Байланысты: Қазақстанның ежелгі және ортағасырлар тарихы
Қазақ халқының құрылуының негізгі кезеңдері және этнос ретінде қалыптасуының аяқталуы. Моңғол шапқыншылығы салдарынан Қазақстан жерiндегi ру-тайпалардың арасындағы тарихи қалыптасқан жағрафиялық ортақтастық пен мәдени-экономикалық байланыстар бұзылды. Моңғол басқыншылары көптеген қалалар мен елдi мекендердi, егiншiлiк ошақтарын талқандап, өлкенiң өндiргiш күштерiн күйзелттi. Мұндағы экономикалық және мәдени байланыстарды үздi. Көптеген бейбiт халық: егiншi, малшы, зергер тағы басқа да кәсiп иелерi қырылды. Iрi ру-тайпалардың бiрсыпырасы қоныс аударуға мәжбүр болды. Мәселен, қыпшақтардың бiр бөлiгi Солтүстiк Қазақстан мен Батыс Сiбiрге көштi. Моңғол феодалдарының, Шығыс Қазақстан мен Жетiсуда таңдаулы жайылымдарды тартып алуы, әсiресе, жергiлiктi халықтың жиi-жиi ығысуына әсерiн тигiздi. Моңғол әмiрлерi өз үстемдiгiн берiк ұстау үшiн жаулап алған елдердi ұлыстарға бөлiп, этникалық жағынан туыстас жергiлiктi халықты бiр-бiрiнен бөлiп тастауға тырысты.
Қазақстан жерiнде қаншалықты жойқын шапқыншылық болғанымен, халық болып қалыптасудың негiзгi шарты - тiл бiрлiгi жойылмайды. Қайта, керiсiнше, уақыт өткен сайын моңғол шапқыншыларының өздерi өз тiлдерiнен айырылып, жергiлiктi ру-тайпалардың қалыптасқан түркi тiлiне, әдет-ғұрпына, салт-санасына көшiп, ХIV ғ. өзiнде-ақ толық түркiленiп кетедi. Бiрақ бұл кезде бұрынғы екi үлкен расаның /нәсiлдiң/ байырғы еуропеидтік және кейiн қосылған моңғолоидтық нәсiлдердiң күрделi араласу нәтижесiнде қазiргi қазақ халқы құрамының /антропологиялық, этникалық және лингвистикалық негiзде/ бiрыңғай тұтас қосындысы /қорытпасы/ келiп шығады.
Алайда, бүкiл Қазақстанның жерiнде өмiр сүрген ру-тайпалар түркi тiлiнде сөйлегенiмен территориялық бөлiнуге ұшырап, Моғол, Әбiлхайыр, Ноғай, Көшiм хандықтарының қол астында өмiр сүрiп жатты. Олар саяси, мәдени және экономикалық жағынан бытыраңқы болды. Атақты "92 баулы қыпшақ" атты шежiреде көрсетiлген бұл ру-тайпалардың барлығы кейiн қазақ халқының құрамына кiрген.
Оңтүстiк Қазақстан мен Жетiсудың оңтүстiк-батыс территориясы баяғыдан берi қазақ халқының құрылып, қалыптасуының басты этникалық орталығына айналды. Мұнда Қазақстанның аса iрi екi этникалық қауымдастығының тоғысқан жерi жатты. Олар – Орталық, Солтүстiк және Оңтүстiк Қазақстандағы Қыпшақ тайпалар одағы мен Оңтүстiк-шығыс Қазақстандағы Үйсiн тайпалар одағы, бұларға Сырдарияның төменгi ағысы арқылы Кiшi жүз тайпалары келiп қосылды. ХV ғ. екiншi жартысынан бастап, осы бiр қалыптасқан халық өздерiнiң көршiлерi арасында "қазақ" деген атпен белгiлi болған.
Қазақ этнонимiнiң туу тарихы ұзақ уақыт бойы зерттеушiлердiң қызу айтыстарының тақырыбына айналған. Ол халықтың өзiнiң шыққан тегi туралы туғызған көптеген аңыз-әңгiмелерiнде сөз болады. Кейбiр деректерде бұл термин әлеуметтiк мәнiнде қолданылған "қашақ" деген атаудан шықты деп есептейдi. Немесе "қазақ" атауы Жәнiбек пен Керей бастап Жетiсуға бөлiнiп көшiп кеткен рулық одақтарды бiлдiру үшiн бастапқы кезде "өзбек-қазақ", кейiн "қазақ" түрiнде пайдаланылған деп пайымдалады. "Қазақ" терминi 1245 жылы Мамлюк мемлекетiндегi қыпшақтардың ортасында жазылған ерте қыпшақ жазба ескерткiштерiнде /түрiк-араб сөздiгiнде/ кездеседi. Мұнда "қазақ" деген сөз "басы бос-кезбе" деген мағына бередi. Бұл семантикалық ұғым бойынша "қазақ" терминiне әлеуметтiк мағына берiледi, яғни еншiсi бөлек, үлкен ұлдардың ата шаңырақтан бөлiнiп уақытша ру, тайпалардан кетiп, күнкөрiс үшiн әскери жорықтарға қатысуын санаған.
Кейде бұл термин ертедегi екi тайпалық /каспий және сақ/ одақтардың атынан шыққан деп жорамалдайды. Ал кейбiр тарихшылар "хас" – нағыз және "сақ" деген сөзден құралған деп болжам жасайды. Қалай дегенде де "қазақ" этникалық терминнiң ғылыми тұрғыдан дәлелденiп, тұрақты бiр шешiмi әлi жоқ.
Сонымен, қорытып айтқанда, қазақ халқының этнос болып қалыптасуы өте ұзақ процесс. Ол 2,5-3 мың жылды қамтитын күрделi және ұзақ даму жолынан өткен. Қазақ халқының халық болып қалыптасуының басты алты кезеңiн бөлiп көрсетуге болады. Бiрiншi кезең – сақ және сармат дәуiрi, шамамен бес ғасырды қамтиды /б.з.д. VII-II ғғ./. Екiншi кезең – үйсiн, қаңлы және ғұн дәуiрi /б.д.д. III ғ. – б.д. IV ғ./. Үшiншi кезең – түрiк дәуiрi /542-702 жж./. Төртiншi – қыпшақ және қарлұқ дәуiрi /IХ-ХIII ғғ./. Бесiншi – моңғол дәуiрi /ХIII ғ. басы – ХIV ортасы/. Алтыншы – Алтын Орда тарағаннан кейiнгi мемлекеттер дәуiрi /ХIV ғ. ортасы – 1465 ж./. Мұның барлығы әзiрше алынып отырған бөлiнулер кезеңi, бұл маңызды тарихи проблема өзiнiң одан әрi қарай ғылыми тұрғыдан тереңiрек зерттеулерiн талап етедi.
Қазақ халқының ұлт ретінде құрылуы этникалық-әлеуметтік организмдер ретінде халықтардың қалыптасуының жалпы заңдылықтары негізінде, таптық, феодалдық қатынастардың қалыптасуымен және нығаюымен байланысты.
жалпы тіл бірлігінің болуы;
жалпы аймақтық бірлігінің қалыптасу;
материалдық, шаруашылық қатынастары;
рухани мәдениетінің және психикалық ортақтығының қалыптасуымен байланысты жүзеге асты.
Бұл жағдайлардың пайда болуына Қазақ хандығының құрылуы негіз болды. XV ғасырдың соңғы отыз жылы – бұл Қазақстан мен Орта Азия тарихындағы ірі-ірі саяси оқиғалар болған уақыт. Қазақ хандығы күшейе түсті, қазақ хандарының Сырдариядағы қалалар мен олардың төңірегіндегі кең байтақ далалар үшін күресі шиеленісе түсті, шын мәнінде бірнеше феодалдық иеліктерге бөлінген Моғолстан барған сайын әлсірей берді. Темір ұрпағының да әскери қуаты, олардың ықпалы біртіндеп құлдырай түсті. Аймақтағы саяси жағдай ең алдымен экономикалық факторлардың бүкіл әрекетін – көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығының отырықшы егіншілікпен өзара байланысын қалпына келтірудің қиындығы мен қажеттігін, феодалдық топтардың қолөнер, сауда және олар арқылы өтетін сауда жолдарының орталығы ретінде Сырдария өңіріндегі қалаларды жеке дара билеуге ұмтылуын бейнеледі. Сонымен бірге Сырдария өңіріндегі қалалар, олардың төңірегіндегі көшпелі жұрт мекендеген жерлер үшін, Жетісу территориясы үшін күрес қазақ, өзбек, қырғыз халықтарының этникалық территориясының қалыптасу барысын, қазақстандық-ортаазиялық регион территориясындағы этникалық процесстердің тоғысуы күрделіленгенін көрсетті.
Оңтүстік және Орталық Қазақстанды билеу үшін Шайбанилықтармен күрескен қазақ хандарының нақты күші болғаны сөзсіз, олардың төңірегіне көшпелілердің едәуір бұқарасы топтасты. Олардың Жетісуда берік сүйеніші болды. Әбілқайыр ханның мұрагерлеріне тек Сырдария өңіріндегі территорияларға иелік ету жолындағы бақталастықпен шектелуіне, бұл үшін Темір әулетінің, моғол хандарының, маңғыт мырзаларының көмегіне сүйенуге тура келді.