Лекция 8. Жоғары сатыдағы өсімдіктердің вегетативтік мүшелерінің дамуы мен құрылысы. Тамырдың құрылысы Тамыр жоғарғы сатыдағы өсімдіктердің өстік, көп симметриялы жер асты мүшесі. Ол ұзақ уақыттар бойы тамыр меристемалары арқылы оң геотропизм бағытында ұзындыққа шексіз өсіп отырады. Тамырдың ұшын тамыр оймақшасықорғап тұрады. Тамырдың сабақтан негізгі айырмашылығы еш уақытта жапырақ түзбейді. Оның бұтақтануы, бүршіктенуі ішкі жағынан басталады (эндогенді). Тамыр әртүрлі физиологиялық және механикалық қызметтер атқарады: суды және онда еріген минералды тұздарды, кейде тіптен органиқалық заттарды да топырақтан өз бойына сіңіріп, сабаққа жеткізіп отырады. Өсімдікті жерге бекітіп тұрады, кейбір органикалық заттарды синтездейді, өсімдіктің топырақтағы микроорганизмдермен (саңырауқұлақтармен, бактериялармен) байланысын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар артық қор заттарының жиналатын орны болып табылады және өсімдіктің вегетативтік жолмен көбеюін қамтамасыз етеді.
ТАМЫРДЫҢ МОРФОЛОГИЯЛЫҚ ҚҰРЫЛЫСЫ Тамырдың алуан түрлілігі. Тамырды және тамырлар жүйесін негізінен шығу тегі, морфологиялық ерекшеліктері және экология тұрғысынан жіктеп бөледі
Шығу тегіне қарай тамырды үшке бөледі: кіндік, қосалқы және жанама тамырлар.
Кіндік тамыр, тек ұрықтың тамыршасынан пайда болады. Қосалқы тамырлар сабақтан, жапырақтан немесе олардың өзгерген түрлері – түйнек, жуашық және тамырсабақтарынан өседі. Кіндік тамыр мен қосалқы тамырлардан жанама тамырлар өседі. Соңғыларынан жанама тамырлардың екінші және одан кейінгі қатарлары ретінде тарамдалып жанама тамырлар өсіп шығады.
Формасы жағынан тамырлар алуан түрлі болады: жіп тәрізді, бау тәрізді, конус тәрізді, ұршық тәрізді, репа тәрізді және басқаша болып келеді.
Субстратқа қарай тамырларды: топырақтағы немесе жер асты, судағы, ауадағы және гаусторилер (паразит өсімдіктердің емшекшелері, 99-сурет) деп бөледі. Жер асты тамырлар толығымен немесе жартылай топырақ арасына орналасады. Мұндай тамырлар жоғарғы сатыдағы өсімдіктердің 70 пайызын құрайды. Су тамырлар су қабаттарында орналасады, су түбіне жетпейді (балдыршөп – Lemna т.б.). Ауа тамырлар атмосфералық ылғалды сіңіреретін тамырлар. Олар ылғалды тропикалық орманның эпифиттеріне тән Гаусториялы тамырлар негізінде өсімдіктердің денесіне еніп паразиттік тіршілік ететін тамырлар.
Жоғарыда келтірілген классификация тамырдың түрлерінің барлығын бірдей қамтымайды. Мысалы, қысқарып отыратын тамырлар (контрактильные корни) болады. Олар өсімдіктің сабағының түп жағын, бүршіктермен қоса топыраққа тартып ендірді. Сонымен бірге шашақ тамырларды бөлуге болады. Олар қысқа уақыт өмір сүретін жіңішке жіп тәрізді тамырлар. Әдетте мұндай тамырлар жердің бетіне жақын жерде маусымға байланысты немесе суғаруға байланысты ылғалдың артуынан пайда болады.
Тамырлар жүйесі – деп ұзындыққа өсудің және тарамдалудың негізінде пайда болатын барлық тамырлардың жиынтығын айтамыз. Тамыр жүйесінің негізгі үш түрі бар. Бірінші-кіңдік тамыр жүйесі, ол ұрықтың тамыршасынан пайда болады және кіндік тамырдан (өстің алғашқы қатары) және сонымен бірге одан кететін жанама тамырлардың әртүрлі қатарларынан тұрады. Мұндай тамырлар жүйесі жоғарғы сатыдағы өсімдіктердің ашық тұқымдылар бөлігіне және жабық тұқымдылар бөлімінің қос жарнақтылар класының басым көпшілік өкілдеріне тән.
Екінші - қосалқы тамырлар немесе шашақ тамырлар жүйесі. Онда негізгі тамыр нашар жетілген, қосалқы тамырлардан көлемі жағынан айырмасы болмайды және ол сабақ пен жапырақтың кез келген бөлігінен пайда болады.
Үшінші - аралас тамырлар жүйесі ол бір мезгілде қатар өсетін кіндік тамырдың және қосалқы тамырлардың жүйелері. Бұлар қос жарнақты шөптесін өсімдіктерде жиі кездеседі (60-сурет).
Тамырдың мөлшері өсімдіктің өмірлік формасына (ағаш, бұта, шөптесін өсімдік) және сыртқы ортаға (экологияға) байланысты болады.