Лекция 5. Жоғары сатыдағы өсімдіктер ұлпалары. Ұлпалардың жалпы сипаттамасы және жіктелуі. Жіктелу принциптері. Түзуші ұлпалар (меристемалар). Негізгі ұлпалар
Лекция 5. Жоғары сатыдағы өсімдіктер ұлпалары. Ұлпалардың жалпы сипаттамасы және жіктелуі. Жіктелу принциптері. Түзуші ұлпалар (меристемалар). Негізгі ұлпалар. Өсімдіктер тарихи даму барысында қарапайым жасушаланбаған түрден, ядросыз, бір жасушалы эукариотты формадан құрылысы күрделі организмдерге айналды.Өсімдіктердің біркелкі болып келетін сулы ортадан жер бетіне ауысуы олардың біртектес вегетативтік денесінің белсенді түрде мүшелерге сабаққа, жапыраққа, тамырға бөлінуіне әкеліп соқтырды. Бұл мүшелердің, құрылысы әр түрлі болып келетін, алайда қалай болса солай емес, белгілі бір жүйеде орналасқан, бір-бірінен оңай ажыратылатын жасушалардың тобынан тұрады. Атқаратын қызметі бірдей және шығу тегі бір, морфологиялық жағынан біртектес болып келетін жасушалардың тобын ұлпа деп атайды.
Өсімдіктер әлемінің эволюциялық даму барысында құрылымы жағынан күрделі ұлпалар гүлді өсімдіктерде қалыптасты.
Ұлпа туралы ғылымның негізін салған белгілі италия ғалымы М. Мальпиги мен ағылшын ғалымы Н. Грю (1671 ж.) болған. Олардан кейін микроскопиялық техниканың даму барысында ұлпалар туралы көптеген жаңалықтар мен жаңа эксперименттік деректер жинақтала басталды.
1807 жылы фитогистолог Г. Линк өзінің зерттеулерінің нәтижесінде ұлпаларды жасанды түрде паренхималық және прозенхималық деп екі топқа бөлді. Бұл сипаттама әлі күнге дейін сақталып қалды. Ал П. Ван-Тигем (1891) ұлпаларды тірі және өлі ұлпалар деп бөлді. Олай бөлу заңды да еді, егер олардың атқаратын қызметтерін ескермегенде.
Алғашқы табиғи әрі нақты жіктеуді физиолог Ю. Сакс (1868) ұсынды. Ол морфологиялық ұқсастықтарын, физиологиялық ерекшеліктерін ескере отырып ұлпаларды үш топқа бөлді: жабындық, негізгі, өткізгіш. Олардың элементтеріне, өсімдіктер денесінде орналасуына, атқаратын қызметтеріне түсінік беріп кетті. Сонымен қатар ұлпалар туралы түсініктерді дамытуда С. Швенденер мен С. Габерландт (1879) өз үлесін қосты. Олар ұлпаларды физиологиялық қызметі тұрғысынан зерттеп өсімдіктер әлемінің анатомиялық және физиологиялық дамуына зор үлесін қосты. Бірақ олардың жіктеулерінің барлығы жасанды болғандықтан, бұл нақты ғылыми жүйе жасауға, тіпті ол туралы ғылыми пікірлер айтуға қиындықтар туғызды. Оның себебі біріншіден, белгілі бір жасқа келгенде ұлпа қызметін өзгертеді немесе алғашқы қызметтерінің кейбіреулері ғана сақталады. Екіншіден өсімдік ұлпаларының басым көпшілігі бір мезгілде екі, үш қызмет атқарады.
Соңғы ғылыми зерттеулердің нәтижелері бойынша ұлпаларды негізінен мынадай алты топқа бөледі: меристемалық (түзуші), жабындық, негізгі, арқаулық (механикалық), өткізгіш және бөліп шығарушы ұлпалар (15-кесте). Осылардың ішіндегі түзуші ұлпалардан басқалары түпкілікті ұлпалар.