөзге айналады. Сонымен, тілдің негізгі субстанциялы қасиеті жүйелілік пен құрылымдылық. Олар жүйелі үш түрлі байланыста көрінеді: парадигматикалық, синтагматикалық және иерархиялық. Осы үш байланыс тілді сөйлеу құралы ретінде сипаттайды.
Сыртқы лингвистика Сыртқы лингвистика тілдің функционалды қасиеттерін зерттейді. Бұл қасиеттер «тіл және тілдік емес объектілер» жүйесінде қарастырылады. Аталмыш «объектілер» адаммен, оның биологиялық құрылымымен, өмір сүру формаларымен тығыз байланысты. Сыртқы лингвистика – ішкі лингвистика мен адамтану пәндерінің шекарасында пайда болған пән. Тілдің жүйелі құрылымы ретінде ғылымның адам туралы әр түрлі бөлімдеріне қатысына байланысты қазіргі тіл білімінде сыртқы лингвистиканың төмендегідей бөлімдері бар:
1) Биолингвистика (нейролингвисттика) – «тіл - адам биологиясы» қатынастарын, яғни тіл жүйесінің мидың қабатына әсерін зерттейді. Болмыстың тілдік бейнесі, оның ішінде сөзді айырып білу, нерв жүйесінің шеткі аймақтарынан – көру, есту және мидың орталық зонасына (Брок зонасы) шейін жүзеге асады, ал сөздің пайда болуы, кері бағытта, орталықтан шеткі аймақтарға өтеді. Биолингвистикада фонологиялық, лексикалық және грамматикалық нормалардан ауытқуына байланысты, тілдің парадигматика және синтагматика ережелерін сақтамаудан пайда болатын сөздің (тілдің) кемшілігін (афазия) зерттеуден өте құнды мәліметтер алынады. Бұл ауытқулар мидың қандай да бір жарақаттан, немесе миға қан құйылудан пайда болады. Биолингвистикалық мәліметтер билингвизмді зерттеуде өте маңызды: афазиядан кейін ана тілінде сөйлеу қасиеті жоғалады, бірақ та шет тілінде сақталып қалады, немесе, екі тілдің элементтері мен ережелері сақталған екі тілде аралас сөйлеу пайда болады;
2) Танымдық лингвистика (лат. cognescere ”танып білу, білу”) ”тіл - ойлау” қатынастарын, яғни адамның танымдық қызметінің нәтижесі мен үрдістері тіл мен сөйлеуде қалай көрінеді, ойлау категориялары тілдің идиоэтникалық категорияларымен қалай сәйкес келеді деген сұрақтарға жауап іздейді: ұғымның түрлері, концептер (сұлба (схема), сурет, фрейм және сценарий түрінде) және жеке сөздер мен сөз тіркестерінің мағынасы; пікір, пайымдау және ұсыныстар. Танымдық лингвистика туралы айтқанда негізгі екі түрлі үрдіс есте болуы керек. Олар: біріншіден, белгілі этностың ”әлемнің тілдік бейнесі” мен оның ерекшеліктері, екіншіден, қарым-қатынас кезіндегі менталдық үрдістер;