Лекция тақырыбы: Кіріспе
Лекция жоспары:
Әдебиеттану ғылымы туралы түсінік. Әдебиеттің өнер ретіндегі ерекшелігі.
«Әдебиеттануға кіріспе» пәнінің мазмұны мен мәні.
Әдебиеттанудың негізгі салалары: Әдебиет тарихы, әдебиет теориясы, әдебиет сыны
4. Әдебиеттанудың қосалқы үш саласы: текстология және оның зерттеу объектісі; библиографияның әдебиеттану ғылымындағы маңызы, историографияның ғылыми функциясы.
Лекция мазмұны: Филология деген атаудың түп төркіні гректің «фило»-сүйіспеншілік, «логос»-сөз деген сөздерінен шыққан, сонда «сөзге сүйіспеншілік» деген мағына береді. Ал біз қолданып жүрген арабтың «әдебиет»деген сөзі «асыл сөз» деген мағына берсе, латынша «литература» жазу–сызу деген мағына береді екен.
Филология–адам баласының рухани мәдениетінің мәні мен тарихын жазба мәтіндерді тілдік және стилистикалық тұрғыдан талдау арқылы танып білуге негізделетін лингвистика, әдебиеттану, тарих, т.с.с. гуманитарлық пәндердің бірлестігі, жиынтығы. Филологияның негізгі тірегі–мәтін. Мәтінге баса назар аудара отырып, оған түсініктемелер бере отырып, филология адам болмысын, әсіресе, адамның рухани әлемін барынша жан–жақты танып–білуге ұмтылады.
Әдебиеттану – сөз өнерін зерттейтін ғылым. Бұл ғылымға бет(ашар тәрізді әдебиеттің табиғатына тән ең бір қарапайым қағидалар, ілкі түсініктер «Әдебиеттануға кіріспе» деп аталатын арнаулы пән арқылы талданып, тексеріледі. Одан арғы күрделі мәселелердің бәрі әдебиеттанудың өзге салаларының үлесіне қалады.
Әдебиет - өнер. Өнердің түрі көп: кескін өнері (живопись), мүсін өнері (скульптура), сәулет өнері (архитектура) т.б. Ал әдебиет қандай өнер? Әдебиет – сөз өнері.
Мүсіншінің құралы – саз балшық, суретшінің құралы – бояу, әдебиетшінің құралы – тіл. «Сөз әдебиеттің құрылыс материалы» (Федин).
Қоғамдағы сананың айрықша саласы - өнер десек, мұның жалпы адамзат мәдениетінен алар орны өзгеше, адамдардың парасат әлемінде атқарар қызметі орасан зор.
Өнердің көп салаларының ішінде ең бір қадірлісі әрі қасиеттісі – көркем әдебиет. Оның өнердің өзге түрлерімен әлгідей бірлігі бола тұра өзгешелігі де мол. Сөз өнері сурет пен музыка секілді жалпыға бірдей жетімді деу қиын; сөз – бояу немесе дыбыс емес, барлық халыққа бірдей түсінікті бола алмайды. Әр ұлттың өзгеден ерекше өз тілі бар; әдеби шығарма сол тілде ғана туады. Бұл – көркем әдебиеттің халықаралық өрісіне біраз бөгеу, тіпті тұсау екені рас. Бірақ мұның есесіне, әдебиеттің тілі музыка тілінен гөрі нақты, театр тілінен гөрі затты: симфонияны тыңдаушының бәрі нақты түсіне бермейді, театр сахнасында бүгін кеште жүріп жатқан спектакльдің ертеңгі ұрпаққа мұра болып қалғандай қолға ұстар затты дерегі бола бермейді, ал әдебиетте екеуі де – нақтылық та, заттылық та бар. Бейнелеу, сәулет, мүсін өнерлері затты, нақты болғанымен жансыз, қимылсыз, ал әдебиет кез келген шындықты қимыл, қозғалыс үстінде құбылта, құлпырта көрсете алады. Дәл осы тұрғыдан алғанда, сөз өнерін - бар өнердің басы, «өнер атаулының ең қиыны және күрделісі» (Бальзак), «ең жоғары түрі» (Белинский) десек, асырып айтқан болмаймыз. Қазақ халқының «өнер алды-қызыл тіл» деген білгір тұжырымы да тегіннен-тегін тумаған-ды.
Әдебиеттану – екі филологиялық ғылымның бірі – әдебиет туралы ғылым. Оның екіншісі –лингвистика, яғни тіл білімі туралы ғылым болып табылады. Осы ғылымдардың өзара ортақтастығы көп, өйткені екеуі де өздерінше сөздік құбылысты зерттейді. Сондықтан, олар соңғы жүз жылдықта филологиялық деген ортақ атаумен бір-бірімен тығыз біте қайнаса дамыды. Шын мәнісінде, әдебиетану мен тіл білімі – өздерінің алға қойған мақсаттарына орай бір-бірінен өзгешеленіп тұратын ғылымдар.
Тіл білімі сөздің кез келген құбылысын, дәлірек айтар болсақ, әлем халықтарының ауызекі және жазба тілінің даму ерекшеліктерін анықтау үшін адамдардың сөз қолдану құбылысын зерттейді. Ал, әдебиеттану болса, туындының мазмұн мен пішінінде көрініс беретін ерекшелігі мен заңдылығын түсіну үшін түрлі халықтардың көркем әдебиетін зерттейді. Солай бола тұрғанымен, әдебиет пен тіл білімі бір-біріне септесіп отырады. Сөздің басқа құбылыстарымен бірге көркем әдебиет тіл білімі үшін белгілі бір халықтың жалпы тілдік ерекшелігіне бақылау мен түйіндеу жасаудың ең маңызды материалы болып табылады. Көркем туынды тілінің ерекшелігі басқалар сияқты оның мазмұнының ерекшелігіне байланысты болып келеді. Әдебиеттану тіл біліміне өзінің тілдік өзгешелігіне сай болып келетін көркем әдебиеттің мазмұндық ерекшелігін түсіну үшін көп нәрсе береді. Бірақ әдебиеттану өз жағынан көркем туындының пішінін зерттеуде осы шығарма жазылған тілдердің ерекшелігі мен тарихын аттап өте алмайды. Тап осы арада оған көмекке тіл білімі келеді. Бұл көмек оның әдеби дамуының қилы кезеңін зерттеуде түрлінше болып келеді. Көркем әдебиеттің өзегіне (предметіне) тек қана көркем әдебиет емес, ауызша және жазбаша барша әлемдік көркем сөз жауһарларының бәрі жатады. Халықтардың ертеректегі тарихи дамуында «әдебиет» тіптен болған жоқ. Әр халықта әдебиет олардағы жеке жазба үзіктерінің немесе тұтас сөздік туындыны таңбалай алатын төл немесе өзгеден алған жазу түрлерінің пайда болуымен бірге өмірге келді. Жазу пайда болғанға дейін немесе игерілгенге дейін барша халық өзінің сөздік туындыларын ауызша шығарып, бір-біріне ұжымдық сана негізінде ауызша таратып отырды. Тап осындай негізде ертегілер, аңыздар, әндер, жұмбақтар, мақал-мәтелдер т.б. өмірге келді. Ғылымда халық ауыз әдебиетінің туындыларының бәрі – фольклор деп аталады. Фольклор көркем әдебиетпен қатарласа дамиды, әрі оған өзінің ықпалын әр кез тигізіп отырады. Фольклор біздің кезімізде де бар. Сонымен бірге әдебиет әр тарихи кезеңде өзінің өмір сүруі мен таралуының түрлі мүмкіндіктеріне ие болды. Халықтар өз мемлекеттілігін құрған кезде тәуелсіздігінің бір белгісі ретінде жазуға қол жеткізді. Бірақ олар өздерінің сөздік туындыларын көпке дейін басып шығара алмады. Алдыңғы қатарлы Батыс Еуропа елдерінде ХV ғасырда баспа ісі өркен жая бастады. 1440 жылы Алманияда Иоганн Гутенбург баспа станогын ойлап тапты. Ресейде ІV Қаһарлы Иванның тұсында Мәскеуде Иван Феодров 1563 жылы өз баспаханасын ашты. Бірақ оның бұл бастамасы аяқсыз қалып, Ресейдегі баспа ісі тек І Петрдің тұсында ХVІІІ ғасырда ғана алға баса бастады. Көлемді туындыны көшіріп жазу өте қиын және ауыр іс болды. Онымен көшірушілер айналысты, олар көбіне дін адамдары еді. Олардың бұл еңбегі ұзаққа созылатын, әрі туындының өте көп көшірмелері (тізбесі) болды. Олардан тағы да көп тізбелер көшірілді. Оның үстіне көбіне түпнұсқамен байланыс үзіліп, көшірушілер өз тарапынан еркіндікке жол беріп, алатынын алып, қосатынын қосып, кейде тіпті өрескел қателіктерге орын беріп, ойына келгенді істейтін еді. Көшірмешіден көшірмеші көшіріп, шынайы автордың есімі естен шығарылатын. Мысалға, «Игорь жасағы туралы жырдың» авторы әлі күнге дейін түбегейлі анықталған жоқ. Сол себепті, ежелгі және орта ғасыр әдебиетін ғылыми зерттеу өте қиын. Ол көне кітапханалардың қоймасы мен мұражайлардан қолжазбаларды табуды және оларды түрлі тізімдер мен туындының редакциялануларын салыстыруды, мезгілін анықтауды талап етеді. Туындының мерзімін анықтау ол жазылған тізімдердегі жазу мәнерін, көшірмешінің құснихатын, автордың тілдік ерекшелігін, туындыдағы бейнеленген және атап өтілген фактілер, адамдар, оқиғалар т.б. материалдарды зерттеу жолдарымен жүзеге асады. Осы арада тіл білімі әдебиеттануға көмекке келіп, белгілі бір тілдің даму тарихындағы білімді ұсынып, таңбалар мен жазбалардың мән-мәнісін ұғындырады. Осының негізінде филологиядағы дербес ғылым саласы – палеография (гр. palaios –көне, grapho –жазу) өмірге келді. Түрлі халықтардың ежелгі және орта ғасырдағы жәдігерлерін тіл білімі мен палеографиядағы терең білімсіз зерттеу мүлде мүмкін емес. Соңғы жүз жылдықта әдебиетті зерттеу үшін тіл білімінің көмегі өте қажет. Әдеби туындылар өмірге келген және келіп жатқан түрлі халықтардың әдеби тілі кешеуілдеп пайда болып, бірте-бірте тарихи жолмен дамиды. Онда лексикалық құрам мен грамматикалық құрылым өзгеріске түсіп, бір сөз ескіріп, басқасы өзге мәнге ие болып, жаңа тілдік айналым қолданысқа енді де, синтаксистік құрылымдар жаңаша қолданыла бастады т.с.с. Оның үстіне, қаламгерлер көбінесе өздерінің туындыларында белгілі бір мәнерде (қатысушы кейіпкерлердің сөзінде, әңгіме айтушының хикаясында) бір халықтың әдеби тіліндегі лексикасы мен грамматикасынан өзгешеленіп тұратын жергілікті әлеуметтік диалектілерді де қолданады. Лингвистиканың біліміне арқа сүйей отырып, әдебиеттанушылар көркем туындыны қарастырған кезде осының бәрін ескеруге тиісті. Дегенмен, көркем туындының өмірге келуі мен баспа бетін көруі өте күрделі процесс болып табылады. Кейбірде жазушылар өздерінің туындыларын бірден дүниеге әкеле салмайды, ұзақ уақыттарын сарп етіп, оған түзетулер мен өзгерістер енгізіп, туындының бір емес бірнеше нұсқасын жазып шығады. Мысалға, бізге белгілісі Лермонтовтың “Демон” поэмасының бірнеше нұсқасы мен Гогольдің “Тарас Бульба” мен “Ревизорының” екі рет өңделгендігі, С.Мұқановтың «Сұлушашты» бірнеше рет қайта жазғаны. Кейбірде белгілі бір себептерге байланысты қаламгерлер өздерінің туындыларын басқа біреудің редакциялауына және баспаға басуға дайындауына береді. Ал, олар болса, өз кезегінде өз көзқарастары мен талғамдарына байланысты мәтін бойына өзгерістер енгізеді. Тургенов Феттің өлеңдеріне редакция жасаған кезде оны өзінің эстетикалық талабына орай өзгертті. Катков “Русский вестник” журналына Тургеновтің “Әкелер мен балаларын” жариялағанда түпнұсқа мәтінді бұрмалап, патша үкіметінің саясатының ығына жығылды. Өте жиі автордың бір туындысы көзі тірісінде, сондай-ақ өлгеннен кейін бірнеше рет түрлі редакциялануда баспа бетін көреді. Осылайша, Лев Толстой “Соғыс және бейбітшілік” романын үш рет мәтіндік түрлі өзгерістермен басып шығарды. «Адасқан өмір» «Мөлдір махаббат» болып қайта басылып шықты. Көбінесе цензура жазушы мен редактордан мәтіндік өзгерістер мен қысқартуларды талап етті немесе жекелеген туындылардың жарық көруіне мүлде тыйым салды. Онда туынды қолжазба күйінде қаламгердің мұрағатында, журналдарда, баспаларда қалып, кейінірек баспа бетін көрді немесе авторынсыз басылды, не болмаса, шетелде, басқа елде жарыққа шықты. Әлі күнге дейін Пушкиннің “Сібірге арнауына” жауап ретінде жазылған өлеңнің авторы – А.Одоевский немесе жер аударылған декабристердің әлдебірі екендігі – толықтай анықталған жоқ. Чернышевскийдің “Пролог” романы қаламгердің айдауда жүрген кезінде жазылып, Ресейде жарыққа шыға алмай, араға ұзақ жылдар салып, Лондонда баспа бетін көрді.
Әдебиеттанушылар өте жиі мәтіннің түпнұсқалығын, оның толықтылығы мен аяқталғандығын, оның автор еркі мен ойға алуына сай келетіндігін, басқаға емес, тап сол авторға тән екендігін т.б. анықтауда ауыр да, күрделі еңбек етуге тиіс. Сондықтан, әдебиеттанудың құрамындағы ерекше ғылым саласы – мәтінтаным (текстология) туды. Егер әдебиеттанушы ежелгі және орта ғасыр әдебиетін зерттейтін болса, онда ол соған сай келетін лингвистика мен палеография саларын жете меңгеруге тиісті болса, ал, жаңа және заманалық әдебиетті зерттеуші әдебиеттанушылар лингвистикалық зерттеулер мен мәтінтанымның деректеріне иек сүйеуге тиіс. Онсыз олар туындыны ұғыну мен бағалауда өрескел қателікке жол беріп алады.
Әдебиет туралы ғылым, негізінен, мынадай үш түрлі ғылыми салаға бөлінеді: әдебиет теориясы, әдебиет тарихы және әдебиет сыны.
Әдебиет теориясы көркем әдебиеттің болмысы мен бітімін, әдеби шығарманың сыры мен сипатын, әдеби дамудың мағынасы мен мәнін байыптайды. Әдебиеттің өзіне тән ерекшелігін, оның қоғамдық қызметін, көркем шығарманы талдаудың принциптері мен методикасын, әдеби жанрлар мен оның түрлерін, өлең жүйелерін, тіл мен стиль, әдеби ағым мен көркемдік әдіс мәселелерін түп-түгел тек әдебиет теориясынан ғана танып-білуге болады.
Сонымен, әдебиет теориясын білмей, қандай да болса әдеби құбылысты нәзік түсіну, шынайы сөз өнерінің шындық өмірге қарым-қатынасын білу, әдебиеттің өсіп өрбуіндегі заңдылықты ұғу, керек десеңіз, бүкіл ілгерішіл адам баласының жалпы көркемдік дамуындағы сыр-сипатын тану мүмкін емес.
Әдебиет теориясының ереже секілденген эстетикалық қағидалары мен қисындары - әншейін ойдан туа салған нәрсе емес, әдебиет тарихы арқылы табылып, тексеріліп, жүйеленген ұшан-теңіз нақты әдеби деректерді терең талдау, пайымдау нәтижесінде қорытылған толғамдар, түйін-тұжырымдар.
Әдебиет тарихы, сөйтіп, жеке алғанда, бір елде, жалпы алғанда, бүкіл адам баласының тарихында көркем әдебиеттің қалай пайда болғанын, қайтіп қалыптасқанын, қандай жолдармен дамығанын зерттейді. Қай халықтың болсын, ерте замандағы сәбилік шағында, жазу-сызуы жоқ кезінің өзінде ауыз әдебиеті өрбігені, одан ілгерілей келе жазба әдебиеті туып, дамығаны мәлім. Әр халықтың осындай көркемдік даму сапарын саралайтын да, сын көзіме сұрыптап, сарапқа салатын да әдебиеттің тарихы. Сонымен қатар бұл ғылым әр дәуірдің әдеби нұсқасына тарихи тұрғыдан қарап, оның сапасын сол тұстың сана сатысына, ой өрісіне байланыстыра тексереді. Олай етпей, ауыз әдебиетінің нұсқалары болсын, жеке жазушылар творчествосы болсын, әділ бағаланып, әдеби дамудағы өзіне лайық орнын алуы мүмкін емес. Әдебиет тарихын зерттеушілерге ең басты талап дәл осы тұрғыдан қойылады.
Әдебиет сыны әрқашан дәл өз тұсындағы әдебиеттің тірі процесіне белсене араласып, нақты әдеби туындыны жан-жақты талдау, оның идеялық – көркемдік құнын белгілеу, өз кезінің эстэтикасы үшін мәні мен маңызын анықтау арқылы, бір жағынан, жазушыға жазғандарының бағалы қасеттерін, ерекшеліктері мен кемшіліктерін көрсетіп, оның творчестволық өсуіне тікелей қолқабыс жасаса, екінші жағынан, оқырманды оқығандардың байыбына барып, оны жете түсініп, дұрыс бағалауға баулиды. Бұл ретте, сыншыны жазушы мен оқырманның екеуіне ортақ – ара дәнекер десе де болар еді. Бірақ бұл аз. Сыншы – қалың оқырманның өскелең талабы мен талғамының жаршысы, әдеби құбылысты жалпы мемлекеттік мүдде тұрғысынан пайымдайтын қоғамдық ой – пікірдің озғын өкілі.
Әдебиет туралы ғылымның жоғарыда сөз болған негізгі салаларынан басқа жанама тараулары да бар. Олар – текстология, историография және библиография.
Текстология - әдеби туындылардың тексін (мәтінін) зерттеп, танудың принциптерін мен әдістемесін жинақтайтын арнаулы ғылыми пән. Текстология көркем шығарманың тұрақты тұпнұсқасын белгілейді, оның автор қолымен жасалған ақтық редакциясын анықтайды, әр алуан вариантын өзара салыстырады, әр басылымын автографпен салыстырады, текстің автор еркінен тыс қысқарған жерлері немесе бөгде қолмен орынсыз өзгертілген тұстары болса, қалпына келтіреді, тұпнұсқаны көшіріп басқандар мен әріп терушілер тарапынан кеткен, ең арғысы, емле қателері болса да ұқыппен түзеп отырады.
Историография - әдебиет теориясының, тарихының, сынының ғасырлар бойы тарихи дамуы туралы дәйектемелер мен деректер, мәліметтер мен материалдар жинағы. Мұның өзі, көбіне, бірыңғай ғылыми мақсат үшін керек. Әдебиеттің теориясына, тарихына, не сынына қатысты қандай арнаулы мәселе болсын, оны зерттеудің көлемі мен тереңі, мәні мен маңызы сол мәселенің историографиялық материалының мөлшері мен мазмұнына қарап белгіленеді.
Библиография – көркем әдебиеттің өзіне және әдебиет туралы ғылымға байланысты көрсеткіштер мен анықтамалар, шолулар мен сілтемелер жиынтығы. Бұл да, көбіне, ғылыми мақсат үшін керек. Әдебиет пен әдебиеттану тарапындағы қандай арнаулы зерттеулер болсын, оған қажет нақты материалдардың – текстер мен тексерулердің, сын – мақалалар мен зерттеу еңбектерінің бәрін библиографиялық көрсеткіштер мен анықтамалар арқылы іздеп тауып, пайдалануға болады.
Әдебиеттер:
Қалшабек А. Әдебиетгануға кiрiспе . Оқу құралы. - Астана: Фолиант, 2016
Секей Ж. Әдебиеттануға кiрiспе . Электронды оқу құралы. - Семей , 2014
Жүсiп К. П. Сөз құдыретi. Монография. - Павлодар, 2015
Жанұзақова К. Әдебиеттануға кiрiспе. Оқу құралы. - Алматы: Қыздар университетi, 2013
А.Н.Поспелов, П.А.Николаев, И.Ф.Волков. Әдебиеттануға кіріспе. ЖОО студенттеріне, магистранттарына арналған электронды оқулық. Аударған: Әліәкбар Ә-С.-Семей :«Аймақ» баспасы, 2009-249бет. ISBN 9941-882-77-1
6. Ахметов З.Өлең сөздің теориясы. Алматы 1973.
7. Байтұрсынов А. Әдебиеттанытқыш. А. 1989.
8. Әдебиеттану. Хрестоматия. А. 1991.
9. Қабдолов З. Сөз өнері. А. 2002.
10. Әдебиеттану терминдерінің сөздігі. Құрастырған Ахметов З. Шаңбаев А. 1996.
Достарыңызбен бөлісу: |