Лекцияның мақсаты мен міндеттері: Ислам дінінің түркі халықтарының өміріне ене бастауы. IX-XII ғғ. Түркістандық ғалымдар мен ойшылдар: Абу Насыр әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашқари, Қожа Ахмет Яссауи, Сүлеймен Бақырғани және т. б. Олардың қалдырған мұраларының маңызы мен ортағасырлық мәдениетте алар орны туралы түсіндіру, талқылау, талдау жасау.
Лекция мазмұны:Х ғасырдан бері қарай Оңтүстік Қазақстанда ислам діні кең дами бастады. Сайрам, Отырар, Түркістан тағы басқа қалаларда діни медреселер салынып, ғылым-білімге кең жол ашылады. Әдеби және ғылыми шығармалар араб тілінде жазылды. Әбу Насыр әл-Фараби (870-950 жж.) Отырар қаласында туған. Осы қалада қыпшақ тілінде білім алған. Араб тілін Исфахан, Бағдат, Дамаск (Шам) қалаларында игерген. Ол дүние жүзінде Аристотель сынды ғұламалармен теңдес ойшыл ретінде танылды.
Шығыстың аса көрнекті ғалымы Әбу Насыр әл-Фараби өз шығармаларында араб, парсы, грек, үнді, түрік мәдениетінің жетістіктерін талдап, жақындастыра білді. Мұны “Үлкен музыка кітабы” атты еңбегінен де байқауға болады. Сайып келгенде, әлФараби “Қайырлы қала тұрғындарының кітабы”, “Дүниедегі қозғалыстардың тұрақтылығы”, “Өлең сөз және шешендік туралы”, “Өлең өнерінің қағидалары туралы трактат”, “Логика” т.б. еңбектері ғылым тарихында өзіндік орны бар дүниелер. Білімнің әр түрлі салаларын қамтитын 160 трактат жазған. Ол 80 жасында Шам шаһарында қайтыс болады.
Қожа Ахмет Ясауи (1103-1167 жж.) Сайрам қаласында туған. Әкесі Ибраһим атақты ғұлама адам болған. Шешесі Мұса шайқының қызы Айша. (бір деректерде - Қарашаш). Алғаш әкесінен оқып сауатын ашып, кейінірек ислам дінінің шариғатқағидаларын үйренген. Бала кезінен Ясы қаласын мекен етеді. Бұхара қаласында Юсуф Хамаданидан діни білім алып, Ясыға оралады. Мұнда ол сопылық ілімнің насихатшысына айналады. Арыстан бабты пір тұтады. Қожа Ахмет Ясауиден қалған мұра оның “Даналық кітабы”, “Диуан-и хикмет” болып табылады. Кітап түрік тілінде араб әліппиімен жазылған. Бұл еңбекте адамды даналыққа, адалдыққа, кіші пейілділікке, имандылыққа шақырады. Ахмет Ясауидің жолын қуған шәкірттерінің бірі ел ішінде Хакім ата аталған Сүлеймен Бақырғани.
Жүсіп Баласағұни (1021-1075 жж.). Ғұлама Шу өзені бойындағы Баласағұн қаласында туған. Толық аты Жүсіп Хас Хажип Баласағұни. Білімді Фараб (Отырар), Қашғар, Бұхара қалаларынан алады. Араб, парсы тілдерінде еркін сөйлеген. Өзінің атақты философиялық-диалектологиялық “Құтты білік” дастанын Қарахан әулетінен шыққан Тағаш Қара Боғраханға арнады. Бұл үшін ақынға Хас Хажип (Сарай министрі) атағы берілді. Ол өзінің атақты “Құтты білік” атты еңбегімен белгілі. Бұл еңбек алғаш рет түрік тілінде жазылған. “Құтты білік” - ХІ ғасырға дейінгі түрік тілді халықтардың қоғамдық ой-санасында орын алған, терең мазмұнды ғылыми еңбек. Поэманы 1896 ж. К. Керимов Өзбек тіліне аударды. 1971 ж. Н. Гребнев “Бақытты болу ғылымы” деген атпен еркін аударма жасады. Ал 1983 ж. С. Н. Иванов “Благодатная знание” деген атпен орыс оқырмандарына ұсынды. Ал 1986 жылы бұл дастанды ақын А. Егеубаев қазақ тіліне аударды. “Құтты білік” поэмасы түрік тіліндегі энциклопедиялық шығарма болып табылады.
Кітапқа көшпенділер тұрмысы мен аңшылық өнерін көрсететін нақыл сөздер, мақал-мәтелдер, тұрақты сөз тіркестері енген. Жүсіптің ақын ретінде де, ғалым ретінде де атын шығарған еңбегі “Құтты білік”, “Құтадғу білік” атты дидактикалық поэмасы. Жүсіп Баласағұн “Құтты білікті” 1069-1070 жылдары Баласағұн қаласында бастап, он сегіз айдың ішінде Қашғар қаласында аяқтаған.
Ал түрік тілдес тайпалардың бір-біріне жақындығын белгілі ғұлама Махмұд Қашғари зерттеді. Махмұд Қашғаридің (10301090 жж.) шын аты Махмұд Хусейн ибн Мұхаммед Қашғари. Әкесі Қашғар қаласында туған. Махмұд алғаш Қашғар қаласында, кейіннен Орта Азия мен Иранның ірі қалаларында білім алады. Араб тілін жетік білген. Махмұд Қашғари үш кітаптан тұратын “Түрік тілдерінің сөздігі” (“Диуани луғат ат-түрік”) атты мәңгі өшпес мұра қалдырды. Бұл кітап түрік дәуірінде өмір сүрген тұрік тайпалары сөздерінің жиынтығы. Бұл кітапта бүгінгі ғалымдар сол кездегі түріктердің мекен жайларының атыжөні, олардың тарихы, этнографиясы, ауыз әдебиеті жайлы көптеген мағлұматтар алады. Бұл еңбекте тарихшылардың назарын өзіне аударған шығармадағы дүние жүзінің түрікше картасы. Кітапта 400 мақал- мәтел бар. М. Қашғари оны 1072-1074 жылдары Халиф Әл-Мұқтадиға арнап құрастырған.