Лекция қр конституциялық құқығының негіздері Конституциялық құқық түсінігі, пəні жəне конституциялық құқықтық қатынас түсінігі, қайнар көздері


-ЛЕКЦИЯ Жер құқығы құқық саласы ретінде, ғылым саласы ретінде және оқу пәні ретінде түсінігі



бет2/37
Дата29.04.2023
өлшемі150,41 Kb.
#88443
түріЛекция
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   37
Байланысты:
дәрістер жиынтығы 2

2-ЛЕКЦИЯ
Жер құқығы құқық саласы ретінде, ғылым саласы ретінде және оқу пәні ретінде түсінігі
Адам қоғамының барлық өмiрiнде, оның қалыптасуы мен дамуында жер өте маңызды роль атқарған. Жер – табиғаттың берген сыйы ретiнде, адам қоғамының пайда болуына дейiн болған. Бiрақ, жер өзiнiң еңбектiң жалпы заты қызметiн атқаруы үшiн мiндеттi түрде оны бiреу иемденуi қажет және өндiрiстiк процесiн жүзеге асыруы қажет.
Мемлекетіміздің басты байлығы – оның экономикалық және әлеуметтік қолайлы негізі болып табылатын жер ресурстары. Қазақстан Республикасындағы саяси және экономикалық құрылысты реформалау процессі жер қатынастарын түбегейлі өзгерту және мемлекеттің тікелей бақылауы мен басқаруы арқылы жер реформасын жүргізу қажеттілігін туындатып отыр. Сонымен қатар, нарықтық экономикаға өту жердің негізгі өндіріс құралы, аумақтық кеңістіктің негізі және маңызды табиғи объект ретінде жердің басты функцияларын сақтай отырып, жерге әртүрлі меншік нысандарын, жер пайдалану құқығының ақылығын енгізу және жерді заңды түрде азаматтық және шаруашылық айналымның объектісі ретінде тану қажеттілігін объективті түрде туындатып отыр.
Қазіргі кезде жердің экономикалық маңыздылығы өте жоғары деңгейде. Жер адам қоғамының кез-келген шаруашылық қызметінің және өмірінің негізі. Жердің экономикалық қасиетімен қатар, экологиялық маңыздылығында ескеру қажет. Жер – қоршаған ортаның ажырамас бөлігі, табиғи ресурс.
Жер – тұтастай алғандағы адамзат үшін қажетті және басты материалдық ресурс болып табылады. Аталған бұл термин көп қырлы болып табылады және бірнеше мағынада қолданылады:

  1. Жер кең мағынада алғанда Жер шары ретінде түсініледі.

  2. Жер адамның өмір сүретін ортасы және табиғи байлықтардан, жер бедерінен, ландшафттардан құралатын Жер шарының қабаты ретінде.

  3. Жер жер құқығының реттеу пәні ретінде. Бұл тұста біз жер деген түсініктің астарынан табиғи ресурстарды, ауыл және орман шаруашылық өндірістерінің басты өндіріс құралы, құрылыстар, құрылымдар және басқа да объектілер салу үшін қажет болып табылатын кеңістіктің базис деген мағыналарды көре аламыз.

Заң ғылымында құқық нормаларын жекелеген салаларға өзара ажырату үшін келесідей алғышарттар қолданылады: бұл құқықтық реттеудің ерекше пәні, ерекше реттеу әдісі, құқықтық реттеудің жүйеленген қайнар көздері, өзіндік қағидалары және жеке құқық саласына бөліп шығаруға деген қоғамның мүдделігі. Жер қатынастарының экономикалық, әлеуметтік және экологиялық мәні жер қатынастарының ерекше құқықтық реттеу пәні ретінде тануға негіз болады. Жер қатынастары тек жер құқығының нормаларымен ғана емес, сонымен қатар, әкімшілік құқық, азаматтық құқық, қаржылық құқық және өзге құқық салаларының нормаларымен реттеледі. Сәйкесінше, аталған жер құқық қатынастар тобын реттеу әдісінің ерекшелігі, яғни, жер қатынастарының субъектілеріне әсер етудің ерекше үйлесімдігі бар. Жер құқығының жүйеленген қайнар көзі 20 маусым 2003 жылы қабылданған Жер кодексі және жер заңнамасының жүйесін қалыптастыратын нормативтік құқықтық актілердің жиынтығы бар. Жер құқық қатынастарын реттеу барысында басшылыққа алынатын құқық қағидалары осы аталған заңнама жүйесінде тікелей көрініс тапқан. Ал енді жер құқығының дербес құқық саласы ретінде қызмет етуі – тұрақты даму жағдайында, жерді азаматтық айналымға енгізу жағдайында тұрған қазіргі уақытта еліміздің жерін ұтымды пайдалану мен қорғауды қамтамасыз етудегі қоғамның мүдделілігін айқындайды.
Жер құқығы аталған талаптардың барлығына жауап береді, сол себептен жеке дербес құқық саласы болып табылады. Сонымен, жер құқығының бар екенін дәлелдейтін мынадай белгілері бар:

  1. Жер құқығы қатынастарының қалыптасуы және дамуы;

  2. Жер құқық қатынастары саласындағы заңдардың қалыптасуы мен дамуы;

  3. Қалыптасқан жер құқық қатынастарын мемлекет тарапынан реттеу механизімінің болуы;

  4. Жер құқығының өзіне тән қағидаларының болуы.

Құқық саласы ретінде жер құқығы дегеніміз – жерді пайдалану мен қорғаумен, жерді жеке меншікке және жер пайдалану құқығына берумен байланысты туындайтын қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған құқық нормаларының жиынтығы.
Ғылым саласы ретінде жер құқығы дегеніміз - көптеген ғылыми теориялардың, тұжырымдардың, ой-пікірлерінің және әртүрлі ғылыми көзқарастардың жиынтығы болып табылады. Бұлардың мақсаты ғылыми тұрғыда жер құқығының пайда болуын түсіндіріп беру, оның әрі қарай даму жолына болжам жасау. Сонымен бірге, жер қатынастарын құқықтық реттеудегі ақтаңдақтарды, кемшіліктерді жою, оларды болдырмау және осы саладағы заңдардың өзара қарама-қайшылықтарын жою болып табылады.
Жер саласындағы қазіргі күнгі отандық ғалымдар – Стамқұлов Ә.С., Бектұрғанов А.Е., Хаджиев А.Х., Еркінбаева Л.Қ. т.б.
Оқу пәні ретінде жер құқығы - дәрістік және тәжірибелік сабақтардың жиынтығы, яғни, жер құқығы ғылымының негізгі ережелерінің белгіленген жүйе бойынша мазмұндалуы болып табылады.
Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 12-бап 14-тармағына сәйкес, жер дегеніміз – Қазақстан Республикасының егемендігі белгіленетін шектегі аумақтық кеңістік, табиғи ресурс, жалпыға ортақ өндіріс құралы және кез-келген еңбек процессінің аумақтық негізі. Осы анықтамаға сәйкес, жердің күнделікті өмірде атқаратын қызметі мен ролін анықтап алуға болады:

  1. Жердің саяси-құқықтық қызметі. Яғни, мемлекетіміздің егемендігі белгіленген шекара шегіндегі, Қазақстан халқының тұрғылықты тұрақты мекені;

  2. Жердің экологиялық қызметі. Яғни, жер қоршаған ортаның құрамдас және ажырамас бөлігі, табиғи ресурс;

  3. Жердің экономикалық қызметі. Яғни, жер жылжымайтын мүлік ретінде танылып, азаматтық айналымның объектісі ретінде елдің байлығы байлығы.

Жердің әлеуметтік қызметі. Жер адамдардың өмір сүру негізі және еңбек процесінің аумақтық негізі болып табылады.
Жердiң негiзгi табиғи ресурс ретiнде белгiлерiн атап айтатын болсақ:

  1. Жердiң нарықтық құны оның адам өмiрi үшiн беретiн экологиялық және әлеуметтiк құндылығын бағалай алмайды. Сондықтан жер учаскесiнiң iс жүзiндегi ақшалай құнын анықтау мүмкiн емес;

  2. Жерге барлық халықтың табы мұқтаж және халық санының өсуiмен аталған ресурсты тұтынуы жерге деген сұранысты күшейтiп отыр;

  3. Жер тек адамзат баласымен ғана емес, сонымен бiрге, адам өмiрiн қамтамасыз ететiн тiршiлiктiң өзге де жандарымен тұтынылады;

  4. Жердiң саны мен сапасы өндiрiстiк қызмет нәтижесiнде, өзге кейбiр объектiлер тәрiздi ұлғаймайды, керiсiнше кемiп отырады.

Қазіргі жаһандану кезінде, адамзат табиғатқа араласу белсенділігін арттырған жағдайда, табиғи объектілерді және ерекше маңызға ие, ұзақ уақыт бойы қалпына келетін жер ресурстарын ұтымды пайдалану саласында жалпы глобалдық және ішкі мемлекеттік өзара келісілген шараларды қалыптастыру қажет. Көптеген зерттеушілер осыған байланысты жердің ерекше маңыздылығын атап өткен.
Б.Ж. Әбдірайымов, жер дегеніміз – мемлекет пен халықтың өмір сүру қызметінің негізі болып табылатын табиғаттың басты объектісі. Жерге меншік нысаны, иелену мен пайдалануға кімге берілгендігі және жердің сандық, сапалық жағдайына біздің болашағымыз тәуелді деп жазған болатын.
А.Х. Хаджиевтың пікірі бойынша – жердің табиғи қасиеті өзге қоршаған табиғи орта объектілермен өзара байланыс жүйесінде басым орнын белгілейді. Орман, су, жануарлар дүниесі табиғат объектілері ретінде жермен байланыссыз өмір сүре алмайды. Тек қана жермен тығыз байланыста бола отырып, олар өздерінің өсіп-өну мүмкіндіктері мен ерекше қасиеттерін сақтайды және барлық табиғи кешендермен бірге экологиялық қызметін жүзеге асырады.
Жер – барлық адамзат баласының өмір сүруінің негізі болып табылатын негізгі табиғи объект.
Жер ерекше белгілерге ие.
Н.А. Сыроедовтың пікірі бойынша, жердің қайта қалыптаспаушылық, орны толмастық және шектеушілік сияқты белгілермен сипатталады.
А.Х. Хаджиев, жердің айрықша белгілері ретінде келесі белгілерді айтады:
- жердің құнарлы қабатының болуы;
- жердің өндірістік қабілеті мен тұтынушылық бағалығын қалпына келтіру және сақтап қалу мүмкіндігі;
- кеңістіктік шектеулік;
- орнынан қозғалта алмайтындық, орналасқан жерінің тұрақтылығы.
Сонымен, жердің келесі белгілерін бөліп көрсетуге болады:
Біріншіден, жер құнарлыққа ие. Құнарлық табиғи және жасанды /экономикалық/ болуы мүмкін. Табиғи құнарлық – ұзақ мерзім бойынғы құнарлану процессінің нәтижесі. Бұл топырақта құнарлы заттардың болуымен және өсімдіктер әлемі үшін қол жетімдікпен анықталады.
Табиғи құнарлық мелиорация және агротехника арқылы адамның топырақтың химиялық, биологиялық және физикалық қасиетіне әсер етуі арқылы жасандыға ауысады.
Екіншіден, жер – табиғи табиғаттың өнімі, өзге өндіріс құралдары сияқты адам қолымен жасалмаған.
Үшіншіден, жер айырбасталмайды. Өзге өндіріс құралдарынан айырмашылығы, еш нәрсемен айырбастай алмайсың.
Төртіншіден, жерді пайдалану жердің тұрақтылығымен ерекшеленеді. Жерді өзге өндіріс құралдары сияқты басқа бір жерге ауыстырып, қолдануға болмайды.
Бесіншіден, жер беті шектеулі. Жерді өзге өндіріс құралдары сияқты сандық жағынан ұлғайтуға болмайды.
Аталған белгiлермен себептерге байланысты жер сату-сатып алу объектiсi болғанымен және мүлiк ретiнде танылғанымен, өндiрiстiк қызмет нәтижесiнде пайда болатын мүлiкпен, өнiммен немесе өзге затпен теңеспейдi. Сол себептен, жердi азаматтық айналымның еркiн объектiсi ретiнде тануға болмайды және табиғи ресурс ретiнде сақталуын, ұтымды және мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз етуiмiз қажет.

Еркінбаева Л.Қ.


Айгаринова Г.Т.
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЖЕР ҚҰҚЫҒЫ
Алматы 2007 жыл, 158б 5-8 беттер




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   37




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет